12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Раушан ШӘМІЛ, «Тұмар-Транс» компаниясының директоры:«КОРОНАВИРУС ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫНА ҮЛКЕН КЕДЕРГІ»

– «Туризмге деген көзқарас қана емес, саясат та әлі өзгерген жоқ» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Қазір өзгеріс бар ма?
– ҚР Президенті 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін 8 пайызға жеткізуді үкіметке міндет етіп жүктеді. Содан бері бұл бағытта біраз жұмыстар жасалды. Дегенмен, әлі күнге дейін біздің шекарашылар
мен кеденшілеріміздің ғана емес, халықтың да туристерге деген көзқарасы толық өзгерген жоқ. Адамдардың
шеттен келгендерді қабылдауы қызық. Туристермен келе жатсаң кейде әдейі қағып кетуге тырысатындар, қонақтарға жаман көзбен қарайтындар басым. Бұл үшін түсіндіру жұмысы үздіксіз жүргізілуі керек. Туристер біздің байлығымызды алып кету үшін келмейді. Ел көрейін, жер көрейін деген мақсатпен сапарға шығады. Жыл бойы осы мақсатта ақша жинап, қаржысын біздің елге тастап кетеді. Туризмнің дамуы өзге де салаларға серпін беріп, халқымыз үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
– Туризмнің дамуына серпін беру мақсатында «Kazakh Tourism» компаниясының құрылғаны белгілі. Оның атқарған жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Әрине, көп кемшілігі бар. Жаңадан құрылған соң басында өзінің бағытын дұрыс түсінбеді. Бизнес сияқты жұмыс істеп, өздері тур алып, содан ақша тапқысы келгендей болды. Шын мәнінде олардың жасайтын жұмысы үкімет пен туроператорлардың арасына дәнекер болу ғой. Олар оны ұмытып кетіп, енді ғана қайта қолға алып жатыр. Қазақстанда туризмнің дұрыс дамымауы жүйелі жұмыс пен жоспардың жоқтығынан. Егер жылдық жоспары болса біз сол бойынша алдын ала турларды дайындаушы едік. Өзге елдердің бәрі бізде мынандай уақытта, мынандай шаралар болады деп жарты жыл бұрын турфирмаларға хабарландыру жасайды. Бізде сол әлі дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, Алматыда алма фестивалінің, қала күнінің,
сиверс алмасының гүлдеуіне арналған фестиваль өтетінін білеміз. Бірақ, оның белгіленген бір уақыты жоқ. Бұл бізге де шетелдік саяхатшыларды шақыру үшін жоспар жасауға қиындық тудырады. «Kazakh Tourism» компаниясы туристік көрмелер кезінде алаң ғана беріп қоймай, Қазақстанның туризмін жарнамалап жүрген туроператорларға ақпараттық материал жасауға көмектессе жақсы болар еді. Мәселен, жыл сайын Қазақстанда Халықаралық туристік көрме өтеді. Алайда, 3 жылдан бері Алматы қаласы туроператорлардың өзін жарнамалауына мүмкіндік бермей отыр. Көрмеге тек туристік нысандарды шығарып жүр. Шын мәнінде туристік нысанды халыққа сататын туроператорлар ғой. Оған сая-хатшыларды апаратын, гид жалдайтын, көлік беретін туроператор. Бұл жерде туроператорды да қолдау керек. Нысан өзін жарнамалағанмен, оған біреу жеткізу керек қой. Соны неге түсінбейді?
– Туризмге қатысты қызмет түрлерінің бізде қандай да бір сапа стандарты бар ма?
– Бізде сол жағы ақсап келе жатыр. Өйткені, әлі күнге дейін ешқандай стандарт жоқ. Гидтер өзінің қолына түскен кітаптан оқып алғанын ғана айтады. Ортақ нұсқаулық жоқ. Енді жаңадан ашылып жатқан Халықаралық қонақжайлылық және туризм университеті осы жұмысты өз қолына алатын шығар деп отырмыз. Туризмнің үлесін 8 пайызға көтергіміз келеді, бірақ, біздегі Мәдениет және спорт министрлігіндегі басшылар ондағы туризм комитетінің жұмысын онша білмейді. Жаңадан келген адам оны үйреніп, тұжырымдамасын түсінем дегенше біраз уақыт өтеді. Енді жұмыс жасайды деп жүргенде басқа жұмысқа ауысып кетеді. Сондықтан, бұл салаға жеке министрлік құрса да артық болмас еді деп ойлаймыз. Өйткені, бюджеттен жыл сайын қаншама қаражат бөлініп жатыр, алайда оның қаншалықты тиімді жұмсалатынына ешкім кепілдік бере алмауда.
– Саланы дамыту жайын қозғаған кезде бәрі маманға келіп тіреліп жатады ғой. Қажетті мамандарды дайындау мәселесі шешілген бе?

– Біз колледждермен жұмыс жасап жатырмыз ғой, онда белгілі бір деңгейде маман дайындап шығаруға болады деген сенімдеміз. Өйткені, олар студенттерін практикаға көп жібереді. 1-курстан бастап келген соң олар да нені оқып жатқанын тез түсіне бастайды. Бітірушілердің емтихан тапсыруына ғана емес, кейбір сабақтарына да қатысамыз. Жоғары оқу орындары ол жағынан ақсап келе жатыр. Практикаға өте аз жібереді. Мәселен, Нархозға бір барғанда 4-курс студенттерінің мұғалімі ренжіп отырды. 1-курста бәрінің көздері жайнап келеді, ол 2-курста да сақталады. Ал, 3-курсқа өткен соң көздеріндегі от сөне бастайды да, 4-курсқа диплом алсам болды деп қана келеді, деп. Оқуға деген қызығушылықтың басылып қалғаны практиканың жоқтығынан. Ал, 4-курста ғана практикаға 1-2 айға барғанмен ол кезде оқығанының бәрін ұмытқан. Теория
бөлек, практика бөлек қой.
– Шетелдіктер үшін енгізілген электрондық виза қаншалықты нәтижелі болды?
– Оны 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады деп қанша айтқанымен, тек сәуірде ғана қосылды. «Көш жүре түзеледі» дегендей әупірімдеп жүріп жөндеп алдық. Бірақ, қазір коронавирусқа байланысты біраз жұмыстар тоқтатылды. Электрондық виза да берілмейді. Яғни, коронавирус туризмге үлкен кедергі келтіріп жатыр. Тіпті наурыздың басында Берлинде өтетін халықаралық үлкен туризм көрмесі де бағдарламадан алынды. Ал, Бейжіңде сәуірде өтетін көрмені қыркүйекке ысырып қойды. Әлемде ғана емес, Қазақстанда да биыл туристердің саны күрт азайып кететіні анық байқалып отыр. Төтенше жағдай аяқталып, карантин алынған күнде де туристердің сенімін қайта қалпына келтіру біршама уақытқа созылуы мүмкін. Сондықтан, туризм саласына гидтерді дайындаудан бастап, туристік қызметке дейінгі бүкіл сапа стандарттарының жоғын жасап, барын ретке келтіру жұмысын көп кешіктермей бірден қолға алу керек.
– Туристерге жолбасшы болатын гидтердің қызметі қаншалықты реттелген?
– Гид әрине біздің бейнеміз, ортадағы басты дәнекеріміз ғой. Яғни, тур компания мен қонақтың арасындағы бірінші адам осы гидтер. Шетелдердің көпшілігінде саяхатшылар туркомпанияның адамдарын кездестіре бермеуі мүмкін. Олардың қасында барлық уақытта тек гид қана болады. Бізде оларға деген сенім әлі де төмен. Жоғары деңгейдегі гидтеріміз де өте аз. Бұл мамандарға сұраныс бар. Елімізде соңғы кезде Гидтер қауымдастығы ашылып жатыр екен, алайда оның да жұмысы енді ғана бір жолға қойылып келеді. Ондағы жұмыс істейтін адамдардың саны аз. Гидтер әлі тіркелмеген. Сондай-ақ, Қазақстан туристер қауымдастығында гидтер реестрі деген бар. Ол 3 жылдан бері жаңартылмаған. Ондағылардың көбі бұл салада жұмыс істемейді. Бір жолы керек адамымызды әрең таптық. Соңғы кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы өзге мамандар сияқты гидтерде оқытып жатыр. Оған белгілі бір көлемде қаражат бөлінген. Бірақ, оның да жұмысы әлі жүйеленбеген. Еңбекпен қамту орталығынан жұмыс таппай жүрген
адамдарды оқытады. Ол ертең гид бола ма, болмай ма ол жағын ешкім қарастырмаған. Оқыған адамдың кемінде 60 пайызын тәртіп бойынша жұмысқа орналастыру керек қой. Сондықтан, басында 1-2 айға орналастыратын шығар. Алайда гидтердің кейінгі тағдырына алаңдайтындар аз. Үкімет тегін оқытып жатқандықтан елдің бәрі бірнәрсені оқып алғысы келеді. Ертең ол оған керек пе, жоқ па ешкім, бас қатырмайды. Оқыту үшін алдымен адамдармен әңгімелесу өткізу керек. Содан кейін ғана бұл адам гидті оқуға дайын ба, жоқ ол басқа саланың адамы ма деп жөн сілтейтін біреу керек. Өкініштісі, қазір ештеңенің байыбына бармай жоспар жасап, мемлекет ақшасын игеру үшін ниет еткеннің бәрін оқыта береді. Тіпті, тегін
мамандыққа оқытатын бұл жерге 2-3 рет келгендер де бар екен.
– Туризм саласын шетелдік операторлардан қорғау керек пе?
– Әрине. Біздің операторларымыз, агенттеріміз әлі заңмен қорғалмаған. Еуразиялық экономикалық одақ адамдарының бәрі Қазақстан нарығына кіріп жатыр. Қолымыздағы мәлімет бойынша, біздің елімізде туризммен айналысам деген шетелдіктерге тек филиал ашса болды. Олардың көбі осылайша ақшаны жинап
алып, бәрін өздеріне әкетіп жатыр. Егер салыстырып қарайтын болсақ одақтағы бес мемлекеттің ішінде ақшасының құны ең төмені біздікі. Яғни, бізге келіп жұмыс істеу оларға өте ыңғайлы. Заңнамада басқа елдің азаматы бізде гид болып жұмыс істей алмайды деп көрсетілгенмен, шындығында Қазақстанда өзбекстандық
та, қырғызстандық та, ресейлік те гид болып жүр. Бәрі өз елінен әкелген адамдарын ілестіріп жүре береді. Ешқайсысы арнайы гид жалдамайды. Өзі не айта алады, соны айтып жүре береді. Оның не айтып жатқанын біздің азаматтар білмейді де. Әркім өзінше бұрмалап, ойын айтады. Кейбіреулері тіпті, қазақ деген ұлт бұрын болмаған, ол қырғыздан шыққан дейді екен. Өзбектер болса, Түркістанға келгенде бұл бұрын біздің жер болған деп тарихты өз ыңғайына икемдеп айтып жүрген көрінеді. Егер мұны реттемесек, бізде туризм дамымайды. Оны идеологиядан бастау керек қой. Белгілі бір стандарттар жасаған кезде ғана бәрі өз орнына келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Қазір әркім өз білгенін айтып, таққа мінгісі келеді. Қазақстандық патриотизмнен жеке мені басым. Туризмнің дамымай тұрғаны содан.
– Туристік полицияның міндетіне бұл кірмей ме?
– Туристік полицияда жұмыс істейтіндер әлі күнге дейін полициядан келгендер. Олар туризммен байланысты адам емес. Туристік полицияның жұмысы да әлі жүйеге қойылмаған. Бізге ол не үшін керек? Олар туристермен жүрген гидтерді нөмірі бойынша тексерсе, қанеки. Мәселен, мынау Өзбекстанда шеттен келген бір адам туристерді алып жүре алмайды. Сонда оқыған, қолында құжаты бар, кеудесінде арнайы нөмірі бар гид қана туристерге мәлімет бере алады. Қырғызстанда да өзінің туркомпаниялары ғана жұмыс істей алады. Онда гидтер қала тұрмақ, түкпірдегі әрбір ауылдағы адамды біледі. Туризмді дамытуда оларда ешкім тыс қалмаған. Бізде бәрін қалаға әкелуге тырысады. Ал, ауылдағы ағайын одан тыс қалған. Сол сияқты, Нұр-Сұлтанның әуежайында сатылып жатқан кәдесыйлар мен өзге де қолөнер туындыларының бәрі аннан-мұннан әкелінген жасанды дүние. Неге онда нағыз қолөнер шеберлерінің заттары сатылмайды. Қолөнершілеріміздің әлі де басы бір орталыққа жиналмаған. Көп нәрсе зерттелмеген. Қазақстанның әрбір аймағының әлі күнге көпшілік мойындаған өз бренді жоқ. Бұл жұмыс енді ғана ақырындап жасалып жатыр. Мысалы, Алматының бренді алма болса, Түркістан облысы қызғалдақты алды.
– Мектеп оқушылары арасындағы «туристік пойыздар» қалай іске асырылып жатыр?
– Әзірге тек сөз жүзінде ғана. Туристік пойыз әлі күнге дейін қолға алынған жоқ. Іске қашан асатыны белгісіз. Өз басым 2016 жылы Алматы облысының сондай бір бағдарламасына қатысқам. Сол кезде 215 оқушыны «бір кездегі Қазақстанның астаналары» деген бағдарлама бойынша «Тұран-экспресс» деген компанияның 5 вагонымен аралатып көрсетуге тырыстық. Нәтижесі өте жоғары болғанымен, ол да аяқсыз қалды.
– Кәсіби түрде жасалған туристік бағыт бар ма?
– Өте аз. Қазіргі «Номад» этно ауылын оған мысал етіп айтсақ болады. Былтыр иесі онда кәсіби түрде нысан тұрғызып, 3 фестиваль жасады. Өкінішке орай, жарнама нашар болған соң оларға адам өте аз барды. Ондағы мамандар 200-ге жуық ұлттық тамақ түрін ауыл-ауылға барып жинаған екен. Оның көбін өзге тұрмақ, өзіміз ұмытып қалдық қазір. Шотландық бір шарада болғанда олар біздің қарынбүрмемізді ұлттық тамағымыз деп көрсетті. Яғни, ішіне ішек, өкпе-бауырды майдалап турап немесе ет турағыштан өткізіп салып, қарынды бүрмелеп пісіргенімен басқаша атайды екен. Ұлттық ас деп ерекше дәріптеп әкелді. Біз неге өз асымызды осылай дәріптемейміз? Өйткені, қолдау жоқ.
– Туризмнің бағыттары мен түрлері өте көп қой қазір. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Медициналық туризм десе қазір көбіне шипажайларды көрсетеміз. Ал, халықтық медицина қызметі мүлде көрсетілмейді. Агро туризм де енді ғана көрсетілейін деп жатыр. Бізде мүмкіндік бар бәрін көрсетуге. Жапондық саяхатшылар ауылда тұрғысы келеді. Алайда, оларға біз ештеңе ұсына алмай отырмыз. Жастар туризмі де мүлде кенже қалып келеді. Балалар туризмі де, жастарға арналған, олардың басын қосатын арнайы нысан да, демалыс орны да жоқ бізде әлі. 16 жастан 25-ке дейінгілерге ештеңе қарастырылмаған. Лагерлер 16 жасқа дейінгілерге арналған. Сол сияқты, автотур, автокэмпинг дегендер де дамымаған. Шетелде автоүйлер көп. Онда бірнеше күнге дейін тұруға болады. Бәрі күзетіледі. Бізде уақытша қонатын
орындар жоқ. Қонақ үй бағасы өте қымбат. Сондықтан, бір қаладан екінші қалаға саяхаттап, табиғатты тамашалауға шығатындар аса көп емес.
– Туризм саласында жүрген адамдардың көбі нәзік жандылар. Бұл кездейсоқтық па?
– Рас айтасыз, туризм бизнесіндегілердің 80-85 пайызы әйелдер. Бұлкездейсоқтық па, басқа ма, себебін
айта алмаймын. Менің ойымша, әйел адамдар туризм бизнесін таңдаған кезде ең алдымен өзінің отбасындағы бала тәрбиесіне де көңіл бөледі деп ойлаймын. Өйткені, оларда ұрпақ тәрбиесіне қатысты жауапкершілік сезімі күштірек. Бұл отаншылдықпен де ұштасып жатқаны күмәнсіз.
– Туризм саласында мол тәжірибесі бар, білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде шетелдік саяхатшылардың ерекшелігі туралы да ойыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Көп жағдайда барымызды көрсетіп, жоғымызды жасырып сонымен іс қыла алмаймыз. Өзге елдер жерінің батпағын де жақсылап жарнамалап, соны кәсіп көзі етіп отыр. Мысалы, жапондар Таңбалыны, Шарын шатқалын, Ақтаудағы шар даласын көргісі келеді. Басқаға онша қызықпайды. Олар өте таза, адал, инабатты адамдар ғой. Жататын жерде басқалардың болғанын онша қаламайды. Айғайлап, шулап жүретіндер қасымызда болмаса екен дейді. Кәрістер мен қытайлар да табиғатты жақсы көреді. Оларға да зәулім ғимараттар, тарихи орындар мен музей, кесенелер қызық емес. Аңшылық, құсбегілік сияқты көшпелі өмір салты қызық. Еуропалықтар да табиғатты тамашалау үшін келеді бізге. Қалада кең далаға шыққан кезде жерге жата қалып, айналаға таңдана қарайды. Қызғалдақтың гүлдеген сәтін шетелдіктердің бәрі көргісі келеді. Қытайда шабдулдың гүлдеуі деген шара бар. Біз де сиверс алмасының гүлдеуі дегенді жасағанымызға 3-ші жылға аяқ басты. Бірақ, баратын жолдың сапасы өте нашар.
Ал, Үндістан саяхатшыларының көбі ер адамдар деуге болады. Онда отбасымен қыдырғысы келетіндер де бар. Арабтар жеке қазан-ошағының болғанын қалайды және ішер асын өздері дайындауға тырысады. Қытайлар мен жапондар топпен жүргенді ұнатады.
– Бізге туризмді дамыту үшін арнайы заң қабылдау керек шығар қайтадан?
– Дұрыс айтасыз. Туризм туралы заң барынша қатаң болу керек. ЭКСПО кезінде туроператорлар құқы қорғалмады. Бізге билетті қымбатқа сатты да, теміржолға 2 есе арзанға сатты, ал, әуекомпаниялары оны өз жолаушыларына тегін таратты. Туроператар бұдан кейін оны қайда сатады темір жолдан, әуе компанияларынан оны өзгелер арзанға алып отырса.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

[ratings]

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...