spot_img
spot_img

Арам ақша

Мәскеу түбіндегі әскерилерге арналып салынған үйдің сапасы сын көтермегендіктен бұзылатынын Қайыржан ауылдасы Нұржаннан естіді.

– Тез жет! – деді телефонмен қысқа қайырған Нұржан. – Қазақстаннан екі бригада келеді деп айтып қойдым. Бұл елде әскерден ақша аямайды. Тоғыз қабатты үйлерді іргетасына дейін қайта бұзу керек. Керемет жақсы ақша төлейді.

– Қанша ақша «жылап» суға ағып кетті деші…

Қайыржан екі бригадасын жолға жылдам жинады. Нұржанның барлық жағдайды саралап барып шешім қабылдайтын әдеті. Ол айтса, сенуге болады.

Қазақтың сайдың тасындай жиырма жігіті Домодедово әуежайына таңға жуық түсті. Қайыржан Мәскеуді бір кісідей біледі. Жігіттерді бастап, Нұржан айтқан мекенжайға жылдам жетті. Нұржан тапсырған орыс жігіті бұлармен қолма-қол шарт жасасты да, ертеңінде-ақ жұмысқа кірісіп кетті.

Құрылыста жүріп әбден піскен қарулы жігіттер қоя ма, бірінші үйді жертөлесіне дейін бір жұманың ішінде бұзып бітті. Неге екені белгісіз, жертөленің іші суға толып кетіпті. Оны сорғытуға бір күн уақыт кетті.

Кешкілік жігіттердің бірі айғай салды:

– Қайыржан, шеткі отсектен су тартылып біткенде бір үлкен бөшке шықты. Өзі ап-ауыр.

Бөшкені көрген Қайыржан бірден Нұржанға хабарласқан. Нұржан Алматының жоғары милиция мектебін бітірген соң қызметті Мәскеу түбіндегі Щелково деген қаладағы қылмысты іздестіру бөлімінде бастаған. Орайы солай болды. Орыс тіліне жетік, тұлғасы да келісті, алғыр жігіт бөтен ортаға жылдам сіңісті. Өткен ғасырда Арқа өңірінде Иманжүсіп деген атақты ақын әрі балуан болған. Сол кісінің тікелей ұрпағы. Талай қылмысты шемішкедей шағып, дереу ашатын Нұржанды жоғарыда тұрған генералдардың өзі қатты бағалайды. Сондықтан, жасы келсе де, оны доғарысқа жібермей жүр. Текті азамат осы абыройын алыстағы Қазақстанда қалған ескі, бала кездегі достары үшін пайдаға жаратудан қашпайды. Қазір осы бөлімнің бастығы. Қайыржан да бұдан он жыл бұрын Мәскеуге сол Нұржанның көмегінің арқасында келіп қалған.

Жоғалған кәсіпкер

Нұржан бастаған топ Қайыржандар жұмыс істеп жатқан үйге дереу жетті. Бұрышта тұрған ауыр бөшкені кран енді ғана көтеріп шығарып жатыр екен. Кәдімгі екі жүз литрлік үлкен бөшке. «Төтеншелер» бірден бөшкенің ішіндегі қатып қалған цементті шаға бастады. Бір кезде адам сұлбасы көрінді. Бет-аузынан сау жер жоқ. Бүкіл денесі көкпеңбек. Өлер алдында бейшараны әбден қинағаны көрініп тұр. Нұржан жедел арада соңғы айларда із-түзсіз жоғалған адамдардың тізімін, олардың фотобейнелерін сұратты. Салыстыру көп уақыт алмады. Бұл Ресейдің батысындағы Белгород қаласының атақты бизнесмендердің бірі Максим Пашин болатын. Бұдан екі жарым ай бұрын ізім-қайым жоғалып кеткен. Тек есігі ашық-шашық жатқан  қымбат көлігі қаланың тұйық  көшелерінің бірінің елеусіз бұрышынан табылған. Содан бері бұл іс ерекше бақылауда болатын.

Максим туралы бүкіл деректер сол күні кеште Нұржанның алдында жатты. Максим басқарған «Питер» фирмасы теміржол құрылысымен, тұрғын үй салумен, жүк тасымалымен айналысатын ірі фирма екен. Ең таңғаларлығы, бұл жігіт атақты әртістің жалғыз ұлы болып шықты.

Максимге әкесі жаман тәрбие берген жоқ. «Сұңқар шашып жейді…» деуші ме еді қазақ мақалы, мынау да талай адамға, балалар мекемелеріне жәрдемі тиген меценат жігіт. Дегенмен, қаншама қайырымды десе де, соншама сүттен ақ, судан таза жігітке ұқсамайды. «Роллс-Ройс», «Майбахпен» ғана жүретін мақтаншақтығы болған. Әйелі неше жыл болды Эмиратта тұрады. Ақшаның буы қойсын ба, тіпті, кейінгі жылдары саясатқа да араласа бастаған. Думаға сайланбақшы болыпты, қарсыластары омақаса құлатыпты. Содан облыстық Думаға әзер өтіпті.

Пашин жайындағы деректермен ілесе басқа да мәліметтер шыға бастағанда, Нұржан «Әй, өзің де сау сиырдың боғы емессің-ау!» деп ой түйіп қойды. Өйткені, жасөспірім кезінде қылмыс әлемінде аты белгілі бір «авторитеттің» тобында жүріп кісі тонауға қатысыпты. Әке беделімен ол тұзақтан аман шыққан секілді. Есейген кезінде банктен жымқырылған ақшаға қатысы бары анықталып, ол істен де аман құтылып кеткен. Дегенмен, жедел есеп кәртішкесінде тіркелмеген. Яғни, «сүттен ақ, судан таза».

Қара мысық

Нұржан Пашиннің Беспалов деген орынбасарымен сол күні кеште-ақ тілдесті. Мәскеу облысы Құрылыс минис­трінің орынбасары Харламов пен оның бизнесмен балдызы Красин марқұмның айналасындағы достары саналады екен. Бірақ, Беспаловтың айтуынша, соңғы кездері бұлардың арасынан қара мысық жүріп өткен. Неше рет дауыстары қатты шығып, сөйлесіп жатқандарын естіген. Бірде, тіпті, Пашиннің «50 миллион доллар қарыз дегенді сендер қайдан алып тұрсыңдар?!», – деген сөзін ап-анық естіпті. Рас болса, орасан көп ақша ғой! «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деуші еді қазекең мұндайда.

Красин мен Пашиннің достығы бұдан жеті жыл бұрын басталған. Сол жылы осы қалаға «арнайы экономикалық аймақ» деген мәртебе берілді. Красин сол аймақтың бастығы болып тағайындалды. Яғни, мұның айналасында сұмдық көп ақша айналымда жүреді деген сөз. Оның үстіне жаңа достың жездесі министрдің орынбасары болса ше!

Иненің көзінен өтетін Пашин оны­мен оңай тіл табысты. Пашиннің атақты әртістің баласы екенін білген Красин бірде ерігіп отырып әке-шешеңмен таныстырсаңшы деген өтініш айтады. Бұл үлкен Пашиннің өмірден өтіп кеткен кезі еді.

– Мәскеудің ортасындағы үйімізге алып келіп таныстырды, – деді егде тартып қалса да, әлі әрін бермеген Максимнің анасы. – Әдейілеп дастарқан жайдым. Бірақ, Красинді бір көргеннен ұнатпадым. Ұлыма мына пәледен қашық жүр деп неше рет ескерттім.

Красин мен Пашин бара-бара араларынан қыл өтпестей жолдас болып алды. Шетелдегі демалыс орындарына отбасыларымен бірге шығатын болды. Красин  бастық болған екі жылдың ішінде екеуі талай майшелпекке батты. Талай ірі тендердің ақшасын қылдай бөлісті. Екі жылдан кейін Красинді осы майшелпектен аластап тастаған кезде, Пашин досын далаға қалдырмай, өз ақшасына Англияға оқуға жіберді. Оқуын бітіріп, екі жылдан кейін оралған Красин бірден облыстық құрылыс мекемесінің директоры болып тағайындалды. Келесі жылы бүкіл Мәскеу түбіндегі оншақты қалаларда бұрын-соңды болып көрмеген керемет үлкен жоба басталып кетті. Ол жоба – сол қалалардың әрбіреуінде ондаған балалар алаңдарын салу. Бұған өкіметтен миллиардтаған ақша бөлінген. Тендердің басым көпшілігін, әрине, досының арқасында Пашин «ұтып» алды.

Максимнің фирмасы тапсырысты орындап, бар ақшаны игергенімен, құрылыс барысында олқылықтар мен ақаулар да болмай қалған жоқ. Заң бойынша Красиннің мекемесі сол үшін Пашиннің фирмасын сотқа берді. Сот мемлекеттік мекемені қолдап, Пашинге 20 миллион рубльдің айыбын салды. Бұндай деректерді Нұржан тергеу барысында Беспаловтан там-тұмдап сұрап отырып білген. Миллиардтаған ақшаның қасында мұндай ақша сөз болып па! Беспалов сонымен бірге, тендерге түскен кезде қолма-қол ақша қажет болып қалып, Пашиннің Харламовтан қолхат жазып беріп, 10 миллион рубль қарыз алғанын айтып қалды.

– Харламовқа ақшаны қайтарды ма? – деп сұрақ қойды осы жерде Нұржан.

– Қайтарған. Бірақ, қолхатын алған жоқ. Аламын деп жүргенде осылай болып қалды, – деді Беспалов.

– Пашиннің ана екі туыстың алдында басқадай қарызы жоқ па еді?

– Жоқ. Оны анық білемін.

– Бірақ…

– Иә, айта бер, қысылма.

Беспаловтың одан арғы әңгімесінен белгілі болғаны мынау. Тапсырыс орындалып бітіп, атқарылған жұмыс қабылданып алғаннан кейін, келесі жазда әр-әр қаладағы балалар алаңдарында бірнеше бала жарақат алып, мерт болады. Прокуратура тексеру жүргізгенде, техникалық талаптардың өрескел бұзылғаны, өте сапасыз материалдардың қымбат бағамен сатып алынып, пайдаға жаратылғаны анықталады. Бұның ақыры үлкен шу болып, Харламов пен Красин майлы жіліктің басынан айырылып, қызметтен қуылады.

«Міне, мәселе қайда?!», – деп ойлады Нұржан Беспаловтың жүзіне барлай қарап отырып. – Осыдан кейін анау екеуі Пашинді қалай кешірсін?!».

Барлық гәп балалар алаңын салуға бөлінген миллиардтаған ақшада жатуы мүмкін. Харламов пен Красиннің Максимді үлкен ақша төлеп, ұрлатуының сыры осында сияқты. Пашин неліктен Красиннің Англияда екі жыл оқыған оқуы үшін ақша төлеуі тиіс? Өзара мәміле болуы мүмкін. Шетелдік оқу Красинді ақшалы, майлы лауазымға тағайындау үшін қажет болғаны сөзсіз. Бұл үшеуі ошақтың үш бұтындай «үштік» құрғаны талассыз. Лауазымды қызметтегі ана екеуі Пашинге сұраған тендерін беріп отырады. Ал Пашин содан ана екеуіне «откат» төлеп отырады.

Аңдушы алмай

қоймайды

Нұржан үшін қалған картинаны рет-ретімен жиыстыру аса қиынға түспеді.  Иә, сонымен, ақпан айының орта тұсында Максим Эмираттан ұшып келген әйелі Ленаны «Шереметьево» әуежайынан қарсы алды. Королевке жеткенде, жүргізушісін шақырып алып, машинаның кілтін ұстатты. Өзі «Фордқа» отырып, «Аренго» мейрамханасына кездесуге жүріп кетті.

Бұл кісі қарасы қалың, ел көп жүретін жерде орналасқан мейрамхана. Максим машинасын көршілес орналасқан кино­театрдың терезесі жоқ «соқыр» қабыр­ғасына тіреді де, ішке кіріп кетті. Ол «тыңшылардың» соңғы екі ай бойы көз жазбай аңдып жүргенін сезген жоқ. Бұлар бүгін де мейрамханаға ілесе келген. Көнетоз «девяткамен» жүрген аңдушылар ұрымтал сәттің енді кезіге қоймайтынын ұқты. Құрбандықтың өзі қақпанға келіп түсті деген осы.

Пашин мейрамханадан түн ортасы ауа шықты. Машинасының артқы есігін ашып, қолындағы портфелін орындыққа лақтыра салған. Сөйтті де, өз орнына отырып, кілтін салып, от алдыра берейін дегенде, екі жағынан жүгіріп келген алпамсадай төрт жігіт Максимді тулақ құрлы көрмей, сыртқа сүйреп алып шықты да, бас-көз демей сабай бастады. Пашин да қарсы бірер жұдырық жұмсағаны болмаса, төртеуіне шамасы келмесін біліп, қашып құтылудың жолын іздеді. Көшеде де бейсауат жүрген тірі жан көзге түспеді. Бір кезде шүйдесіне тиген қатты соққыдан есінен танып қалды.

Көп бағдаршамның бірінің алдына келіп тоқтаған бір сәтте Пашин есін жиып алды да, машинаның есігін ашып үлгеріп, сыртқа босанып шыққандай болып еді, бәрі жабылып жүріп, оны машинаға қайта кіргізді. Бұл көріністі кездейсоқ куәлер байқап қалды. Олардың бірі жақын жердегі полицияға хабарлап үлгергенімен, қылмыстың ізі суып үлгерген-ді. Сақшыларды күтіп алған екі куәгер құрбандықтың джинсы шалбарын, бәтеңкесі мен ұялы телефонын тапсырды. Бұл заттардың барлығы Пашинге тиесілі екендігін анықтау қиын емес еді.

Көлденең табыс

Сұр «джип» пен «ондық» «ВАЗ» Мәс­кеуді бетке алып салып-ұрып келе жатыр. Ресей астанасына екі жүз шақырым қалған кезде бұлардың алдынан Красиннің «Маздасы» мен «Ритуальные услуги» деген жазуы бар катафалк шықты. Соңғы көлік иесінің Харламов­тың алдында үлкен қарызы бар еді. Сондықтан, ол шалажансар Пашинді өлі адам ретінде алып жүруге лажсыздан келіскен. Осы заматта есін тағы бір жиып алған Пашин босанғысы келіп, жан дәрмен қимылдаған. Шыдамаған қаскөйдің бірі травматикалық пистолетпен бірнеше рет атып еді, Пашин қайтадан есінен танып қалды.

Харламов бері келгенде, Пашин ес-түсін білмей қансырап жатқан. Тамырын ұстап көріп еді, бойында әлі жаны бар екен. Максимді қайтадан жәшікке салып, бірінің артынан бірі қозғалған үш машина Королев қаласынан бір-ақ шықты. Бұл жерде Пашиннің кесірінен лауазымынан айырылған Харламов бос жатпай, Қорғаныс министрлігіндегі лауазымды таныстары арқылы Мытищиде әскерилерге арналып салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тендермен ұтып алып, біраз үйді салып тастаған болатын. Солардың бірінің жертөлесіне Пашиннің денесі салынған жәшікті түсіріп, ол есін жинаған соң, «әңгімені» жалғамақ болды. Харламов қателесіпті, Пашин жәшікте өлімші емес, өлген күйінде жатыр екен. Қанына қарайған ол ертеңінде қарақшылардың біріне телефон шалды:

– Белгородта Пашин мінген «Фордтың» ішінде портфелі қалған. Соны бүтін жеткізсеңдер, қалған ақшаларыңды беремін.

Түнімен ойы сан-саққа жүгірген оның есіне Пашиннің портфелін жанынан тас­тамай жүретіні, ішінде бүкіл құжаттары көшірілген, есепшоттар мен оның парольдары жазылған планшет бар екені оралған еді.

«Барымтадан» түскен үлес ақшаларын тең бөліп, түнімен олжаларын жуған «төрттік» үшін бұл күтпеген тапсырма еді. Тағы төрт жүз шақырым кері жүру бұлардың жоспарында жоқ. Амал қанша, қорқаудың бірі таныс таксистке телефон шалып, Белгородқа барып-қайтуыңа елу мың рубль берем деп еді, анау жанып түсті. Іші пыспас үшін екі досын және салып алды.

Жол жүріп үйренген таксист үшін сөз бе, таспадай тартылған жолмен үш-төрт сағатта зыр етіп Белгородқа келіп, айтылған мекен-жайды тауып, есігі шала жабылған «Фордтың» ішінен тапсырылған портфельді алды. Қайта, тірі жан тиіспепті. Кейсті салып алып, кері оралды. Жолда достардың бірі портфельдің ішінде не бар екен, көрелік деп ашса, міне олжа дегенің қайда, шытыр-шытыр еткен жарты миллион рубль шыға келсін! Үш дос тегін олжаны тепе-тең бөлісті. Белгородтан шыға салысымен шыдай алмай, жолда мейрамханаға кіріп, көлденең кездескен табысты «жуып» тастады.

Тағы бір жүз шақырым жүрген соң, қозғалысы бір түрлі «Хонда» ГАИ қыз­меткерлерінің күдігін туғызған. Тоқтатылған көліктің ішінен ащы судың иісі бұрқ ете түскеннен-ақ сержант секем алды. Жүргізушінің өзі де әжептәуір қызарып алыпты. «Көліктен түсіп, куәлігіңді бер!», – деген жарлыққа таксист «Бірден отыз мың рубль берейін, брат, осы жерде мәселені шешейік…», – деп еді, сержант та қызметіне адал азаматтардың бірі екен, екінші серігін шақырып, екеулеп ішіп алған үштікті сол жерде қыспаққа алды. Машинадан қолды болған бизнесмен-депутаттың куәлігі, бүкіл құжаттары салынған портфель шықты.

Қылбұрау

Нұржанға жолда қолға түскен таксист пен оның серіктері туралы мәліметтер мәлім болған соң, қол астындағы екі жедел уәкілін Белгородқа жіберді. Сол жерде тергеу жүргізген екен, зәресі ұш­қан үшеуі жағдайдың қалай болғанын түгін қалдырмай тәптіштеп айтып берді. Белгородқа жіберген танысы Мытыщи қаласының тұрғыны, мекен жайын білмейді, бұлар оралады-ау деген кезде өзі хабарласуы тиіс екен.

Нұржанның «оперлары» таксистің телефоны мен бір бума қағаз толы портфельді тауып алған «бомждың» рөліне кіріп, қоңырау күтті. Телефон шалынған кезде, «мастықтан» тілін шайнап сөйлеген «бомжға» сенбей, киндеппинг-ұрылар тағы бірнеше рет «бақылау» қоңырауын шалады. Тек төртінші ретте ғана кездеспек болады. Арғы жағы белгілі. Оперлар төрт ұрыны оп-оңай қолға тү­сірді. Әрине, оларды сөйлетуге де біраз уақыт кетті. Темір торға қамалған оңай ма, біртіндеп тілдері шыға бастады.

Нұржан бастаған жедел уәкілдер Харламовты «Домодедово» әуежайынан Ставропольға ұшқалы тұрған жерінен құрықтады. Красин бұл кезде Қырымда жатқан болатын. Тегі сол жақта кездесіп, одан арғы амалдарын ойламаққа кездеспекші болғанға ұқсайды.

Нұржан Қайыржан досын арада төрт күн өткеннен кейін іздеп келді. Түрі тым шаршаңқы.

– Ақша жолындағы ауыр қылмыстар Ресейде өте көп, – деді Қайыржан құйған қара шайға туған елден жеткен дәмді балды араластырып отырып. – Мәскеу маңындағы шенеунік-байлардың ертегідей сәулетті үйлерін өзің де көріп жүрсің ғой. Солардың барлығының байлығының түбі шикі. Қоғам іштен шіріп жатыр. Осылардың дауасыз тіршілігіне қарап отырып қарадай шаршап кетемін. Отставкаға шыққаннан кейін елге қайтамын.

Сайлау ТӨЛЕУОВ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...