12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қанат ЖҰМАБАЙ, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық комитеттің Қазақстандағы өкілдігінің кеңесшісі: «Рәмізді қорлағандар кешіріммен құтылмауы керек»

– Мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы рөлі қандай?
– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын алдымен мемлекеттік рәміз ұғымына сәл-пәл анықтама берген жөн шығар. Рәміздер – мемлекет егемендігінің берік негізі. Ел Конституциясының 9-бабында оған не жататыны анық жазылған. Яғни, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз.
Әлемде қазір Біріккен Ұлттар Ұйы­мында мойындалған 193 мемлекет бар. Соның бірі – біздің Қазақстан. Оның өзі тәуелсіздіктің нәтижесі. Себебі, біздің мемлекеттік рәміздеріміз тек Қазақстанға ғана тән. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге үлкен құрметпен қарауымыз керек. Желбіреп тұрған туымызға қарап басқа мемлекеттер бізді таниды, қабылдайды. Қандай жағдайда Мемлекеттік Ту көтеріліп, қандай жағдайда түсірілетінін көзі ашық, көкірегі ояу жанның бәрі жақсы біледі. Яғни, Мемлекеттік Тудың көтерілгені – сол елдің және оның халқының ұлттық рухының биіктігін көрсететін белгі.
– Қазір әлеуметтік желілерде жұртшылық Алматыдағы концертте рэп орындаушы тарапынан орын алған мемлекеттік туды қорлау әрекетін қызу талқылап жатыр. Одан хабарыңыз бар шығар?
– Әрине, жалпы бұл жағдайдың дәл рәміздер күні қарсаңында орын алуы бізге үлкен сабақ болуы тиіс. Рәмізді қорлағандар кешірім сұрап, айыппұл төлеумен құтылмауы керек. Жалпы, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздігі үшін әкімшілік, азаматтық, қылмыстық заңдар аясындағы жауапкершілікті әлі де арттыруымыз керек. Өзіңіз де білесіз, жазаның ең ауыры – қылмыс­тық жауапкершілік. Қылмыстық кодекс­те «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» (372-бап) деп аталатын арнайы бап бар. Онда мемлекеттік рәмізге деген құрметсіздікке 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалған. Меніңше бұл жеткіліксіз. Оны әлі де қатайтуымыз керек. Егер қылмыстық жауапкершілік тиісті деңгейде болса, жоғарыда айтылған келеңсіз жағдай бізде орын алмас еді.
– Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетпеу, оның қадір-қасие­тін аяқасты етуге қатысты құқық бұзушылықтар қолданыстағы заңнамада тиісті деңгейде қарастырылмаған сияқты?
– Рас айтасыз. Мемлекеттік рәміз аты айтып тұрғандай мемлекеттіліктің белгісі. Мемлекет деген белгілі бір аумақта өз жері, халқы бар, дербестігі, тілі, рәмізі бар елдің халықаралық және әлемдік деңгейде өзін әлемге мойындатуы. Яғни, бәзбіреулердің мемлекеттік туды аяқасты етуін Қазақстанның 19 млн халқын құрметтемеу деп бағалау керек. Сондықтан мұндай әрекетке қатысты жауапкершілік пен оған қолданылатын жаза да өте қатаң болуы тиіс. Өкініштісі, тағы қайталап айтам біздің қолданыстағы заңнамадағы жаза әлі жеткіліксіз. Осыған орай мемлекеттік рәміздерге қатысты келеңсіз жағдайлар республиканың түкпір-түкпірінде әрдайым орын алып жатады. Оның бәрі қоғам тарапынан қатаң айыпталып, кінәлілер барлық уақытта лайықты жазасын алып жатқан жоқ.
– Жауапкершілікті көтерудің қандай жолы бар?
– Ең алдымен қылмыстық жауапкершілікке қосымша материалдық жауапкершілікті жүктеу керек. Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетіне дақ түсіріп, құрметсіздік көрсеткен адам шекті мерзімге бас бостандығынан айырылып қана қоймай мемлекетке сол үшін қомақты айыппұл төлейтінін сезуі тиіс. Заңнамалардағы қазіргі айыппұл көлемі онша көп емес. Концертте өлең айтып жүрген адамға жазасын айыппұлмен өтеу өте жеңіл. Олар өз ісінің ағаттығын сезінбей де қалады.
Рәміз – әрбір қазақстандықтың өз отанына деген сезімін көрсететін және оны арттыратын нышан. Оны тек айыппұл көлемімен бағалауға болмайды. Сондықтан әрбір адам мейлі ол осы елдің азаматы, не шетелдік болсын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне тіл тигізсе не оған құрметсіздік танытса бұл үшін өмірбақи айыппұл төлеуі мүмкін екенін сезінуі тиіс. Біреудің қатаң жазаланғанын көрсе, өзгелер мұндай әрекет жасарда ойланатын болады.
193 елмен қатар біздің туымыздың көтеріліп жүргені мемлекеттің мерейі, ондағы халықтың абыройының асқақтауы. Олимпиададағы жеңісті сәтте ел Туы көтерілгенде адамның бойында патриоттық сезімі оянып, кеудесін қуаныш кернейді. Сүйінбай Аронұлы: «Бөрі басы – ұраным, бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым!» дегенді жайдан-жай айтпаған. Мемлекеттік Ту көтерілген кезде әрбір қазақстандықтың рухы көтеріледі, беделі артады. Көктудың аяқасты болуы мемлекеттің де, оның халқының да абыройына дақ түсіретін жағдай.
– Мемлекеттік рәміздің қолданыс аясында көп шектеу бар. Оны қалай кеңейтуге болады?
– 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конс­титуциялық заңында әлі де көптеген шектеулер бар. Сондықтан оған жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізетін уақыт келді. Әрине, шектеуді алу үшін алдымен рәміздерге деген құрметті, түсінікті қалыптастыру керек. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді балабақшадан бастаған жөн. Оларды әрбір балаға көзбен көріп, құлағымен естіп, қолымен ұстап көруге мүмкіндік беріп, оның қадір-қасиетін түсіндіруіміз қажет. Өйткені, мемлекеттік рәмізге деген құрмет адамның Отанына деген құрметі. Ту тек қаралы күнде ғана түсіріледі. Сол үшін оны әрдайым тұғырда, жоғарыда ұстаймыз.
– 4 маусымда Рәміздер күнін атап өтеміз. Алайда оның айқын тұжырымдамасы да жасалмаған.
– Оныңыз рас. Биыл бұл мереке елімізде 24-рет атап өтілгелі отыр. Алайда оны мемлекеттіліктің басты белгісі ретінде насихаттап, түсіндіру ісінде көптеген олқылық бар. Бұл жағдай осы жолы да қайталанатын сияқты. Сондықтан БАҚ өкілдері мен халық қалаулылары оған қатты мән беріп, қоғам талқысына ұсынуы тиіс деп ойлаймын.
– Мемлекеттік рәміздерге қатыс­ты идеологияны жүзеге асыруға не кедергі?
– Мемлекеттік Туды әркім өз үйіне, көлігіне іліп жүруі отансүйгіштіктің бір көрінісі ғой. Ол әлемнің АҚШ, Түркия сияқты елдерінде әлдеқашан мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігіне айналып кеткен. Біз мұндай елдердің тәжірибесін өзімізде пайдалану үшін заман талабына сай ең алдымен қолданыс­тағы заңнамадан кейбір шектеулерді алып тастауымыз керек. Мемлекеттік рәміздер күнін ерекше атап өтудің тұжырымдамасын жасау қажет. Дамыған елдердегідей тіпті туымыз әрбір үйде желбіреп тұрсын. Оны мемлекеттік деңгейде уағыздау керек. Бұл мемлекеттік деңгейде қолдау тапса, халық оны қолдайды. Спорттық жарыстарда жұрт қашан біздің Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз ойнайды деп теледидарға телміріп отырады ғой. Рәміздер күні барлық телерадио арналарда Әнұран шырқалып, Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі көрсетілуі тиіс. Сонда адамдардың өз отанына деген патриоттық сезімі оянады. Жалпы мемлекеттік рәмізге құрметсіздікті тек намыссыз адамдар көрсетеді.
– Мемлекеттік рәміздерге құрметті қадағалауды кім жүзеге асыру керек?
– Мемлекеттің рәміздерді ұлықтауға қатысты нұсқау Конс­титуцияның 9-бабында бекітілген. Бұл туралы арнайы заң да бар. Бірақ оны ары қарай жалғас­тыру, уағыздау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оған деген құрмет ұғымын қалыптастыру шаралары аздау. Оны мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға да уағыз­дауға мүмкіншілік беру керек. Сол сияқты қадағалауды да тек мемлекеттік органдарға жүктеп қою дұрыс емес. Бұл адамның өз мемлекетінің алдындағы азаматтық парызы, тіпті міндеті. Егер мемлекеттік рәміздердің нышаны жерде жатса, оны әрбір адам көтеріп, жоғары ілетіндей тәрбие болу керек. Оның жарқын мысалы ретінде Түркия Президенті Р.Ердоғанның үлкен бір саммитте жүріп жерде жатқан өз елінің туын көтеріп алғанын көрсеткен бейнежазбаны айтуға болады.
– Мемлекеттік рәмізді пайдалану тәртібі туралы сөз болғанда «Рахат» кондитерлік фабрикасының Қазақстан туы бейнеленген шоколадтарына қатысты келеңсіз көрініс есіме түсіп отыр. Өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де ұлттық бренд ретінде жоғары сұранысқа ие осы өнімнің қағаздары әрдайым аяқасты болып шашылып жатқанын жиі байқауға болады. Бұл жағдайды болдыр­мау үшін не істеген жөн?
– Бұл Парламенттік деңгейде талқылануы керек. Мемлекеттік рәміздердің бейнесі аяқ асты болатын кез келген заттың қаптамасына, орамасына оны қоймау қажет деп ойлаймын. Сондықтан мұндай жағдайды болдырмау үшін жауапкершілікті қайта қарастыру маңызды. Онсыз бұл мәселенің оң шешімі табылмайды.
– Шет елдердегі кейбір спорттық шараларда Әнұранымыздың ескі нұсқасы ойнатылып кететінін байқап қаламыз. Оны қалай реттеуге болады?
– Біздің Әнұранымыз бірнеше рет өзгерді. Кейбір елдер бұл өзгерісті білмей қалдық деуі мүмкін. Сондықтан мұндай келеңсіздікке жол бермеу шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынасқа жауапты құзырлы мекемелердің жұмысына сын болуы тиіс. Тіпті, жарыс өтетін елге сұрамаса да мемлекеттік Әнұранның қолданыстағы нұсқасын жіберіп, хаттамалық жұмыстарға өте мұқият болу керек.
– Кейбір азаматтар мемлекеттілік нышанына ұлттық валюта мен мемлекеттік тілді де қосып жатады. Ол қаншалықты дұрыс?
– Конституцияда мемлекеттік рәміздер нақтыланған. Олардың сипаттамасы, пайдаланылуы конституциялық заңда да көрсетілген.
– Өзінің ана тілі, ұлттық валютасы жоқ елдер бар әлемде. Ұлттық ерекшелікті ескермей, осындай шет­елдердің тәжірибесін көшіріп алу қаншалықты дұрыс?
– Ойыңызды түсіндім. Бұл асықпай, байыппен қарап, жан-жақты талқылайтын өзекті мәселе. Егер халық талқылауына түсіп, көпшіліктің қолдауына ие болса, бұл мәселені референдумға салып шешуге болады деп ойлаймын.
Қазақ тіліне қатысты айтарым, Конс­титуцияның 7-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Енді оны ары қарай дамыту ең алдымен қазақ ұлтының өзіне байланысты.
– Дегенмен, сол баптың екінші тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны» да жазылған ғой. Бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге кесірін тигізіп отыр­ған жоқ па?
– БҰҰ-да 6 халықаралық тіл бар. Соның бірі – орыс тілі. Өз басым Конституцияға орыс тілінің ресми мәртебесі кезінде сол себепті енгізілген шығар деп ойлаймын. Әрине, оны Конституция­да бекітпей, арнайы заңмен де реттесе болар еді. Меніңше бұл мәселеге де байыппен қарауымыз керек.
– Мемлекеттік тіл білмейтін адам бізде қалай мемлекеттік қызметке алынады?
– Мемлекеттік қызметке кірерде барлық үміткер арнайы тест тапсырады. Сол жерде мемлекеттік тілді білуіне байланысты арнайы сынақ бар. Яғни, олар мемлекеттік лауазымға сынақ тапсырып барып өтіп отыр ғой. Өзіңіз білесіз, бізде ең жоғары лауазым саналатын Президент болу үшін де үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру бойынша сынақтан өтеді. Оны білмесе үміткер ретінде сайлауға түсе алмайды. Сол сияқты егер мемлекеттік қызметке тағайындалған не сайланған адам мемлекеттік тілді білмесе, ол қалай өтті деген заңды сұрақ туындайды. Демек, мәселе жауапкершілікте. Мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарының орындалуында мін бар. Журналист ретінде олардан – мемлекеттік тілді білуден емтихан тапсырдыңыз ба, тапсырсаңыз қазақ тілінде жауап беріңіз деп талап етуге құқыңыз бар. Осы арада ұстазым Ақселеу Сейдімбеков­тің бір сөзі еріксіз есіме түсіп отыр. Ол кісі мемлекеттік тілдің өкілі бола тұра, ана тілінде сөйлемейтін мемлекеттік қызметкер қоғам қайраткері емес, шаруашылық адамы дейтін. Олар мемлекеттік қызметке ақша санау үшін ғана кірген адам. Тек өзіне жүктелген жұмысты ғана орындайтын және өз тілін сыйламайтын, оған құрмет көрсетпейтін мұндай жандарды қоғам қайраткеріне жатқызуға болмайды деу­ші еді. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі адам мемлекеттік тілді білмей қалай лауазымдық қызмет атқарып жүргенін талдап, оның шешімін табу Парламент құзырындағы іс.
– Билік органдарындағы адамдардың мемлекетшілдігін қалай көтеруге болады?
– Мемлекетшіл болу үшін билік органдарындағы қызметкерлер ғана емес, елдің барлық азаматы ең алдымен мемлекеттік тілді білуі және өз елінің мемлекетік рәміздерін құрметтеуі керек. Оны сөзбен ғана емес, күнделікті өз ісімен дәлелдеген адамды мемлекетшіл, отаншыл азамат деуге болады. Яғни, мемлекеттік тіл үшін жаны ашыса, сол үшін еңбек етсе, демек, ол мемлекетшіл. Өзінің мемлекеттік мәртебесі бар ана тілінде сөйлеп, рәміздерін құрметтеп жүру үшін билік органындағы адамға батылдық та керек. Бізде кейбіреулердің бойынан өкінішке қарай, бұл қасиет табылмай отыр. Сондықтан Қазақстанның патриоты болу үшін мемлекеттік тілді білу міндетті емес деп ойлайтындар арамызда әлі аз емес.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...