spot_img
spot_img

ҚАНШЫРДЫҢ КЕГІ

(болған оқиға ізімен)

«Ол алдымда келе жатқан. Жартылай қараңғы дәліздің арғы бетінен Бетховеннің 5-симфониясы әлсін-әлсін естіледі. Әдеттегідей емес, бүгін бұл әуен зарлы шығатындай. Театр дәлізінде де бұрынғыдан бетер қараңғылық қоюлана түскен. Тек бір нәрсені түсіне алар емеспін: қойылымға келген сапырылысқан халық қайда? Бұның бәрі кездейсоқ емес. Жүрегім бір жамандықты сезіп келеді. Баспалдақтан түсіп бара жатып тайып жығылдым. Лезде бір ай бұрын сахналанған спектаклде сомдаған кейіпкерімнің өлімімен аяқталатыны есіме түскені. Сол сияқты өмірде де оқыстан өліп кетпейін деген ой келіп, өзіме-өзім күліп жібердім. Даусым қаттырақ шығып кеткен болуы керек, ол жалт қарады. Көзінің оты жарқ етті де лезде сұм ойын жасыру үшін жымиып күлді. Ойын бірден ұқтым: ол мені өлтіргісі келеді. Иә-иә, жанымды алудың оңтайлы сәтін іздеп жүр.

Театрдың артқы есігінен шыға бергенде, кідіріп, маған бұрылды да, қалтасынан темекі алып, ұсынды. Қолымды соза беріп, қайта алдым. Ол шылым шекпейтін еді ғой. Сол мезетте ағаштағы бір топ қарға дүр етіп ұшты. Қайтадан көзімді тіктеп оған қарап едім, жүзінен әзәзіл күлкісі таймаған қалпы тұр екен. Көзінде не табалағаны, не мысқылдағаны белгісіз. Ол күлген сайын тынысым тарылып, тыныштығым қашқаны-ай. Енді бір сәтте мойныма сым темір оралды. Жан дәрменім жеткенше алысып жатырмын. Жанымды жаһаннамға жіберуге асыққан адамға бұрылуға да, айқайлап көмек шақыруға да күшім жетер емес. Темір бұғау кеңірдегімді қысқан сайын көзім қарауытып, дүние қара түнекке айналып барады. Ол сақ-сақ күліп, «Мен тірімін!» деп айқайлады.

Оянып кетсем, қара терге малшынып жатыр екенмін. Терезеден ай жарығы мен самал желмен тербелген ағаш жапырақтары көрініп тұр. Шілденің аптап ыстығы. Ал мен қараңғы бөлмемде қапаста жатқандай тоңып отырмын. Жарықты қосып, айнаға қарасам, темірдің орны жоқ. Иә, қанша дегенмен сымарқанмен қылқындырып өлтірген соң қандай орын қалатынын жақсы білемін…»

***

Баспасөз беттері рыцарьдың жұмбақ өлімі туралы жарыса жазып жатыр. Оның кейбірі «Серуенге шыққан студенттер қала сыртынан рыцарь киміндегі жас жігіттің мәйітін тауыпты. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, марқұмды біреу қылқындырып өлтірген. Анықталғандай ол облыстық драма театрдың әртісі Ж.Ө. есімді азамат болып шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр» деп хабарласа, кей бейресми басылымдарда бұдан бөлек іске қатысты біраз ақпарат жазылыпты. Мәйіт өзен жағасында 14-15 сағат жатқанын, мойнында сымарқан ізі қалғанын куәгерлер сөзіне сүйене жазған. Жауап алу кезінде студенттер жақын маңнан ешкімді кезіктірмеген және шатырларынан отыз шақты қадам жерде өлік жатқанын тек таң қылаң бергенде ғана көріпті. Жедел тергеу тобы нақты заттай айғақтар таппағанын, жалғыз-ақ мәйіттен жүз метр қашықтықта көлік протекторының орны қалғанын тергеу кезінде оқиға орнында болған студенттердің бірі айтып беріпті.

Дүңгіршектен осындай газеттердің бірін сатып алған бойжеткен әріптесін күрсініп еске алды. Күні кеше ғана сахнада бірге өнер көрсеткен еді, ал бүгін елдің бәрі оның өлімі жайында хабарларды оқып, осы оқиға басты өсек-аяңға айналды. Бәрінен де театр қызметкерлері әр бұрышта бір-бірімен пыш-пыш етеді. Ғимарат алдындағы субұрққа таяу келгенде ауланы сыпырып жүрген шал мен еден жуушы әйелдің сөзін естіп жүрісін баяулатты.

– Әй, ақыры өшін алыпты ғой!–деді әйел терезені сүртіп жатып.

– Кімді айтасың?

– Кімді болушы еді?! Режиссерды айтамын да.

– Тәйт, не дейді!? Көзбен көрген жоқсың. Біреудің мойнына адамның қанын жүктеме!

– Сол өлтіргені айдан анық. Даусынынан айырылмай тұрып, киносына түсті емес пе. Естуімше, режиссер бәленбай ақшаны қалтасына басқан. Жалғас соны жететін жеріне жеткізіпті. Несі бар десеңші? Қазіргі жастар көрінген жерге тұмсығын сұқпаса жүре алмайды. Не болды, әне? Өлді де қалды.

– Екеуі бұрыннан бері қас болса, неге жұмысқа алды? Ақан өте талантты жігіт. Қолын былғап қайтеді?! Оданша Әлгі Азамат бастаған үш сотқармен талай шекісіп қалғаны есіңде ме? Дәу де болса…– сөзін аяқтатпай әйел үндеме деп белгі берді. Сөйтсе ауызға алған азаматының өзі көлігінен түсіп келе жатыр екен.

Жігіт қызға күле қарап:

– Рыцарың өліп қалыпты ғой, ханшайым, – деді қолындағы газетті нұсқап.

– Азамат, аяушылық дегенді білесің бе өзі? Өлді дегенше, өлтірдім десеңші.

– Бүгінгі қойылымда сені атамын. Дайындал! – көзін қысып, артқы есіктен кіріп кетті.

 

Театр сахнасында толған әртіс. Үш қыз дауыстап санап, би қимылдарын қайталап дайындалып жүрсе, шашын қайыра тараған жігіт «Мен сені өлтіремін!» деген сөзді бірнеше мәрте айтып, барған сайын даусын зорайта түсіп, рөліне кіріп бағуда. Сахна. шымылдығынан қылыштасып жатқан екі жігіттің сұлбасы қараңдайды. Олардың дені жастар. Аға буын актерлердің басты дайындығы айна алды, өзінің бет-бейнесі мен мимикасы. Айнағадағы бейнесі кейіпкерінің жан күйзелісі мен ашу-ызасын көрсетіп, өзі сомдауға тиісті адам екеніне сендіре алса, көрермен де алдында әртіс тұрғанын ұмытып, әсерлене түспек.

– Қане, дайындықты бастаймыз! Түгел жиналыңдар!– ұзын шашын буып, мойнына шарф орап алған режиссер көрерменге арналған есіктен кіре сала жүре сөйлеп, әрқайсысына ескерту жасады. – Айман, киімің қайда? Бүгін костюммен дайындаламыз дедік қой. Азамат, сен адамды емес құсты атайын деп тұрғандай сөйлейсің! Ол бауырыңның өліміне себепкер болды. «Қазір жаныңды жаһаннамға жіберемін!» деп ақырмайсың ба! Көзіңнен өшпенділік көрініп тұруы керек…

– Рыцарьларыңызды жоғалтып алған жоқсыздар ма?

Жартылай қараңғы залға қара бас киім мен қоңыр костюм киген жасы отыздар шамасындағы өңі ақшыл ер адам мен жас жігіт кіріп келді.

– Сіздер кімсіздер? Дайындық жүріп жатыр! Бізде ертең премьера!– деп режиссер айғай салды.

– Мұрат Ахметұлы — тергеуші,– деп қалтасынан қызыл куәлігін алып көрсетті.– Ал мынау менің көмекшім – Садуақас Сағындық. Жалғас Өмірзақтың ісіне қатысты сізге қоятын сұрақтарымыз бар.

– Енді бірден солай айтпайсыздар ма?!. Неғып тұрсыздар? Отырыңыздар! – өзі де қатарлас орындыққа жайғасып, сахнадағы жастарға –дайындалуға тағы да жарты сағат уақыт беремін, – деді.

Мұрат марқұм жайлы сұрап, блокнотына түртіп отырып, режиссердың әр қимылын қалт жібермеді. Орта жастағы өнер майталманының бір-ақ сәтте мысы басылып, үш қайтара оң қолымен мойнын уқалады. Адамның мойнында жүйке талшықтары бар: өзін жайсыз сезіндегнде, уқалап жеңілдейді. Қолында пышақпен я өзге затпен тілінген із қалыпты. Көбіне сахнаға қарап сөйлегені көзге тіке қараудан қашқақтайтынын аңғартатындай. Тергеушілер үшін айтылған сөздің көлемі емес, оның ішіндегі қаншасы шындық, қай сөзі өтірік сол маңызды. Өнер майталманының жауап алу кезінде көп сөйлегені өтірікпен өрнек тоқып отырғанының белгісіндей әсер қалдырып отыр. Сұрақтарға үстіртін жауап беріп, өліміне өкініш білдіремін деп нақты мәселеден жиі ауытқып кетуі де күмәнді. Әр қимылын баққан тергеуші режиссердың ісі мен сөзі қабыспайтынын аңғарды.

«Актерға лайық даусы болмаса да, Жалғас біздің ұжымның бір бөлшегі еді. Оқу бітіргені былтыр ғана, ажалға қимай отырмын», – деген сөзінің өзінде адамды толық сендіре алмайтын бір нәрсе бары анық еді. Мұрат оны кісі өлтіруші ретінде елестетіп көрді. Оңаша жерге апарып, мойнына сымарқан орауы… Жоқ, шындыққа жанаспайды. Режиссер рөлді бөлгеннің өзінде әртістің қарым-қабілетімен қоса, бет-бейнесі мен табиғатын есепке алады. Дүйім театр ұжымын тәрбиелеп жатқанына қарағанда, өзінің де таланты жетіп асатын шығар, бірақ сахна бөлек, өмір бөлек. Әлде… Тергеушінің ойы сан-саққа кетті.

Театр залынан шыққан бетте Садуақас Мұраттың қалың ойға шомып, блокнотындағы жазбаға қарай бергенін байқады. «Шығармашылығынан басқа ешнәрсе айтпаған сияқты еді. Тергеушіні сонша беймаза күйге түсірген не?» деп Садуақас іштей ойға қалды. Мұндайда сұрақ астына алмай, үндемей жүрген дұрыс, сұраймын деп талай рет ұрыс естіген.

– Бұнда бір гәп бар. Жаңа сахнада тұрған жастардың ешбірінің жүзінде шын жанашырлықты көрмедім. Басты рөлге жету үшін аяқтан шалып, біреудің қайғысына қуанатындай. Олар үшін өнер адам жанынан да биік тұр. Немесе…

– Немесе?

– Олардың бәрі қылмыскердің кім екенін біледі. Байқадың ба, режиссер сұраққа жауап бергенде өзін жабық ұстауға тырысып бақты. Оның бір жасырғаны бар… Сен актерлармен тілдесіп қайт, мен театр директорына кіріп-шығайын.

 

***

Жастар түгелдей грим бөлмесіне жиналыпты. Садуақас кіргенде бірден гуіл басылып, тыныштық орнады. Көздерінде таңырқаумен қоса үрей бар.

– Марқұм жайында айтып берсеңіздер! Кішкентай ғана факт тергеу ісіне көп көмегін тигізуі мүмкін, – отырғандарды көзбен бір шолып шықты. – Ендеше бастайық,– блокнотын ашып, қаламын жазуға ыңғайлады.–Жалғас қандай адам еді? Қастандық жасайтындай жаулары бар ма?

– Сен әлгі қарғаны айтасың ба? Қарғаның қарқылдағының өзі даусынан әлдеқайда жағымды,– деді диванға арқасын сүйеп отырған жігіт шалқая сөйлеп.

– Азамат, сен де теңеуді таба кетесің,– деді біреуі дем беріп.– Ана түрімен «менде талант» деп қояды. Оған ең дұрысы зоопаркте өнер көрсету!

– Тауып айттың,– деп Азамат қостай кетті.

– Қойсаңдаршы! Ең болмағанда өлген соң құрметпен қарасаңдар қайтеді?! Тірі кезінде мазақ қылғандарың да жетеді,– деп енді біреуі тыймақ болды.

– Қойшы! Кім айтып отыр десеңші? Серғазы, сен бе?!– таңдана жүзіне қарап, – Еске түсірмей-ақ қояйық, ақ қанатты періштем,– деп көзін қысты. Астарлы кекесін бар қалжын жігітке ұнамаса керек, жүзін теріс бұрып, күбірлеп бір нәрсе айтқандай болды.

– Сендер айта алмасаңдар, мен айтайын, – айна алдында шашын түзеп, бет-бейнесін ретке келтіріп жатқан сылқым сөзге араласты. – Мына отырғандардың кез келгені Жалғасты қуана-қуана бауыздап тастар еді. Кейде қойылымға шынайы тапанша берсе деп армандайсың. Өкінішке қарай… – көзін ойнақшыта айналдырып, – Неге оны соншалықты жек көретінімізді сұрағыңыз келетін шығар. Ол барып тұрған сұмырай еді. Бастықтарға жағымсып, кішкене кемшілігіміздің өзін таудай қылып жеткізіп баратын. Тіпті, еңбегі сіңген, жиырма жыл осы театрда қызмет еткен актер ағамызды жұмыстан шығартып жіберді,– деді.

– Ол кісінің аты-жөні кім?

– Оны қайтесіз? Басты күдікті деп тіркейін деп едіңіз? Жарайды, айтайын. Манап Қайырбек.

– Ал, сіз не дейсіз?– деп Садуақас диванның жиегінде отырған қызға бұрылғаны сол еді, әлгі қыз «Мен өсек емес қолтаңба ғана таратамын» деп бәрін ду күлдірді.

 

***

Мұрат театр директорын үшінші қабатқа шығып бара жатқанда баспалдақтан кездестірді. Қолына ажурлы жаздық қолғап киіп, орта ғасырды еске салатын ұзын қара көйлегінің етегін ұстап келе жатқан әйелдің келбеті келісті болғанмен, көзінің өткірлігі тасты да қақ жарып өтердей сұсты еді. Әйел оны көрген бойда:

– Сіз кімсіз? Бұнда не істеп жүрсіз?– деп сұраққа алды.

– Мұрат Ахметұлы — тергеуші.

– Келген екенсіздер ғой.

–Келдік, – Мұрат езу тартып жымиды да түсін лезде суытып, – Сізге қоятын сұрақтарым бар,– деді.

– Жақсы, кабинетіме жүріңіз!

Театр қараңғылығы мен адам өліміне бейқам қарауларына Мұраттың бойы үйреніп кеткендей. Бас шайқап таң қалмады. Олар үшін сахнада жан тапсырды не, шынайы өмірде о дүниеге аттанып кетті ме айырмасы жоқтай. Қайта қалыпты қабылдаған адамнан гөрі көз жасын көлдетіп, жоқтағандар анағұрлым күдікті. Жұмыс үстеліне жайғасып отырғаннан кейін де директор сол ызғарлы кейіпте сауалдарына жауап берді.

– Өзім де тергеушілер келетін шығар деп отырғанмын. Ал, не сұрайын деп едіңіздер?

– Марқұм жайында білгендеріңізді түгел айтыңыз.

– Жақсы танимын дей алмаймын. Үш ай бұрын ғана кастинг бойынша қабылданды. Таланты бар бала, бірақ дауысы қарлығып шығады. «Тамағыма екінші мәрте ота жасатамын, дәрігерлер қалыпқа келесің деп уәде берді» деген соң кемшілігіне қарамай қабылдадық. Әзірше, сөзі жоқ рөлдерді орындап жүр, массовка бар дегендей…

– Демек, ешкімнің жолын кескен емес?

– Қалай десем екен?! Шығармашылық тұрғыдан болмаса да, әріптестерімен сөзге келіп қалған жағдайлар болды, бірақ ушыққан түгі жоқ.

– Сізге ашығын айтайын, Алуа Дидахметовна. Сахна костюмымен табылғандықтан өлтірген әріптестерінің біреуі болып шығуы ғажап емес. Сондықтан, жасырмай түгел баяндаңыз.

– Жарайды, бір жағдай болған. Талай жылдан бері бірге өнер көрсетіп келе жатқан актер ағамыз театр реквизитарын ұрлап жүріпті. Жалғас соны көріп қалып, бізге жеткізген. Ақыры жұмыстан шығаруға тура келді.

– Содан?

– «Өшімді алмай тынбаймын! Жазасыз кетпейсің!» деп қорқытқан. Сол күні жас актерлардың бірі оны театр маңынан көріп қалған екен. Қызық, жұмыстан шыққалы бері келген емес… Манап ашушаң, қызбалыққа тез салынады, алайда әсірелеп керегі не? Мен байқағанымды айттым. Ары қарай мәселені өздеріңіз қарарсыздар.

– Көп рахмет! Білесіз ғой, тергеу ісіне әрбір деталь маңызды.

– Театрымызда мынандай жағдай болғаны, әрине, қатты абыржытады. Қылмыскер өз арамыздағы біреу болса, тіптен, елестету қиын. Жас та сотқар шығар, бірақ бәрі өз балаларымдай. Адам өлтіреді деп ойламаймын. Бұл жағдай театрымыздың атақ-дәрежесіне нұқсан келтірмеуі керек. Сондықтан, көмегімді аямаймын. Міне, менің жеке нөмірім. Кез келген уақытта хабарласа беріңіз, – деп қол алысып қоштасты. Кабинеттен шыға салысымен, тергеушіні Садуақас күтіп алып, театрдан шығатын артқы есікке қарай «жүріңіз» деп жетектей жөнелді.

– Ал, айт! Не біліп қайттың?

– Мынаны қараңыз!– беторамалмен ұстап, сөмкесінен сымарқанды шығарды.– Қоқыстың жанында жатыр. Менің ойымша, Жалғасты осымен өлтірген. Көрдіңіз бе?– темірдегі қанды саусағымен нұқсады.

– Жарайсың, Садуақас!.. Сонда Жалғас өзінің кішкене рөлін сомдап шыққан бойда, осында алдап әкеліп, өлтірген болып тұр ғой. Ал мәйітін бірден өзен жағасына әкеткен.

– Оны сөзсіз әріптестерінің біреуі өлтірді.

– Сеніммен айттың ғой!

– Бұл анық. Жалғасты бұнда ешкім жақсы көрмеген. Бастықтарға жағымсып, жеткізіп жүретін. Өткен айда ғана жасы үлкен әртістердің бірін ұстап берген.

– Ол туралы мен де естідім. Барып мекен-жайын алайын. Ал сен сол күні театрға кіргенін кім көрді? Соны анықта.

***

– Манап Қайырбек деген сіз бе?– тергеуші көпқабатты үйдің алдынан жұмыссыз актерды күтіп алды. Сыра мен жеңіл-желпі тағам толы кішкене пакет ұстап бара жатқан қырықты алқымдаған ер адам:

– Иә, мен. Ал сіз кімсіз?– деді сынай қарап.

– Тергеуші – Мұрат Ахметұлы. Жалғас Өмірзақтың ісімен келдім. Қала сыртында мәйіті табылды.

– Не деймін енді? «Жатқан жері жайлы болсын» деп сырадан алып қояйын,– бөтелкені ашып, бір ұртап, тергеушінің қасына орындыққа жайғасты. Марқұммен араларындағы өшпенділікті ашық мойындауы қайта сөзінің шынайылығын көрсеткендей. Сасқалақтамай, әр сөзін нық айтуы да пайдасына шешілгенмен, Мұрат психологиялық қысым жасауды жалғастыра берді. Дүйім көрерменді ойынына нандырып жүрген адамға жалғыз-ақ тергеушіні сендіру қиын болып па. Тек кәсібиленген қызметкер сыртқа шығарылған ойды емес, көкейдегі дүниені оқып үйренгенін қайдан білсін.

– Марқұм құрметіңізді ескерер! Ал мен актер екеуіңіздің араңыздағы жанжалды ескеріп келдім.

– Кіммен? Актермен?.. – жүзінен ашу мен күлкінің табы бірдей көрінді. – Бастықтарға жағымсыған тоқылдақ ол, актер емес!

– Сіз оны қорқытып, жазасын беремін деп айтқансыз. Сол күні сізді театрдан көргендер бар, сөзден қашқаннан пайда жоқ.

– Рыцарь костюмының жіптерін кестім. Жоспарым бойынша сахнада тұрғанында ауыр темір үстінен түсіп кетуі керек еді. Елдің алдында ұятқа қалса дедім, қайдағы өлтіру?!

– Содан?..

– Іске аспады. Екінші актының ортасына дейін отырдым да қайтып кеттім.

– Сөзіңізді дәлелдеп беретіндер бар ма?

– Театр маңында досым тұрады, соның үйіне бардым. Керек болса, дәлелдейді.

 

Күдіктінің алибиін тексеріп, кеңсеге келген бойда Мұрат әдетінше қантсыз қара шай алдыртты. Бір минут болсын күйбең тірліктен, таусылмас қылмыстық оқиғалардан демалуды аңсады. Қала тұрғындарының бәрі қылмыскер болып кеткендей. Бір кінәліні іздеп таппай жатып, екіншісін мойныңа іледі, нәтижесінде жер-көкті шарлап жүргенің. Өлген адамның туыстары болса департаменттің табалдырығын тоздырып, қара кешке дейін кабинетіңде қамалып отырғандай көреді. Күндіз қала кезу, түнде жүз құжат. Қылмыскерді ұстаумен шаруаң біте қалса, шіркін…

– Ас болсын!– Садуақас есіктен күлімдеп кірді.

– Рахмет! Шәй ішесің бе? Саған да алдырайын ба?

– Жоқ, рахмет! Тойып тұрмын. Торттан ауыз тисеңізші.

– Оны кім әкелген?

– Асхат қызметінде көтерілгенін жуып жатыр.

– Сол-ақ бастық бола берсінші. Мен үшін бастысы халыққа қызмет етіп, көпке пайдам тисе болғаны.

– Бұл қызметке сіз лайық едіңіз. Сіздей тергеушілер аз ғой. Асхат аға кінәсіз қызды соттай жаздаған. Көмегіңіз үшін сізге алғыс та айтқан жоқ. Бәрі соның еңбегін ғана көреді екен.

– Садуақас, қазір жағымпаздардың заманы. Қойшы соны. Одан да анаңның жағдайы қалай? Соны айт. Ауруханаға барып, халін білдің бе?

– Иә, сауығып келеді. Бұған қоса ауруханадағы Жалғастың ісіне қатысты бір шаруаны тындырып келдім.

– Ол не шаруа?

– Тапсырмаңыз бойынша кеше кешқұрым Жалғас тұрған пәтерге бардым. Жеке заттарының ішінде тоқыма тоқитын темірді көріп, бірге тұрған жолдасынан сұрасам, бұнымен тамағына ота жасаған дәрігер көлігінің дөңгелектерін тескенін айтты. Дәрігер анам жатқан ауруханада жұмыс істейді екен. Ақыры барған соң, тауып сөйлестім.

– Ай, жарайсың! Содан?

–Денсаулық сақтау басқармасына дәрігер әйелдің атына арыз жазған екен. Жол апаты кезінде әйнек сынығы Жалғастың тамағын кесіп кетіпті. Отадан кейін даусынан айырылып қалғанына медицина қызметкерлерін кінәлаған. Қасындағы досы болса, ауруханаға жетер жолда қаза тапқан. Осы істі қараған адамды шақырдым. Қазір келуі керек.

– Менде де бір ақпарат бар. Сымарқанда екі адамның қаны анықталды: бірі марқұм жігітке тиесілі, бірі резус факторы теріс төртінші топтағы кінәлінің қаны. Демек, қылмыскер қолын жаралап алған.

«Кедергі келтірмедім бе?» деп кіруге рұқсат сұрап, ақсары жүзді, бойы орталау ер адам ішке енді. Жол полициясының қызметкері әкелген құжатты ашқан бойда таныс адамның аты-жөні Мұраттың көзіне оттай басылды.

***

«Дүние енді маған жат! Туғанда-ақ өлім жазасына кесілгенмін. Бүгін үкім орындалатын күн. Қош, жақындарым, достарым! Мен келмеске кетіп барамын», – жан азабынан өзге жолды көрмеген жас актер көзбен айналасын бір шолып өтті. Жалғыздық пен өлі тыныштықтың лебі есіп тұр. Орындыққа шығып, арқанды мойнына салғанда, жанардан аққан жас үміттің соңғы сәулесін сөндірді. Орындықтан аяғы тайғанша, мен үшін өмірдің еш мәні қалған жоқ дегенінен таңбаған. Жаны алқымға келгенде, дәрмені жеткенше екі қолымен бірдей арқаннан босанбақ болып талпына бастады. Кенет көз алдына қарауытқан түсініксіз бір сұлба елестеп, барған сайын жақындай түскенде, өлім шынымен, таяу қалғанын сезіп, одан бетер жанталасты. «Сен өзіңнің таңдауыңды жасадың» дегендей жіп одан бетер қыса түсіп, босатар емес.

Есімін атап, ішке ене берген жас жігіт пен қыз ажалдан арашалап ала алмады. Тым кеш еді. Кекілді бойжеткеннің алма жүзіне соңғы рет көз тастап, о дүниеге аттанып кете барды. «Ағатай!» деп жүгіріп, қыз аяғын құшақтап отыра кеткенде, режиссердің «Тоқта!» деген зілді даусы залды жаңғырықтырып жіберді. Жартылай қараңғы театр сахнасына шыға сала айғайға басты.

– Ей, айналайын, дұрыстап ойнасаңшы. Адам өлді ғой.. адам. Ботадай боздап, өзіңмен қоса көрерменді жылатуға тиіссің. Ал сен болсаң!.. – қол сілтеді.

– Тырысып жатырмын ғой.

– Актерларда тырысу деген болмайды! Қолыңнан келмесе театрдан кет! Бұл сөз барлықтарыңа қатысты.

– Біреу мені мына жерден түсіре ме жоқ па?– деді қазарып, әрең тыныстап тұрған Азамат.

– Тұр солай!

Ашулы режиссердың сөзіне қарамай жолдастары екеулеп жүріп арқаннан босатып алды.

– Ілмектен тағы да жоғары тартсаңдаршы. Қылқынып қалдым ғой. Көзіме, тіпті, Әзрейіл елестеп кетті. – ішек-сілесі қатып күлген Серғазыға ашулана қарап, – Мықты болсаң, кел де өзің асылып тұр.

– Бұл рөлді сенен гөрі мен жақсы сомдаймын. Сен сияқты екінші дәрежелі актерлардың қолынан келмейді. Рөл о баста маған берілген! – деді кеудесін жұдырықпен соғып.

– Жетер! Істеріңнен сөздерің көп! Дарынсыздар өңкей! Бүгінге осымен тәмам. Ертең сағат тоғызда дайындық. Кешікпей келіңдер!

– Неге сонша ерте?

– Болатова!

– Жарайды, жарайды. Түсіндім.

Театрдан шығып бара жатқанда режиссер Азаматқа үйден өліммен арпалысу сәтін тағы да пысықтап, дайындалуды тапсырды. Ертеңінде таңмен оянып, актерлар түгелдей жиналды да, жалғыз-ақ Азамат екі сағат бойы төбе көрсетпеді. Қоңырауға да

жауап бермеген соң, режиссер басты рөлдегі актерды іздеп, үйіне келсе, төргі бөлмеде жансыз денесі асылып тұр.

***

– Сәлеметсіздер ме! Иә, жағдай қалай болып жатыр? Әртіс неден өліпті? – деді Садуақас пәтерге кірген бойда сарапшыға.

– Асылып тұрған күйінде табылды. Денесінде басқа жарақат жоқ. Толық ақпаратты сараптамадан соң беремін.

– Бұл не өткір иіс? Одеколон сияқты. Жерде сынықтар жатыр. Жалпы, пәтердің іші…

– Астан-кестен, – сарапшы Садуақастың сөзін аяқтады. – Соған қарағанда, үстел үстіне орындық қойып, асылған соң арпалысқанда, заттардың бәрі жан- жаққа құлап, сынған.

– Азамат өзін-өзі өлтірген жоқ. Ол солай рөлге кірмек болған. Өлім алдындағы қорқынышты сезін деп дайындалуды тапсырған мен едім,– деп режиссер марқұмды ақтап, өзін қаралады.

– Шешім шығаруға асықпаңыздар! Мынаның бәрі біртүрлі.

– Несі біртүрлі? – сарапшы қызбалыққа салынып, бас шайқады.

– Біріншіден, бұл одеколон қанша құласа да, өздігінен сынбайды. Оны әдейі сындырған. Мәйіттің иісі шығып, жайылмасын және таппасын деп не басқа бір иісті жасыру үшін істеген. Екіншіден, біздің әртістің сақал-мұрты жоқ. Ал, керегеде ілінген суреттердің бәрінде, тіпті премьера жарқағазында сақалы бар.

– Мен оны байқамаппын да. Осы қойылым үшін мұртын өсіріп, соны ерекше мақтан тұтатын,– деді режиссер.

– Қоштасу хаты жайлы не дейсіз?– сарапшы үстелдегі бір парақ қағазды қолына ұстатты.

–«До свиданья, друг мой, до свиданья. . Милый мой, ты у меня в груди…» Бұл Есениннің өлеңі. Оның үстіне сиясы баяғыда кеуіп кеткен.

***

– Тағы біреуін өлтіріп тынды. Театрда қанішер пайда болған ба дерсің, – тергеуші жұмыс үстеліне шынтағын сүйеп, алақанмен маңдайын басты.

– Сараптама қорытындысы сиуцид емес екенін дәлелдеді. Қылмыскер одеколонмен эфир химиялық элементінің өткір иісін жасыруға тырысқан. Эфирді анестезия кезінде қолданады. Демек есінен тандырып, дарға асқан. Иісі шығып тұрмасын деп марқұмның сақалын қырып тастаған сияқты.

– Бесенеден белгілі. Баяғыда-ақ жол апаты жайында анықтауымыз керек еді. Ертерек анықтасақ, құтқарып үлгеретін едік?! Саусақ ізі табылды ма?

– Жоқ, бірақ, солардың істегені анық. Көршілерінің бірі суреттегі күдіктіні таныды. Көшедегі бейнекамерға да көлігі түсіп қалған. Жалғыз-ақ мәселе: екеуінің де алибиі бар.

– Оның рас. Дегенмен…– ойланып барып, қайта сөйледі. – Марқұм қойылымда рыцарь болған. Бас киімін түсірсең, кім екені байқалмайды да. Енді бәрі өз орнына келді. Азамат өлтіргендерін не мәйітті көлікке салып жатқанын көріп қалған шығар. Бір нәрсе ғана үйлеспейді. Егер мәйітті қала сыртына апарған сол болса, екінші актыда рыцарь киімін киіп шыққан кім? Азамат па? Өлтіріп тастағандарына қарағанда, тым көп білген секілді… Тағы да заттай айғақтар жинасақ. Қасыңа сарапшылардың бірін ертіп, костюмды қараңдар. Ал мен барып әртісіміздің көлігін тінтейін.

***

Мұраттың көлігі театр алдына келіп тоқтады. Театр қызметкерлерінен басқа тірі жан жоқ. Актерлар түгелдей дайындықтан соң үйіне қайтып кеткен. Сахна залынан режиссер мен директор шықты. Қызу бір нәрсе талқылап келе жатқаны жүздерінен байқалады. Түсі басқа демесең, режиссердың мойнында бұрынғыдай шарф оралған, ал басшы әйелдің үстінде жеңі шолақ көк түсті ұзын көйлек. Алғашқы кездесудегідей ажурлы қолғабы жоқ, екі қолы да тілініп, жара орны айқын көрініп тұр. Тергеушілердің келетінін біліп, жарасын жасыру үшін әдейі киген, ал бұл жолы «қонақтарды» күтпеген көрінеді.

– Сәлеметсіздер ме! Бір нәрсе анықтай алдыңыздар ма?

– Анықтадық, әрине. Осы жерге кінәліні ұстау үшін келдік,– деді тергеуші. Бұндай сөзді күтпеген әйел есеңгіреп:

– Менен қандай көмек керек,– деді қолындағы жараларды жасыруға тырысып. Басшысына аянышпен қараған режиссердың жанарынан о баста-ақ бәрін білгенін Мұрат ұқты. Өлтіргенін көрмесе де, жол апаты жайында хабары болған. Ішкі түйсігі алдамаған екен.

– Сізге адам өлтірді деген айып тағылды! Бізбен бірге бөлімшеге барасыз!

– Мен? Естеріңіз дұрыс па?

– Қолымызда айғақтар жеткілікті. Сөзден жалтарудың қажеті жоқ. Біз жол апаты туралы бәрін білеміз. Ұлыңыз Дидар жол апатынан қайтыс болды. Сол үшін кезең-кезеңімен жоспар құрып, Серғазы екеуіңіз апатқа кінәлі Жалғасты өлтірдіңіздер. Жаңа сыбайласыңызды ұстадық. Көлігінің протекторы оқиға орнында табылған ізбен сәйкес келді. Жүк салғышында қанның орны да, эфир майы да бар. Ал сіздің медициналық картаңызда төртінші қан тобы деп көрсетілген. Қылмыс құралында марқұмнан бөлек дәл сіздікіндей резус факторы теріс төртінші топтағы адамның қаны анықталды. Серғазы бізге түгел айтып берген. Кінәңізді мойындағаннан басқа жол жоқ, Алуа ханым.

– Менде алиби бар.

– Әртіс қыздармен бірге дастархан жайғаныңызды костюмер айтқан. Бірақ, Жалғас қойылым соңында өлтірілді деп кім айтты? Бірінші акт біте сала, өлтіріп, мәйітін қала сыртына апарып тастадыңыздар. «Жалғастың жағдайы болмай тұр» деген соң Азамат рыцарь киімін киіп, сахнаға шықты. Киімде шашы мен саусақ іздері бар. Костюмерлерге бара жатқанда терезеден мәйітті көлікке салып жатқандарыңызды көріп қалған болуы керек. Басты рөлді де аузын берік ұстауы үшін берген шығарсыз, бірақ, қуанышы ұзаққа созылмады. Қанша дегенмен қылмыстың да өз заңы бар: куәгерлер тірі қалмауы тиіс.

– Өлтір деген жоқпын. Бұл Серғазының тындырғаны. Премьера алдында басты кейіпкерді өлтіріп, шығынға батырды. Ақымақ! Өз қылмысына өзі жауап берсін.

– Демек, кінәңізді мойындайсыз ғой?

– Жалғас тиісті жазасын алды. «Қанға – қан, жанға – жан».

 

***

«Бірінші акт біткен соң Шекспирдің қойылымы жайында әңгімелесіп, Жалғасты артқы есіктен далаға ертіп шықтым. Алуа апай бізді күтіп тұрған, білдіртпей артынан келіп, мойнына сымарқанды орады. Ешқашан адам өлгенін көзіммен көрмеппін. Жалғастың денесі аяғыма құлағанда, не істерімді білмей сасқалақтап қалдым. Содан бері оны күн сайын түсімде көремін. Елесі пәтерді кезіп жүргендей елестейтін де тұратын. Ал Азамат үш күнде өмірімді тозаққа айналдырып үлгерді. Қоқан-лоқы

жасап, басты рөлімді де тартып алды. «Таңдаған рөліңді беремін» деген директордың уәдесі жерде қалды. Театрдан шыққанда полицияға арыз жазып дайындап қойғанын айтқанда ақыл-естен айрылдым. Менде басқа амал қалған жоқ. Бәріміз де істеген қылмысымыз үшін жауап береміз. Ендігі кезек менікі.

Міне, ол тағы келді. Бұл жолы қасында Азамат бар. Маған да арқан дайындап қойыпты.

Шымылдық түсірілсін!»

 

Мұрат Серғазының қоштасу хатын оқып отырып ашуға мінді. Бір адамның ақысына үш бірдей құрбандық. Залымға зұлымдық аз ба? Алуаның жүзінде өкініштің ізі де жоқ, өш алғанына масаттану, өзінен өзгені көрмейтін тәкәппарлық қана.

– Тірі ме өзі?– деп Садуақастан сұрады.

– Кезекші дер кезінде көріпті. Ауруханаға жеткіздік. Түрмеге емес психиатриялық емханаға жіберетін шығар. Есінен адасып кеткен сияқты: өз-өзімен сөйлеседі, қараңғыдан қорқатынын айтып, жарықты сөндірмеңізші деп жалыныпты. Түнде елестер келіп, қылқындырады екен.

Әсем Жұмақан

[ratings]

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...