12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ортақ мүлікті бөлгенде
нені ескеру керек?

Соңғы жылдары еліміздің соттарында неке бұзу туралы істердің көбейгені рас. Бұрын ажырасуға арыз беретіндер қалалық жерлерде көп болса, қазір бұл мәселе ауылдық жерлерге де жетті. Заңды тіркелген әрбір үшінші некенің біреуі бұзылуда. Бұл еліміздегі отбасылық құндылықтардың әлсірегенін, ұлттық тәрбиенің ұмытыла бастағанын көрсетеді. Әсіресе, жастардың санасына шетелдік өркениеттің зор ықпалын тигізіп отырғанын жасыруға болмайды. Соның салдарынан еркіндік дегенді еріне бағынбау, жоғары талғам дегенді бірнеше әйел алу деп түсінетіндер баршылық. «Өз қалауыммен өмір сүрем» дейтіндер азаматтық неке деген қазақы санаға мүлде жат ұғымды қолданысқа енгізді. Азаматтық неке – жауапсыз одақ. Одан туған балалардың, бірлесіп өмір сүрген кезде жиналған мүліктің мәселесін шешу заңдық тұрғыдан өте қиын.
Азаматтық некедегі жандар тұрмақ, заңды некеде тұрған ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлуде де қиындық аз емес. Мұндағы басты кемшілік – құқықтық сауаттың төмендігі, салғырттық. Өйткені біздің азаматтарда әлі күнге дейін неке шартын жасау тәртібі қалыптаспаған. Ажырасқан кезде ғана өзіне тиесіліден қағылған жандар маңдайын тасқа ұрып жатады.
Жалпы, сот тәжірибесі көрсетіп отыр­ғандай, неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлікке қатысты мәселені бейбіт түрде, өзара келісіммен шешетіндер өте сирек. Бұл жерде де азаматтардың сауат деңгейі бірден байқалады. Мәселен, кейбір азаматтар «әйелім ешқашан жұмыс істемеді, бала бағып үйде отырды. Осы уақытқа дейін алған мүліктің бәрі маған тиесілі» деп жатады. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексінде дәйектелгендей, ерлі-зайыптылардың қанша табыс тауып, қанша еңбек еткеніне қарамастан, отбасылық кезеңде алынған мүліктің барлығы ортақ болып танылады. Тиісінше, мүлік ерлі-зайыптыларға теңдей үлеспен бөлінеді. Алынған үй, саяжай, дүние, көлік, жер телімі, акциялар қалай тең бөлінсе, ерлі-зайыптылар бірге өмір сүрген кезде рәсімделген ипотека, несие, қарыздың да жауапкершілігі бірдей бөлінетінін естен шығармауымыз керек.
Ал қандай мүліктер бөлінбейді? «Неке және отбасы туралы» кодекстің 35-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке меншігі деп некеге отырғанға дейін әрқайсысына тиісілі болған мүлік, мұрагерлік тәртібінде немесе ақысыз мәмілелер бойынша ерлі-зайыптылар некеде болған кездегі мүлік, ерлі-зайыптылардың ортақ қаржысы есебінен сатып алынса да, жеке қолданыс заттары, сонымен бірге, неке тоқтатылып, жеке тұрған кезінде ерлі-зайыптылардың әрқайсы жинаған мүлік танылады. Яғни, ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанға дейін өз атына ресімдеген мүлкі бөліске салынбайды. Сонымен қатар, отбасылық өмірде ерлі-зайыптының бірі мұрагер ретінде жылжымайтын мүлікке ие болса, туыстары мүлікті сыйға тартса, оған екінші тарап таласа алмайды. Неке кезінде біреуден сыйға алған дүние­ге әркім өзінше иелік етеді. Дегенмен, сот жекелеген жағдайлар бойынша ұсынылған айғақтарды негізге ала отырып мүлікке қатысты дауларды шешеді. Мәселен, үй күйеуінікі. Бірақ әбден ескірген, тозған үйді әйелі екеуі бірге жөндеп, бөлме қосып, ауланы абаттандырып заманауи жағдайға келтірді делік. Мұндай жағдайда екінші тарап үйге таласа алмағанымен, үйді жөндеуге кеткен шығыннан өз үлесін ала алады. Тек ол үшін нақты дәлел, куәлар керек.
Сондай-ақ үйді бөлуге қатысты қиындық та аз емес. Заңға сүйене отырып, ерлі-зайыптыларға тиесілі мүлікті теңдей бөлу қиындық тудырмайды. Алайда, соңғы жылдары мемлекеттен жеңілдікпен, төменгі пайызды несиемен үй алуға үміті бар жандардың өз атындағы жылжымайтын мүлікті туыстарының атына жазып қоюы жиі кездесетін жағдай. Мұндай кезде бөтен адамның атында тұрған мүліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдеу оңайға соқпайды. Кейбір азаматтар заңды айналып өтеміз деп осылай барынан ажырап жатады. Ал енді некесі заңды түрде тіркелгендер осындай түйткілмен бетпе-бет келіп жатқанда, азаматтық некеге тұратындардың мәселесі қандай қиын екенін айту артық. Сондықтан ажырасудың, азаматтық некенің алдын алу үшін отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық салт-дәстүр, иманымызды ұмытпағанымыз абзал.

Н.Қалиев,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы

Еңбек дауының алдын алу маңызды

Еңбектің барлық кезде дұрыс бағалана бермейтінін сот тәжірибесі көрсетіп...

Судьялар съезі – жаңа бастамалар мінбері

Судьялар одағы – қазақстандық қазылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа...

Сот алдында бәрі тең

Азаматтық процесс барысында таразы басының тең ұсталып, екі тарапқа...

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...

Дау шешудің дара жолы

Өз заманында Төле, Қазыбек,  Əйтеке сынды кемеңгер билеріміз бірігіп,...