12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жеті жылдан кейін ашылған ҮКІНІҢ ҮНІ

Әділбек қақырынып-түкірініп үйге кіргенде үй іші кешкі асқа енді кіріскен екен. Кішкентай немересі Гүлім ғана пештің түбінде сөмкесін ашып, кітаптарын ақтарып отыр.
– Мына қыз тамағын ішпеген бе? – деді кемпіріне қарап. Кемпірі:
– Кейін ішемін дейді ғой, – деді жай­барақат.
– Апа, мен Жанардың үйіне барып, есептен қандай тапсырма бергенін сұрап келейінші, – деді ол қиылып. Әділбек жанындағы үлкен немересі Орынбасарға қарады.
– Тамағыңды ішіп болсаң, мына Гүлімді Жанардың үйіне ертіп апар, қараңғы түсіп кетті, қорқады, – деп еді, немере қызы өкпелі дауыспен:
– Ту-у ата, мына тұрған жер ғой, жүгіріп барып, жүгіріп келемін, – деді.
Осыдан кейін Гүлім шығып кеткен. Әлден соң қалтасынан шақшасын іздеп жатып, көрші үйге кеткен немересінің әлі жоқ екендігі есіне түскен қарт тәтті ұйқыға кеткен кемпірін түртіп оятты. Гүлімнің жоқтығына таңданған кейуана да ерімен жетектесіп сыртқа шыққан. Күн желкемденіп, қар қыламақтап тұр. Тас қараңғыда түртінектеп жүріп, көршісі Омарбайдың ауласының есігін тартып еді, ашық екен. Сонадайдан түзге шыққан Омарбайдың жақыннан шыққан тықырды байқап:
– Оу, бұл қайсың, – деген қарлығыңқы даусы естілді.
– Көксоққан-ау, танымай қалдың ба, Әділбекпін ғой, – деді. Өзінен екі-үш жас кішілігі бар Омарбай мұның даусын таныды білем:
– Әбеке, сіз екенсіз ғой, – деді.
– Гүлім бағана осы үйге Жанарға кетіп еді…деді Әділбектің кемпірі.
– Қайдам, Жанар ұйықтап қалғалы қашан, – деді көршісі даусын созып.
Әділбектің жүрегі суылдаған. «Апыр­май жақсылық болғай» деп жалбарынды қарт. Ауа райы күрт бұзылып, батыстан соққан жел күшейіп, суырма боран басталған. Әділбек қарияның үй іші түгел тентіреп, сай саланы кезіп кетті. Гүлім ұшты-күйлі жоқ. Кемпірі түнімен дұғаларын оқып, жаратқанға жалбарынып шықты.

Із кесу

Түпкірдегі ауылда ұялы телефон ұста­майтындықтан жеті түнде пошташы Тұранбайды орнынан тұрғызып, поли­цияға хабар бергізді. Таң сыз бере олар да жетіп келген. Үстінде формасы бар қияқ мұрт жігіт қарғы бауынан тарс ұстап алған қасқыр тектес итіне Гүлімнің үйдегі киімдерін иіскетіп, жұлқына ұмтылған итпен бірге сонау Қызылсеңгір жаққа қарай қалың қарды омбылап, жүгіріп кетті. Жаманаттан аулақ, тып-тыныш жатқан аядай ауыл әп-сәтте үрліген-сүрліген болып қалды. Жұрттың көңілінде бір ғана тілек «байғұс қыз аман болса екен». Алайда түн жамылып келген жамандық өз сойқанын жасап үлгерген еді. Үстінде қызыл күрткесі бар жеті жастағы Гүлімнің жансыз денесі Қызылсеңгірдің тұсындағы жартастың қуысынан табылды. Қара шаңырақ қайғыға бөгіп, Әділбек пен кемпірі тұралап қалды.
– Құлыным-ау, бізді кімге тастап кеттің,– деп аңырады Әділбектің кемпірі жер сабалап. – Көгермей, көктей солғыр бұл Омарбектің әскерден келген Ұланбегінің тірлігі. Жетпей желкең қиыл­ғыр, Гүлімнің өліміне сол кінәлі, қайдасыңдар соны ұстаңдар, – деп шыңғырды Әділбектің кемпірі.
Тергеу тобы оқиға орнын зерттеп, маңайды тексеріп шыққаннан кейін қаршадай қыздың денесін көлікке тиеп, аудан орталығына алып кетті. Қыл­мыстық іс қозғалып, сот сараптамасы тағайындалған. Тергеу тобы жасақталып, істің барысын қадағалау аудан прокуро­рының орынбасары Кенжебекке тапсы­рылды. Жас қызға жасалған жаға ұста­тарлық қиянаттан облыстағылардың өздері де түгел құлақтанып үлгерген еді. Аудан прокуроры Кенжебекті шақыртты:
– Ал, нәтиже қалай? – деді ол шар­шаңқы кейіппен, – Не істейміз? Облыс прокурорына «бүгін, ертең» деген тәрізді шығарыпсалма сөз бен құрғақ уәде емес, істің қорытындысы керек.
– Сот сараптамасының қорытын­ды­сын күтіп отырмыз, – деп еді, онсыз да жоғарыдағылардан сөз естіп, көңіл-күйі болмай отырған аудан прокуроры Кен­жебек­тің сөзіне құлақ аса қоймады.
– Білмеймін, маған нәтиже керек, аядай ауылдағы қылмысты ашуға апталық мерзім беремін, – деп сөзін шорт кесті. – Еншіңде бір апта ғана уақыт бар.

Қан дағы

Кенжебек ішкі істер бөлімінің тергеу­шісін шақыртып еді ол істі қолтықтап жетіп келген.
– Сіз кімсіз, – деді Кенжебек.
– Еркебұланмын, – деді ол. – Тер­геушілік қызметті атқарғаныма жарты жыл болды, бұған дейін ұрлық-қарлық сияқты қылмыстарды тергеп жүр едім, бастық осы істі қояр да қоймай маған тапсырды, – деді ол дәл осыған өзін жазықты адамдай сезініп. «Е, әлі сары ауыз балапан екенсің ғой» деп ойлады Кенжебек. Бүгін ғана қолға тиген сот сарап­тамасының қорытындысымен таныс­ты. Сарапшы зорлық-зомбылық жасаудың салдарынан кішкентай қыздың тоқ ішегінің жыртылғанын анықтап көрсетіпті. Қазаның қылғындырудан болғанын қылша мойын­дағы қанталаған іздердің өзі де аңғартып тұр еді.
Кенжебек қыздың мәйітін тағы да тексеріп көрді. Кішкентай нәзік саусақ­тардың көбесінен қан дағы табылды.
– Мынаны неге көрсетпегенсіз, – деп еді, сарапшы, – байқамай қалыппын деп күмілжіді. Марқұмның іш киімінің жағасынан бір тал жирен шаш тауып алды. «Бұл кімдікі?» Гүлімнің шашы қара, ал мынау жирен. Қан мен шашты сарапшыға қалдырып, Еркебұлан екеуі Көкжиек ауылына жол тартып, оқиға орнын қайта қарап шықты. Осыдан екі-үш күн бұрын жауған қалың қардың көбесі сөгілгенімен іздің бетін жасырып қалған еді. Басқа дерек жоқ. Кенжебек түртінектеп қарап жүріп, қардың шетінен тұқылы көрініп жатқан темекіні желім қапшыққа салып алды. Сигареттің ерінге салар тұсының шайналып қалғанына қарағанда оны шеккен адам әлденәрсеге қатты мазасызданған сияқты. Тергеу тобының оқиға орнындағы осындай қажетті дәлелдерді атүсті зерттегеніне қарағанда олардың тек мәйітті тексерумен айналысып кеткені байқалып тұр. Сонда, оқиға орнынан табылған темекі тұқылы мен көйлектің жағасынан табылған бір тал жирен шаш, тырнақтың көбесіндегі қан дағы кімге тиесілі болуы мүмкін?

Күдік

Гүлім кеткен Омарбайдың үйі мен оқиға орнының ара қашықтығы шамамен үш шақырым. Әділбек ақсақалдың айтуына қарағанда кішкентай Гүлім түрік сериялы басталардан бұрын шығып кеткен. Ол кешкі сағат сегіз жарымға сәйкес келеді. Мұндай уақытта кімнің боранды далада жүруі ықтимал? Әлде бұл кездейсоқтық па? Ішкі істер органындағы мәліметтер базасынан іс әрекеті дәл осы қылмысқа сай келетін бірде-бір дерек табылмады. Әлде, қылмыскер басқа жақтан келді ме екен? Жауабы жоқ сауал көп еді. Екі күннен кейін сарапшының қорытындысы да дайын болған. Онда тырнақтың көбесіндегі қанның басқа адамға тиесілі екендігі, ал шаштың жирен түске боялғандығы көрсетілген. Оқиға орнынан табылған темекі тұқылы да елең еткізерлік дерек еді. Сарапшының талдап көрсетуіне қарағанда темекі шеккен адамның алдыңғы тісінің үшіншісі жоқ, кетік. Себебі шайналған тұқылда алдыңғы екі тістің ізі бар да үшіншісінің орны жоқ. Жарайды, қазір көп адамның тісі жоқ, ал шашты жирен түске бояту қалада болмаса, ауылдың жерлерде кездесе бермейтін ерсі әдет. Сонымен алғашқы болып, Омарбайдың әскерден оралған баласы Ұланбектен жауап алынды. Сыбай салтаң жүрген бойдақ жігіт. Күдікті деген аты болмаса, тергеушілердің шын мәнінде оған тағатын кінәсі де жоқ еді. Сол себептен де арадағы әңгіме жай сұрақ-жауап түрінде өрбіді.
– Сол күні кешкі сағат сегіз жарыммен тоғыздың арасында қайда болдыңыз? Ұланбек ойланған сыңай танытып, жел­кесін қасыды:
– Қайда болушы едім, үйде болдым.
– Оны кім дәлелдей алады?
– Үйдегілердің бәрі, боранды күні қайда барамын?
Ұланбектің әрбір сөзі иланымды еді. Күдіктіден сараптама үшін алынған ұрықтың үлгісі, бір тал шаш пен қан дағы да ширатылған жіптің ұшын ұстата қоймады. Көрші-қолаңнан жауаптар алынды. Ауылдың бас жағында тұратын Бәдиша кемпір әңгіме арасында сол күні Есенбайдың баласы Есенгелдінің құмдағы қыстаудан кештетіп оралып, әйелінің екі түйір пияз сұрай келгенін де айтып қалды. Есенгелді жағы шығыңқы, бойы ұстындай ұзын, үйлі-баранды, қырықтан асқанша жаман аты шығып көрмеген жігіт. Кенжебек пен Еркебұлан келгенде Есенгелді айырмен іліп алған қау шөпті шашып жүр екен. Бұлардың органнан екенін естіген сәтте абдырап қалды.
– Түнделетіп үйге келгенім рас. Маң­дайдан соққан боран жүрісімді ман­дытпады, әйтпесе, ауылға ертерек жететін едім,– деді ол қолындағы айырды мая шөптің жанына сүйеп жатып.
– Жолшыбай бейсәубет адамды көр­медіңіз бе, – деді Еркебұлан. Кенжебек оның шашына көз салып еді, жирен емес екен. Тіпті әңгіменің арасында қалтасынан шақшасын алып, насыбай да атты. «Әлде күмән тудырмас үшін әдейі жасап отыр ма», дегенмен, оның алақанындағы шөкімдей насыбайдың дүңкиген ерінді адаспай тапқанына қарап, Есенгелдінің мұндай әдетке жылдар бойына машықтанғанын байқады.
–Айтпақшы, – деді ол есіне әлдебір нәрсені түсіргендей болып, – әлде маған солай көрінді ме, ауылға кіре берісте атын жетекке алып бара жатқан біреуді көріп қалдым. Түтеген боранда жүрген кім деп ойладым да қойдым. Түсінесіздер ме, ол кісінің жүрісі бөлек, қалай айтсам екен…
– Теңселіп жүретін шығар, –деді Кенжебек.
– Жоқ, – деді Есенгелді, – оның жүрісі қарғаға ұқсайды, иә,..қарғаның жүрісі… Ол Кенжебек пен Еркебұланға ұғынықты болуы үшін қойқаңдап жүріп те көрсетті. – Алайда, құдай ақы деп айтайын, ондай жүрісті бұл ауылдан көрмеппін…

Қарға жүріс

«Қарға жүрісті адамның кім болуы мүмкін?» Темекінің тұқылы мен жағадан табылған бір тал шашқа, енді мынау бейтаныс адамның қойқаңдаған қарға жүрісі қосылып отыр. Кім ол? Ауылға келген адамның тізімі алынды. Ақпан айында төрт адамның жаназасы шығары­лып, екі адамға ас беріліп, бір рет той болған. Бірақ олардан күдіктенетіндей негіз жоқ. Қазақта қазаға келетіндер қаралы шаңырақта саржамбастанып жата бермейді. Ауыл әкімі Бексауытпен сөйлесті. Жұқалтаң өңді, аласа бойлы сары кісі қалбалақтап қарсы алды.
– Ауыл тыныш еді, енді мынандай жағдай…тіпті қиын болды, – деді ол тұнжырап. – Көкжиек ауылында өніп-өстім, мұндай хайуандықты осы ауылдың балалары жасады дегенге сенбеймін. Ау, бәрі де көз алдымда өсті емес пе? Бірақ кім біледі, қазір ұрпақ өзгерді ғой, жастар шетелдің киноларындағы сұмдықтарға еліктейді… Ауылдағы тірліктің бәрі көз алдымда. Шеттен келген адам болмаса… Мына Үшқараның түбінде Байдәулет деген осы ауылдың азаматы жекеменшік малын бағып отыр, сол көмекшілікке алыстан бір жиенін алдыртты деп естіп едім, бірақ өзім көрген емеспін. Басқа шеттен келген адам туралы білмейді екенмін. Тек ол жаққа асты төмен мынандай көліктеріңмен жете алмайсыңдар, баратын болсаңдар, балама айтайын деді.
Әлден соң баяғы кеңес заманында тек кеңшарлардың директорлары мен партия комитетінің хатшылары мінетін сырты брезентпен жабылған көлік кеңсенің алдына келіп, көлденеңдеп тоқтай қалған.
– Мына кісілерді Байдәулеттің үйіне апарасың, – деді ауыл әкімі баласына тапсырмасын тиянақтап тапсырып.
Қонақтар таудың жауын шайып, найза тастары сорайын шығып кеткен ой-шұқыры көп жолымен шоқырақтап Байдәулет отырған Үшқараның түбіне зорға жеткен.
Ошағынан шыққан түтіні көкке шан­шыл­­ған киіз үйге жақындай бергенде алда­рынан әлдекім сірә да ұзап бара жатқан малды қайырғысы келген болуы керек, сатырлатып шауып өтті. Басында тақиясы бар, сақал-шашы өсіп кеткен алпыстағы кісі көліктен түскен бейсәубет адамдарды көрісімен шыңылдатып, шыңдап жатқан шалғысын қоя салып, өздеріне қарсы жүрді. Сырт көзге сөзге сараң көрінетін Байдәулет бір ақтарылып сөйлесе, жуық арада тоқтамайды екен.
– Бала-шаға асырау оңай емес, екі бала қалада ақылы бөлімде оқиды. Оларға киім-кешек, тамақ керек, сондықтан да, әйеліміз екеуміз ауылдан ауа көшіп, мына таудың қуысында мал бағып отырмыз. Жас келген сайын күш-қуатың да кемиді екен, қазір денесі құрғыр төсекке қарай тартады да тұрады, –деді ол мұңын шағып. – Өзім бір күн ауру, бір күн сау болған соң, мына ағайынның баласын сонау Алматы­дан алдырттым. Қырыққа келгенше бас құрамай, ойын-сауық қуып «гөлайттап» жүргенше, мал бақ деп осында алып келдім. Ә, міне, оның өзі де келіп қалды, – деді үй жанына дүсірлеп келіп тоқтаған аттың жүгенінің сылдырын естіген Байдәулет.
Қонақ

Иегіне шошайтып сақал қойған қырық­тардың шамасындағы бейтаныс жігіт кірген Бай­дәулеттің жанына келіп тізе бүкті.
– Батырбек деген бауырымның баласы осы, ал, мына кісілер полициядан келіп отыр, – деді Байдәулет Батырбекке қонақтарды көрсетіп. Бағаналы бері жіті бақылап отырған Кенжебек осы сәт оның қысыңқы жанары­нан әлдебір үрейдің ойнап шыға келгенін байқап қалды. Шашының жирен түске боялғаны да көрініп тұр. «Мүмкін ұқсастық шығар».
– Айтшы, ақпан айының жетісі күні қайда болдың, – деді Кенжебек. Ол:
– Есімде жоқ, – деді.
– Боранды күні ме, – деді Байдәулет қайтара сұрап.– Ол күні мен сені азық-түлік алып келуге ауылға жіберген жоқ па едім… Осыдан кейін ғана сақалды жігіт есіне түскендей:
– Иә, айтпақшы, Байекең жібергеннен кейін ауылға барып қайтқаным рас, – деді. «Сонымен не айтқыларыңыз келіп отыр» дегендей қонақтарға қарап алды.
– Дәл сол күні жеті жасар қыздың зор­ланып, кісі қолынан қаза тапқанынан хабарың бар ма? Батырбектің маңдайынан жылтырап тер көрінген.
– Естідік қой, – деді міңгірлеп.
– Әдекеңе қиын болды-ау, – деді Байдәулет мүжіліп.
– Үйге сағат нешеде келдің, – деді Кенжебек.
– Біз ұйықтап қалған кезде келді, ол кезде сыртта алай-дүлей боран соғып тұр еді, – деді Байдәулет Батырбектің орнына жауап беріп.
Кенжебек сыртқа шығып, маңайдағы темекі тұқылдарын желім қапшыққа орап салып, үйге қайта кірген. Батырбек жүзін төмен салып отыр екен.
– Сонымен кішкентай Гүлімді кім өлтірді деп ойлайсыз, – деді Кенжебек аң-таң болып отырған Байдәулетке қарап. Ол «білмедім» дегендей иығын қозғады. Кенжебек:
– Оны өлтірген мына туысқаныңыз Батырбек, – деді. Мұндай сөзді күтпесе керек, жирен шаштың көзі шарасынан шығып кете жаздады:
– Өтірік, дәлелдерің қайда? Басқа жақтан келгеннен кейін арандатып, кінәлі еткілерің келіп отыр ма, олай болмайды, прокурорға шағымданамын, –деді. Кенже­бек қалтасынан куәлігін алып, көрсетті:
– Прокурор осында отыр. Байдәулет:
– Не дейді мыналар, – деп көздері шатынап орнынан атып тұрып, босағада сүйеулі тұрған балтаға жармасты. – Қаныңды ішемін иттің күшігі! Еркебұлан Батырбекке ұмтылған Байдәулетті зорға ұстап қалды.
– Оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын, өзің баяндайсың ба, әлде өзім айтып берейін бе, – деді Кенжебек. Батырбектің басы төске құлап, салбырап кеткен еді.

Қылмыскер

– Сол күні ауылға барып, дүкеннен алған екі шөлмек арақты шөлден қаталап келген адамдай жалғыз өзің іштің. Ол саған аз болып көрінгеннен кейін қайтадан барып, тағы алдың. Дәл сол сәтте сені сыртыңнан құмнан қайтып келе жатқан Есенгелді көріп қалған еді. Бірақ ол кезде сен өз-өзіңе есеп беретіндей халде емес едің, удай мас болатынсың. Жолшыбай Әділбектің үйінің жанынан көрші үйге қарай құлдыраңдап жүгіріп бара жатқан Гүлімді ұстап алып, оның шыңғырғанына қарамастан Қызылсеңгірге апарып, зор­лап, одан кейін қандай қылмысқа бар­ғаныңды түсініп, буындырып өлтірдің, оқиға орнынан дәл мынандай темекінің тұқылы табылды, – деп есіктің алдынан теріп алған сигаретті көрсетті. – Әрине, мұның бәрі жинақталған дәлелдерге сүйеніп, алдын ала жасап отырған бол­жамым. Бірақ оқиғаның дәл осылай болғанына күмәнім жоқ, – деді.
– Құдай-ау, енді ел-жұрттың бетіне қалай қараймын! Жүзі әлемтапырық болып кеткен Байдәулет қолымен жер сабалап, өкіріп жылады.
Батырбектің қолына кісен кигізілген. Тау іші жым-жырт, мүлгіп тұр. Етекке мысық табандап түсіп келе жатқан қою қараңғылық аспанмен таласып тұрған Үшқараның өзін жұтып қойған секілді. Қалбалақтап үкі ұшып өткен. Демін ішіне тартып, үздік-создық уілдейді. Оның мына мұңды үні тәнін қара жер жасырған кішкентай Гүлімді жоқтап тұрғандай еді.

Азамат Елеусізұлы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...