Министрліктің мәліметінше, кейінгі бір аптада елімізде ЖРВИ жұқтырудың 133 052 жағдайы тіркелген. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері 1 453 967 жағдай анықталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Елдегі эпидемиологиялық жағдай күз мезгіліне тән деңгейде болып отыр. Мамандар респираторлық вирустардың таралуын апта сайын бақылап отыр.
1 қыркүйектен бері зертханалық тексеру нәтижесінде тұмаудың 297 жағдайы расталған. Оның 295-і – A(H1N1) вирусы, екеуі – В типтегі тұмау. Басқа респираторлық вирустар арасында риновирус, бокавирус және аденовирус жиі анықталып жатыр.
Қазақстанда тұмауға қарсы 2 065 649 адам екпе салдырған. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 93,9%-ы.
Жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету үшін елде 13 335 төсек-орын дайындалған. Қазір олардың 63%-ы, ал балаларға арналған төсек-орындардың 69,4%-ы бос емес.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды және медициналық ұйымдардың науқастар санының маусымдық өсуіне дайындығын бақылап отыр.
Дәрігерлер қолды жиі жууға, бөлмені желдетуге және науқас адамдармен жақын қарым-қатынаста болмауға кеңес береді. ЖРВИ белгілері байқалса, үйде қалып, қажет болған жағдайда дәрігерге қаралу керек.


