12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қанға малынған пышақ

Таңертең күн суықтау болғанымен де түске таман жылынып жол жиегіндегі қар жіпсіп ери бастаған. Тап осы мезгілде Жетісайдың қақ орталығындағы «Күлпаршын» базарына келіп кетушілердің қарасы арта түседі.
Түске жақын киініп, үйінен шығып бара жатқан Сауранға анасы Тазагүл:
– Сауранжан-ау, біраздан соң түскі асқа отырамыз, қайда барасың? – деді
– Базарға барып шашымды қыс­қартпасам өсіп кетіпті, лезде келіп қаламын ғой, апа, – деген ол жылдам басып тысқа беттеді.
Балалық бал дәурені осы Жетісайда өткен Сауранға туған қаласының ой-шұқыры, адамдары да ежелден таныс. Жасы енді ғана жиырмадан асқан жігіт орталық базарға кіре беріс тұста танысы Зиявуддинді жолықтырды.
– Зәке, уақытың болса менімен жүрші, таныс шаштаразыма барып шашымды қысқартсам ба деп едім, серік боласың, – деген Сауранның ұсынысына Зиявуддин де келісе кетті. Екеуі шаштаразға келсе жабық екен. Олар қайтадан базарға келді. Кіре беріс тұстағы ұсталған телефондармен сауда-саттық жасайтын алаңқайда адамдар тіптен көп. Көбісі жастар. Сауда да қыза түскен. Өзіне ұнаған телефонды әрі-бері аударыстырған Зиявуддин жаңа ғана жанында тұрған Сауранның бір жігітпен сөзге келіп ерегісіп тұрғанын байқады. Әу баста екеудің текетіресіне ешкім мән бермеді. Бірақ сөзбен шекісіп тұрғандар келе-келе жаға жұлқыласып, «Еркек болсаң жүр сыртқа» дегенге келгенде Зиявуддин істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған. Сауран мен Қалжан бір-бірін сүйрелеген күйі базардың жүк қоймалары орналасқан тұсына қарай беттегенде бұл да танысының соңынан ілеспек болған. Алайда, Қалжан мен Сауран «өз проблемамыз­ды өзіміз шешеміз» деп ешкімге ырық бермеді. Мұны естіген соң Зиявуддин секілді Қалжанның достары да «Жігіт қой, өздері шешсін» деп жаман ойға бармай, екеуді тосып тұрған болатын.
Адам аяғы сирек тұсқа келген соң Сауран мен Қалжанның ерегісі үдей түсті. Қызылкеңірдек болып басталған айқайдың соңы төбелеске ұласты. Сарт-сұрт етіп қолмен де, аяқпен де бір-бірін аямаған жап-жас қазақтың жігіттері өзара жаға буысып алысты. Әсіресе Қалжан епті де қарулы көрінді. Бір-екі рет Сауранның бет тұсынан аяғымен теуіп те үлгерді. Олардың «өзара келісеміздері» қып-қызыл төбелеске ұласқанын көрген жігіттер екеуін «Қойыңдар, болды енді» деп ажыратпаққа да әрекеттенген. Бірақ олар өзара есептері барын айтып төбелестерін жалғастыра берді. Осындай сәттердің бірінде Сауран Қалжанның сырт киімінен ұстады. Екеуі қайта жұлқыласты. Бір-бірлеріне деген ашу-ызалары тарқар емес, қайта өрши түскендей. Қалжан тағы да бір-екі рет Сауранды аямай тепті. Бір кезде оның қолындағы жүзі күн нұрына шағылысқан пышағы жарқ ете қалды. Көзге суық көрінеді екен. Қалжанның ызаға булығып арам ниетке барарын байқады ма Зиявуддин:
– Қалжанның қолында пышағы бар, ажыратайық, жігіттер! – деді бар даусымен. Бірақ барлығы кеш еді. Қалжан көз ілеспес жылдамдықпен пышақты Сауранның кіндік тұсына сүңгітті де жіберді. Қалжаннан бәрін күтсе де Сауран мұндай қаныпезерлікті, әділетсіздікті күтпеп еді. Оның бар болғаны:
– Қалжан, осы жігіттік пе? – деуге ғана шамасы жетті. Сауран ыңырсыған күйі бүктетіліп барып жерге құлады. Қалжан бейне бір ата жауын жеңгендей құлап бара жатқан Сауранның бет тұсына аяғымен тағы бір-екі рет теуіп өтті. Алыстан аңысын аңдып тұрған жігіттер Сауранның жанына жеткенде пышағын жалаңдатқан Қалжан біраз сес көрсетіп, көзден ғайып болған.
Қансыраған Сауранның жағдайын көрген Халел бірден ұялы телефоны арқылы жедел жәрдем шақырып, онан соң полицияға хабарлады. Осы сәтте абдырап қалған жігіттерді «Нағып тұрсыңдар, тез дәріханадан дәрі-дәрмек әкеліңдер» деген самса сататын әйелдің жанұшыра айқайлаған даусы серпілтті. Бірі дәріханаға жүгіріп кетті. Жаңыл апай нашатыр спиртін мақтаға булады да Сауранға иіскетті. Бірақ бұл ешқандай пайда бармеді. Жедел жәрдем келіп үлгергенше мына фәниде небәрі өзінің 22-ші көктемін қарсы алуға шақ қалған, бір шаңырақтың тірегі Сауран бақилыққа аттанып кеткен-ді.
Сот дәрігерлік сараптама «Сауран Әбдінәбиевтің өлімі Қалжан Бекқожаев сұққан пышақ құрсақтың алдыңғы бетінің іш қуысына кіріп, ащы ішекті жарақаттаудан, қан кетуден болған» деген қорытынды жасады. Ал Қалжан базар ауласына шыққан бойда-ақ жандәрмен таныс ағаларының біріне қоңырау соғып, өзінің біреуді пышақтағанын айтты. Ол азамат та көреген екен, Қалжанды өз қолымен аудандық ішкі істер бөліміне алып барды, тергеу амалдары басталды. Қалжанның қылмысы толық дәлелденіп, пышағы айғақ зат ретінде алынды, куәлер де жаппай сұралды. Іс сотқа өткізілді.
Сотталушының қорғаушы адвокаты Қалжанның ауыр дене жарақатын аффект, яғни жан күйзелісі жағдайында салғанын анықтау үшін қайтадан сот психиатриялық сараптама жүргізуді сұраған. Сондай-ақ пышақтың да Саурандікі екенін дәлелдемек болды. Бірақ сотқа қатысқан куәлардың барлығы, мұнымен қоса сот биологиялық сараптама да пышақтың Қалжандікі болғанын растады. Сот психиатрия­лық сараптаманың қорытындысы да Қалжанның бұрын-соңды жүйке ауруымен ауырмағанын және ауырмайтынын, сондықтан да оған емделу қажет емесін бекітті.
Тергеу амалдары мен сот барысындағы толықтырылған дәлелдер сотталушы Қалжан Бекқожаевтың тым қызба әрі ашуланшақ, төбелеске дайын тұратынын айғақтады. Айтпақшы, оның бұған дейін де, яғни 2010 жылы сотты болғаны, ал 2010 жылдың қараша айында бір азаматты ұрып-соғып тек жәбірленушінің кешірім беруімен ғана жазадан құтылғаны белгілі болды. Осылайша ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 103-бабы 3-бөлімімен тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот бітті. Қылмыскер жазасын алды. Қазақтың өрімдей бір жігіті мәңгілік жер қойнына тапсырылса, енді бірі қылмысы үшін 9 жыл ғұмырын темір тордың ар жағында өткізеді. Аталған трагедияның екі жаққа да, әсіресе азаматынан айырылған отбасына оңай тимесі белгілі. Жаның ауырады, жүрегіңді өкініш өртейді. Сол екі азаматымыз да жайраңдап ортамызда жүріп үйлі-баранды болғанда, отбасының санын көбейтіп, ұл-қызын өсіріп отырар еді-ау.

Әбдәлім ТІЛЕУБЕКОВ,
Жетісай қаласы
Түркістан облысы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...