12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЖАҚСЫ ҰСТАЗ — ЕКІНШІ ӘКЕҢ

Биыл судьялар мен сот қызметкерлері үшін ерекше жыл. Осы уақытқа дейін судьялардың кәсіби мерекесінің жоқтығы жиі айтылатын. Талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан осы мәселенің жақында оң шешімін тапқанына қуанып отырмыз.

Судьялар мен сот қызметкерлеріне деген қоғамның құрметін нығайтып, кәсіпке деген қызығушылықты арттыратын айтулы күнде ең алдымен сот саласында жол көрсеткен, қолтығымыздан демеп, қадамымызды нықтаған ұстаздарымыздың еңбегі туралы айтпай кету мүмкін емес. Қанаты енді қатайып, қатарға жаңа қосылған жастарды шыңдауда ардагер судьялардың еңбегі ерен. Сот саласындағы ұрпақтар үндестігінің үзілмеуіне де негізгі себепкер – ардагер-судьялар. Ендеше, кәсіби мерекеде ең алдымен құрмет осы тәлімгер аға-апаларымызға көрсетілуі тиіс.

Әйгілі билеуші Александр Македонскийдің: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» дейтін тағылымды сөзі бар. Осы сөзі арқылы қолбасшы ұстазды дәріптеудің, тәлімгерді мойындаудың әдемі үлгісін көрсетіп отыр. Шындығында ақылман ұстаздың алдын көрген шәкірттің – бағыты айқын, бағдары түзу, нәтижесі жоғары. Жақыныңдай болатын жақсы ұстаздың уақыт өте келе екінші әкеңе айналатыны да сондықтан. Мен де ұстаздан жолы болған жанның бірімін. Қызметке араласқан сәтімнен бастап Зинаида Ахметжанқызы, Құралай Молдабайқызы сынды апалар мен Серік Кәтенұлы секілді мықтылардың қамқорлығын көп көрдім. Сот саласындағы талай судьяның екінші әкесіне айналған Серік Байбатыровтың біз үшін орны бөлек. Тау тұлғалы ағамызбен танысуыма Зинаида Ахметжанқызы себеп болған еді. Ол кезде Серік Кәтенұлы Алматы қалалық сотында төраға болатын. Сот орындаушы болып қызмет етіп жүрген мені Зинаида Ахметжанқызы «еңбекқор, ізденгіш маман, кез келген істі сеніп тапсыруға болады» деп таныстырып, төрағаның алдында мақтауымды әбден асырды.

Біз сөз қадірін білетін халықпыз. Өзім жайлы айтылған сол мақтаудан ұстаз апамыздың маған деген сенімін, шын жанашырлығын, қамқорлығын сезіндім. Ал оның артында қандай жауаптылық тұр десеңізші. Міне, сол кездесуден кейін Серік Кәтенұлымен талай жыл қоян-қолтық бір салада жұмыс істедік. Үлкен өмір мектебінен өтіп, талай жетістікке жетсек те әлі күнге дейін Серік ағамыз сыртымыздан бақылап тұрғандай сезімде жүретінім, алыстап кетсе де ағамыздың тілекші екенін түйсінетінім рас.

Байбатыровтың шекпенінен шыққан шәкірттің бірі болғандықтан, сот саласында мойындалған іскер басшы, жанашыр аға туралы айтарым көп. Ол кісімен қызметтес, сапарлас болған кезде түсінгенім, Серік ағамыздай мейірімді, іскер, мемлекетшіл, «айналасына болса екен» деп тұратын кең жүректі тұлға аз. Үлкен істерді жылы жымиып жүріп-ақ айғайсыз, дабырасыз шешетін ұстазымның сабырлылығы, салқынқандылығы көпке үлгі. Дау алаңы саналатын сот саласында жүргендердің арасында мұндай қасиетке ие жандар сирек кездеседі. «Ақиқат таластан туады» демекші, әр күні талас-тартыссыз өтпейтін салада ашуды ақылға жеңдіру, ішкі көңіл-күйіңді сыртқа білдірмеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Серік ағамызды өзгелерден ерекшелейтін қасиет те осы. Ешкімнің алдында қаймықпай, әділдіктің алдаспанын биік ұстай білуінің өзі оның өмірден алған өлшеусіз тәжірибесі, іскерлігі, принципшілдігі, табандылығының арқасы. «Биікке шықсаң, көзің ашылады, жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады» демей ме қазақ? Сол айтпақшы, ұстаз ағамызбен сұхбаттасқан әр сәт, әр күн жансарайымда сайрап тұр. Ол кісінің айтқан ақылы сан кітапқа жүк болардай. «Обал-сауапты ұмытпа!», «Ұят жүрген жерде абырой төгілмейді. Абырой бар жерде, ар шапаны сөгілмейді» деген сөздерден Серік Кәтенұлының жүрегінің кеңдігі, көңілінің дархандығы, өз принципіне адалдығы байқалады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағидамен өмір сүрген ағамыздың арыз айтқан адамның сөзін бөлген, уәжін тыңдамай қайтарған кезі жоқ. Қай кезде де қарапайымдылығынан танбайтын, көмек сұрағандардан кеңесін аямайтын ағамыздың көпке сыйлы, қадірлі болуының құпиясы да осында. Өн бойында елдік пен кеңдік қатар өрілген ағамыздың мықты басшы, тамаша ұйымдастырушы екеніне де талас болмаса керек. АҚШ-тың бұрынғы Президенттерінің бірі Теодор Рузвельттің «Басшы басқарады, ал көшбасы адамдарды соңына ертеді» деген дана сөзі бар. Осы биіктен алғанда, Серік Кәтенұлы соңынан көпшілікті ертіп қоймай, мықты шәкірттердің шоғырын қалыптастыра білген нағыз лидер екенін айтпай кетуге болмайды. Ал көшбасшылық тек жақсы сөйлеп, әдемі жұмыс істеуден көрінбейді. Көшбасшы болатын адам да жарық секілді. Жарықтан әлем жылулық пен шуақ алса, көшбасшыдан ақыл мен парасатты, жанашырлық пен мейірімді көреді. Серік ағамыз айналасын мейірімге шөлдетпеді, жанашырлықтың қандай болатынын шын сезіндірді. «Жақсы мен жарыққа кім қарамайды?» дегенді халық осындайда айтса керек. Ол кісі қай сотқа төраға болып барса да, айналасындағылардың жағдайын бірінші орынға қойды. «Тұрмыстық мәселесі шешілмеген маманнан сапалы жұмыс талап ете алмайсың» дейтін өзі. Содан болар, бірінші кезекте судьялардың тындырымды еңбек етуі үшін өзі төраға болған өңірлерден баспана алуына, жер алып, үй салуына қол ұшын созды. Ортақ іс нәтижелі болса деген ниетпен талай есікті ашып, кейбір тұста беделін салуына тура келді. Осындайда әр судьяның жасаған ісіне ғана емес, отбасылық жағдайына да жіті көңіл бөлетін ағамыздың уақытты ұтымды пайдаланатын, ештеңені назардан тыс қалдырмайтын ұқыптылығына барлық әріптестер таңғалатын едік. «Адамды түсіне қарап таныма, істеген ісіне қарап таны» демекші, бұл – біз танитын, біз үлгі тұтатын Байбатыровтың санаулы қырының бірі ғана. Ал қауырт шаруадан қолы босамай тұрса да, әріптестерінің қуанышын бөлісуден, қайғысына ортақтасудан шет қалмайтын, қуанғанды қолпаштаудан, жылағанды жұбатудан қашпайтын кеңдігі туралы кеңірек тоқталатын уақыт әлі туар. Сот – мәртебелі лауазым, жауапты қызмет. Төрелік алаңында бұра тартсаң, қадіріңнен айырыласың. Осы тәмсілді ұстазымыз еске салудан ешқашан жалыққан емес. «Қызмет – қолдың кірі, ол өтеді, кетеді. Ал ізгілік іс – өшпейтін із секілді. Артыңда жақсы атың қалсын десең, жақсылық істе» дегенді де жиі қайталайтын. Айтқанын ісімен көрсететін ұстаздың өз ұстанымынан айнығанын, өтірік айтқанын, біреуге қылдай қиянат жасағанын, келе жатқан бағытын алмастырып, жолдың қос қапталын ақжем қылғанын көрген емеспіз. Оның біз білетін бейнесі, бар болмысы осы! Қызметке жаңа араласқан кезден көргеніміз әдемі өнеге, естігеніміз тағылымды сөз болғандықтан, біз де тура жолдан айнымауға, түзу бағыттан жаңылмауға тырыстық. Тіпті әлі күнге дейін көшелі іс, күрделі мәселе шыққанда «Байбатыров не істер еді?» деп ұстаздың ұлағатын ой елегінен өткізетініміз бар. Тағдыр бізге осындай кесек кісіге іні болып, шәкірт болып ізінен еру бақытын бұйыртыпты. Ал Байбатыров салған сара жолды, дара жолды үзіп алмай жалғастыру бізге сын. Біз Серік Кәтенұлы секілді арда азаматтың ақылын тыңдап, қамқорлығын көрдік, енді сол көргенімізді соңымыздан ілескен жастарға үйрете алсақ, мықты мамандардың легін қалыптастыра алсақ – ұтқанымыз. Аппақ арына шаң жуытпай, өмірдің сан сынағынан сүрінбей өтіп, ел сенімін абыроймен ақтаған Байбатыровтың ғибратты өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге, ерекше тағылым. Сот саласына қадам басқанымда, жол көрсетіп, жақын тұтқан, жылдар өте жақсы ұстаздан екінші әкеме айналған Серік Кәтенұлының аяғымнан тік тұрып кетуіме, бүгінгідей биікке көтерілуіме тигізген ықпалы орасан. Төреліктің туын жықпаған ағамызды кәсіби мереке қарсаңында құттықтап, деніне саулық, өзгелерге ұқсамайтын биік қалпында ғасыр жасасын деп тілеймін.

Тұрысбек МЫЯТБЕКОВ, Түркістан облыстық сотының төрағасы

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.

Алматыдағы атышулы автобус апаты: сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты жарыссөз жалғасып жатыр. Бүгін сотталушыға сөз берілді.

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.