12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Мейірман Шекеев, заңгер: «30 жылда үш заңның ғана қазақша дайындалуы – трагедия»

– Президент биылғы жолдауында: «Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз, адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге біреудің намысына тиюге жол бермейміз. Заң бойынша жауапқа тартамыз» деді. Сіздіңше өзгелердің көңіліне тимейтіндей, басқалардың құқығына қайшы келмейтіндей етіп мемлекеттік тілді қалай насихаттауға болады?
– Сұрағыңызға үңіліп қарайтын болсақ, жауабы соның өзінде тұр. Мемлекеттік тіл ұлтқа бөлінбейді. Біз қазақ тілінің мәртебесін жеке көтеріп жатқан жоқпыз.

«Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру ҚР-ның әрбір азаматының парызы» дейді. Бұл Қазақстан азаматына, осы елде тұрып жатқан барлық ұлтқа қатысты. Кезінде осы «парыз» деген сөзді «міндет» деген сөзге ауыстыру керек еді. Сондықтан да қазір біз басқа ұлт өкілдеріне, өзіміздің орыс тілді қазақтарға мемлекеттік тілді білуге міндеттісіңдер дей алмаймыз. Талап жоқ жерде міндет жоқ. Негізі барлығы мемлекеттік тілде сөйлеу үшін оған қажеттілік туғызу керек. Яғни, мемлекеттік тілді насихаттау, міндеттеу мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Осында өмір сүріп жатқан қай ұлт болмасын қазақ тілін өзінің тұрып жатқан мемлекетінің тілі деп біліп, бойұсынып, қабылдауы керек. Қазір біздің елімізде мемлекеттік тіл туралы заң жоқ. Қазақстанға жеке өзінің мемлекеттік тілі туралы заңы керек. Мемлекеттік тіл деген ұғым Конституцияның 7, 93-бабында және «Тіл туралы» заңның біраз бабында тілге тиек етіліп, жазылғанымен, онда «әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілде сөйлеу керек деген заң нормалары жоқ. Сондықтан бізге мемлекеттік тіл туралы жеке дара заң қабылдау кезек күттірмейді.
– Қазақша қызмет көрсетуді, мекеме атауын мемлекеттік тілде жазуды талап етіп жүрген заңгердің бірісіз. Бұл әрекетіңіз көпшілік тарапынан қаншалықты қолдау тауып отыр?
– Осы күнге дейін, өкінішке қарай, қазақ азаматтары өз құқығын білмей келді. Енді оянып жатқандар көп. Ал олардың реніші көбінесе өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуіне байланысты туындауда. Өкінішке орай, билік тұтқасындағы азаматтар «өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлеу керек» дегең жалаң сөзді айтумен шектеледі. Кезінде «автокөлік белдеуін тағу өміріңізді сақтайды» деп ескерткенде сол белбеуді кім тақты? Ешкім! Кейін ӘҚБтК-ге өзгеріс енгізіп белдеу тақпағандарға айыппұл салына бастап еді, белдеу тақпайтын жүргізушіні көрмейтін болдық. Айыппұл да соншама қомақты емес. Бірақ, соның өзі азаматтарды тәрбиелеуге көмектесті.
Менің қазақша қызмет көрсетуді, мекеме атауының мемлекеттік тілде жазылуын талап етуім көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр. Шыны керек, басқа ұлт азаматтарының мемлекеттік тілді білмеуін бетіне басып жөн-жосықсыз тиіспеймін. Себебі, мемлекеттік тілді білмеу жалғыз олардың кінәсі емес. Бұл биліктің мемлекеттің тілді дәріптеу саясатының кемдігінен, насихаттың әлсіздігінен орын алған жағдай. Мемлекеттік тіл комитеті бар, мемлекеттік бағдарламалар да қабылданған. Жоспар бойынша 2020 жылы ел тұрғындарының 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі керек еді. Міне 2022 жыл болды, еш өзгеріс жоқ.
Ең алдымен мемлекеттік мекемелерде тілге қатысты ешқандай заң бұзушылық болмау керек. Себебі, олар мемлекеттік қазынадан жалақы алып отыр. Ал ол халықтың ақшасынан құралады. Кезінде әлеуметтік желіде сот, мемлекеттік мекеме атауларын қазақшалауға атсалыстым. Әлеуметтік желі – халықтың ең көп шоғырланған алаңы екені белгілі. Сот мекемесіне күніне 100 адам кірсе, соттың әлеуметтік желідегі парақшасына 1000-нан 5000 адамға дейін кіреді. Сенесіз бе, 2019 жылға дейін әлеуметтік желіде Қазақстандағы соттың бір де бірінің атауы қазақша жазылған жоқ. Содан Жоғарғы Соттың заңгерлерге арналған арнайы тобы ашылды. Оның аты тек бір тілде ІТ – правосудия деп аталды. Бұл енді ашу туғызбай қоймайды. Кеңес одағынан қалған атаулардан құтыла алмай жүргенде тәуелсіз елдің тәуелсіз сотының бұл қадамы қисынсыз. Сауалымды, өкпемді Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне жеткіздім. Менің жазбамнан кейін Айдос Садуақасов бірден хабарласты. Ол жігіттің қазақ тіліне қамқор екенін білетінмін. Сыннан кейін бірден менің ұсынысымды қабыл алып, «заңгер Мейр КЗ-тің ұсынысы бойынша ІТ – правосудия енді ІТ – Сот деп аталатын болды» деп ФБ алаңында жар салды. Міне сол кезде тілді дамытуға аз да болса ықпал ете алатынымызды түсіндім. Сол құлшыныспен бүкіл соттың атауын қазақшалауға атсалыстық. Шыны керек, кейбір соттың өзін сотқа берген кез болды. Ол әлеуметтік желілерде үлкен қызығушылық туғызды. Мұның барлығы мемлекеттік тілге қатысты мәселенің көп адамды мазалайтынын көрсетті. Әрі халықтың тілді тұғырына көтеру үшін қандай ерлікке де баратынынан хабар берген еді. Ал артыңда қара ормандай халық тұрғанда неден тайсаласың. Қызды-қыз­дымен мемлекеттік қызметте, Жоғарғы Сотта қызмет ететін азаматтардан тек орыс тілінде емес, мемлекеттік тілде ақпарат беруді талап ете бастадық.
– Соттағы істердің басым көпшілігі орыс тілінде қаралады. Мұны заңгерлер мен адвокаттардың қазақ тілін білмеуімен байланыстырып жатады. Сонда қазақша білетін адвокат, заңгерлер аз ба?
– Орыс тілі ресми тіл деген статусқа ие емес. Заңда тек ресми қолданылатыны дәйектелген. Көп азаматтар осыдан шатасады. Ресми тіл жоқ бізде! Ресми тіл де, мемлекеттік тіл де бір ұғым, ол – қазақ тілі. Конституциямыздың 7- бабының 2-бөлігінде Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Бар қате осында.
Иә, соттарда істердің көбі орыс тілінде қарастырылады. Мен мысалы 2019 жылы осы тіл туралы көп зерттедім, өзім үшін Қазақстанда қанша пайыз іс мемлекеттік тілде қаралатынын білгім келді. Сонда республика бойынша істердің тек 25 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған. Алматы мен астанада 4-ақ пайыз, ал қалған 96 пайызы орыс тілінде қаралған. Бұл қасірет емес пе? Мұны заңгерлер мен адвокаттардың қазақша білмеуімен ғана байланыстыруға болмайды. Негізінде заң тілінің өзі бөлек – күрделі тіл. Орыс тіліндегі сот терминдерін қарапайым халық түсінбейді. Қазақша сөйлей алатын адамның өзі заң сөзін дұрыс түсіне бермейді. Бүгінгі таңда Азаматтық кодексте ресми бекітілген терминдер бар. Мен қатысып жүрген істерде қолданылатын сөздер мүлдем бөлек. Азаматтық кодекстегі терминдерге мүлдем сәйкес келмейді. Қазір соны қарастырып жатыр. Сотта сөз тұрмақ, бір үтірдің өзі адам тағдырын шешеді. Бүгінгі аударманың сапасы да сын көтермейді. Соның салдарынан сот отырысы қазақша болып жатыр деуге мүлдем болмайды. Тек үтір емес, сөзінің мағынасы ауысып кеткеннен кейін ол шешім қалай болады? Сондықтан заңгерлеріміз аудармашы қатысқан сотқа да қатысқысы келмейді. Өйткені, әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Ешкім оған тәуекел ете алмайды. Қазақ тілінде соттасу өте қымбат. Қазақ тілінде кітап та жоқ, тәжірибе де жоқ, болса да өте аз. Мысалы, орыс тілінде соттасу өте оңай, арыздарды интернеттен басып алып қолдана береді. Бізде қазақша ойлайтын адвокаттар мен заңгерлер бар, бірақ қазақша іс жүргізуге батылы жетпейтіндер көп. Оған уақыты да, мүмкіндігі де, тәуекелі де жоқ.
– Адвокат, заңгерлер жұмысына қатысты сын айтатындар аз емес. Кейбір әріптестеріңіздің қаламақыны тек арыз жазып, сот отырысына қатысқаны үшін алатындай көрінеді. Қорғаушылардың белсенді болуы қаламақысына байланысты дегенмен келісесіз бе?
– Жоқ, мұнымен келіспеймін. Адвокаттың адамгершілігі ешқандай заңмен реттелмейді. Иә, бізде Әдеп кодекстері бар ғой, адамның өзінің ішкі жан дүние­сінен шығатын нәрсе ол. Бізде кейбір істерге тегін қатысып жатады, болмаса адвокаттар да тегін қызметке жүгіне бастайды. Адам құқығын қорғау кезінде адамгершілікті бірінші орынға қоятын адвокаттар бар. Сондықтан біржақты ешкімді жазғыра алмаймын, себебі, жанұясын тек осы кәсіппен асырап отырғандар көп. Адвокаттарға мүмкіндік беру керек, кейде өз клиентін қорғаймын деп жұмысынан айырылып қалуы да мүмкін. Сол үшін де қорғаушылар клиенттің құқығынан гөрі өз құқығын биікке қоюға мәжбүр боп жатады.
– Адвокат заңгерлердің әдебі аз ойландырмайды. Өз мақсатына жету үшін келесі тараптың жеке басына, отбасылық жағдайына байланысты құпия мәліметтерді көпшілік талқысына шығару қаншалықты дұрыс?
– Адвокаттар мен заңгерлердің әдебі жан дү­ниесі мен тәрбиесіне, алған біліміне байланысты. Әрине, өз мақсатына жету үшін отбасылық құпия жағдайларды көпшілік талқысына салу дұрыс емес. Бұл заңмен қудаланатын, заңмен жауапкершілікке тартылатын жағдай. Бірақ кейбір адвокаттардың қулыққа барып, заңның шикі тұсын өз мақсатына пайдаланатыны рас. Адвокаттардың мұндай әрекетін құптамаймын.
– Ар-намысқа тию, жала жабу бойынша арызданғандар құқығын қорғаудың қиындығы неде? Дәл осындай ша­ғымдардың сотта қаралуына қандай баға берер едіңіз?
– Ар-намысқа тиюге байланысты істерге қатысудың түк қиындығы жоқ, Өйткені, мен мұндай істерде бірнеше рет жеңіске жеткендердің бірімін. Қазіргі таңда сот мұндай талап арызды қарауда бірыңғай тәжірибе қалыптас­тырған.
Ал жала жабу фактісімен өз құқығын қорғау бұл бөлек әрекет. Бұрын жала жабу фактісі орын алғанда шағымданушы өз құқығын қорғау үшін жеке айыптаумен бірден сотқа жүгіне алатын. Қазір жала жабу фактісі әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатады. Бұл өз кезегінде көп қиындық туғызуда. Біріншіден, азамат жала жабу фактісімен енді полицияға арызданады. Барлық материалдарды жергілікті учаскелік инспектор жинайды. Олардың бұл істен тәжірибесі жоқ болғандықтан, жала жабу фактісін сотта дәлелдемек түгілі, әкімшілік хаттаманың өзін дер кезінде және дұрыс толтыра алмайды. Салдарынан азаматтың құқығы дұрыс қорғалмай жатады.
Жала жапқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуда нәтиже бар. Соған орай бұл баптың әкімшілік заңнамаға ауысуына қарсы болған азаматтың бірімін. Өйткені, қазір жала жабу кең етек алып барады. Ол үшін бұрынғыдай жаза ауыр емес. Әкімшілік жауапкершіліктен ешкім қорықпайды. Бұрын құқығы бұзылған азамат жала жапты деп бірден сотқа жүгіне алатын еді, ал қазір полиция­ға барып арыз жазады. Тұйықталған шеңбер. Жақында жала жабу фактісіне куә болдым. Салғырттық салдарынан полиция жеңілді, бірақ мен жеңдім. Жала жапқанын іс материалдарымен дәлелдедім. Жала жабу фактілеріне хаттама толтыруға полицияға екі ай уақыт беріледі, сол екі айдың өзінде тек хаттаманың өзін толтыра алмады. Өйткені ешқандай тәжірибе жоқ. Және жала жабудың бір қиын тұсы – дәлелдеу. Мұндай істерді сотқа апару, сот актісін алу өте қиын. Нотариус арқылы дәлелдерді хаттамамен қамтамасыз етіп алу керек. Сонда қорықпастан сотқа беруге болады.
– Сот процесінде орыс тілділердің аудармашы талап етуі заңды, қалыпты жағдай. Ал қазақ тілділердің аудармашы сұрауы неге «елдің уақытын алу, түсініп тұрса да әдейі істеп тұр» деп бағаланады?
– Бұл өте орынды, маған қатысты сұрақ екен. Көп жағдайда мен сотқа қазақ тілінде қатысуға мүдделімін. Сондықтан орыс тілінде берілген талап арыз болса да, жауапкер ретінде болса да мен қазақша сөйлеймін деп өтініш білдіремін. Әрине, бұл сот отырысының созылуына әсер етеді, бірақ өзгенің уақытын үнемдейміз деп өз тілімізден айырылатын жағдай жоқ. Орыс тілінде жазылып жатқан қаншама кітап, дайын үлгі болатын заңгерлік құжаттар бар. Сол секілді өзімнің қазақша толтырған процессуалдық құжаттарымды кейінгі ұрпақ өз тәжірибесінде пайдаланар деген мақсатпен соттарға мемлекеттік тілде қатысамын. Сондай кезде соттың өзі: «Сіз орыс тілін жақсы білесіз, әдейі процесті созып отырсыз, сізге мұның не қажеттілігі бар? Істі орыс тілінде жүргізейік» деп сыпайы өтініш білдіреді. Бірақ сол сыпайы өтініштің артында үлкен зіл тұрады. Ұсынысқа көнбеген кезде сот менімен өштесіп, соңында үстімнен жеке ұйғарым шығарып жатады. Мұндай әрекеттер әрбір қазақша қатысқан істерімде туындап тұрады. Осындай істерде орысша қатысып отыр­ған тарап соттан міндетті түрде маған жеке ұйғарым шығаруды сұрайды. Сондағы айтатын уәжі: мен орысша түсінеді екенмін. Бұл қалай? Сонда біз Қазақстанда мемлекеттік тілде сот отырысына қатыса алмаймыз ба? Осының өзі мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қауқарсыздығын көрсетеді. Мәселен АПК-нің 14-бабының 2-бөлігінде талап арыз қай тілде түссе, сот жүргізу тілі сол тілде болады деп нақты көрсетілген. Яғни, егер талап арыз қытай тілінде берілсе, сот істі қытай тілінде жүргізуі керек дегенге саяды. Сонда мемлекеттік тілдің басқа тілден қай мәртебесі артық?
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл. Осы жылдар ішінде тек үш заң мемлекеттік тілде дайындалды, бұған не себеп? Қазақша білетін білікті заңгерлер жоқ па?
– «Тіл туралы» заңның барлық пункт­терін ашатын болсаңыз, жүргізу тілі мемлекеттік тіл деп келеді де, соның қасына орыс тілін қосады. Барлық мекемелерде, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі тең қолданылады деп жазылады. Сол секілді «заңдар міндетті түрде қазақ тілінде әзірленіп, қабылданады» деген заң нормасы жоқ. Сосын заңдардың көбісі қазақтың менталитетіне сай емес, орыс тілінде дайындалып, содан кейін қазақ тіліне аударылады. Аударманың аты – аударма, бәрібір түбіне келгенде толық мағына бере алмайды. 30 жылдың ішінде үш-ақ заңның қазақша жазылуы – трагедия, ұлттық трагедия. Бұл ешбір мемлекетте жоқ нәрсе. Егер депутаттарымыз, шенділеріміз, мемлекеттік қызметкер деген статусты арқалап жүргендер қазақша сөйлесе, халық солардан үлгі алар еді, ынталанар еді. Бізге қазақша ойланатын, қазақша түсінетін, қазақтың қамын ойлайтын азаматтар керек.
Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Айнұр Сембаева,
«Заң газеті»

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.

Алматыдағы атышулы автобус апаты: сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты жарыссөз жалғасып жатыр. Бүгін сотталушыға сөз берілді.

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.