12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Есберген АЛАУХАНОВ, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы: «Конституциялық сот 100 пайыз қазақша сөйлеуі керек»

– Есберген Оразұлы, адам құ­қықтарын қорғау саласындағы конституциялық өзгерістер мен толықтыруларға қатысты заң жобасына байланысты пікіріңіз қандай?
– Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мәлімдеуі бо­йынша, қазір көптеген өзгеріс пен толықтыру жасалып жатыр. Соның жобасы жарияланды. Көпшіліктің арасында дау болып, жалпы бұқара халықтың түсінбей тұрған мәселесі «Бірінші Президенттің статусына» қатысты. Бұл жердегі әңгіме былай. Конституцияда Тұңғыш Президенттің рөлі жазылып қалады. Бірақ, фамилиясы жазылмайды. Конституцияда тек қана мемлекеттің негізін қалаушы деген тарихи рөлі ғана белгіленеді. Бұл өзгеріс қабылданғаннан ке­йін «Тұңғыш Президент туралы» конституциялық заң автоматты түрде күшін жояды. Елбасы деген сөз Конституциядан алынып тасталынады.
Ал енді Тұңғыш Президенттің көзі тірі. Ол жөнінде не болады? Қандай заң қолданылады деген кезде бізде «Президент туралы» заң бар. Ол өз күшін жойған жоқ. Сол жерде экс-президент туралы норма жазылған. Сол норманың негізінде экс-президенттің бюджеті, өзін қорғайтын және айналасындағы аппараты көрсетілген. Сол мүмкіншілікті ғана пайдаланады. Оны нақтылап айт­қан кезде біріншіден, экс-президенттің ар-намысы мен беделін қорғауға құзырет береді. Екіншіден, әлеуметтік жағынан қорғау, яғни зейнетақысы, көлігі, күзеті болады. Осы мәселелер мемлекет тарапынан заңда реттеліп көрсетілген. Сондықтан экс-президенттің жеңілдіктері осы ғана болып, басқа мәселеге араласуға ешқандай құқы болмайды.
– Конституцияда Тұңғыш Президент туралы бұрыннан да бар ғой?
– Жаңа Президент – жаңа Қазақстан құру керек дегеннен кейін осындай тың өзгерістер болып жатыр. Бізде құқықтық сауат төмен ғой. Сондықтан халық оны дұрыс түсінбеуде. Жаңа редакция бекігеннен кейін халық риза болады.
– Тұңғыш Президент деген сөзді де мүлде алып тастау керек деген пікір қаншалықты негізді?
– Бұл дау тоқтамайды. Ал бірақ жаңа ғасырдағы жаңа Конституция – жаңа тарих болып қалады. Осы тұрғыдан алғанда қазір дұрыс шешім жасалып жатыр деп ойлаймын. Президенттің рөлі Консти­ту­ция­да тек қана жазылып қалады. Ал қоғамда ешқандай рөлі болмайды. Саясатқа аралас­пайды. Өзгерістер мен толықтыруларда да оның аты-жөні айтылып жатқан жоқ.
– Қазір Конституциялық Сот қайта құрылып жатыр ғой?
Енді азаматтардың арыз-шағымы мен Қазақстан халқының мұң-мұқтажы, заңға қайшы келетін мәселелердің бәрі республиканың Бас прокуроры немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілі арқылы Конституциялық Сотқа жолданады. Сондықтан оның аппараты мықты болу керек. Конституциялық Сот судьясының көмекшілері, кеңесшілері болуы қажет. Өйткені, бұрынғы Жоғарғы Сотқа баратын арыз-шағымдардың бәрі енді осы Конституциялық Сотқа бағытталады. Әрбір қағазға дұрыстап сауатты жауап беру үшін білгір, өмірлік тәжірибесі бар, практик ғалым-заңгерлерді Конституциялық Соттың құрамына судья қылып алған дұрыс деп ойлаймын. Әрине бәрі бірдей практик болмайды. Оған ғалымдарды да араластыру керек. Сонда кемелденген Конституциялық Соттың құрамы күшті болады деген ойдамын.
– Конституциялық Сот халықтың үмітін ақтай ала ма? Бізде қоғам тарапынан заңдар орыс тілінде ғана жазылады деген сын жиі айтылады ғой?
– Дұрыс айтасыз. Егеменді ел болғаннан кейін Конституциялық Сот судьяларының бәрі 100 пайыз таза қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бұрын Конституциялық Кеңесте ондай мүмкіншілік жоқ еді. Тек арнайы мәлімдеме жасалғанда ғана қарап, жауап беретін. Конституциялық Соттың шеңбері өте үлкен. Кең түрде, толығынан кеңес беріп, шешім шығара алады. Көрдіңіз бе, оның айырмашылығын. Бұл әлемдік практикада болып жатқан жағдайлар.
– Бізде бұл бағытта тәжірибе болды ма?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 1993 жылғы Конституция бойынша Конституциялық Сот құрылды. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғанда оны жойып жіберді де, оның орнына Конституциялық Кеңес құрды. Ол билікке ыңғайлы болды. Менің рухани ұстазым, академик Салық Зиманов 1995 жылғы Конституцияға және Конституциялық Кеңестің құрылуына наразы болды. Ол кісі «Конституциялық Сот болуы керек. Біз демократиялық, за­йырлы, құқықтық мемлекетпіз» деген болатын.
– Адам құқын қорғауға байланысты бізге әрдайым АҚШ пен Еуропа елдері тарапынан сын көп айтылады. Бұл неліктен?
– Конституцияда адам құқығы бірінші бапта жазулы тұр. Адам құқығын қорғау жөнінде де жұмыс­тар жасалып жатыр ғой. Жалпы, ол бұрынғы билікке байланысты болды. Биліктің басында кім болды? Соның ықпалы болды. Енді ол адам кетті ғой. Біз жаңа Конституция қабылдайық деп жатырмыз. Жаңа Қазақстанда жаңаша өмір сүруіміз керек. Шетелдің көзқарасы әртүрлі. Біз оған тойтарыс бере алмаймыз. Көзі ашық қоғам мүшелерінің бәрі қазір Тоқаевтың саясатын дұрыс деп қолдап жатыр. Сондықтан жаңа Конституцияны жазғы каникулға дейінгі 2-3 айдың көлемінде бекітіп алсақ өмір сүру стандартымызды жаңа Конституция аясында жүзеге асыратын боламыз.
– Кейбір әріптестеріңіз 1993 жылғы Конституцияны қайтару керек деген пікірде. Сіз қалай ойлайсыз?
– Өте дұрыс. Президент өз өкілеттігін қысқартып, біраз құқығын Парламентке бергелі отыр. 1995 жылғы Конституция бойынша Президент басқаруды 100 пайыз өз қолына алған болатын. Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында бұл билікті қайта Парламентке беріп жатыр. Сондықтан жаңа Конституцияны бүкілхалықтық референдум арқылы жаңадан қабылдаған дұрыс деген ойдамын.
Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...