12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Велошабандоздар 8 күнде 1088 шақырымды еңсерді

Абайдың 175 жылдығына орай Ернат Мэлсұлы, Дәулетқали Асауов пен Жасұлан Үкеев велосипедке мініп елордадан Жидебайға жолға шыққан. Азығын сайлап, керек-жарағын қамдап, ұлы ақынның мекеніне аттанған велошабандоздар 8 күнде діттеген жерге табан тіреді. 1088 шақырымдық сапарда қандай қиындықтар болғанын, Алаштың рухани астанасына жеткенде жергілікті жұрттың қалай қарсы алғанын бізге сұхбат берген Ернат Мэлсұлы айтып берді.

— Әңгімеміздің әлқиссасын «Нұр-Сұлтан-Жидебай» велошеруін өткізу идеясы қалай келгеннен бастасақ.

— Өзім негізі ағылшын тілінің маманымын. 9 жыл бойы республикалық телеарналарда шетел жаңалықтарын әзірледім. Сол кезде бір канадалықтың велосипедпен бірнеше елді аралағаны жайлы сюжет болды. Алғашқы ой сонда келген. Әуелде велосипедпен үйден-жұмысқа, жұмыстан-үйге барып жүрдім. Сөйтіп күн сайын 24 шақырымды артқа тастап отырдым. 3 жыл өткенде, яғни 2018 жылы елорданың 20, туған жерім Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 90 жылдығына орай 500 шақырымдық «Астана-Ақтоғай» велошеруін өткіздік. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шеруге 5 адам қатыстық. Бәрі ойдағыдай өтті.

Енді биыл қазақтың біртуар перзенті Абайдың 175 жылдығына орай хакімнің ата қонысы, жер кіндігі Жидебайға велосипедпен барғымыз келді. Журналист, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Дәулетқали Асауов, тарихшы, археолог, Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жасұлан Үкеев үшеуіміз сапар маршрутын әзірлеп, қызу дайындала бастадық. Велосипедтерімізді сақадай сай етіп жөндетіп, азын-аулақ жол азығын алып, керек-жарақтарды қамдадық. Қай күні қай үйге қонатынымызды да алдын ала келісіп қойдық. Сондай-ақ арнайы жейде де жасаттық. Жейденің алды-артында «Нұр-Сұлтан –Жидебай» велошеруі» деген жазу бар, кеуде тұсында «Абай-175» логотипі бейнеленген.

— Жолға қандай велосипедтермен шықтыңыздар?

— Мінгеніміз бағасы 40-50 мың теңге шамасындағы Қытайда жасалған қарапайым велосипедтер болды. Әрине, жолда қалып қалмас үшін велошеберге апарып қараттық. Майлатып, рөлін биіктетіп, алдыңғы және артқы дөңгелек тыстарын (покрышка) жаңадан салдырттық. Өзімнің «Көк қасқамның» тежегіштерін жөндетіп, насосын рамаға қойдырып алдым. Шынжырының қырықаяққа дұрыс ауысуын жөндетіп, телефон сынды ұсақ заттар салатын кішкене сөмке алдым. Велосипедтің қанаттарын түзетіп, жаңадан қосымша 3 камера алдым.

— Велошеру қай күні басталды?

— 2 қыркүйек күні сағат 08.00-де Абай ескерткіші жанынан Абай еліне аттандық. 93 жастағы нейрохирург Теңдік Изақов атамыздың батасын алып, бір Аллаға сыйынып, «Абай жолына» шықтық. Бірінші күні Нұр-Сұлтаннан Ерейментау қаласына дейін жүріп, қас қарайғанда жеттік. 7 сағат 58 минутта 165 шақырым 65 метрді артқа тастаппыз.

Ақмола облысы Ерейментау аудандық Мәдениет бөлімінің басшысы, ақын Сайлау Жылқыбаев қарсы алып, «Көшпенділер» қонақ үйіне орналастырды. Келесі күні ас-су ішіп, тынығып алған соң сағат 10.20 шамасында Ерейментау қаласынан Шідерті-Екібастұз жаққа аттандық. 3 қыркүйекте ауа-райы салқындап, күшті жел соқты. Аспанды бұлт торлап, арасында жаңбыр себеледі. Әйтеуір велосипедтеріміз сыр берген жоқ. Алакеуім тартқан шақта Екібастұзға табан тіредік. Бізді ақын, өлкетанушы Сайлау Байбосын ағамыз қарсы алды. Аңқылдаған Сайлекең монша жағып қойыпты, рахаттанып түсіп алдық. Ет жеп, Баянауылдың бал қымызын қанып іштік. Шежіреші ағамыздың әңгімесінен рухани сусындап, демалып алған соң ертесінде сағат 9.37-де Павлодарға қарай бет түзедік. Ақын, Екібастұз қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмағали Қоғабайұлы көлігімен жол көрсетіп, шығарып салды. Велошерудің үшінші күнінде 7 сағат 33 минутта 147 шақырымды артқа тастаппыз. Күн суықтау болғанымен киіміміз жылы, әрі велосипед тепкенде дене қызады. Жел айналып соғып, күн көбіне ашық болды. Тек екінтіден кейін аспан бұлттанды. Павлодарда бізді Қарқаралының азаматы, қазір осы шаһарда тұратын, жергілікті бизнесмендер Нұрлан Әзімбаев бен Сағидоллла Жакимов кіреберістен күтіп алып, жол көрсетті. Нұрлан ағаның үйіне барып, Гауһар жеңгеміздің қолынан ас іштік.

5 қыркүйек күні сағат 12.27-де Павлодар қаласынан Аққулы кентіне аттандық. Шығарда ғұлама, әулие атамыз Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітке зиярат жасадық. Әрі Жасұланның велосипедінің артқы дөңгелегінің 6 шабағы сынып, соған жаңасын салып, көп бөгеліп қалған едік. Бұл күні аспанды бұлт тұмшалап алған-тұғын. Сөйтіп Алла Тағала жеңілдігін берсін деп сапарымызды жалғастырдық. Бірқатар қиындықтардың болғаны рас. Атап айтсақ, қаладан тура шыға бергенде, бұлттанып тұрған аспан бұршақ аралас жаңбырды төгіп кеп жіберді. Мен талдың түбіне, Жаскең жанармай құю бекетіне, ал Дәукең көпірдің астына тығылдық. Содан біраз күтуге тура келді. Ямышово ауылынан сәл асқанда менің артқы дөңгелегімнің тысы бірнеше жерінен тесіліп, камерасы атылды. Соған жаңаларын салдық. Төртінші күнде 6 сағат 20 минутта 120 шақырымды бағындырыппыз. Кіреберістен Аққулы ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Лаура Құмарова, аудандық Мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі әнші Самат Момынжанов, абайтанушы-академик Ғарифолла Есімнің туған келіні, әнші Күләндә Сейітова және басқа да азаматтар күтіп алды. Бұл кісілер бізді күндізгі сағат 2-ден жол жаққа елеңдеп, күтіп жүріпті. Осындай жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сонымен қатар сапар кезінде алыста отырса да, үздіксіз хабарласып, бағыт-бағдар беріп отырған Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері, жас жазушы Қуат Қиықбайға зор ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

Павлодар облысына қарасты Аққулы ауылынан басталған бесінші күнгі сапарымызда үшінші облыс — Шығыс Қазақстан аймағының шекарасынан өттік. Осы өңірдің алғашқы елді мекені — Бесқарай ауданының Қарабас ауылына келіп тоқтадық. Жергілікті жұрт бізді құшақ жая қарсы алды.

7 қыркүйек күні табанымыз Семей өңіріне тиді. Қалалық Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Төлегенұлы бастаған бір топ азамат алдымыздан шығып, «Қарағайлы»санаторийіне әкеліп орналастырды. Келесі күні сағат 10.00-де «Абай-Арена» спорт кешенінің тұсында салтанатты іс-шара өткізілді. Айтыскер Манарбек Сатыпалды арнау жыр айтып, ару қарындастарымыз ұсынған дәмнен ауыз тидік. Әрі қарай Абай атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Абай театрының актері Бекзат Омашев хакімнің рөлін әдемі сомдап, қара сөзінен үзінді келтірді. Әлихан Бөкейхан ескерткішіне де гүл шоқтарын қойып, содан кейін «Мұхтар Әуезов — Алаш арыстары» музей-үйіне бардық.

9 қыркүйекте, яғни велошерудің сегізінші күнінде Жидебайға жеттік. Аллаға шүкір, аман-есен 1088 шақырымды артқа тастадық. Бізге қолдау білдіріп, тілеулестік танытқан жандарға мың да бір алғыс! Абай еліндегі жұртшылық бізді сән-салтанатпен хакімнің әндерін шырқап қарсы алып, ыстық ықыластарын білдірді. Сосын Шәкәрім мен Абай мемориалдық кешеніне барып, тағзым етіп, құран оқыттық. Қайтарда «Семей-Нұр-Сұлтан» пойызына отырып, елордаға оралдық.

— Қазір денсаулықтарыңыз қалай?

— Сапардан кейін денсаулығымыз нығая түскендей. Өзімізді жақсы сезінудеміз. Денеміз шынығып, тынысымыз ашылып қалды. Негізі үшеуіміз де спорттан кенде емеспіз. Жазда жүгіріп, қыс кезінде шаңғы тебеміз.

— Алдағы уақытта тағы да осындай велошерулер өткізу жоспарда бар ма?

— 1000 шақырымнан астам жолды еңсергеннен кейін шабыттана түстік. Әлбетте, Алла қуат берсе, алда тағы да велошерулер өткіземіз. Бірақ қайда баратынымызды әзірге айта алмаймын. Бұйыртса, сапарымыздың маршрутын алдын ала әлеуметтік желілерге жариялаймыз.

Әңгімеңізге көп рақмет!

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Шығыс Қазақстан облысы

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.

Объявлен конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств» Министерства культуры и информации Республики Казахстан.

ДОБРОВОЛЬЦЫ-РОМАНТИКИ

Одним из лучших способов проявить себя в благородном деле,...

ЗОЛОТОЙ МОСТ МЕЖДУ НАРОДАМИ

Председатель Мажилиса Ерлан Кошанов посетил Казань в рамках официального...

КОНТРОЛЬ В СФЕРЕ ОХРАННОЙ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ

В Казахстане планируют ужесточить государственный контроль над частными охранными...