Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G мобайл байланыс желісін толық өшіріп, оның орнына 4G желісін дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ауылдарда интернет сапасы қайта тексеріледі
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазір еліміздегі ауылдардың 84%-ы мобайл интернетпен қамтылған. Вице-премьердің айтуынша, 4G желісін кеңейту нәтижесінде бұл көрсеткішті 92%-ға жеткізу көзделген.
Нәтижесінде мобайл интернет елдегі ауылдардың 92%-нда қолжетімді болады. 2027 жылғы қаңтардан бастап әкімдіктер уәкілетті органмен бірге елдегі барлық ауылда мобайл байланыс сапасын тексеруге кірісуі керек. Қайта өлшегенде байланыстың тұрақты екені расталса ғана учаскені бақылаудан аламыз, – деді Жаслан Мәдиев.
Шалғай ауылдар спутниктік интернетке қосылады
Ауылдарға интернет оптикалық талшықты желі арқылы да жеткізіліп жатыр. Қазір бұл желімен 6 060 ауыл қамтылған. Бұл – елді мекендердің 61%-ы. Келесі жылы оптикалық желімен қамтылған ауылдардың үлесін 92%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ал қалған 8%-ы спутниктік интернетке қосылады. Себебі бұл ауылдар шалғайда орналасқандықтан, оларға оптикалық желі тарту қиын.


