12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сабыр Шеркешбайұлы Адай:»АЛПЫСҚА КЕЛДІК АЛ ЖАҚСЫ…»

АЛПЫСҚА КЕЛДІК АЛ ЖАҚСЫ…

Алпысқа келдік  ал жақсы, тағысын тағы байқармыз,

Сыралғы жаңбыр сорғалап, сыбырлап сырын айтар күз.

Мамығын төсеп ақ көлге, қанатын созып қайшылап,

Қош айтып қоңыр белеске қаңқылдап қаздай қайтармыз.

 

Көл жасаурап дірілдер, көктемін күтіп ендігі,

Қаз бенен үндес қашаннан, етекте қалған ел мұңы.

Сары шапан боз белбеу,даланың барма кемдігі,

Кіршіксіз көңіл қайсың бар жұбатар үнсіз шерліні.

 

Атақоныс –Маңғыстау,менде бір сенің ұлыңмын,

Қаз кеткен менен көл қалар, бағасы қанша құнымның.

Жаныммен сүйіп өзіңді жаралы қанат қалпыммен,

Қиғаштан ұшқан қызғыштай қия алмай қарап бұрылдым.

 

Қауырсын қанат қаламым,жүрегім менің –ақ парақ,

Ақ уыз, ақ сүт тілекке атыңды кеттім тақталап.

Айдыным аппақ мекенім, әлемге нұсқа әр қазақ,

Сен аман болсаң жетеді, қажетсіз маған басқа бақ.

 

ЕНДІ, ƏРИНЕ, ҚАЗАҚПЫЗ!

Ақыл берді, сана берді Хақтан-нұр.

Ойсыз елді опасыздар таптап жүр.

Ұлт боп тұтас

Бірге ойлауды ұмытқан,

Əр қазақтың аяғында қақпан жүр.

Қазақсың ба!?..Енді, əрине, Қазақпыз!

Дұрыс!..Дұрыс!..Таудай  ұлы талаппыз!

«Ұлт боп қалсақ» деген сөзге шеберміз,

Ұлт боп бірге арлануға салақпыз.

…Қазақпыз!

…Қазақпыз!

…Азатпыз!

Қазақсың ба!?.. Енді, əрине, қазақпыз!

 

***

Хан жылайды: «Еңбегім еш, сормын» – деп.

Қара жылар: «Қасқа болдым, қормын» – деп.

Шекарадан шетсіз дұшпан үңілмек:-

«Кəне, көрсет, қайсы менің орным» –деп.

 

Бесігіңнің қоңырауы сылдырлап,

Əр қазақты «емізіп жүр» бір-бір жат.

Көк аттының көрпесінің астынан,

Жесір көңіл, жетім қазақ шыңғырмақ.

 

ҚОЛ СОЗЫП АЛСАҢ НЕҢ КЕТТІ…

Кірпігін сәуле тарады,

Кіршіксіз жанар қарады.

Дөңненде асып дөңгелеп,

Жолаушы кетіп барады.

 

Жолың да болсын демеді,

Жалғызды кімдер еледі.

Жанынан безген жаяуды,

Жел менен сағым жебеді.

 

Жез киіктей жамырап,

Жез бұлттар көшті аңырап.

Жанымен сүйді бәрінде,

Жалғыздан қалған шаңырақ.

 

Ортайған көңіл кем кетті,

Сезімде топан сең кетті.

Қолыңа байрақ ұстатты,

Қол созып алсаң нең кетті.

 

ІЗДЕРСІҢДЕР

Шіркін-ай,

Ауыл біткен бауырмал-ды,

Жə, солай жаннан зият дəуір қалды.

Кіл жақсы

Жаны жалын, жүзі нұрлы,

Бəрі де ауылдан ба, ауылдан-ды.

Түлігі жамыраған сəнім менің,

Шарлайтын шаңқай түсте əнім менің.

Ауылды іздерсіңдер

Əлі талай,

Күн болса күрең бұлтты əлім-берім.

 

КӨЗ ЖАСЫҢЫЗ ҚАЛДЫ МА!?

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.

Көз жасыңыз қалды ма?!

Көз жасынан жақыны жоқ көрдің бе,

Жалғыз бенен жарлыға.

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.

Көз жасыңыз қалды ма?!

Көз жасынан жақын ешкім көрмедім,

Жетім менен зарлыға.

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла!

Көз жасыңыз қалды ма?!

Жыр үшінде бір жылап қой қарағым,

Қара өлеңді жайып қойып алдыңа?!

 

КӨЗІН  ОЙЫП АЛАРҒА…

Қылғынып құлын желіде,

Тентексіді тебіне.

Айналды құлын ауылдың,

Әңгіме – дүкен, деміне.

 

Сөзден сырмақ тоқылды,

Білгенге білмес қосылды.

Ат ұстаған жат келді,

Тұлпар ғой деп шошынды.

 

Бірінен бірі қызғанды,

Көз ішінде сыз қалды.

Көзін де ойып аларға,

Қалтасында біз бар-ды.

 

Солай да солай ел екен,

Елдігі тіптен кем екен.

Өзінен басқа жауы жоқ,

Болмайтын іске дауы көп,

Біріне бірі жем екен.

 

АНАУ БІЗДІҢ КӨКБӨРІ

Отпан таудың басында  анау біздің көкбөрі,

Біреу шалшық су деді, біреу жанған өрт деді.

Қағанат құрған –Хан еді, түнді жарған – таң еді,

Қайдан сыйсын қас текті маңдайыңа төрт елі.

 

Көкбөрі тұрды көк тіреп, көктен Тәңір қолдады,

Көп асылдан қол үздік, қой дейтін  халық болмады.

Иттен күшік сұрап ап қой күзетіп баққанға,

Ата дұшпан Патша ағзам үшбу сәлем жолдады.

 

Азуын қақтым Отпанға Арланнан белгі қалсын деп,

Алашқа тұлға ұл болса бөріден үлгі алсын деп.

Қасқыр құрсақ қатыннан ту көтерер ер туса,

Қамын ойлап қазақтың қасқайып ұран салсын деп.

 

АЛДАНЫП ӨЛГЕН КӨП АРТЫҚ

Алданыш жатыр алда мың,

Аямай салар қармағын.

Тілекші шығар кім білген,

Жау көріп жүрген жандарың.

 

Мəніне бардың сен ненің,

Жоқ дейсің жаным елде кім.

Жүрегін ашып көрдің бе,

Дос санап жүрген пенденің?

 

Адалдық сұра Құдайдан,

Көңілім міне – жыр айнам.

Бақытты болған жері жоқ

Біреуді сүйіп құлай жан.

 

Келеміз жанға жоқ артып,

Жанарға жас боп толар шық.

Дегенмен сенбей өткеннен,

Алданып өлген көп артық.

 

АЛЛА БІР БІЛЕР АҚЫРЫН

Тобылғы күрең қызыл-ды,

Топқа салдық біз ұлды.

Ер атына мінгенде,

Арудың жүзі бұзылды.

 

Үзіле қарап, күрсінді,

Үзілген кенет жыр сынды.

Қалдырып қалай барады,

Сол сықылды сылқымды.

 

Жанардың қара пәктігін,

Жанының қара ақтығын.

Қарашығын ұялап,

Қамығып барып батты күн.

Кірпігінің асты мұң.

Солай да солай өмір бұл,

Өксіген бұлт боп шөгіп жүр.

Алла бір білер ақырын,

Біреуден біреу көріп жүр.

***

Қаралы бұлт, қара шың,

Қай жаққа кетіп  барасың?

Әулие шалдар жалғаған,

Аспан мен жердің арасын.

Солардан қалған соқпағым,

Оларсыз өмір жоқ мәнің.

Адасқан әлем «Аһ» ұрып,

Жүр дейсің түспей отқа кім…

 

ӘУЛИЕ

Әулие Бекет пірім дүр,

Әлдилеп көңіл жібіп жүр.

Көкмойнақ жеке жайылып,

Бір дүбірді біліп жүр.

 

Жарқырап шығар күнім бар,

Дидарың нұрлы, тілің  бал.

Жеті қат көктің үстінде,

Жетпеген бізге бір үн бар.

 

Суарып жырды шыңдай тұр,

Тыпыршып көңіл тынбай тұр.

Қолатқа біткен қурайдан,

Шалдардың үнін тыңдай тұр.

 

КӨК  ТЕҢІЗ  ТАРТЫП  ЖАТЫР «АДАЙ» КҮЙІН

Көрдіңбе көк теңіздің тулағанын,

Құлдырап құс біткеннің шулағанын.

Шайнасқан өңкей азу, күрек тістер,

Шудасы бұрқыраған бураларым.

 

Жатқандай жағаласып арыстандар,

Естіліп құрақтан ән, қамыстан  зар.

Мысалы, айғыр шапты, қулық  қашты,

Жап-жаңа кісінесіп  табысқандар.

 

Аппақ сор, ала құйын  ақ  тұзым бар,

Батар күн, алагеуім  нақ  қызыл  нар.

Қаумалап «Адай»  күйін Қарт Каспиге,

Дәлу* мен бесқонақта* тартқызыңдар.

 

Күй бар ма, сенен асыл, сенен керім,

Ант жастап, серт жамылып, шер емгенім.

«Адайды» тартса-тартсын Каспий ғана,

Көненің көзін  көрген  кемеңгерім.

 

СЕЙСЕМНЕН​ АСПАН​ ЖАҚҚА​ НҰР​ ТӨСЕЛДІ

Қадалды көкке барып​ көк найзағай,

Бұл өзі Хақтан қаһар от болмағай.

Кеттіме​ отқа айналып​ өңкей Шейіт,

Өзегі өрттен ыстық​ шоқ​ болмағай.

 

​ Үрікті​ жұлдыз​ біткен шоғырланып,

«Аһ» ұрып атар таңның​ жолын бағып.

Сейсемнен аспан жаққа нұр төселді,

Қасынан​ ай мен​ күннің​ орын​ қалып.

 

Көктен нұр, бұлттан​ нөсер төкпелепті.

Төбесін төбел​ қырдың​ көктем етті.

Алланың ақ сәулесін пырақ​ қылып,

Бұл​ жолы біздің шалдар​ көкке​ кетті.

 

​ Қош дәурен өткен сынды мына бастан.

Қара түн қалғып кетті шыдамастан.

Қол жайып бетеге мен жусан қалды,

Көп қорым, күрең қызыл​ қына басқан.

 

​ Атажұрт – ар мен намыс,бабаларым,

Өлеңнің көкмойнағын тағаладым.

Отпан тау, Оғылан тау, Сам мен сағыз,

Әулие –Пірлерімді сағаладым.

 

​Шықтайды, шырын жаннан жас тамады,

Жас кетсе жанған оттан тас қалады.

Аспанда жеті қақпа соның бірі,

Адайдың ақ төрінен басталады.

 

ЕР ЛАБАҚ

Ер Лабақ,

Бұл да біздің айбарымыз,

Ақ уыз, сүт бетінде қаймағымыз.

Ер Шабай, Есен,Сүгір,

Мыңбай, Лабақ,

Жасанған жауға қарсы байрағымыз.

А,Құдай,

Батыр қылдың бабамызды,

Ер Лабақ жаудың шебін дара бұзды.

Тоқтатар қарсы келсе Қап теңізін,

Біздің шал-тауға біткен қара құз-ды.

Бітпеген батырлардың бір ісі бар,

Алмаған ақтық дем мен тынысы бар.

Кешегі Ер Лабақтың білегінде,

Бүгінгі Маңғыстаудың ырысы бар.

 

Амалы анау қырдың қалмай жатыр,

Ескі әнге* Есен-Түлей салмай жатыр.

Ұл туып ұлтқа сүйеу берсем бе деп,

Керіліп Самның құмы шалғай жатыр.

 

*Сыңғырлау, Күйкен –күйік, Манашымыз,

Көп үміт, бақ пен сордың арасымыз.

Пір Бекет,

Үш жүз алпыс Әулиелі-

Өлмейтін ел шығармыз шамасы Біз!

*- Жер атаулары

— — —

    АДАМЗАТҚА АРНАУ

(Димаш Құдайбергенге)

 

Рух – ән салып тұр, тамсанып қыр,

Ғарыштың көмейінен бал тамып тұр.

Оятып, қайта тағы  жадымызды,

Жаратқан кеудемізге жан салып тұр.

Іздеп тұр ізгіліктен жан азығын,

Ешкімнің аттамауға ала жібін.

Рух – ән салып тұр,періштедей,

Сағынып  пәктігімен, тазалығын.

Жан салған  жеті сазбен тәнімізге,

Білгенге сұлулықтың бәрі бізде.

Жылап тұр өзін іздеп күллі адамзат,

Кім білген  ең соңғы бір әніміз бе?..

Күн кештік, соқыр сана түнекпенен,

Кіл соғыс, ашу –араз, бір өкпемен.

Кел, жаным, әлем болып ән тыңдайық,

Бір болған бір кездегі жүрекпенен.

Әсем– ән, қимастықтың ғазалыма,

Тірліктің кімдер келмес базарына.

Рух – ән салып тұр, әлмисақтан,

Алланың қайта түсіп назарына.

 

 ТҮБІНДЕ ӘР ТӨБЕНІҢ ҰЛЫ МАЙДАН

Қай жерде  қазақтың салт-дәстүрі,

ұлттық рухы бар, сол жер оның астанасы.

                                       Автор

Абыз құм айттың сәлем саналыға,

Кім түспес кер заманның аранына.

Мен міне, кешіп тұрмын қақтың суын,

Тығылып тоқсан толғау тамағыма.

 

Күмбірлеп күймен бірге жөнегенбіз,

Біз өзі  бір құпия көнеденбіз.

Түбінде әр төбенің ұлы майдан,

Ақысын қызыл қанмен төлегенбіз.

 

Бармысың бастау көзім* Ман-Ата мұң,

Кіндігі Адам сафи, бар атаның.

Өртінен өзегімнің шырақ жағып,

Шындықты іздегенге таратамын

 

Бар менің алашағым, берешегім,

Мен сені қайтсем жаным ел етемін.

Жарыған уызында  жамағат ем,

Ақ шапан, алтын жаға, зер етегім.

 

*жер атауы.

 

——————

 АЖАЛДАН БАСҚА ДОСЫ ЖОҚ

Кеудеміз біздң өр мүлде,

Иесі менмін төрдіңде.

Қазақ деген ел бар-ды,

Қай жаққа кетті көрдіңбе?

 

Жарақты жаумен алыстым,

Жаназа ғұмыр, жан ұшқын.

Ажалдан басқа досы жоқ,

Алашқа біткен Арыстың.

 

Жүректен жырым мөлт етті,

Көңілім тулақ көн тепкі.

Қазақ деген ел бар-ды,

Қай жаққа кетті көрсетші?!

 

БОЗЖЫРА

Жұмақта жүр екенбіз асылы біз,

Жүмілә жұрттан қалған шашылып із.

Бозжыра боздау бұлтқа сырын айтты,

Біз тұрмыз алшы түсіп асығымыз.

 

Қос өркеш құба дөңнің белесіме?

Мұндайда не келмейді ер есіне.

Басынан Қазығұрттың алып шығып,

Нухының мінгің келер кемесіне.

 

Бозжыра Хақтың нұрын қанып ішкен,

Тіндес-ті жанымдағы жарылыспен.

Басында Бозжыраның  көкте Құдай,

Мен саған көп талпындым сағынышпен.

* * *

 

Кеңеспейтін бір үкімет болған-ды,

Аты бірақ «Кеңес-ті»

Ол да енді елес-ті.

Біздің ұрпақ солай балам, Кезінде:

  • Сол Советтің сарқытынан жеп өсті.

 

Өзі айтып, өзі соны ұрандап,

Ақырында құлатты.

Бұл əңгіме ұзақ-ты.

«Демо-крат»-деген мырза бар екен,

Əмеңгерге: Түгел Елді ұзатты.

 

Əмеңгерлер өз төсегін жайдырды,

Заман буаз есептемек ай-күнді.

Айтуға рұқсат,

Не десеңде өзің біл,

Бірақ ешкім естімейді қайғыңды.

 

Төсек жаңа, түгел жаңа, жаңаша,

Енді жан жоқ түсетұғын араша.

«Тастай батып, судай сің» деп бұйырды:

«Ия, Мырза!..» – деп жүгірді балаша!

…Мырзасынан

«Алтын Алқа» тақпақшы,

Тəн саулығы жараса.

Қоғам түрмек етегін, Мырза жігіт қараса.

 

* * *

Сайран бел

Сары шегір самның құмы.

Ақбөбек – зардың жыры, жардың мұңы.

Боз төбе

Жалды қара, жалпақ қырат,

Мысалы жолда қалған нардың жүгі.

Бебеулеп

Сай-қолатта сары қамыс.

Сарыны, салған зары бəрі қалыс.

Ауыл-үй

Аңғал тірлік,бейбіт мекен,

Ер көдек, жасы жалын, кəрі шалыс.

Қанша таң

Қайта туып басталмады.

Кіжініп көз шығарып бас жарғалы.

Сұлу көл, суда қалған ақ сазандай,

Ай жүзіп бара жатыр аспандағы.

* * *

Жан ақысын төлерсің,

Жан тозып барып өлерсің.

Қараның аппақ болғанын,

Ағарса көзің көрерсің.

 

Кеудеден шықса аманат,

Сонан соң енді жан азат.

Сонда да дұшпан табылып,

Артыңнан тұрар абалап.

 

Күрмеуі жырдың шешілсін,

Кіндігі сырдың кесілсін.

Күнəмыз бастан асады,

Бар Құдай өзі кешірсін.

* * *

Қадіріңді ел білмеген ер едің,

Сұладың ба терегім!?

Сенің кеудең алтын сандық еді ғой,

Əркім алды керегін.

 

Құның қанша Құдай білер жаратқан,

Жетті саған азат таң.

Өзі туып өзі сені өлтірген,

Құтылдың ба қазақтан!?..

 

Тыныстағын, енді жүрек тоқтайды,

Қазекеңде қан қақырып жоқтайды.

Сонда да сол өздерінен көрмейді,

Бірін-бірі соттайды.

…Бір байғұсты нысанаға іліп ап,

Соған қарай мылтықтарын оқтайды.

 

ПЫШАҚ АЛДЫ ТОҚТЫДАЙ

Сымпылдаған уақыт тілі міндегіш,

Жазалағыш, тілдегіш.

Ойран болған

Ой мен сана бəрі де,

Бүтінделмей екі жетпес, бір кеміс.

Сапар алды сансыз сұрақ көк тұман,

Өзін-өзі өртеп құртты отты жан.

Қанағатсыз қу дүние аумайды,

Пышақ алды күйсеп жатқан тоқтыдан.

* * *

 

Шұбалаң құйрық шұбар күн,

Кіндігін кескін бұл əннің.

Сұлудың жүзін ашады,

Көзіне біткен мұнар-мұң.

 

Жаратқан Хаққа жалынып,

Сарғайсын мұңға салынып,

Жыласын кейде арулар

Шықтаған гүлдей малынып.

 

Жылатып келер бақ тегі,

Бұл өмір неткен қатты еді.

Жылай да білген арудың,

Күлгені қандай тəтті еді.

 

* * *

Адам да аңыз,

Түлкі де аңыз, аң да аңыз,

Орға түсер тұсыңызды таңдаңыз.

Түлкі ісін құйрығымен ойлайды,

Қапияда қалмаңыз, Һəм, аңдаңыз!?

Түлкі ғой ол, тумысынан солай-ды,

Күліп тұрып тонайды,

Аузыменен алып берер ол айды.

Ақылынан адасқан жан болмаса,

Түлкіге кім жолайды.

Момақансып түлкілігін жасырған,

Сабақ алғын ғасырдан.

Өз құйрығын түлкі қымбат көреді,

Сенің анау басыңнан.

* * *

Гүл бақшаның жұпарындай аңқыған,

Айнымаған салтынан.

Мына сұлу қай халықтың құлыны,

Ақ сағым боп қалқыған.

 

Көздерінің жəудір қара тұнбасы,

Хан қызындай бір басы.

Пернеңізден кетті басып періште,

Жырла жүрек, жырлашы.

 

Көз қанбаған шөліркеген, шөлдеген,

Жалынмын мен сөнбеген.

Сақал мен мұрт ақыл айтып көргенмен,

Асау көңіл көнбеген.

* * *

 

Гүлдер жатыр бал арасын меншіктеп,

Шығарып тұр жаназасын көлшік көп.

Өзін-өзі отқа əкеліп тастады,

Өлең-жырдың шаранасы өршіп кеп.

Саған айтып көңіл сырын еліттім,

Маған айтты өмір шынын желіп күн.

Екі көзі боталаған өлең тұр,

Лағындай еліктің.

Маңыстайды маңыраған шерліміз,

Не айтамыз енді біз!?

Көңілімнің айнасынан үңіліп,

Кемсең қағып келді күз.

* * *

 

Ұяң сəуле – ұяң жүндей үлпілдек,

Ұяңсың-ау шіркін, көк.

Ұясынан күн төгіп тұр ақ нұрын,

Біздер өмір сүрсін деп.

Сəулесін-ай жарық күннің тəп-тəтті,

Жастығыма жарық нұрын жастапты.

Біз өмірді рəсуа қылған соң,

Күн де қаша бастапты.

Батқалы тұр, өкпе-назы бар сынды,

Ақ сəулесі сарқылды.

Ал содан соң бұқа мүйіз қара түн,

Қаратауға артылды.

* * *

Қанағатсыз ындын көрдім терең-ақ,

Ала бермек одан түйе, сенен ат.

Ит көзіне – бұл дүние қу сүйек,

Иесіне жілік майы керек-ақ.

 

Жыр оқып ем күбір-күбір күлісті,

Безіп кетті, жыр ұшты.

Таңқы ниет тарылтып-ақ барады,

Ұлтқа біткен тынысты.

 

* * *

 

Жеп біткен-ді жүйкем менен етімді,

Өлең жаздық содан енді не тынды?

Жыр найзағай күміс бұтақ, қара бұлт,

Қара көздің қан тамыры секілді.

 

Нөсерлетіп, сел қаптатып, тасынды,

Тау толқындар тауға барып асылды.

Жүрегімді жүз періште ұрлап ап,

Келер күннің кеудесіне жасырды.

* * *

 

Бабыр керуен,

Баба керуен Тұраным.

Саған тостым жүрегімнің құлағын.

Сансыз бабтар сазын шертіп тұр міне,

Ақсақ Темір, Құл Ахмет қожаның.

Сахабалар сайран бақтың бұлбұлы,

Көп іздеген Көк Тəңірі нұрлыны.

Үш жүз алпыс əулиені тербеткен,

Біздің елдің жанарында тұр мұңы.

Сайғағына құзғын қонған сұңқылдап,

Өлген ерлер жатыр əне «Ұлтым»-дап.

Ғасыр өтіп бара жатыр тұсынан,

Еркегі ез, ұрғашысы бұлтыңдап.

Жел азынап Асан қайғы ымдады,

Қобыз сазын Қорқыт келіп тыңдады.

Шын ақындар шырылдайды от кешіп,

Маңдайының ашылмаған бір бағы.

 

Махамбет тұр найзасына сүйеніп,

Қос ішекке қоңыр сазбен күй өріп.

Өз отыма жылынамын мен қашан,

Қазақ деген бір қараша үй едік.

Əбілқайыр, Абылаймен сырласты.

Көңіл гүлдеп, көкті жасыл жыр басты.

Ай мойынын жұлдызбенен моншақтап,

Аспан мен жер құшақтасып жымдасты.

Қанша тасқа қалай тимек маңдайым,

Қарақтыға аян менің хал-жайым.

Боз төбенің бота боздап астынан,

Тарих маған көрсетеді таңдайын.

 

ЕСЕЛЕП МАҒАН НҰР ҚҰЙДЫ

 

Ал, енді, баста ерейін,

Ізіңнен боздап желейін.

 

Күміс те сыңғыр үніңіз.

Жол бастап дəйім жүріңіз.

 

Еселеп маған нұр құйды,

Кеселеп жүрек қылғиды.

 

Жолаушыдан бұйым бір,

Тастама жолға құйын жыр!?

 

Өзегім өрт боп күйіп жүр,

Өгейсіп кетпей сүйіп жүр.

 

Іздемес, сірə, құлды – құл,

Іздесін бірақ жырды – жыр.

 

* * *

Көк үйрек ұшты көл қалды,

Көңілде ыстық шөл қалды.

Ұялы үйрек, қаз кетті,

Жамырап қырда төл қалды.

 

Балапан көкте шаттанды,

Байыздады, баптанды.

Бабасы салған сүрлеумен,

Қош айтып сосын аттанды.

 

Мамығын тастап қатайды,

Сап түзеп, міне, сақайды.

Өткінші жалған дүние,

«Өмір» деп мұны атайды.

Сабыр Адай,

Ақтау қаласы.

 

Сабыр Шеркешбайұлы Адай (1960 жылы 30 қыркүйекте Қарақалпақстан Шоманай ауданында туған) — қазақ ақыны. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003). Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (2006). Құрмет орденінің иегері[1] (2017).

Толығырақ

  • Сабыр Шеркешбайұлы Адай 1960 жылы 30 қыркүйекте Қарақалпақстан Шоманай ауданында дүниеге келген.
  • Алматы цирк өнер студиясының күй класын (1981), Орал педагогикалық институтын оқыған.
  • 1981 – 1984 жылдары Бейнеу аудандық мәдениет үйінінің көркемдік жетекшісі.
  • 1984 – 1990 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры.
  • 1989 – 1993 жылдары аралығында өткен республикалық ақындар айтысының жеңімпазы. Ақтауда Қашаған ақынның, Ақтөбеде Есет батырдың, Әбубәкір Кердерінің, Байғанинде Асау-Барақтың, Оралда Сырым батырдың, Шымкентте Үш би (Ордабасы), Көкшетауда Абылай ханның тойларында және Орта Азия – Қазақстан ақындарының айтысында жүлделі орындарға ие болған.
  • 1991 – 1996 жылдары аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
  • 1997 – 1999 жылдары Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы жанындағы ғылыми-әдістемелік орталықта шығармашылық бөлімінің бастығы.
  • 1999 – 2002 жылдары облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары.
  • 2001 — 2006 аралығында Республикалыық «Үш қиян» газетінде қызмет атқарды.
  • 2005 — 2011 «Адай» қорының президенті. «Otpan — Отпан» газетінің құрылтайшысы.
  • 2004 жылы «Адай Ата — Отпан тау» этно-мәдени орталығын салу идеясының авторы және ұйымдастырушысы.

Шығармашылығы

  • «Таңғы нөсер» атты өлеңдер жинағының авторы
  • «Кетемін көкке жұлдыз боп» атты өлеңдер жинағының авторы
  • «Жұмбақ түннің жылуы» атты өлеңдер жинағының авторы
  • «Әр қазақ – менің жалғызым» (2002) атты өлеңдер жинағының авторы.
  • «Қазақстан — Жалғыз Ұлы Қазақтың» атты өлеңдер жинағының авторы
  • «Қарапайым қағидалар» атты кітаптың авторы.
  • «Серттесу (Таңдамалы) атты өлеңдер жинағының авторы
  • «Алтынзер» (Ұлт пен Ұл) — (2016) атты өлеңдер жинағының авторы

Марапаттары

  • 1987 — Бүкілодақтық халық шығармалық фестивалінің лауреаты
  • 2003 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
  • Халықаралық ЮНЕСКО-ның аясында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы қарсаңындағы әдеби шығармашылық байқауының жүлдегері (2003). Поэзия номинациясы бойынша Халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты
  • 2003 жылы Президент жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді.
  • Президент сыйлығының иегері (2006).
  • Бейнеу (2005), Маңғыстау (2007), Мұнайлы (2017) және Түпқараған (2017) аудандарының «Құрметті азаматы».[2][3]
  • 2008 — «Астанаға 10 жыл» медалі
  • «Қосай» Атаның 500 жылдық медалі (05.05.2010)
  • ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалі (10.11.2011)
  • Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін (2013 жыл)
  • ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медалі (29.11.2016)
  • «Ақтау қаласына 50 жыл» естелік медалі
  • «Отпан тау» тарихи этно-мәдени кешеніне сіңірген авторлық еңбегі үшін «Адай-Ата» төс белгісі
  • Мандат — ҚР Халықтық-Патриоттық Қозғалысы I Республикалық конференциясының делегаты
  • «Төлеген Айбергеновке 80 жыл» естелік медалі
  • Асау-Барақ 250-270 жылдығына медалі
  • 2017 — ҚР Президентінің жарлығымен Құрмет орденімен марапатталған.
  • Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін (қазан, 2018 жыл)

 

Қабан атып сотталғандар жазасын алды

Адам түгілі төрт аяқты жануардың өзіне құрметпен қарайтын. Тіпті,...

Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық көзделген

       Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...

Келес ауданында заңды бұзған жігітке ескерту берілді

Сотталғандардың мекен жайы бойынша кешкі уақытта тексеру шарасын Келес...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...