12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ОРМАНШЫ МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚҚА АЙНАЛА АЛМАДЫ

Статистика комитетінің деректеріне қарағанда, Қазақстандағы орташа жалақының көлемі II тоқсанда 212 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жағынан еліміздегі ең жоғары орташа айлық қаржы және сақтандыру қызметіне (386,8 мың тг), ең төменгісі ауыл, орман және балық шаруашылықтарының (127, 3 мың тг) үлесіне тиіп отыр. Яғни ауыл, орман және балық шаруашылықтарында жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысы республикадағы орташа көрсеткіштен 40 пайызға кем. Ұзақ жылдар бойы 30-40 мың теңгені қанағат етіп келген орманшылардың жалақысы 2019 жылы 25 пайызға ұлғайғанымен, одан жағдайы жақсарып кетті деуге әлі ешкімнің аузы бармайды. Ондаған, тіпті жүздеген емес, мыңдаған гектар орман-тоғайдың амандығына жауап беретін орман шаруашылығы қызметкерлерінің адал еңбегі қашан лайықты бағаланатынын әзірге ешкім білмейді. Өзіне бекітілген алқаптың негізінен аң-құсы, балығы мен ағашының заңсыз ауланып, кесіліп кетпеуін қадағалайтын олардың жұмысы қазір ауырламаса, жеңілдеген жоқ.
Көліктің түр-түрін мініп, құрал-жабдықтың ең озығын қойын-қонышына толтырған браконьерлердің қатарына соңғы жылдары, қазына іздеушілер мен дәрілік шөптерді жинаушылар қосылды. Ал оларға сес көрсетіп, заңның бұзылмауын қадағалайтын орманшылардың кейбірінде әлі күнге дейін қарапайым мылтықтың өзі жоқ. Жыл он екі ай жан-жануардың тыныштығын ғана емес, жазда өрт қауіпсіздігін сақтау, қыста елік пен маралдың жем-шөбін қадағалау мақсатында тау-тас пен ой-қырды кезіп жүретін орманшының әрбір күні тәуекелге толы. Астындағы аты мертігіп, көлігі бұзылмаған күннің өзінде, табиғат байлығына қызығып, оңай олжа іздеген сұғанақ «жыртқыштармен» кез келген сәтте бетпе-бет келу қаупі бар. Әлеуметтік-тұрмыстық ғана емес, құқықтық жағынан да қолдауға мұқтаж болып жүрген орманшылардың жағдайына қарап елдің даму деңгейін де бағалауға болатын сияқты. Дамыған елдер қоршаған ортаны қорғауға көбірек мән беретіндіктен, орманшыларға барынша жоғары жағдай жасауға тырысады. Мәселен, Канадада орташа жалақы 2100 доллар болса, бұл көрсеткіш орманшыларда 2600 доллар көлемінде екен. Онда білімі мен тәжірибесі молдары жылына 90 мың АҚШ долларына дейін, ал жұмысты жаңа бастағандар мен еңбек өтілі аздары 32-ден 48 мың долларға дейін табыс таба алады. Германияда орманшы болу үшін 6 айлық курс бітірсең жеткілікті көрінеді. Осыған қарамастан олардың жалақысының көлемі 2500-4000 еуро аралығында болса, бұл мамандық иелері Қытайда 1050, Малайзияда 1 мың АҚШ доларына жуық жалақы екен. Қазақстанда бұл 300 долларға да жетпейді. Осыған қарамастан барлық қиындыққа төзіп, өз кәсібіне адалдық танытып жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің арасында бір емес, бірнеше буыннан бері осы салада еңбек етіп жүрген жандар да аз емес. Соның бірі – Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Кетпен орманшылығының №33 айналымының орман күтушісі болып жұмыс жасайтын Амангелді Кебекбаев.

Мамандығым – мақтанышым
«Біздің әулеттегі 3 ер азаматтың қазіргі таңда екеуі орман шаруашылығы саласында қызмет етіп жүр. Тек үлкен ағам ғана басқа саланы таңдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірді. Одан кейінгі ағам екеуміз Қазақ ұлттық аграрлық университетінің орман шаруашылығы факультетін бітірдік. Бүгінгі таңда үйдің кенжесі ретінде қарашаңырақта қалған мен атадан балаға келе жатқан кәсіпті жалғастырып жүрмін. Үлкендердің әңгімесіне қарағанда Кеңес үкіметі сонау 1930 жылдары түрлі жағдайда сотталған және жер аударылған азаматтарды Қытаймен шекаралас осы өңірге әкеп, таудан ағаш дайындатқан көрінеді. Сол кезде әртүрлі айып тағылып, түрлі жаза арқалап келгендерден қаймығып жергілікті ауыл тұрғындары арасынан орманшы болуға ешкім белсеніп шыға қоймаған сияқты. Сондықтан қазіргі Райымбек ауданы өңірінде тұратын Қалабай деген арғы атамыздың Кебекбай, Нұрқожа, Байғожа деген үш ұлы Кетпеу тауының бөктеріндегі қазіргі Ұйғыр ауданына қарасты үш сайға орманшы болып баруға келісіп, осы өңірге қоныс аударған көрінеді. Содан бері олардан тараған ұрпақтың бүгінде үшінші буыны осы салада еңбек етіп жүрміз», – дейді кейіпкеріміз.
– Кейбір ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, елімізде кездесетін 800-дей өсімдіктің қойы – 520, сиыр – 460, жылқы – 416 түрін ғана жей алады екен. Алайда бұл 800 өсімдіктің бәрі бірдей пайдалы емес деген сөз емес. Жыл мезгіліне қарай жан-жануарлар олардың біреуін жазда, біреуін күзде, біреуін қыста азық ете алады. Өкінішке орай Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр аумақты алып жатқан жеріміздегі өсімдіктер әлі толық зерттеліп болған жоқ. Тіпті кейбіреуінің төл атауы ұмыт болып, әлі күнге дейін орыс тіліндегі атымен атап жүрген жайымыз бар. Сондықтан да бұл саладағы сөздіктердің өзі қазір көптеген толықтырулар мен түзетулерді қажет етеді, – деген Амангелдіге әңгіме барысында орманшы неліктен мәртебелі мамандық санатында жоқ? Еліміздегі орман мен тоғайдың үлесі неге әлі күнге дейін 4,7 пайыздан артпай отыр деген сауалымызды қойдық. Оның айтуынша, орманшы бізде ғана емес бұрынғы кеңестік республикалардың көбінде, әсіресе жастар үшін мәртебелі мамандықтың санатына енбеді. Бұған ең алдымен жалақысының аздығы, екінші жұмыс нормасының сағат пен тәулікке бағынбайтыны себеп. Бұл мамандық үшін күн мен түн, болмаса демалыс деген ұғым жоқ. Әсіресе жаз бен күз айларында демалушылар көбейетіндіктен олардың жұмысы қиындайды. Өйткені таулы жер болғандықтан өрт шыққан жағдайда оны сөндіру үшін арнайы техникаларды жеткізу мүмкін болмай қалады. Ал мұндай жағдайда әрбір минут пен сағат өте қымбатқа түседі. Жалпы орманшылар үшін найзағай түскеннен тұтанған өрттен гөрі, өз әрекетіне жауапсыз қарайтын адамдардың жүрген жеріне бей-берекет шашып кеткен қалдықтары мен тастаған темекі тұқылы және ас-су әзірлеу үшін жаққан отты сөндірмей кетуінен тұтанған өрттің зардабы орасан болып отыр. Тіпті өткен жылы Алматы облысындағы Жаркент орман шаруашылығындағы өртті сөндіру кезінде үш адам қайтыс болған көрінеді. Ал Ю.Израэль атындағы Жаһан климаты мен экология институтының мәліметіне қарғанда 2019 жылдың жазында Ресей ормандарындағы өрттен ауаға 284 миллион тонна көмірқышқыл газы тараған көрінеді. Өкінішке орай елімізде орман өртінің шығыны есептелген кезде жүздеген миллион теңгемен ғана бағаланып жатады. Ал ауаға таралатын зиянның мөлшеріне қатысты мәліметтер көп жағдайда айтылмайды. Орман-тоғай көлемінің әлі күнге дейін 5 пайызға жетпей жүргенінің бір ұшы еліміздегі қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңнаманың әлсіздігінде жатыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Үкіметке 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін жүктеуін орманшылар толық құптайды. Ендігі мәселе, оны жай ғана науқанға айналдырмай, ғылыми түрде негіздеп, барлық технологияны ескере отырып, озық техниканың көмегімен кәсіби мамандардың араласуымен ғана орындауға тіреліп тұр. Әйтпесе қаншама мың көшет бір жыл өтпей қурап, болмаса күтусіз қалып жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында қаншама рет айтылып, жазылып, көрсетіліп келе жатыр. Алайда одан сабақ алғандар әлі аз. «Біздің әкелеріміз бен аналарымыз әлі күнге дейін мектепте жүргенде жолдың шетіне, елдімекен айналасына ағаш еккендерін айтып, анда бұрын тоғай болатын, мына ағаштар содан қалған жұрнақ деп отырады. Осы дәстүрді қазір де қайта жаңғыртсақ, одан ешкім ұтылмас еді. Өйткені 1990 жылдардағы қиын кезеңде мәжбүрліктен отынға кесілген ағаштардың орны толтырылмағандықтан бүгінгі таңда көптеген бұлақтар мен өзен-көлдер тартылып, қаншама ауыл шаң-тозаңға көміліп жатыр. Егер орман шаруашылықтарына қажетті көлемде көшет өсіруге тапсырыс жасалып, тиісті деңгейде қаржы бөлінетін болса жасыл желекті ұлғайту арқылы экологияны ғана емес, халықтың денсаулығын, әл-ауқатын да жылдам түзеуге жол ашылар еді. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған шығар», – деген кейіпкеріміз әңгімесін түйіндеп, өз қызметін атқаруға кетті. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2018 жылдың желтоқсанында 2020 жылды Халықаралық өсімдіктер жылы деп жариялаған еді. Ал БҰҰ-ның азық-түлік ұйымының мәліметіне қарағанда жыл сайын өсімдік дақылдарының 40 пайызы зиянкестерден зиян шегеді. Мәселен, биыл бау-бақша ұйымдары мен қауымдастықтарының таратқан деректеріне қарағанда тек бактериалдық күйіктен ғана алмұрт пен
алма бақтары орасан зор зиян шекті. Егер бұл аурудың алдын алу жұмысы жүргізілмесе таудағы жабайы сиверс алмасының гендік қорына да үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені бұл жұмысты атқаруға орман шаруашылықтарының мүмкіндігі де, техникасы де жеткіліксіз.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.