«Ең алдымен адамдар — адамға бағдарланған мемлекет» қағидасы халық мүддесін қорғаумен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуде, сондай-ақ, әділ қоғам құруда негізгі бағыт саналады. Бұл ретте мемлекеттік қызметті жаңғырту мақсатында бірқатар заң қабылданып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысы жұртшылықтың мемлекеттік қызметке деген көзқарасына әсер етеді. Сондықтан, олар әрқашан да қоғамның сұранысына жауап бере алатын дағдылар мен ұстанымдарды ұстануы, Президент айтқандай, мемлекетшіл болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтау жөніндегі негізгі талаптары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңымен, ал әдептілік мінез-құлық қағидалары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіменбекітілген. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің елдік мүддеге қызмет етуіне бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің бітім-болмысы, сырт келбетібарлық уақытта жүрген ортасына, жалпы қоғамға үлгі болуы шарт. Мемлекеттік қызметшінің өмірі кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Сондықтан, одан қызметіне деген адалдық, жауапкершілік ұдайы талап етіледі. Ел игілігі үшін риясыз қызмет етуде мемлекеттік қызметшінің өз-өзіне есеп беруі, ішкі-сыртқы мәдениетін жетілдіруі жауапкершілігін арттыруға негіз болады. Әрдайым елдік мұратты биік қою мемлекеттік қызметке кір келтіретін жағымсыз элементтерге, әсіресе, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықққа жол бермейді. Мемлекеттік қызметшінің сапалы қызметі мемлекеттік аппараттың жаңаша сипатта дамуына серпін береді.
Қазақ тарихында елге қызмет етудің тамаша үлгісіне, сол арқылы мемлекеттік тұлғағаайналған азаматтар аз емес. Олардың қатарында Алаш қайраткерлерін айрықша атауға болады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» десе, Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деді. Осы тұрғыдан алғанда ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге бағдаршам іспетті. Аталған кодекс мемлекеттік қызметшіге өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда азаматтар үніне құлақ асуды міндеттейді.
2023 жылдың соңында Әдеп кодексінің жаңартылғаны баршаға мәлім, соған сәйкес,қызметтік міндеттерін орындаудан басқа кезде мемлекеттік қызметшілерге ойын мекемелерінебаруға тыйым салынды. Тәртіпке бағынбау мемлекеттік қызметшінің жеке басына ғана емес, мемлекеттік қызметтің имиджіне де нұқсан келтіреді. Яғни, халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Бұған қоса Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеу қағидалары айқындалған.
Әдеп кодексімен белгіленген адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, бағдарлануқағидалары мемлекеттік қызметкерлердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың алғы шарты саналады. Осы кодекс мемлекеттік қызметкерлерді бір-бірінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға үндейді. Сонымен қатар, басшыларға қызметкерлерімен арадағы қарым-қатынастамеритократия қағидаттарын қамтамасыз ету жүктелген.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да Әдеп кодексінің талаптарын қатаң ұстануы, қоғамға жат мінез-құлықтан аулақ болуы, барлық ортада өздерін сыпайы ұстауы, сондай-ақ, айналасына құрметпен қарауы тиіс. Олардың төрешiлдiк танытуы, халықты әуре-сарсаңға салуы, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратуы заңға қайшы. Мемлекеттік қызметшінің қызметін пайдалануына кодекспен үзілді-кесілді тыйым салынған. Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің бейтараптығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Ел Президентінің «Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл еліміздің сапасы. Мемлекеттік қызмет бұл – жоғары лауазымға ие болу емес. Мәселе – мансап емес. Мәселе – мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу – антқа адал болу деген сөз» деуі әрбір мемлекеттік қызметшіге шексіз жауапкершілік жүктейді. Хакім Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін тек мемлекеттік қызмет саласында жүргендер ғана емес, барша қазақстандықтар ұстанса, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі сөзсіз жарқын болады.
Асқар Қалмақбаев,