12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ШӨЛДЕМЕГЕН СУ ҚАДІРІН БІЛМЕЙДІ

Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан біз барлық қолжетімді су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. Бұл жөнінде Мәжілістегі «Парламенттік тыңдауда» айтылды. Оған Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, су саласының ғалымдары мен мамандары, шетелдік және отандық сарапшылар қатысып, мәселе жан-жақты қырынан талқыланды.

Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, БҰҰ бағалауына сай әлемде әрбір бесінші тұрғын судың тапшылығын көріп отыр. Сонымен қатар, кезінде БҰҰ бас хатшысының болашақта су мұнайдан да қымбат болады деген сөзі бүгінгі күні шындыққа айналуда. Сарапшылар енді жыл сайын адамзаттың су ресурсына қажеттілігі шамамен 1 пайызға артады деп болжауда. Қазақстанда 2040 жылға қарай су тұтыну 46 пайызға көбейеді. Ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге жетуі мүмкін. Бұған әсер етуші факторлар – халық санының өсуі, экономикалық дамудағы ерекшеліктер мен басқа да себептер.

Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында алдағы бес жылда елді 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. Қазіргі таңда 1 543 ауылды таза сумен қамтамасыз ету керек. Демек, бұл бағыттағы жұмыс әлі де қарқын алуы тиіс. Осыған орай Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын қыркүйекте Президент Әкімшілігіне, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне енгізбек. Бұл құжатта ең бастысы су ресурсын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталған тетіктер қамтылуы тиіс. Жиында баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, жаңа Су кодексінде негізгі бағыттар редакцияға ұшырайды. Олар елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау, су пайдаланушыларды су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктерді айқындау, мониторингті цифрландыру, Қазақстанның су ресурстары әлеуетін есепке алу және болжау, сондай-ақ су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру, ұлттық заңнаманы халықаралық құқық принциптерімен үйлестіру шаралары. Жиында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин су саласының өзекті мәселелерін ортаға салды. Қаншама бағдарлама қабылданса да тіршілік нәрінің сапасы мен қолжетімділігі талап деңгейінде емес. Бұған еліміздегі су ресурсы потенциалының әлі толық зерттелмеуі және бағаланбауы себеп.

Осыған орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде дайындалып жатқан су тұжырымдамасының горизонтын 2025 жылға дейін емес, 2030 жылға дейін ұзарту керек және бұл құжатты дайындауға арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен мамандарды кеңінен тартқан жөн. Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген, тіпті бізде трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып кетеді. Ал, көрші мемлекеттерде су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік шұғылданады. Бізге де су саласына жауапты және Қазақстан атынан халықаралық деңгейде келіссөз жүргізетін тиісті министрлік құрылу қажет. Еліміздің стратегиялық су ресурстарының бірі – жер асты су қорлары. Бүгінгі күні мемлекеттік 4324 су-кен орындары бар және халық тұтынып отырған ауыз судың 48 пайызы осы ресурстарға тиесілі. Алайда қоры анықталған жер асты сулары елімізде біркелкі орналаспаған және олардың локациясы су тапшы өңірлерден қашық жерде. Мысалы еліміздің батыс өңірлерінде тек Ақтөбе облысында ғана жер асты суларының қоры мол. Оны су тапшы Атырау мен Маңғыстау облыстарына жеткізуге болады. Бірақ, бұл жобалар үлкен қаражатты қажет етеді. Тағы бір мәселе, қазба байлықтардың игерілуіне байланысты, жерасты сулары зиянды заттармен ластануда. Қазіргі таңда жерасты суларын іздеу-барлау жұмысы жергілікті атқарушы органдар құзыретіне берілген. Бірақ жоспарлау және қаржыландыруда жүйелілік байқалмайды. Қазақстан үшін суға қатысты қиындық саладағы халықаралық байланысқа қатысты болып отыр. Көрші мемлекеттермен трансшекаралық өзендер төңірегінде ондаған келісімшарт жасақталған, бірақ көңілден шығатындай нәтиже жоқ. Мысалы, трансшекаралық Жайық, Сырдария, Ертіс, Іле өзендерінің төмендеу және ластану деңгейі өсуде. Сонымен қатар, Орта Азия елдерімен біріккен су-энергетика концорциумын құру да созылып кетті. Жеті жылдан бері Қытай мен Қазақстан арасында трансшекаралық өзендердегі суды бөлу туралы келісімнің жобасы әлі біткен жоқ. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде де әлі нәтиже аз. Бізде ауыз сумен қамту көрсеткіші инфрақұрылымның бар болуымен анықталып жүр.

Бұл нақты жағдайды көрсетпейді. Бүгінде бұл мәселенің шешімінде көшбасшы деп саналатын Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының Ақтау, Жаңаөзен қалаларына және басқа да елді мекендерге ауыз су режиммен беріліп, тұрғындар қажетті көлемде ауыз суды ала алмай отыр. Тіпті, Ақмола облысының Талапкер ауылында су құбырлары тартылған, бірақ ішінде су жоқ. Осыған орай елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, ауыз судың нормаға сәйкес берілуі және сапасы секілді кемі үш индикатормен өлшену керек, Тағы бір мәселе – кәрізді тазарту құрылыс жайларының тозуы. Сондай-ақ, суды техникалық қажеттілік үшін қайта пайдалану мүмкіндігінің жоқтығы. Елімізде әлі күнге дейін бірде-бір кәріз ғимараты талапқа сай жұмыс жасап тұрған жоқ. Алдағы уақытта олар модернизацияны қажет етеді, сондықтан жаңа жобаланатын нысандарға терең тазартатын инновациялық технологияны енгізу керек. Тоқетерін айтқанда, су ресурсын басқарудың стратегиялық маңызды аспектісі – суды тиімді және үнемді пайдалану. Бұл үшін таяу мерзімде су ресурсына қатысты қолданыстағы заңнамалар қайта қаралып, олардың басты мақсаты мен принципі суды үнемдеу болуы тиіс. Үкімет суды үнемдеу жөнінде бөлек ұлттық жоба қабылдау керек. Еліміздің су ресурсын сауатты және тиімді басқару үшін бірыңғай интеграцияланған басқару жүйесін толыққанды енгізу де маңызды. Барлық салада су үнемдеу әдісі мен құралын енгізу, суды бөлу және есепке алу жөніндегі процестерді автоматтандыру және цифрландыру кезек күттірмейді. Су ресурсын тиімді пайдалану міндетіне жауап беретін интерактивті дерекқорларды, болжау әдісі мен экономикалық жоспарлау моделін әзірлеуге де назар аударылу керек.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.

Алматыдағы атышулы автобус апаты: сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты жарыссөз жалғасып жатыр. Бүгін сотталушыға сөз берілді.

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.