12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ БАР

Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотында «БиМ-72» ЖШС директорының орынбасары Әбілғазы Баянасқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу органдары 59 жастағы ер адамға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айып тақты. Сот материалдарына қарағанда, ол 2017 жылы мамыр айында серіктестікке Байғанин ауданының Миялы ауылындағы сумен жабдықтау объектісінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 169 млн теңгеден астам тендерді жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес, кәсіпорын ауылды сумен жабдықтау жұмыстарын 2018 жылдың 30 қыркүйегіне дейін аяқтауы тиіс болған. Алайда, Әбілғазы Баянас кейбір жұмыстың әлі жасалмағанын біле тұра оның орындалғаны туралы жалған құжат толтырған.

Соңыра ол құрылыс нысанын мемлекеттік қабылдау комиссиясына тапсырып, қаражат кәсіпорын есепшотына аударылған. Сөйтіп, Әбілғазы Баянас 2017 жылдың 19 мамыры мен 2018 жылдың 19 желтоқсаны аралығында «Би-М-72» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқара жүріп, мемлекеттік сатып алу саласында жеке басына пайда табу мақсатында Миялы ауылын сумен жабдықтау нысанының құрылыс
жұмыстарына бөлінген ақша қаражатын жымқырып, мемлекетке аса ірі мөлшерде 30 648 771 теңге материалдық залал келтірген. Сот-құрылыс экономикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, ол 2019 жылғы 27 сәуір мен 17 мамыр аралығында өзінің қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында Миялы ауылын сумен жабдықтау объектісінде жалпы құны 15 724 499 теңгеге құрылыс жұмыстарын жасаған. Су айдау станциясының алаңын тегістеу жұмыстары да жасалған. Ал, құрылыс нысанына қондырылмаған фильтрдің құны мемлекетке қайтарылды. Дегенмен, Миялы ауылын сумен жабдықтау объектісі бойынша жалпы құны 14 960 272 теңгелік жұмыстар жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейді, – делінген іс материалдарында.
Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Айтуынша, бұл жобада кемшіліктер бар екенін сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та білген. Алайда, оған тәжірибесі мен техникасы бар екенін, анықталған ақауларды кейінірек жоюға болатындығын айтыпты. Тіпті осыдан кейін кәсіпорын Бұлақтыкөл ауылында мектеп салған.
– Азаматтық талапты мойындамаймын. Өйткені сметалық құжаттағы жұмыстар артығымен жасалды. Осы объект бойынша шығынға баттым. Айыптау актісіндегі жасалмаған жұмыстар деп көрсетілген жұмыстар объектіні пайдалануға тапсырғанға дейін жасалды. Яғни, менің ешқандай кінәм жоқ. Осы Миялы ауылын сумен жабдықтау жұмыстарынан түскен қаражаттан Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бейбітшілік қабырғасын» салуға 15 млн теңге, Байғанин ауданының 80 жылдығына 500 мың теңге, аудандық «Нұр Отан» мекемесіне 250 мың теңге аудардым. Соттан маған ақтау үкімін шығаруын сұраймын, – деді ол.
2 сәуір күні Байғанин аудандық соты сотталушыны алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танып, шартты жаза кесті. – Әбілғазы Баянас ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 36-бапқа сәйкес, оған тағайындалған жаза шартты деп есептелсін. Жәбірленуші Ақтөбе облысының қаржы басқармасының материалдық шығынды өндіру жөніндегі азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылсын. Баянастан мемлекет пайдасына 14 960 272 теңге материалдық шығын және 149 602 мемлекеттік баж өндірілсін. Сот үкімінің азаматтық талап бөлігін орындауға оған 15 тәулік беріледі. Бұған қоса одан мемлекет пайдасына 252 500  теңге процестік шығын өндірілсін, – деді судья Ә.Бисеналина.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан сотталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Айта кетелік, бұған дейін «Би-М-72» ЖШС-нің жұмысшылары жалақысын даулап, шу шығарған еді.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 

[ratings]

Қабан атып сотталғандар жазасын алды

Адам түгілі төрт аяқты жануардың өзіне құрметпен қарайтын. Тіпті,...

Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық көзделген

       Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...

Келес ауданында заңды бұзған жігітке ескерту берілді

Сотталғандардың мекен жайы бойынша кешкі уақытта тексеру шарасын Келес...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...