12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

САНАНЫ САУЫҚТЫРУДЫҢ ҚҰНЫ – 270 МИЛЛИОН

ЖУСАН ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРГЕНДЕР КӨП. ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТКЕН ЖАНДАРДЫ ОТАНЫМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН БҰЛ ШАРА АЯСЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ 524 АЗАМАТЫ, СОНЫҢ ІШІНДЕ 357 БАЛА ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТАРЫЛДЫ. БЕЙБІТ ӨМІРІН БЕЛГІСІЗ СОҒЫС АЛАҢЫНА АЙЫРБАСТАҒАН ЖАНДАР ҚАЗІР АРНАЙЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫНА ОРНАЛАСТЫРЫЛҒАН. ЖАҒДАЙЛАРЫ ЖАҚСЫ, КӨЙЛЕГІ КӨП, ТАМАҒЫ ТОҚ. ПСИХОЛОГТАР МЕН ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІП ЖАТҚАН АДАМДАРДЫҢ ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ОРАЛАРЫНА СЕНГІҢ КЕЛЕДІ. ОҒАН БӘЛКІМ АЙЛАР, БӘЛКІМ ЖЫЛДАР КЕРЕК ШЫҒАР. ӘЙТСЕ ДЕ, ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРГЕНДЕР ҚАТЕСІН ТҮСІНІП, БАРЫН БАҒАЛАУДЫ ҮЙРЕНСЕ ДЕЙСІҢ.

Шам еліне шатасып, ерінің айтқанынан шыға алмай барған әйелдер туралы әңгіме басқа. Ал, қарулы қақтығысқа қатысқандар мәселесі қалай шешілуі керек? Кезінде «Сирияға кеткендерді елге кіргізбейік» деген де бастаманың көтерілгенін білеміз. Бұл да қажеттілік. Тұрғындарды жат ағымның ықпалынан сақтандырудың амалы. Бірақ, қай ана баласын жамандыққа қияр дейсің. Сол секілді Қазақстан да адасқан балаларының жанайқайын естімей, елемей қалмады. Жусан операциясы соның дәлелі. Дегенмен, шиеленіс нүктесінің бел ортасында жүргендерге жаза берілуі керек. Бұл олардың қатесін түсінуі үшін, өзгелерге сабақ болуы үшін маңызды. Егер қандай да бір жауапкершілік болмаса Сирияға барғанын мақтаныш етіп, «ерлігін» ертегі етіп айтатындардың көбейеріне күмән жоқ. Сананы улаудың төте жолы да осы емес пе?! Бүгінге дейін 41 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен, оларға қандай жаза тағайындалады? Азаматтарға нені ескерткен жөн? Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес халықты үрейлендіріп, қоғамға қауіп төндіріп, терроризм актісін жасауға ұмтылғандар мүлкі тәркіленіп немесе төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы әрекетті қайталағандар, сондай-ақ, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiруі мүмкін. Қаруды, жарылғыш заттарды қолданып жасалған дәл сол іс әрекеттері үшін жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді. Аз ба, көп пе? Жалпы, зайырлы мемлекетте әрбір азаматтың өмірі бағалы. Сот үкімінсіз ешкімнің бөтеннің өміріне қол сұғуға, залал келтіруге қақысы жоқ. Ал терроризм актісі кезінде құрбандар саны бір-екеумен шектелмейді.

Адам шығыны болмағанның өзінде жарылыстың орын алуы барша тұрғынның үрейін күшейтеді, елдің, мемлекеттің болашағына, тыныштығына деген сенімін әлсіретеді. Осы тұрғыдан алғанда, жалпақ жұрттың сенімімен ойнап, өміріне қауіп төндіргендердің жазасын қанша қатайтсақ та артық емес.
Сот тәжірибесін саралағанда байқалатыны, бүгінде Қылмыстық кодекстің 256-бабы бойынша тұзаққа ілінетіндер көп. Яғни «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру» деректері кемімей келеді. Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол
сияқты қауіпті мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтауды қылмыс деп санамайтындар бар. Шын мәнінде бұл қылмыс. Және ол үшін мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Алайда, біреудің терроризмді насихаттап, бүлік жасауға шақырған материалын оқымай бөлісетіндер, «сауатын ашамын» деген мақсатпен осындай жазбаларды жинайтындар сот алдына барғанда ғана қателігін түсініп жатады. Заңды білмеу жазадан құтқармайды. Сондықтан, заңдағы жаңа өзгерістерді, құқықтық сауатты көтеруді ешқашан назардан тыс қалдырмау керек. Осы мақсатта арнайы бағдарламаның жасалғанынан да көпшілік хабардар болар. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама осыдан екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрындық болған бұл бағдарлама діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Сананы сауықтыруды көздейтін бағдарламаның қаржылық қолдауы да қомақты.
Бақандай – 270 148,8 мың теңге. Оның 209 миллионын республикалық бюджет, қалғанын жергілікті бюджет қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, ынталы құрылымдардың қаржылық қолдау көрсетуіне де қарсылық жоқ. Ал, оның есептілігі қандай? Миллиондаған қаржы межелі жеріне жетіп жатыр ма? Осыны білу мақсатында Ұлттық
қауіпсіздік комитетінің ресми сайтын қарап көрдік. Есеп тұр. 2018 жылы атқарылған жұмыстар тізілген жазбаға көз салсаңыз, бірталай шаруаның атқарылғанына куә боласыз. Оның ішінде арнайы сайттың ашылуы, журналистика, әлеуметтану, саясаттану мамандықтары бойынша білім алып жатқандарға діни экстремизмге орай арнайы сабақтардың енгізілуі құптарлық жағдай. Білім ордасында білігін шыңдаған түлектердің талай адамның сауатын көтеруге қызмет етері хақ. Ғылыми конференциялардың ұйымдастырылып, мақалалардың жазылуы да өзекті. Сайттардың бақыланып, діни алауыздыққа бастайтын мақалалардың бұғатталып жатуы да ел қауіпсіздігіне сеп. Дегенмен мұның көпшілігін құзырлы орындар өз жұмысы болғандықтан атқарып отыр. Әлі де атқара береді. Ал, сананы сауықтыруға бөлінген ақшаның қайда бағытталғанын, кімнің жұмсағанын, қандай нәтиже бергенін бұл есептен ажырату мүмкін емес. Мұндай іргелі бағдарламаны Ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді үлкен құрылымның жауаптылығына берген соң халықтың да ірі істер күтуі заңдылық қой. Бұдан кейін үш жылға жалғасатын бағдарлама көкейде жүрген түйткілдерді шешкенде ғана көпшіліктің есінде қалады. Сондықтан мемлекеттен бөлінген қаржыны бір күндік істерге емес, бірегей жобаларға жұмылдырсақ ұтар едік. Мәселен, «Жусан» операциясы барысында елге оралған отандастарымыз туралы ақпараттар әлі де аз. Ал, оны фильмнің, деректі хабарлардың өзегіне айналдырсақ, терроризмге қарсы насихаттың пәрмендісі сол. Бұқаралық ақпарат құралдарының діни сауаттылыққа үндейтін айдарларын арттырған абзал. Жастардың бойына жат ағымдарға қарсы иммунитетті ерте бастан қалыптастыру маңызды.
Әрине, мемлекет діни сауатсыздықтың неге соқтыратынын біліп, соған орай қатердің алдын алуға қаржыны да аяп отырған жоқ. Тек сол ортақ қазаннан шыққан қаржының мақсатқа сай жұмсалуы қағаз жүзінде ғана тастай болып қалмаса екен. Айтпақшы, биылғы жылдың төрге озғанына да екі айдан асты. Ал, «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» 2019 жылғы есебі әлі сайтта жарияланған жоқ.

Мақпал АЙТҚАЛИ, дінтанушы:
– Мұндай бағдарламаның барын білеміз. Әрі оның қабылданғаны, бақылаудың Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылуы қуантарлық. Соның арқасында облыстардан дінтанушыларға арнайы гранттар бөлініп, сайттардағы ақпараттар бақыланып, жастардың тәрбиесіне мән берілуде. Десек те, лаңкестікке, терроризмге қарсы жұмыстар жиын, дөңгелек үстел өткізумен шектелмеуі керек. Себебі мұндай шараларға тек ғалымдар, діни ахуалдан хабары бар жандар жиналады. Олардың мақсаты – пікір алысу, диалог құру. Бұл топты діни сауатсыздықтан сақтандырудың керегі жоқ. Негізгі жұмыс терроризм қатерінің алдын алуға бағытталуы тиіс. Яғни, бағдарлама діни сауаты төмен, теріс ықпалдан қорғана алмайтын ортаға арналғаны жөн. Өз ұстанымын дұрыс санайтындар, керек десеңіз, теледидар көрмейді, газет-журнал қарамайды. Олардың бәрі қазір интернетке байланған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі, интернеттегі ақпаратты тұрақты қадағалау керек. Сосын білім ордаларында өтетін әрбір шараның түп тамырында ұлттық ұстаным, бірлік, татулық тұруы тиіс.

Нұрлан ШЫНТАЕВ

[ratings]

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.