Елімізге Ресейден келушілер қатары былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп кеткен. Тек биылғы 24 ақпан мен 11 сәуір аралығында көрші елден 130 мың азамат келіпті. Жалпы, бірінші қаңтарға берілген есеп бойынша Қазақстанға былтырдан бері 457 мың шетелдік кірген. Оның көбі Өзбекстан мен Ресей азаматтары. Ал, соғыс алаңына айналған Украинадан 3481 адам келіпті.
Статистика бүгінгі таңда 170 ресейліктің Қазақстанның азаматтығын алуға өтініш бергенін айтады. Уақытша тұруға сұранып жатқан адамдардың саны өсу үстінде. Олардың да дені ресейлік. Қазіргі таңда 1055 адам елімізде уақытша тұру ниетін ресми түрде танытты. Ал Украинадан келген азаматтар арасында мұндай өтініш иелері әзірге 7. Бұл жөнінде осы сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қаралуы барысында Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев мәлімдеді. Бұл жағдайға депутаттар алаңдаушылық білдірген еді. Әйтсе де, оның айтуынша, келушілер соншалықты көп емес. 2020 жылы пандемия кезінде біздің шекарамыздың жабылуына орай сырттан келушілер саны азайғанымен, одан арғы 2018–2019 жылдары келушілер саны үш есе көп болған. Ол кездерде жылына 350-360 мыңдай адам кіріп, шығып тұрған. Мәселен, 2019 жылы 200-ден астам ресейлік азамат азаматтық алу туралы өтінішпен келген. Ал, биыл уақытша тұруға ниеттілер расында көп. Еске алған жылдарда бір тоқсан ішінде 350-400 адам сұранып тұрса, жоғарыда айтылғандай, небары бір-екі ай ішінде олардың саны мыңнан асып кетті. Вице-министр миграциялық үдерістердің сәуір айынан бастап іске қосылған э-қонақ жүйесі арқылы жіті бақыланып отырғандығын айтты.
Келіп жатқандармен қатар елімізден кетіп жатқандар қатары да аз емес. 2021 жылы олардың саны 32 мыңнан астам болып, 2020 жылға қарағанда 16 пайызға артыпты. Ең өкініштісі 8584-і жоғарғы білімі бар жастар және еліміз үшін ең қажетті мамандық иелері. Таратып айтар болсақ, 5 мыңнан астамы техникалық, 2 мыңнан астамы педагогикалық, ал мыңға жуығы медицина мамандары. Алаңдатарлығы сол, мұндай азаматтардың қатары жылдан-жылға артып барады. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, бұған әрине, елдегі әлеуметтік жағдай әсер етіп отырғаны анық. Көпшілігі үшін өз мамандықтары бойынша табысы сапалы өмір сүруге жететін жұмыс табу қиын. Енді Ресейден мигранттың ағыла бастауы еңбек нарығындағы жағдайды күрделендіріп жібермесін деген депутаттардың алаңдаушылығы орынды. Осы тұрғыда біздің тиісті заңдарымыздың елдің мүддесіне сай болуы өте өзекті.
Қаралып отырған заң жобасы Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен дайындалыпты. Отырыста оны қорғаған депутат Ғазиз Құлахметовтың айтуынша, мақсат – адам құқықтарын қорғау үшін қолданыстағы заңнамаларды ҚР Конституциясына сәйкестендіру, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешу, Қазақстан азаматтарының мүддесін қамтамасыз ету, көші-қон мәселелерінде мемлекеттік реттеуді жақсарту, құқықтық олқылықтарды жою. Атап айтқанда, бұл құжатта халықты құжаттандыру процедураларын оңтайландыратын және кейбір заңнамалық актілердегі ескерілмеген тұстарды жүйелейтін ұсыныстар көзделді.
Тағы бір өзгеріс Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының төртінші бөлігінде көрініс тапқан талапқа орай жасалды. Онда қорғалуға құқығы бар куәға анықтама беріледі, ол қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде арыз иесі тікелей көрсететін адам болып есептеледі. Осыған байланысты «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңның 4-бабының үшінші бөлігіне түзету енгізу және оны «қорғалуға құқығы бар куә» ұғымымен толықтыру, сондай-ақ, осы баптың аталған бөлігіне «осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілгендерден басқа» деп ескертпе қосу ұсынылды. Өйткені, қаралып отырған баптың үшінші бөлігінің қолданыстағы редакциясы бойынша, тіпті, ҚР тұрақты тұратын, қандай да бір себептермен қылмыстық іс жүргізу орбитасына түскен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдар уақытша тұратындар санатына ауысады.
«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заң жобасына да түзету жасалды. Бұл құжаттың 22-бабының 7-тармақшасын нақтылау сипатындағы түзетулер ұсынылып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға әкімшілік іс шара емес, қылмыстық жаза тағайындау тетігі дәйектеліп отыр.
Тағы бір жаңалық, он алты жасқа дейінгі балаларға қатысты енгізіліпті. 2020 жылдан бастап бұл жеткіншектердің аты-жөндерін ҚР тыс жерлерге шыққан кезде ата-аналарының паспорттарына жазуға және фотосуреттерін жапсыруға болмайды, осыған байланысты шетелге шыққан кезде балаларға жеке паспорт ресімдеу талап етіледі. Бұл отбасылардың қаржылық шығынын өсіріп отыр. Сондықтан жаңа құжат бойынша балаларға арналған «киндер» деп аталатын паспорттарды беру жөніндегі халықаралық тәжірибені және балалардың сыртқы келбетінің тез өзгеретінін ескере отырып, 12 жасқа дейінгі балаларға арналған паспорттың қолданылу мерзімін – 5 жылға дейін қысқарту, 12 жастан – 16 жасқа дейінгі балаларға (осы кезеңде баланың сыртқы келбеті барынша қалыптасқанын ескере отырып) паспорттың қолданылу мерзімін бұрынғы қалпында – 10 жылға қалдыру ұсынылды. Осыған байланысты кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік баж салығы 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендетілмек.
«Босқындар туралы» заңға жасаған түзету бойынша пана іздеген адамдар мен босқындар ҚР аумағындағы тұрғылықты жері өзгерген кезде есептен шығып, уәкілетті органда тіркелуге және жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде есепке тұрып, тіркелу міндеттілігі айқындалды. Пана іздеген адамдарды ҚР аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркеудің тиісті тәртібін бекіту жөніндегі құзыретті ҚР Ішкі істер министрлігіне беру қажет деп ұйғарылып отыр.
Депутаттар «Төтенше жағдай туралы» заңға енгізілген 18-баптың бірінші тармағы бойынша азаматтарға мерзімі өтіп кеткен құжатты төтенше жағдай кезінде пайдалануға берілген рұқсаттың оның үшінші тармағы бойынша электронды құжаттарға немесе тұлғаларға қосымша міндеттер жүктейтін құжаттарға жүрмейтіндігіне алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте олар «Қаңтар оқиғасында» ғаламтор жүйесінде болған қолайсыздықтарды еске алды. Осындай жағдайларда аталмыш құжаттарды беретін мемлекеттік органдар жұмысында да кедергілер туындау мүмкіндігіне, сонымен қатар бұл норма өз міндетіне адал емес шененуніктер үшін лицензия иелерінің заңды қызметіне шектеу қою қаупіне назар аудартты. Заң жобасын жасаушылар мәселенің орынды көтерілгендігін, алдағы уақытта қарастырылып, тиімді шешімге келуге дайын екендіктерін білдірді.
А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»


