АҚМОЛАЛЫҚТАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Тасқын судың зардабы біртіндеп сейіліп келеді. Әсіресе, осы қиындыққа душар болған өңірдің бірі – Ақмола облысы еді. Бүгінде үй-жайы су астында қалып, шығынға ұшыраған ағайынның мәселесі шешіліп, қуанышты хабар көптеп естілетіндей. Тіпті, өткен сәуір айында кейбір ақмолалық ағайындарға жайлы пәтер беріліп, мемлекет қамқорлығын сезінген жұрт алғысын айтқан болатын.

Мысалы,Ақмола облысының орталығын қақ жарып өтетін «Қылшақты» өзені жағасындағы 10-ға жуық үйді су басқан болатын. Іргетасы төмен әрі салынғанына көп жыл өткен баспаналар су екпініне шыдамай бірден құлады. Үйсіз қалған оларға жергілікті билік тез көмек беріп, уақытша баспанаға да орналастырғаны бар. Аз уақыттан соң осындағы 8 отбасыға пәтер кілті табысталды. Әрі олар өзіне керекті баспанасын облыс орталығы – Көкшетау қаласының кез келген ауданынан таңдауға мүмкіндік алыпты. Пәтер алған отбасылардың қуанышына ортақтасуға келген облыс әкімі Марат Ахметжанов алдағы уақытта табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп, шығынға ұшыраған ақмолалықтарға көмек тоқтамайтынын айтқан болатын.

– Біз мәселені тездетіп шешуге барымызды саламыз. Жергілікті бюджет есебінен 11 отбасына пәтер берілді. Мұнымен қоса Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандарынан 74 отбасыға тұрғын үйлерін жөндеуге көмек көрсетілмек. Барлық зардап шегушіге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай демеу беріледі. Мен апат кезінде қауіптің бетін қайтаруға атсалысқан адамдарға алғыс білдіремін. Ел бірлігі арқасында қиындықты жеңе білдік. Сондай-ақ қала тұрғындары мен еріктілер көмегін баса айту керек, – деді салтанатты жиында облыс әкімі. Баспанаға қолжеткізгендердің де қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар бірауыздан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет пен облыс басшыларына алғысын қайта-қайта жаудыруда. – Иә, үйіміз ескі болса да, осы шаңырақтан ұл-қыз өсіріп, берекелі ордаға айналған құтты мекеніміз еді. Тасқыннан қиналсақ та, ел басқарған азаматтардың қолдауы арқасында бүгін пәтер кілтіне қол жеткіздік. Ел бірлігі мықты болса, біз жеңбейтін қиындық жоқ, – деді қала тұрғыны А.Біләлов. Бұл жаңалықтың артынша Aqmola_regionтелеграмм каналы «Ақмола халқына» ҚҚ-мен Ақмола облысының әкімдігі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойғанын хабарлады. Онда айтылғандай, «Қазақстан халқына» ҚҚ су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 үй салып бермек. Тұрғын үйлер Ақмола облысы әкімдігі ұсынған типтік жоба бойынша қор қаржысына салынады.

– Президенттің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бірлескен жобамыз тиімді жүзеге асып, күзге дейін жүзге жуық отбасы қонысты болатынына сенімдімін, – деді кездесуде облыс әкімі Марат Ахметжанов. Айта кетейік, бұған дейін «Қазақстан халқына» ҚҚ Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдіктерімен тұрғын үйлер салу туралы меморандумдарға қол қойған болатын.Су тасқынынан зардап шеккен басқа облыстардың әкімдіктерімен де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Біздің мақсат – табиғи апаттан зардап шеккен өңірлердегі 500-ден астам отбасын жайлы баспанамен қамтамасыз ету, бұл үшін қаражат жинау мамыр айының соңына дейін ұзартылды, – дейді қордың басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңқысбаева. Енді жергілікті атқарушы органдар су басқан аймақтардағы залалды бағалауды және құрылысқа қажетті қорытындыларды дайындауды, оның ішінде болашақта су басу қаупі жоқ жерлерде жаңа үйлер үшін жер телімдерін бөлуді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дайындауды қамту жұмыстарын жеделдете жүргізуі тиіс. Жалпы өткен айдың 8-де қордың Қамқоршылық кеңесі төтенше жағдайдың салдарын жоюға 10 миллиард теңге бөлу туралы шешім шығарған еді. Сонымен қатар, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығындағы барлық түскен қаражат осы мақсатқа жұмсалатын болады. Ал өткен аптада вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бірге су тасқыны салдарын жою бойынша кеңес өткізді. Бұған бизнес компания өкілдері де қатысты. Аталған жеке серіктестіктер басқа демеушілермен бірге аймақты қалпына келтіруге атсалыспақ. Ресми мәлімет бойынша, Ақмола облысында барлығы 1817 үй су астында қалған.Оның 359-ы апатты деп танылса, қалғаны жөндеуге болатын баспаналар. – Өңірдегі үйлерді жөндеу мен салуға барлығы 10,5 млрд теңге қажет. Оның 5 млрд теңгесін KaspiBank, 1 млрд теңгесін RG Gold компаниясы бөледі. Алдағы уақытта шамамен 4 млрд теңге табу қажет. Әкімдіктің алдына 15 тамызға дейін су тасқынынан зардап шеккен облыстың барлық тұрғындары жөнделген және жаңадан салынған немесе сатып алынған үйлерге кіруі тиіс деген міндет қойылды. Жұмыс кестесі бар, мердігерлер анықталып, барлық тиісті қаражат бөлінетін болады, –деді кеңесте вице-премьер Қ.Бозымбаев. Халық қауіпсіздігін қамту және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарлануда. Сонымен қатар, жоғарыда айтқандай, Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынатыны белгілі. – Біз ТЖ режимі жарияланған өңірлерде, яғни Көкшетауда – 89, Жарқайыңда – 27, Есілде – 22, Астраханда – 34 және Жақсы ауданында – 10 дайын пәтер мен үй сатып алатын боламыз. Қауіпсіз аймақта барлығы 182 үй сатып алу жоспарланып отыр,– деді облыс басшысы М.Ахметжанов. Сондай-ақ, жергілікті билік осындағы жол және инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғыртуы керек. Бұған Үкімет резервінен қаражат бөлінеді. Вице-премьердің тапсырмасы бойынша автожолдар, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілдеде аяқталуы тиіс.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Абай облысындағы әйелдер колониясының қызметкерлері Денсаулық күнін спорттық жарыстармен атап өтті

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде Денсаулық күніне орай...

Тұрақты даму мақсаттары: білім мен қоғамды байланыстыратын жүйелі қадамдар

Қазіргі таңда әлем елдері үшін тұрақты даму мақсаттары тек...

Әділ қоғам  қалыптастыруда білімнің рөлі

Қазіргі кезеңде тұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі әділ, ашық...

Мемлекеттік қызмет — мерейлі міндет

Мемлекеттік қызмет – мемлекет жүйесінің ел басқарудағы ең маңызды...

Задачи административной юстиции

1 июля 2021 года введен в действие Административный процедурно-процессуальный...