12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бақылаушысы Әділет САЙДЫБАҚАС:«ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН ӘР КҮНІМЕ ҚУАНАМ»

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЛА-155/18 мекемесінің (тергеу изоляторы) Режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет сержанты Әділет Сайдыбақастың әр жұмыс күні қым-қуат қарбаласпен басталады. Әділеттің тергеу изоляторының бақылаушысы қызметіне келгелі бері жұмыс барысында үйренгені де көп, көкейге тоқығаны да мол. Әділет темір торда жатқан баласына сәлемдеме әкелген ананың немесе камерада отырған анасына келіп тұрған баланың көңіл-күйін тап басып, жылы сөзімен шуақ шашып, бір сәтке болса да жүрегіне жылу сыйлай алса, сол күнін бақытты күндерінің біріне санайтын жігіт.

Әділет Ерболұлының бұл лауазымға тағайындалғанына соншалықты көп уақыт өте қоймапты. Бірақ оның тұтқындағыларға әкелген азық-түлік, киім-кешек, керекті заттардың бүге-шігесіне дейін тексеріп тұрған қимылына қарап, «осы баланың тәжірибесі олқы емес пе екен» деген маңыған ойдан дереу арыласыз. «Тергеу изоляторы қызметкерінің бір күні» деген мағынада мақала жазбақ ойымызды білген ЛА-155/18 мекемесі Тәрбие бөлімінің инспекторы әділет лейтенанты Балжан Рыспаева бізге жап-жас қызметкерді ұсынғанда мұндай тақырыпқа қалам тербегенде өз кәсібінің «майын ішкендермен» жүздесетін әдетімізден жаңылып, жас маманның бір күнін қалай толғар екенмін деген ой қылтиғаны рас. Алайда Әділеттің жұмыс ырғағы «Жас келсе іске» дегенге сай екен. Жұмыс орнын ретке келтіріп жүрген ол менің сұрақтарыма асқан ыждағаттылықпен жауап беріп те үлгеріп жүр.

«Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, Алматы қаласы бойынша ҚАЖД Күзет бөлімінің бақылаушысы болдым. Ондағы мақсатым – әскерде дағды болып қалған темірдей тәртіптің тізгінін босатып алмай тұрғанда өмірден өз жолымды адаспай табу болды. Алғашқы жұмыс күнім – 2017 жылдың 24 тамызы әлі есімде. Аға бақылаушы Жансерік аға Шукировтың басшылығымен Алматы облысының Ақтас ауылында орналасқан жүйке аурулары ауруханасындағы жүйке жүйесі дұрыс емес қылмыскерлерді күзетуге кірістім. «Сырт адамға жұмбақ мекен болып көрінетін бұл ауруханада небір қандықол қарақшылар, тіптен адам жегіштер ұсталады» дегенді естіп, жайшылықта маңынан жүруге сескенетін жерге келгенімді білгенде біртүрлі күйде болдым. Бірақ іштегі үрейді қызметтің жауапкершілігі бірден ығыстырып жіберді десе де болады. Алғашқы сәттен бастап қырағы болуды қадағалаған Жансерік ағадан үйренгенім көп. Бұл жұмысты абыроймен атқардым деп сеніммен айта аламын. Ал, Тергеу изоляторындағы жұмыс басқашалау. Мұнда күніне 50-60 адамның әкелгенін мұқият тексеріп шығу керек. Оны камерадағы адамға табыстау керек».

Әділеттің жұмысының жауапты екенін сыртта кезекте тұрған адамдардың қарасынан-ақ байқадық. Кем дегенде екі жүзге жетіп жығылатын келушілердің қолындағы сәлем-сауқаттары да қомақты. Кезекте тұрғандардың карантин тәртібін сақтаулары да бақылауда. Жазалыларға сәлемдеме әкелушілердің жек басының куәлігінен бастап, әр затты тексеру процесін сырттай бақылап тұрудың өзі жүйкеге аз салмақ емес. Нан мен шұжықты бірнеше жерден кесіп, жеміс-жидектерді ортасынан қақ бөліп, қораптағы шәйді басқа ыдысқа аударып салып, қалташадағы шәйдің әрбіреуін ашып қарап жатқан бақылаушының жұмысына тек сырттан қарап тұру үшін де шыдам керек екен.

Келушілердің кезегі біткен кезде Әділет те сәл-пәл демін басты. Коронавирустан сақтану үшін киетін пластик қорғанышы мен бетпердесін шешкен кезде маңдайынан шыққан шып-шып терге қарап тұрған мен «Табан ақы, маңдай термен тапқан нан тәтті» деген мақалды кестелеп үлгермей жатып, «Бақылаушының айлық еңбекақысы қанша екен?» деген сұрақ қойып үлгердім. Жауаптан жалтармаған жігіт «мәселе айлықта емес, адамгершілікте ғой апай» деп өзімді нағыз патриот жауынгердің сөзімен сүріндіріп жіберді десе де болады.

Мезгіл түстен ауа бере бақылаушының жұмысы тағы да қыза түседі екен. Сәлем-сауқат әкелген адамнан тізім бойынша қабылдап алған заттарды енді сол тізім бойынша әр камерадағы тұтқынға тапсыру да бақылаушының міндетінде. Егер тергеу изоляторында мыңнан аса адам жатыр десек, соның ішінен өзіне керек 50-60 адамды тауып алу да жауапты жұмыс. «Сәлемдемені қабылдайтын тергеу тұтқынындағы әр адамның қай камерада екенін, арнайы карточкалар арқылы ол камераның қай блокта екенін анықтап алған соң, камерадағылардың тізімі бойынша тағы бір тексеріп аламыз. Блок бойынша камераны тауып келген соң, тергеудегі күдіктіге тапсырған адамның тізімі бойынша санап тұрып өткізіп береміз де, қол қойдырып аламыз» дейді Әділет Ерболұлы. Бір күнгі қабылдаған заттарды 50-60 адамға дәлме-дәл таратып беріп қана қоймай, әр нәрсенің тұтастығына жауап беретін бақылаушының жұмысы мен ойлағаннан әлдеқайда жауапты болып шықты.

Осындай қарбалас жұмыс кезінде оқыс оқиғалар да болмай тұрмайды. Мысалы кейде сырттан келген адам қабылдауға болмайтын заттарды да әкеледі. Көбіне тұтқындағы туысына бірінші рет келген адамдар тыйым салынған азық-түлік түрлерін білмей жатады. Мысалы, жарты келі ірімшік әкелді дейік. Тез бұзылатын азық-түлік түріне жататындықтан бақылаушылар оны қабылдамайды, бірақ әкелген адам түзген тізімнен ол ірімшікті сызып тастап, тұсына қол қойдыруды ұмытып кететін де жағдай болады. Ал, камерадағы адамға әкелгенде ол «мына тізімдегі ірімшік қайда?» деп шу шығарады. Әділет осындай елеусіз болса да бақылаушының еңбегін еш ететін жәйттер кездесіп тұратынын да жасырмады.

Алматының шет жағында орналасқан ЛА-155/18 мекемесінің алды күн сайын ығы-жығы адамдарға толы болады. Адамдардың көп келетін күні жұма мен дүйсенбі екен. Біздің газеттен келгенімізді білген келушілер өз пікірлерін айтып қалуға ұмтылды. Бәрінің тіліне тиек болған мәселе – әкелген заттарын тапсыруға көп уақыттың кететіні және бақылаушылардың азық-түліктерді кескілеп тінтетіні. Қылмыстық-атқару саласының бір пұшпағында жүргендіктен мен де жабық мекемеге тыйым салынған заттарды өткізбеудің бірден-бір жолы осылай мұқият тексеру екенін түсіндіріп бақтым. Егер жыл басынан бері аталған мекеме бақылаушылары 41 ұялы телефон, 8 сим-карта және 4 есірткі затын өткізу фактісінің алдын алғанын ескерсек, мұндай мұқият тексерудің қаншалықты маңызды екені айдан анық.

Тергеу тұтқынындағыларға тыйым салынған заттарды өткізуге тырысатындар түрлі айла-шарғы ойлап табады. Мысалы жуырда ұлтараққа есірткі ұнтағын жасырған факт анықталды. Тергеудегі туысына 5 грамға жуық гашиш беріп қуантпақшы болған Ресей азаматы енді өзі істі болды. Сондай-ақ, «туысым еді» деп ет-жүрегі елжіреп, азық-түлік әкелген Евгений есімді жігіт тез дайын болатын кеспенің ішіне есірткі жасырған. Тізе берсе мұндай фактілер көп, ал әр фактінің ар жағында бақылаушылардың қырағы еңбегі бар.

Міне, бақылаушы әділет сержанты Әділет Ерболұлы Сайдыбақастың тынымсыз сағаттар мен минуттардан тұратын бір күні осындай қарбалас әрі жауапты жұмысқа толы күн.

Гүлнәр ЖАПАРҒАЛИҚЫЗЫ

Алматы қаласы

Суреттерді түсірген автор

Қабан атып сотталғандар жазасын алды

Адам түгілі төрт аяқты жануардың өзіне құрметпен қарайтын. Тіпті,...

Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық көзделген

       Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...

Келес ауданында заңды бұзған жігітке ескерту берілді

Сотталғандардың мекен жайы бойынша кешкі уақытта тексеру шарасын Келес...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...