12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Мемлекеттік тілдің болашағына бәріміз жауаптымыз

Мемлекеттік тілге қатысты мәселе айтылудан да, жазылудан да кенде болған жоқ. Сот органдарында да мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді көздеген іс-шаралар бір сәт те тоқтаған емес. Себебі, тіл – ұлттың жаны. Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалатыны ешкімге құпия болмаса керек. Мемлекеттің болашағына алаңдайтын, ертеңінің жарқын болуын қалайтын жандар мемлекеттік тілдің де тағдырына салғырт қарамаса керек.

Өкінішке орай, мемлекеттік тілде қаралатын қылмыстық істердің саны біз ойлағандай межеде емес. Қазақ ұлтының саны өсіп, мектеп бітіріп жатқан түлектердің 91 пайызы қазақ тілінде білім алса да, сотқа түсетін арыз-шағымдардың дені ресми тілде. Бұған не себеп? Бұл кемшілікті заңнаманың солқылдақтығымен байланыстыратындар бар. Бірақ бұл қате пікір. Өйткені, Ата заңымызда да, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңында да, сол секілді Қылмыстық процестік, Азаматтық процестік кодекстерде де басымдық мемлекеттік тілге берілген. Егер мемлекеттік тілде білмеген жағдайда азаматтардың ресми тілде арыз-шағым жазуына рұқсат етіледі. Яғни, алдыңғы қатарда қазақ тілі тұр.

Алайда, заңнамада осындай артықшылықтар берілгеніне қарамастан азаматтардың көбі арызын ресми тілде жолдайды. Ал соттардың сот тілін өз қалауымен өзгертуге құқығы жоқ. Арыз-шағым қай тілде жазылып, қылмыстық іс қай тілде рәсімделсе, сот сол тілде істі қарауға тиіс. Бұл жерде тергеу органдарының, адвокаттардың, заңгерлердің тіл талаптарын бұзатын жағдайлары да ара-тұра кездесіп қалады. Құзырлы орган өкілдері өзіне ыңғайлы, өзі білетін тілде істі рәсімдеп, арызды жазуға құлықты. Адвокаттардың қорғауындағы адамның қай тілді жетік білетініне, қай тілде өз мүддесін қорғай алатынына назар аудармайтын да кездері болады. Өкініштісі сол, азаматтар өзін қорғаймын деген адамның ықпалынан шыға алмай жатады. Адвокатқа сенеді, сондықтан болар өзі жетік білмейтін тілде істің қаралғанына аса көп мән бермейді. Бірақ, сотта адвокаттың немесе тергеушінің тағдыры таразы басына салынбайды. Сотта өзінің тағдыры шешіледі. Мемлекеттік тілге қатысты жиындар, шаралар өткізгенде азаматтардың назарын дәл осы мәселеге аударған артық болмайды.

Жалпы, сот отырысына қатысатын азаматтардың көбі жергілікті ұлт өкілі. Кейде судья да, прокурор мен адвокат та, айыпты мен жәбірленуші де қазақ болғанымен, іс орысша қаралады. Өз елімізде, отыз жылдан бері тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылған елде мұндай жағдайдың қалыптасуы көңілге кірбің ұялатпай қоймайды. Мұның барлығы отбасында ұлтқа, туған тілге деген жанашырлықтың төмендігін көрсетсе керек. Мәселен, қазір аулада ойнап жүрген балалардың көбі орысша шүлдірлесіп жатады. Орта жастан асқан ата-әжелердің өзі немересімен тілін бұрап орысша түсінісіп жатады. Тіпті олар немерелерінің қазақша білмейтінін мақтаныш көретін секілді. Ал қазақтың өзіне керек болмаған, қазақтың өзі құрмет тұтпаған тілді өзге ұлттар сыйлай ма? Біз өзге ұлттарды тіл білуге ынталандыру үшін қазақ тілінің қаншалықты сұлу, көркем екенін өзіміз көрсетуіміз, сол арқылы тілге деген қызығушылықты арттыруымыз керек емес пе?

Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілді үйретуге бөлінген қаражатта есеп жоқ. Сол тіл үйрету сабақтарына сот қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер тегіс қатысты. Бірақ, нәтиже аз. Себебі, тілге деген сұраныс, тіл үйренуге деген қажеттілік жоқ. Егер мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабылданбайтын болса, онда өзінің болашағын ойлаған, кәсіби тұрғыда жоғарылауды көздеген жандар бірден қазақша үйренуге барын салар еді. Айталық қазір ағылшын тілін үйренушілер қатары мол. Бізге де осындай қажеттілік тудыра білген абзал.

Сонымен қатар, судьялар мен сот қызметкерлері Абайдың өлеңдерін оқудан челлендж ұйымдастыруда. Бұл да тілге деген құрметті қалыптастырудың бір мүмкіндігі. Оған қоса сот саласында еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдері де қазақ ақындарының өлеңін оқу эстафетасын бастады. Мұндай игілікті шаралар жалғасын табуы, жарты жолдан үзылып қалмауы керек. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіретін осындай қадамдар.

Құралай Дарханова,

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы

Электронное судопроизводство как фактор повышения открытости судов

Судебная система в числе первых органов государственной власти перешла...

Талап арыз қай тілде берілсе, сот ісі сол тілде жүргізіледі

Тіл – ұлттың тірегі. Ұлттың ұлт ретінде дараланып, тарихы...

Заң консультанттарының міндеттері мен қызметтері туралы

       Заң консультанттарының міндеттері  мен  қызметтері  Қазақстан Республикасының 2018...

Төрелік етер төрді сыйла

Сот – биліктің бір тармағы. Сот алаңындағы төреліктің туралығына...

Сот шешімі орындалуымен құнды

Сот шешімі – сот жұмысының ең негізгі түйіні. Сотқа...