12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қызылордаша киднеппинг

(Жалғасы. Басы газеттің №17, 18 сандарында)

Әрі-сәрі оймен үйге де жетті. Анасы мен келіншегі үмітпен көз тастайды, бұл болса, жерге қарайды. Үн-түнсіз шайға отырды. Тамақ батпады бірақ. Осылай кеш түсті, қаланы іңір қараңғылығы тұмшалады. Баладан хабар жоқ. Телефон болса тым-тырыс. Бір заманда зарықтырып барып сыңғырлап қоя берді. Сағат түнгі он бірден асыпты. Таныс дауыс.
– Бала қайда? – деп тап берді Асқар. – Айтқан ақшаңды бердім ғой.
– Мен ақша алған жоқпын!
– Қалай алмайсың? Уәдемде тұрдым. Қызыл пойыздың оң жағына ілдім. Сен айтқан жерге. Сен де уәдеңде тұруың керек.
– Алған жоқпыз. Шын айтам!
– Алмасаң менің кінәм не?
– Сенің кінәң менттерді үйіп әкелдің. Сол себепті жақындай алмадық.
– Қателесесің! Мен ешкімге хабарлағам жоқ. Алланың атымен ант етем!
– Өйтіп бұлтақтама! Менттеріңе айт, келме де. Әйтпесе балаңа қиын болады.
– Мен ақшаны апардым. Ментте ша­руам жоқ, балам қайтса, болды.
– Ертең кездесеміз.
– Әй, сен…
Үзіліп кетті. Асқардың іші алай-дүлей. Бұ қалай? Ақша да жоқ, бала да жоқ болғаны ма?
Арада жарты сағаттай уақыт өткенде телефон шылдыры естілді.
– Біз ақшаны ала алмадық. Ертең кездесеміз. Ақшаны сонда әкелесің!
– Менде қазір бір тиын ақша жоқ. Отыз мыңның өзін қарызданып жинадым. Фирманың есеп шотын жауып тастаған, тексеріп жатыр.
– Соқпа өтірікті! Сенде ақша бар. Біздің қолымызға ақша тимей балаңды босатпаймыз! Болды! Бітті!
Телефон тағы да үзіліп кетті.
Келесі қоңырау түн ортасында шалынды. Асқардың көзі ұйқыға енді ғана ілінген екен, шошып оянды.
– Ертең ақшаны алып, бірінші аптекаға…
– Мен ешқайда бармаймын! – деп дауысын көтеріп, сөзін бөліп жіберді. Сонан соң тез сабасына түсіп: – Жігіттер, ақша табу деген оңай емес. Сендер маған уақыт беріңдер. Жан-жақтағы бизнесмен достарыма айтып, ақша жинайын.
– Біздің онда шаруамыз жоқ! – деп, анау байланысты кілт үзді.


Келесі күні қоңырау соғылмай, Асқар әрі-сәрі ойдан арыла алмады. Сұраған ақшасын берсе іс бітеді, бала үйге оралады деген үміті тас-талқан болғасын, енді үміттен гөрі күдік басым түсе берді. «Бұлар осылай кісіні емексітіп, қандалаша сора беруді ойлап жүрмесін. Жо-жоқ, Батырханның дауысын естімей ақша берілмейтінін үзілді-кесілді айтуға тиіспін» деген ойға табан тіреді.
Көп күттіріп, кешкі сағат алтыдан өте телефон соғылды.
– Ақша дайын ба? – деді біреу ай-шай жоқ. Асқардың ашуы бұрқ етіп көтеріліп, балағаттап жібере жаздап, өзін өзі әрең тежеді де:
– Толық емес. Ертең дайын болады, – деді.
– Қайда апаруды ертең айтам.
– Шефің кім? Мен сонымен сөйлесуім керек.
– Мен шеф!
– Шеф болсаң, менің мынадай шартым бар. Сендер ұлымның дауысын естіртулерің керек. Әйтпесе ақша берілмейді.
– Ұлыңның жағдайын ойла. Ол психовать етіп жатыр.
– Ұлым аман екеніне мен де сенімді болайын.
– Ұлың аман. Ақшаны тездет! – деді де, байланысты үзе салды. Асқардың жаны күйзеліп, телефон тұтқасын қолына ұстаған күйі дағдарып тұр. Келесі қоңырау­ды күтпеске амалы кәне? Келесі қоңырау зарықтырып, ертеңіне таңертең соғылды. Тұтқаны құлағына апарғаны сол екен, Батырханның дауысы сыңғырлап қоя бергені. «Папа… әжемді сағындым… сізді сағындым… мамамды сағындым… Мені алып кетіңізші…» деді де, пырс-пырс жылап жіберді. Батырханның дауысы магнитофоннан шығып тұр. Асқар жанарына толып шыға келген көз жасын Салтанатқа байқатпай бір сықты.
– Естідің бе?
– А-а, иә, иә.
– Бір сағаттан соң күт!
Осыдан соң байланыс шорт кесілді.
– Не дейді? – Салтанаттың дауысы үзіліп шықты.
– Аман екен… тірі екен… күтейік.
Қырық минуттан соң телефонға тіл бітті.
– Ақшаны алып, елуінші аптекаға кел!
– Қазір, – деді Асқар, – міне, қазір.
Ауыз үйде топлиын киіп жатып:
– Кеттім, – деді. Кетіп бара жатқанын онсыз да біліп тұрған шешесі мен Салтанаттың көздерінде жас.
– Айналайын, Алла жолыңды оңғарсын! – деп кейуана кемсеңдеп бата беруге ыңғайланды. – Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын! Батырханыма ғайып ерен, қырық шілтен қорған болсын! Қолтығынан сүйеп, демесін! Әумин!
Асқар мен Салтанат қосыла бет сипасты.
Дәріханаға жеткен соң, өткендегідей сипақтап жүріп алмай, бірден дәрі беретін терезенің көзіне жақын барып тұрды. Біраздан соң дәріханашы апай: «Асқар кім екен? Асқар деген бар ма араларыңда?» деді терезеден жиылған көпшілікке қарап. «Мен – Асқар!» деді бұл. «Асқар болсаң алшы, емханадан іздеп жатыр!» «Иә, иә, әкеліңіз…»
– Сағат он екіде сені старый казахский кладбищеде күтеді. Темір жолмен тү­йіскен жерде. Түсіндің бе?
– Вокзал жақтан барайын ба?
– Жоқ. Тесік көпір жақтан.
– Машина бара ала ма ол жерге?
– Сөзді көбейтпе! Ескертіп қояйын, осы жолы ала алмасақ, бала жоқ саған!
Асқар тағы да әлдене демек еді, байланыс үзіліп кетті. Тұтқаны дәріханашының қолына ұстата салып, сыртқа ұмтылсын. Сәлден соң оның көлігі қорымға қарай жүйткіп бара жатты. Алайда орта жолға жеткенде тежегішті басып, кері бұрылды. Ойына арнаулы қызмет адамдары айтқан кеңес түсе қалған-ды.
«Олар ақша алатын жерді жіті зерттейді. Қайтар жолын да белгілеп қояды. Сытылып кетуі оп-оңай. Сондықтан шақырған жерін өзгертуге тырысыңыз. Әрнені сылтау етіңіз. Сөйтіп, алдын ала жасаған жоспарынан жаңылыстырыңыз» деген Бауыржан Ахантай соңғы рет Әділ Атабаев екеуі келгенде. Екеуі де комитет қызметкері. Жас жігіттер. Өз бауыры жоғалғандай жанын салып жүр. Сөздерінің жаны бар. Олар қалың қорымға сіңіп, адастырып кетсе, не болмақ? Не бала жоқ, не ақша жоқ, екі арада тағы да тақырға отырып қалсақ қайттік? Маған ғой балам үйге аман келсе болды. Ал мына жігіттерге қылмыскерді ұстамай абырой жоқ? Әрине, бұл олардың жұмысы, жұмысын ойламайтын адам бола ма? Ойлайды, қылмыскерді ұстап, шендерін өсіруді тілейді. Мұнда біреуін ұстап алар, ал анда нешеуі бар екен? Обал-сауапты білмейтін нәлеттер Батыр­ханды… жо-жоқ, о жағын ойлаудың өзі қорқынышты.
Осы сәт басына «әлде барғаным дұрыс па екен» деген ұшқын жылт ете қалсын. Сол-ақ екен, машинаның жылдамдығын баяулатып, қорымға қарай қайта бағыттай бастады.
Қорымда өзінің ата-әжесі, әкесі, басқа да аяулы ағайындары жатыр. Марқұмдардың басына барып, құран бағыштап қайтқан сайын өмірдің өткінші екеніне көзі жете түседі. «Қанағат, рақым ойлап қой» деген Абайдың сөзін іштей қайталап айта береді. Қырық жасқа толмай әкесі аттаныпты. Отыз төрт жасында төрт баламен жесір қалған анасы еріне жиі құран бағыштап, «әкеңе оқыған құранның сауабы барады» дейтін. «Өлі риза болмай…» деген тәмсіл жастайынан санасына орнығып қалғаны содан. Қорымда жатқан әкесінің басына дәретсіз жақындауға дәті шыдаған емес. Сөйткен адам енді құзғындардың кесірінен дәретсіз, дымсыз баруға мәжбүр. Қара ниеттілер онымен қоймай, мәңгі ұйқыдағы аяулы аруақтардың тыныштығын алмақ. Төбелеріне ойнақ салмақ.
Осыны ойлағанда, аяғын тежегішке еріксіз апарды. Машинаның жылдамдығын азайтып, кері бұрылды. «Жоқ, болмайды. Басқа жерде кездесу керек» деп күбірледі.
Шешімінің дұрыс-бұрысын айыра алмаған қалпы үйге де жетті. Сұраулы жүзбен қарсы алған келіншегі мен шешесіне істің жөні оңғарыла бастағанын қысқаша айтып жұбатты да, бөлмесіне кіріп кетті.


«Олар сағат он екіде ескі қазақ қорымына кездесуге келісті» деген шұғыл хабар жедел тергеу тобын басқарып отырған полиция полковнигі Ғалымжан Ахметұлына сағат он бірден қырық жеті минут өткенде келіп түсті. «Он үш-ақ минут қалды» деді Ғалымжан. Сөйтті де, жедел уәкілдерден құрылған топқа сонда жетуге бұйырды.
Сағат он екі болды. Тым-тырыс. Он минут өтті. Өзгеріс жоқ. Жиырма минут жылжып жетті. Асқар келмеді. Бұл қалай? Осы сұрақ жедел тергеу тобын дағдартып-ақ тастап еді. Түскі сағат бірден он бес минут өткенде жұмбақтың шешуі белгілі болды.
«Саған бала керек емес пе? Неге келмедің?» – Асқардың үйіне телефон соққан дауыс естілгенде, оны тыңдап отырған арнайы қызметкер мәселенің мәнісін енді ұғып, басын шайқап қойды.
«Ол қорымда әкем жерленген. Дәрет алып, құран оқып бару керек. Әйтпесе, саған да, маған да жақсы емес. Кідірген себебім сол. Давай басқа жерді айт!» дейді Асқар.
«Біз күтіп тұрмыз! Айтқан жерге кел!»
«Саған айтып тұрмын ғой, басқа жерде кездесейік!»
«Жоқ! Қорымға кел!»
«Онда шефің маған телефон соқсын. Сонымен келісем!»
«Мен – шеф! Маған артық сөз керек емес!»
«Қорымға болмайды. Түсінесің бе? Әруақ атады. Басқа жерді айт! Какая вам разница?»
«Онда давай, пожарный пойыздың тұсына кел. Өзің білесің ғой өткендегі қызыл пойызды. Бұл сенің соңғы мүмкіндігің. Пойыздың тұсында көше жиегінде тепловоздың суреті тұр. Үлкен плакат. Өз машинаңмен кел соған. Курьер саған барады. Машинадан түспейсің. Он минут уақыт берем!»
Қылмыскердің тістеніп сөйлеген дауысынан жүйкесі жұқарып бара жатқаны байқалады.
«Он минутта жете алмаймын. Он бес минутта болам!»
«Давай! Тез!»
Арнаулы қызметкер жедел тергеу тобына ақша апаратын жерді дереу хабарлады. Сол сәтте қорым маңын торуылдаған топ темір жол бекетіне қарай асығыс, асығыс болса да, елеусіз ауыса бастады.
Қазан айының алғашқы онкүндігі артта қалған кез. Қазанның он бірі. Күн шығырмақтанып, соңғы жылуын аямай төгіп тұр. Жаяу жел ауық-ауық көшенің шаңын суырып қояды. Анадайдан жаяу желмен жарысып, ақ машина жүйткіп жетті. Пойыздың суреті бейнеленген, бірақ бояуы әлдеқашан оңып кеткен қаңылтыр тақтадан өтіп барып аялдады да, жайлап кері шегіне бастады. Көліктің жолаушы мінер жақ беті «Құтқарушы бөлім» орналасқан ескі ғимараттың қабырғасы. Оның арғы беті айқұш-ұйқыш темір жол. Ол жақты жедел уәкілдер аңдуға тиіс. Келесі бет қатар-қатар бес қабат үйлер. Сол араға жеткен тергеу басқармасы бастығының орынбасары Темірхан Қанатбаевтың көзіне көткеншектеп кеп тоқтаған ақ машина ілікті. Оның не машина екенін аңғарып үлгермеді, қаңылтыр тақтаның тасасынан сумаң етіп біреу шыға келді. Беті қап-қара. Қара шұлық киіп алған ба немене? Көлікке жанаса берді де, бөгелместен тасадан ытқып шығып, кері қарай жүгіре жөнелді. Құйындай ұйтқып, қарасына көз ілестірмеді. Сол күйі қорым жаққа сіңіп, жоғалды. Енді бір қараса, ақ машина да ғайып болыпты. «Ақшаны алып кетті!» – деді алас-қапас оқиғадан есеңгіреп қалған Темірхан күбірлеп.


Мұндай абыройсыздықты облыстық ішкі істер басқармасы өмірінде бастан кешпеген шығар. Басшылықтың бір сәт дағдарып қалған сәті еді. Осы кез Асқардың үйін бақылауға алған жансыздан «баланы бір такси үйіне әкеп тастады» деген хабар түссін. «Жасыл комби» дейді. 99 деген нөмір санын көзі шалыпты. Үшінші саны белгісіз, аңғармай қалған. Үстінде таксидің айдар белгісі бар.
Жедел тергеу тобының мүшесі Әмірбек Бердібекұлы рациямен жол полициясы қызметкерлеріне табан астында тап­сырма берді. «Жасыл комби. Нөмірінің алғашқы екі саны – 99. Үшінші саны белгісіз… ұстау керек. Бәрің жұмылыңдар!»
Арада он минут уақыт өтті ме, өтпеді ме, жеке шақыру нөмірі – 302 самбырлап қоя берді: «Жасыл комби. Нөмірі 992. Ұстап тұрмыз. Солтүстік өткелдің алды!» «Қазір жетем! Ешқайда кетпесін!» – деп қысқа бұйрық берген Әмірбек қызметтік көлікке отыра салып, жарығын жарқылдатып ала жөнелді. Жанында рота командирі, полиция капитаны Алтынбек Әбжаппаров. Гагарин ықшамауданына апаратын өткелге жетіп келсе, жасыл комби жол жиегіне қаңтарулы тұр. Таксиші жігіттің көзінде үрку бар.
– Мұратбаев пен Жақаев көшелерінің қиылысына сен бе апарған баланы?
– Иә, мен.
– Онда ендігі әңгімеңді ГОВД-да айтасың. Мәшинеңді жап. Бізге мін.
– Мен не істеп қойдым? Кінәм не? Таксовать етіп жүрген адаммын.
– Қорықпа, кінәң жоқ. Көп ұстамаймыз, – деген Әмірбек полиция қызметкеріне бұрылып: – Комбиді қарап қой, ешкім тимесін, – деп тапсырды.
Қалалық ішкі істер бөлімінде отырған жедел тергеу тобының мүшелері төрт көзі түгел. Баланың аман-есен ата-анасына қосылғанын естіген олардың қуанышында шек жоқ.
Таксистің аты-жөні Ыдырыс Досжанов екен.
– Бала қайдан отырды? – болды алғашқы сұрақ.
– Титов шағын ауданы. Комбинат­ская-Гастелло көшелерінің қиылысы.
– Кім салып жіберді?
– Қара әшки киген жігіт.
– Жасы нешелерде?
– Аңғармадым. Жас сияқты.
Сұрақ-жауап хатталып, баланы алған жерді таксишімен бірге нақтылауға жедел уәкілдер аттанып кетті.


Тергеуші Темірхан Қанатбаев баланың үйіне оралғаны туралы хабарды естіген бойда ұшып отырып сонда жеткен-тұғын. Батырханмен бірге қопарыла көшкен барлық қуаныш, барлық шаттық, енді үйге оралған онымен бірге түп-түгел қайта орнапты. Батырхан екі көзі жылтырап әжесінің бауырында отыр. Әженің мейірімін сағынып қалған. Кейуана да немересін панасына алып, айналып-үйіріледі.
Үй толған қонақ. Ағайын-туыс. Дос-­жоралар. Батырханның жоғалғаны, ата-­анасының күңіреніп қайғыға оранғаны оларға да оңай тимеген.
Темірхан әжесінің бауырында отырған балаға жақын барды.
– Балапан, әжеңе келдің ба? – деді күліп. Көзін қысып қойды. – Мен полицеймін. Білесің ғой. Енді екеулеп сені қамап қойған жаман адамдарды ұстаймыз. Айтпақшы, олар нешеу?
– Міне, мынадай, – деп үш саусағын көрсетті Батырхан.
– Мәссаған, үшеу ме?
– Иә, үшеу, – деп қайталады бала басын шұлғып.
– Ал айта ғой, қай жерге апарды сені?
– Білмеймін. Сәуле тәтенің үй жағы сияқты.

(Жалғасы бар)

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...