12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

АБАЙ ДӘУІРІНІҢ СӘУЛЕЛІ СӘТТЕРІ АЛЫСТА ҚАЛЫПТЫ

МҰХТАР ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ КЕЗЕКТІ МАУСЫМЫН «АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ» АТТЫ СПЕКТАКЛЬМЕН АШТЫ. «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫНЫҢ ЖЕЛІСІМЕН, АБАЙДЫҢ ҚАРАСӨЗДЕРІ МЕН ӨЛЕҢДЕРІ БОЙЫНША ЖАЗЫЛҒАН КОМПОЗИЦИЯЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМНЫҢ САХНАЛЫҚ НҰСҚАСЫН ЖАСАҒАН – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ БОЛАТ ӘБДІЛМАНОВ ПЕН БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ МӘДИНА ОМАРОВА. ҚОЮШЫ РЕЖИССЕРІ – АРИДАШ ОСПАНБАЕВА. ҚОЮШЫ СУРЕТШІСІ – МҰРАТ САПАРОВ.

Адамға тән рухани құндылықтар өзгермейді. Заман өзгеруі, кезеңдер алмасуы мүмкін, бірақ қазіргі заман адамындағы рухани ізденіс, өзін тануға, қоғамды түсінуге, «толық кемел» болуға ұмтылу бұған дейінгі жүз, тіпті мыңжылдықтар кезіндегі адамзатқа да тән еді. Ендеше, Абай дәуірінің адамын рухани нәрсіз, ақыл санасыз, адами құндылықтардан жұрдай өңшең жабайы тобырға теңеу келіспес. Қаумалаған қалың көп болмаса Абайдың сөзі ауыздан ауызға тарап, айтулы ән-жыры қырдан қыр асып, қазақ даласын шарлап кетпес еді. Жастарынан үміт етпесе Абай өз айналасына елінің дарынды да өнерлі жастарын жинап, оларды ақындық пен әншілікке баулымас еді, шәкірттерін қыр асырып скрипканы үйретіп, қазақ даласына ол өнерді әкелмес еді. «Абайдың жұмбағына» қатысты әуелгі қарсылық осы жерден туады.


Мәдениетті, әдебиетті, өнерді түсіну үшін, өзіндегі бос кеңістікті жақсымен, ізгілікпен толтыру үшін, эстетикалық талғамын таразылау үшін адам театрға барады. Театр сол рухани азықтың кілті. Ендеше, көрермен көңілінің кілтін табу театрдың әу бастан арқалаған ұлы мұраты. Бірақ бұл ұлы мұраттар халықтың Абайдай аяулы бір перзентінің тек қана күңіреністі, тек қана зарлы образын кейіптеумен көрінбейді. Театрдағы «Абайдың жұмбағы» осылай зал аралап келе жатқан зарлы Абайдың монологымен басталып, шерге толы монологымен аяқталады. М.Әуезов «Абай жолы» арқылы ұлы тұлғаны еш күмәнсіз кемелге айналдырды. Абай қазақтың данышпаны, ойшылы, руханияттың шыңы.


Осы өлшемдер арқылы біздің әрқайсысымыз өз пайымымызға тән ұлы ақынның шаблонын қалыптастырдық. Онда қазақтың әр қылығына күйінген, сүйінген Абай бар. Онда жастарға үлгі-өнеге, ұстаз, жол мен жөн сілтеген Абай бар, әділетке жақтас, қиянатқа қас, жаңашыл Абай да осында. Бірақ спектакльден бұндай қарама-қайшылықты тұлғаны көрмедік. Бұл үде тұрғысынан қарағанда спектакльдегі Абайды Болат Әбділманов шаблонындағы, түнектегі, сәулесіз, нұрсыз, өң мен түстің ортасында күңіренген Абай деп қана қабылдауға тура келді.
Жазушы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай «Абайдың дидары» атты мақаласында: «Суретші, мүсінші, актер, әнші, киношы… алдымен Абайдың өз сөздеріне бойласын. Сосын, міндетті түрде, Абай туралы естеліктер мен аңыздарды оқысын!», – дейді. Мысалға Тұрағұлдың естеліктерінен үзінді келтіреді. Онда Тұрағұл: «Мен әкемді танығанда, жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді… Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарқаны аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатынның да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді…» «Жалпы, ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отыратын. Бірақ, құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та, нe ойлап, разы, яки наразы болып жүргенімізді бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді». Дариядан тамшының өзі осындай бедерлі, айғақты. Әсіресе, ақынның, ақын болғанда да, даусыз кемеңгердің шабытты сәтін тірі суретімен ұстап қалған мұндай сезімтал куәлікті әлем мемуаристикасынан іздеп таба алар ма екенсіз?!


Абайдың лайықты портретін жасауға бұлардан артық енді не керек?» – дейді… Абайдың өмірі, өмірбаяны жайлы Көкбайдың, Әрхам Кәкітайұлының, М.Әуезовтің естеліктерінің әрбір тұсы-ақ дара Абайдың образын шығаруға сұранып тұр.
Мен жазбаймын елеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек
үшін, – дейді Абай. «Абайдың жұмбағынан» осындай «көкірегі сезімді, тілі орамды» жасты таппадық. Тұлғаға қатысты естеліктердің қайқайсысы болсын оның музыкаға ерекше талғаммен, әдемі эстетикамен келгенін жазады. Бұл спектакльден бірақ Абайдың сұлу музыкасын да естімейсіз. Біз бұл қойылымнан одан гөрі ұзын сырықпен жер түрткілеп, арасында «а!» деп айналасына алақ-жұлақ қарайтын дәрменсіз кейуана қартты көп кездестіреміз. Осындай эпизодтардан соң «жас режиссердың шешімі қалай болар екен, жаңа ізденістері көрінер, жастардың жаңашыл қолтаңбасы байқалар» деген үміт болған. Алайда бұл үміт Әбдірахманды жер қойнына тапсырған сәтте бір жылт етті де, жоқ болды. Абай өміріндегі әр кезеңдерді алмасып жатқан уақыт, кадрлар есебінен бергісі келгенмен Аридаш Оспанбаева көп оқиғаларды қиюластыра алмапты. Бәрін көрсеткісі келгенімен оқиғалардан жүйелі сабақтастық көрмедік. Мәселен,

Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды – мені атты, – деп күйінген Абайды көрсету үшін оның балағын тағы бір актерға талату, тістелету көрерменнің езуіне еріксіз күлкі ғана үйіре алды. Шерлі, зарлы Абайды жұлмалап жұлқылап құрдымға құлататын тобыр да «Игра престоловтағы» «мертвецыды» еске түсірді. Тіпті «нәзік» тақырып – махаббат мәселесінде де натурализм көп байқалады. Барлық өлең ауызша оқуға, тыңдауға арналмайтыны көпке мәлім. Ал, мұндай ішпен оқитын поэзия Абайда тым көп. Абай мен Тоғжанды бір-біріне ұмтылтып «салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып» деген тұсы да осындай ішпен оқылатын өлеңнің салмағын жеңілдеткендей. Бұл естір құлаққа да, көрер көзге де түрпідей тиді. Бала Абайдың аспанның күркірімен тұспа тұс келетін бас шаншуы, сауықшыл Оспан, Тоғжанмен махаббаты, әкесімен диалогы, болыспен тіресі арқылы режиссер ақынды өзі таңдаған «жайдақтықтан», «көпшілдіктен» гөрі жапан далада жабайылардың ортасында қалған жалғызға көп ұқсатады. Абайдың даралығын, даналығын, ашу-ызасын, дәрменсіз ахуалы мен шарасыздығын көрсету онымен замандас ортаны сұрқай, сүреңсіз көңіл күйде берумен ерекшеленбейді. Абайдың жалғыздығының өлшемі тұтас бір қоғамның тобырлануымен өлшенбесе керек-ті… Абай дәуірінің сәулелі сәттері «Абай жұмбағынан» алыста қалыпты.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.