12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЕКЕУДІҢ САЛҒАН ОЙРАНЫ

Естай Мәскеуге келген бір апта бо­йында әр екі сағат сайын әйеліне хабарласып, бала-шағасының жай-күйін сұрап тұрды. Соңғы жылдары тасы өрге домалап тұрған бизнесінің қым-қуат тірлігімен талай мәрте алыс шетелдерге де шығып жүр ғой. Неге екенін қайдам, осы жолы отбасына алаңдай ма, бірдеңеден үрейлене ме, көңілі алабұртып, қобалжиды да, қайта-қайта Әсияға қоңырау шалады. Алды жетіге толған, кішісі енді ғана аяғын басып жүрген үш баласын қарап, үйде отырған Әсияның биыл тағы да аяғы ауыр еді. Біртүрлі мазасыздық берекесін қашырған сәтте Естай тағы да әйеліне қоңырау шалған:
– Бізге еш алаңдама, жаным! Аяжанның каникулы басталған, бәріміз үйдеміз ғой. Несіне алаңдайсың, шаруаларыңды бітіре бер.
– Денсаулығың қалай? Жүрегіңнің айнығаны қойды ма?
– Ол үйреншікті нәрсе ғой. Әке-шешем де үнемі хабарласып, келіп-кетіп жүр. Алаңдайтындай ештеңе жоқ.
– Сонда да бөтен біреулерге есік ашпаңдар. Мен арғы күні таңғы сағат бесте Астанаға жетемін.
– Алла қаласа деп айт. Құдай жол амандығын берсін!
– Әмин! Ертең тағы да хабарласамын.
– Жолға шығарда, ұшаққа отырудың алдында тілдессең болды. Еш алаңсыз жұмыстарыңды реттей бер.
Естай қым-қуат шаруаларымен арпалыса жүріп, арасында тағы да бір рет телефон шалған. Әйелі курстас достары Сергей деген ингуш жігіттің телефон шалып, оның Мәскеуден қашан оралатынын сұрағанын жеткізді. Естай елең етсе де, оған аса мән бермеді.
Негізі, Естай, Әсия, Сергей үшеуі заң факультетінде бір курста оқып, білім ал­ған. Естай мен Әсия үшінші курста үйленіп, оқу бітірген соң жеке компания құрып, бизнестің көрігін қыздырған. Оқу үздігі болған Әсия ғылым жолына түспек болған, бірақ, алдымен тіршіліктерін оңдағылары келген жас отбасы бизнес­пен айналысуды жөн деп тапты. Еңбектерінің жемісін де көрді. Қазір Астананың қақ ортасында екіқабатты әсем коттедждері бар. Бизнестен түсетін табыстары да айтарлықтай қомақты. Компанияда жиырма шақты адамға нәпақа тауып беріп жүр.
Бастабында, курстастары Сергей олармен бірлесіп жұмыс істеген. Кавказдықтарға тән өжет мінезімен талай шаруаның басын қайырды, обалы нешік. Бірақ, кейін есірткіге әуестеніп, жол ортадан бәрін тастап кетіп қалды. Анда-санда жұмыс барысымен автокөлік жөндеу орталығына барғанда Естай онымен кездесіп қалатын. Аман-сәлемі түзу, ескі достарша қауқылдасып жүретін. Араларында ешбір кикілжің болған да емес.
«Неге мені сұрай қалды екен? Алыс-берісіміз жоқ еді. Ана жолы қарыз сұрағанда бермеген едім. Тағы да жалынып жүрмесе игі. Достың көңілін қимай берейін десең, оның қайтара алатынына сенім жоқ. Барған соң өзімен ашық сөйлесейінші. Соңғы кезде біртүрлі болып жүр. Ана жолы маған тісін қайрап жүргендей кейіп танытты. Біреулер араға шоқ тастап, от жағып жүр ме кім білсін?!» – деп, ойлағаны сол еді, сол жақ көзінің асты жыбырлап тартып кетті. Көңілі күпті болғандай, тағы да мазасыздана бастаған соң Әсияға телефон шалды:
– Ол Сергей не дейді, не керек екен оған?
– Ештеңе. Жай ғана сені ұшақтан қашан түседі деді. Мен сағат бесте дедім, болды!
– Жарайды…
– Не болды, жаным? Қызғанып тұрғаннан саумысың?
– Ой, жоға! Жай, ол өзі шегіп алған немесе ішіп алғаннан сау ма екен?
– Онысын қайдан білейін, жұмысында отырған шығар, үйдің нөміріне телефон соқты ғой.
– А, жарайды.

Қаралы хабар

Естай барлық шаруасын реттеген соң қонақүймен есеп айырысып, такси шақыртты да Шереметьево әуежайына қарай тартты. Жол-жөнекей Әсияға бірнеше рет телефон соқты. Ол мүлде көтермеді. Ұшаққа отырғанға дейін үйдің телефонына қоңыраулатса да жауап ала алмады, ұялы телефоны сөндірулі.
Тағы да сол көзінің асты жыбырлап, солқылдата тартып болмады. «Қазақ ырым етеді, сол ырымы қырын кетеді» деуші еді ғой. Әсия балалардың тамағын істеп, үй тазалап, шаршап ұйықтап қалған болар. Соңғы кезде үй қызметшісін де шақырмастан тазалықты өзі жасай беретін болған. Қарап отыра алмайды-ау, жаным сол, әбден шаршаған болар, тынықсыншы» деген оймен өз көңілін жайландыруға тырысып, ұшаққа отырған…
Таң сәріде ұшақтан түскен Естай әуежайдағы автотұраққа қойып кеткен көлігін от алдырып, үйіне қарай тартты. Телефон соғып, Әсияның ұйқысын бұзуды жөн көрмеді. Неге сонша асыққанын өзі де білмейді, әлсін-әлсін жылдамдықты арттыра береді. Қалада көлік қозғалысы бастала қоймағанымен, машинаның қарасы баршылық.
Қабанбай батыр даңғылының бо­йымен оңға бұрылып, үйіне жақындай бергені сол еді. Ауласында адам қарасы көп әрі полиция мен жедел жәрдем көлігі қатар тұрғанына көзі түсті. Көлігін кілт тоқтатып, үйіне қарай жүгіре жөнелген. Қақпаның аузында тұрған ата-енесі мен әке-шешесі оған қарай қатар ұмтылып, «Құлыным-ай!» деп зарлап бас салған. Әкесі біраз кемсеңдеп, тұрды да, көз жасын сүртіп:
– Балам. Бекем бол! Сұмдық болды. Айтуға ауыз бармайды. Оңбаған қылмыскерлер ошағыңды ойрандап кетіпті…
– Не дейді?! Әсия, Аяжан, Жалғас, Ертай қайда?
– Құлыным-ау, төртеуі де енді бізге жоқ. Қырып кетті ғой, сұмырайлар! – деп, анасы дауыстап, жоқтау айта жөнелді.
Сілейіп тұрып қалған Естай сылқ етіп құлап, есінен талып қалған еді.

Бәсеке

Сергейдің ақшасы таусылып, тығырыққа тіреліп жүргенін байқаған Пак оны бүгін әдейі шақырып алып, бір бума ақша ұстатты.
Мынауың тым көп досым. Кейін қайтара алмай жүрермін. Жартысын өзіңе дереу қайтарайын – деген Сергейге Пак аяқ астынан жомарттық таныта қалды:
– Еш алаң болма! Бұл қайтарымсыз ақша. Бәрін ала бер!
– Қой, досым! Саған қандай еңбегім сіңіп еді? Алмаймын, – деп кері қайтарса да, Пак тықпалап қоймады.
– Сергей, маған сенің көмегің керек. Сенің қолыңнан ғана келетін іс. Кейін айтамын, сол кезде аянып қалмасаң болды. Әзірше, осыны ала бер!
Ақшаны түгел алған Сергей біраз күн көңіл көтерген. Оның есірткіге әуестігін байқаған қайын енесі қызын айырып алғалы Сергей үйіне тым сирек қонады. Жастары ұлғайған әке-шешесі жалғыз ұлының қайда, не істеп жүретінінен де бейхабар. Сұраса да, оларға есеп беретін Сергей емес. Кемпір мен шалға кейде уыс-уыс ақша әкеліп, қарқ қып тастайтын кездері де болады. Араға апта салып, бір оралғанда бір тиынсыз қалғанын айтып, өздерінен ақша сұрап әкететіні де бар. Жалпы, үйде қонуын соңғы кезде тіпті сиреткен.
Сергей қаланың әр бұрышындағы арзанқолдау қонақ үйлерден орын алып, жеке бөлмелерде түнеп жүретін. Наша сатып алуға ақшасы жетпеген кездерде алтын жүзігін, қымбат фотоаппаратын, ноутбугін ломбардқа өткізіп жіберген тұғын. Бірақ, кейін ақшалы болған кездерінің өзінде сол бағалы заттарын қайтарып алған емес. Астындағы қымбат көлігін тым арзанға сатып жібергеніне де біраз уақыт өткен. Естайдан бөлініп кеткелі ешбір жерден тұрақ таппады. Соңғы жұмыс орны көлік жөндейтін бір шағын цех болып отырған жайы бар.
Ал, онымен таяуда ғана танысып достасқан Пак бизнесте жолы болған әлді жігіттердің бірі. Сауда мен қызмет көрсету саласында қаладағы кәсіпорындардың ішінен алдына жан салмаған оның компаниясы екі-үш жылдан бері тұтынушыларынан айырыла бастаған. Табысы күрт кеміп, жұмысы өрге басуды қойды. Бүйте берсе, банкроттың ауылы да алыс емес.
Пак мұның себебін мұқият зерттеп, жан-жақты саралап көрсе, гәп бәсекелес фирмада екені түсінікті болды. Оның қожайыны Естай екенін де білген. Олардың тұтынушыларға ұсынып отырған тауары мен қызмет көрсету ақысы Пактың компаниясымен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бірақ, сапасы өте жоғары. Әрине, мұндайда жұрттың қай жаққа бет бұратыны, айтпаса да түсінікті ғой.

Әзәзіл

Пак бірнеше рет Естайға барып, бағаны бір деңгейде ұстауға көндірмек болған. Бірақ, Естай мүлде келіспеді, тіпті, үзілді-кесілді қарсыласты. Онымен қоймай «Мен өз тұтынушыларым үшін ондай қиянатқа бара алмаймын. Маған олардың ақшасынан гөрі сенімі қымбат» дегендей өзінше пәлсапа соғып, көсемсігеніне Пактың ит жыны келген.
Бір-екі қызметкерін Естайға жіберіп, сонда жұмысқа да орналастырған. Ондағы ойы фирманы іштей іріту еді. Алайда, онысынан да ештеңе шықпады. Әлгі немелер Пакқа қызмет етудің орнына Естайға сатылып, оның ең сенімді серіктеріне айналып кетті.
Өстіп «іші қазандай қайнап, күресуге дәрмені жоқ» болып, бәсекелесіне қарсы беттей алмай жүргенде Сергей өзі сап ете қалды. Оның бұрын Естаймен серіктес болғанын білетін Пак келген бұйымтайын табан астында екі етпей орындады. Түскі үзіліс кезін пайдаланып, мейрамханаға апарды. Ұзақ әңгімелесті. Сөз арасында:
– Бірге оқыған досың болса да айтайын, анау Естай сені керек кезінде пайдалана білді. Кейін фирмасы аяғынан тұрып, пайдаға кенеле бастағанда сені лақтырып кетті. Жігіттікке жатпайды ғой – деп, бір түйреп қойды.
– Жоға, мен одан өзім кеттім ғой. Ол жақсы жігіт негізі… – дей берген Сергейдің сөзін бөлген Пак бәсекелесін құбыжық етіп көрсету үшін бар өнерін салып, оны әлдеқашан иландырып та жіберген болатын. Сөз сиқыры деген сүйектен өтетін пәле емес пе?
Пактың ойы Сергейді оның үйіне ертіп барып, бала-шағасының көзінше әбден үрейін ұшыру болатын. Сөйтіп Естайды райынан қайтарып бизнестен бездірсе, ұпайы түгенделетіндей көрінген.
Осылайша, уәделескен күні Сергейге телефон шалдырған. Әйелі Естайдың Мәскеуден сағат бесте келетінін айтыпты.
Түстен кейін Сергейді қасына шақырып алған Пак оны кешке болатын оқиғаға әбден дайындады. Оны бабына келтірген соң өзі «Царская водкадан» біраз сілтеп алды да:
– Ал, Сергей! Сағат алтыдан асты. Естай мырза үйіне келіп жайғасқан болар. Сен қанжарыңды cұғып алып жүрме, жай ғана тамағына тақап тұрып, жақсылап қорқытсаң болды. Райынан қайтпаса, қатын, бала-шағаңды шетінен бауыздаймын деп қаһарыңды төгіп-төгіп қойсаң жетіп жатыр – деп, мұқият ескертіп қойды.
Пак көлігіне от алдырып, қозғалғанда қыстың қысқа күні әлдеқашан батып, айналаны қараңғылық торлап қойған болатын.

Қанішер

Бірі есірткіге елірген, келесісі, арақтың буына масайған екеуі Естайдың еңселі коттеджінің қақпасына келіп тірелгенде, Әсия самаладай шам жағылған жап-жарық аулада оны-мұныларды реттеп жүрген болатын.
– Естай үйде ме? – деп, сұраған Сергейдің түрі тым сұсты көрінгенде, Әсия шошып қалған. Бірақ, студент шағында бірге оқыған курстасынан еш жамандық күтпегендіктен, қақпаны аша салған. Қасында, орта бойлы азиат жігіт болды. Оған аса мән берген де жоқ.
– Сергей, мен саған айтып едім ғой, ол таңғы бесте ұшақтан түседі.
– Өтірік айтпа! Ол неме үйінде неге жасырынып отыр? Көрсетем, қазір оған! – тұра ұмтылған Сергей қарсы алдында тұрған Әсияны ұзын қанжардың сабымен тас төбеден бір ұрып сұлатып салды да үйге басып кірді.
Анасын ұрып жығып, үйге қарай бет алған екеуді терезеден көре салысымен Аяжан жалма-жан екі бауырын ваннаға енгізіп, үлкеніне есікті ішінен бекітіп алуын тапсырған. Енді, өзі жасырынбақ болып кең дәлізді бойлап жүгіріп бара жатқанда, Сергей оны бас салып ұстап:
– Әкең қайда?
– Мәскеуде!
– Мынау да бізді алдамақшы! Мә, саған! – деді де, Сергей әй-шай жоқ жеті жастағы қыздың тамағын орып жіберді.
Мына сұмдықты көрген Пактың да есі шығып, Сергеймен бірге бөлмелерді аралап жүгіріп жүргенін өзі де аңғармай қалды.
Бөлмелерден ешкімді таппаған Сергей ваннаның есігі ішінен бекітулі тұрғанын білген соң тұтқасынан ұстап тұрып, аяғымен қабырғаны тіреп тартып қалған. Есік ашылғанда екі сәби қайда тығыларын білмей мысықтың тырнағына іліккен торғайша шырылдады. Ол екеуін де еш шімірікпестен бауыздай салған Сергей дәлізге шыққанда, беті қанға боялған Әсияның ішке еніп:
– Мұның не, оңбаған қанішер! – деп, айғай салғанын естіп, оған да тұра ұм­тылды. Шашынан уыстап тұрып тартты да, қас қағым сәтте тамақтан орып жіберді.
Үсті-басы қып-қызыл қанға боялған Сергейдің екі көзі алақ-жұлақ етеді. Бірдеме дейін десе өзіне тап беретіндей көрінген соң зәресі ұшқан Пак оған ауыз ашуға да дәрмені жоқ. Сәлден соң ғана:
– Ана жексұрын Мәскеуден оралмағаны рас болды ғой. Жүр кетейік! – деп, шыға жөнелді.
Қатты қорыққандықтан ба, Пак мас­тықтан айығып, сауығып кеткен секілді. Сергей де ес жинағандай болды. Үйдің маңынан ұзаған соң қала ортасындағы ескі қорымның қасына тоқтап, Пак әлгі қанжарды дуал асырып лақтырып жіберді. Көлік тізгініне қайта жайғасып жатып, Сергейге:
– Сен бәрін бүлдірдің! Мен саған Естайды ғана қорқыт дедім. Ол үйінде жоқ. Ал, сен оның бала-шағасын қырып салдың. Таңғы бес пен кешкі бесті айырып сұрамадың ба?
Сергей ауыз ашқан жоқ. Мұздай судан жаңа шыққан адамша қалшылдап үсті-басы қан-қан күйі әлі отыр.
– Үстіңдегі киімдеріңді түгел ауыстыру керек. Қайда барамыз?
Ол жекеменшік сектордағы әлде бір үйдің мекенжайын айтты. Ескі үйден төбе шашы үрпиген арық қара жігіт шығып, Сергейді ішке енгізді. Қанға боялған киімдерін түгел шешіп, ауызғы бөлмеде маздап жанып тұрған пешке салды. Сергей жуынып-шайынып алған соң төргі бөлменің бұрышында тұрған үлкен сөмкені ашты да, ішіндегі киімдерін жалма жан киіп алды. Әлгі арық қараға әлде бір затты тықпалап ұстатқан Сергей «дымың ішіңде болсын» дегендей ишара жасап, саусағымен ернін басты. Ол ыржалаңдап, бас изеді.
Пак қаланың шетінде орналасқан бір шағын қонақүйдің қасына келіп тоқтады да:
– Ал, бірнеше күн ешқайда шықпа! Қазір бірер сағаттан соң-ақ қалада шу көтеріледі. Әрдайым есіңде болсын, сен мені көрген жоқсың. Тіпті, танымайсың! – деді де, бір бума ақшаны қойнына сүңгіте салып, бұрылып кете берді.

Жан жарасы

Естай ауруханадан шыққан соң да өз-өзіне келе алмай жүрді. Кеш батса, мазасыз күй кешеді. Түнде ұйқы жоқ. Сүйікті жары мен балаларына қорған бола алмағанына налиды. Солармен бірге о дүниеге аттанып кетпегеніне өкінеді. Тағдырына лағнет айтып, қатты күйгелектеніп жүрді.
Тергеуші жігіттен Сергей мен Пактың қамауға алынғанын естіген. Бір күні түнде ұйықтай алмай мазасы кеткен соң киініп тысқа шықты. Көлігін от алдырды да қала шетіндегі зиратқа тартты. Үш құлыны мен сүйікті жарына арнап салған кең мазардың ішіне кіріп, әр бірінің құлпытастарында жазылған есімдерін сипап, мауқын басқандай болды. Іштей сыбыр­лап аят оқыды. Сол сәтте көзіне ұйқы тығылып, маужырай бастады. Көлігіндегі көрпе, жастық, бөстегін әкеліп салды да, жатып қалды.
Оянып қараса, күмбездің бас жағындағы тесіктен күн сәулесі түсіп, мазардың іші жап-жарық болып тұр екен. Денесі сергіп жеңілдеп қалыпты. Соңғы бір айда дәл осылай ұйқысы қанып, дем алғаны есінде жоқ. Содан бері марқұмдардың қырқы өткенше, сонда барып түнеп жүрді. Зират шырақшысы бар, әке-шешесі бар, бәрі жабылып жалынса да ештеңеге қарамады.
Қырқын берген күні түсіне Әсия кіріп: «Естай, үйге бара ғой. Еңсеңді көтер» – деп, жатыр екен. Ояна келсе, әлдеқашан таң атып, аспан көк жиегі қызарып күн шығып келеді екен. Сол күннен бастап ол зиратқа келіп түнемейтін болды. Денсаулығы да жақсарып, қалыпқа келді…
Тоғыз айдан кейін Естайдың отбасын ойрандаған екеудің шулы соты өтті. Алқабилер мен ақпарат құралдары өкілдері қатысқан сотта Сергей мен Пак екеуі де тергеу барысында мойындаған дәлелдерінен айнып, өздерін ақтауға тырысты. «Біз Естайдың таңғы бесте келетінін естіген соң Әсиямен қоштасып өз жөнімізбен кеткенбіз. Бәлкім, өзге біреулер бізден кейін келіп қырып кеткен болар» десіп жалтарғылары келді. Тергеушіге жала жауып, өздерін қысым көрген құрбандар етіп көрсеткілері келді, Жоғарғы Сотқа дейін шағымданды…
Кінәлілер әрине, әділ жазасын алды. Алайда, Естайдың жүрегіндегі жан жарасы жазылмады, жас отбасының орны толмады.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...