12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Анар АЯПБЕРГЕНОВА, «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрайымы: «ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕДІ ЕЛІМІЗ»

– Анар Сайлаубекқызы, 25 жылдық тарихы бар «Ауыл» партиясының еліміздің саяси алаңындағы орны қандай?

– Партиямыздың алғашқы құрылтай съезі 2000 жылы 30 қаңтарда болды. 29 наурызда «Ауыл» шаруа социал-демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі деген атпен бастапқы мемлекеттік тіркеуден өттік. 2015 жылғы 1 қыркүйекте партияның ХІ кезектен тыс съезінде Қазақстан патриоттары партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды. Одан кейін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы деген жаңа атаумен тіркелдік. Ал 2016 жылғы сайлау нәтижесінде 20 наурызда партияның 38 өкілі мәслихат депутаты болды. Сондай-ақ 2019 жылғы 9 маусымдағы Президент сайлауына Төлеутай Рақымбеков кандидат боп қатысты. 2021 жылғы 10 қаңтарда облыстық, қалалық және аудандық мәслихат сайлауында партияның 237 мүшесі жеңіске жетіп, 32 кандидат ауыл әкімі болып сайланды. 2021 жылғы 10 қыркүйекте жастар саясатын қолдау үшін «Ауыл» жастар ұйымы құрылды. 2022 жылғы 20 қарашадағы Президент сайлауында Жигули Дайрабаев кандидат болып қатысты. 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлау қорытындысы бойынша «Ауыл» ХДПП Парламент Мәжілісіне 8 депутаттық мандат алды. Осы нәтиженің өзі «Ауыл» партиясының саяси алаңдағы тұғырының биік, ел ішінде беделінің жоғары екенін аңғартса керек.

– Тек 2023 жылдан кейін ғана Мәжілістегі тұңғыш мандатына ие болғанымен, «Ауыл» партиясының басты жеңісі Президент сайлауына өз үміткерін қосқаны болса керек?

– Оныңыз рас. Кез келген саяси партияның қызметінде мемлекет Президентінің сайлауы маңызды рөл атқарады. Кейбір партиялар өз ортасынан ортақ үміткер шығара алмай, одан бас тартып жатқан кезде «Ауылдың» 2019, 2022 жылғы сайлаулардан тыс қалмай, белсенділік көрсетуінің өзі тарих үшін үлкен оқиға болып саналады. Біз әрдайым елдегі қоғамдық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және тағы басқа да барлық салалардағы өзгерістердің бел ортасында жүрдік. Алдағы уақытта да осы бағыттан айнымаймыз. Өйткені, әрбір партия өз елінің гүлденіп, дамуына мүдделі болып, оған атсалысуы керек. Сондықтан өзге әріптестеріміз секілді, біз де әрбір сайлау науқаны кезінде барынша белсенді болып, барлық күш-жігерімізді елдегі саяси белсенділікті нығайтуға, ел дамуына үлес қосуға жұмсап келе жатырмыз. «Ауыл» партиясын әсіресе, ауылдық жердегі жұрт жақсы таниды. Сайлау уақытында мәселен, біздің филиал Ақмола облысы бойынша 17 аудан мен 4 қаланың бәріне баруға тырысты. Бірінші кезекте ең шалғайдағы ауылдарға барып, халықпен кездесулер өткізіп, өзіміздің бағдарламамызды жеткізу жұмыстарымен айналыстық.

– Өңірлік филиалдағы штат саны қанша?

– Өңірлік филиалдың кеңсесі Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында орналасқан. Онда қазіргі таңда 4 адам жұмыс жасайды. Кеңсе болған соң күнделікті таңғы сегізден кешкі беске дейін істейміз. Әртүрлі сұрақпен азаматтар қабылдауға келеді. Көбі үлкен кісілер.

– Партияның сайлауалды бағдарламасы өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

– Өткен жыл біз үшін сәтті болды деп айта аламын. Ақкөл ауданы әкімін сайлағанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Біржан Әбдірахмановты үміткер ретінде ұсындық. Сол кісі қазір онда әкім болып қызмет атқаруда. Өңірлік филиал аудандық әкімдікпен тығыз қарымқатынас орнатып, түрлі жұмыстарды бірлесіп жасап жатыр. Аймақтың көрсеткіштерін жоғарылатып, әлеуметтік, экономикалық дамуы үшін дұрыс жол қарастырылуда. Келесі бір қуанышымыз Целиноград ауданында да ауылдық округ әкіміміз бар. Мейірхат Әміржанұлы деген жас жігіт – болашағынан мол үміт күттіретін білікті маман. Өз ауылында өте танымал кісі. Әкім болғанына 3 жылдан асып бара жатыр.

– Аудандық және облыстық мәслихаттардағы өкілдеріңіздің саны қанша?

– Қазіргі уақытта Ақмола облыстық мәслихатында Ғалымжан Көпішев деген әріптесім екеуміз «Ауыл» партиясы атынан өкілдік етіп жүрміз. Аудандық мәслихаттарда 15 депутатымыз бар. Көкшетау қаласы мен бірқатар аудандарда әлі депутаттарымыз жоқ. Дегенмен келесі сайлауда бәрінде өз өкілдеріміз болады деп үміттенеміз. Қазір сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. – Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қазір өзіңіз қандай мәселеге ерекше мән беріп отырсыз? – Бұл арада Целиноград ауданындағы екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, Қошқарбаев ауылындағы мұсылман зиратына қатысты. Бұл зираттың шет жағынан Нұра өзені ағып жатқандықтан, ол маңнан жерленген адамдардың сүйектері сыртқа шығып қалуда. Бұл жағдай бойынша мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде сұрау жасадым. Су ресурстары және ирригация вице-министрлерімен кездестім. Облыстық әкімдікте кездесу және Целиноград ауданында дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта зиратқа қатысты жоба тексерісте. Шешім күтіп отырмыз. Мемлекеттік органдар жағдайды созып жатқанымен, бұл мәселе де оң шешімін табады деп үміттенемін. Екінші мәселе, Айнабұлақ деген саяжай массивіне қатысты. Ондағы тұрғындардан сол жердегі судың сапасын белгілеп, жақсы болса демалыс орнын ұйымдастыру туралы хат келген болатын. Сонымен бірге, тұрғындар ауыр жүк тасымалдайтын автокөліктердің кесірінен жол бұзылып, сапасы сын көтермей тұрғанын айтып көмек сұраған еді. Осы мәселелерді шешу үшін Көлік министрлігіне, Ақмола облысының Ішкі істер департаментіне хат жаздық. Олар ауданға, аудан жергілікті ауылдық округ әкімшілігіне нұсқау беріп, қазіргі таңда жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылғанын білдіретін арнайы белгілер қойылды.

– Болашағы жоқ деп саналған ауыл мектебінің мәселесін де шешуге көмек қолын созғаныңызды естідік.

– Жарқайың ауданындағы Бірсуат деген ауылдағы мектепке қатысты жағдай ғой ол. Билік органдары ондағы өткен ғасырдың ортасында салынған ауыл мектебі жабылады, жөндеу жасалмайды деген екен. Қазіргі уақытта бұл сұрақ шешілді. Шағын мектеп салынып жатыр. Онда Мәжіліс депутаттарын арнайы апардым, олар зум арқылы кездесулер өткізді. Тіпті, шағын мектептерді қалай салу керек дегенді көрсету үшін оларды Павлодар жаққа дейін апардық.

– Облыстық филиалдағы қоғамдық комиссиялардың жұмысына да тоқталып өтсеңіз.

– Бізде 2 қоғамдық комиссия жұмыс жасайды. Біріншісі, «Мейірім құшағы» деп аталады. Онда көп балалы аналар жиналады. Мұнда кейбір мәселелерді заңдық тұрғыдан қалай дұрыс шешуге болатыны жөнінде конституциялық жұмыстар өткізіледі. Бұдан бөлек мүгедек адамдармен жұмыс істейтін тағы бір комиссия бар. Көкшетау қаласында «Бірлік» деген заң қоғамы бар. Онымен де тығыз байланыста жұмыс жасап жүрміз. Өткенде сол жерде ҚР Парламентінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Николай Арсютинмен кездесу өткіздік.

– Партияның жастармен жұмысы қаншалықты жолға қойылған?

– Жастар саясатын қолдау үшін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясы 2021 жылы «Ауыл» жастар ұйымын құрған болатын. Олар түрлі деңгейдегі мемлекеттік атқару органдарының ішкі саясат бөлімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Жер-жердегі «Жастар ресурстық орталығының» жұмысына белсенді түрде қатысады. Олармен бірлесіп «Таза Қазақстан» секілді түрлі жобалар мен бағдарламаларға атсалысып, түрлі деңгейдегі мемлекеттік шараларға қатысады. Біз өз тарапымыздан жастардың жұмысын ынталандыру үшін белсенділерге Алғыс хаттар тапсырып, түрлі марапаттау шараларын жасап отырамыз.

– Кейбір партиялардың мүшелері мүшелік жарнаның қайда, қалай жұмсалатынын таратып айтып бере алмайды. Сіздерде бұл жағы қалай?

– Қазіргі уақытта Ақмола облысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясының 21 бастауыш партия ұйымы бар. Ал мүшелеріміздің жалпы саны 2 мыңдай. Біз мүшелік жарна жинамаймыз.

– Партияның саяси бағдарламасы қаншалықты өміршең?

– Біздің партияның саяси бағдарламасы «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп аталады. Онда көрсетілгендей, XXI ғасыр қазақстандықтар үшін жасампаз еңбек, тарихи кемелденген мемлекет пен демократиялық белсенді қоғам құру кезеңіне айналды. Біз осы уақыт аралығында халқымыздың даналығы мен төзімділігі арқасында қазіргі заманның сын-қатерлеріне ұтымды жауап бере білдік. Қазақстандықтардың ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтаған, сонымен бірге сенімді түрде заманауи инновацияларды пайдаланатын дамудың жоғары сатысындағы гүлденген мемлекет құруға қажетті әлеуеті бар. Халқымыздың тарихи құндылықтары, мүмкіндіктері мен әлеуеті Қазақстан келешегін бүгіннің өзінде айқындап отыр. Мұндай ұстаным «Ауыл» партиясынан өз қызмет ету механизмдері мен тәсілдерін ұдайы жетілдіруді, ақпараттық кеңістікте мейлінше белсенді жұмыс істеуді талап өтеді. Біздің партияның миссиясы – әрбір қазақстандыққа лайықты өмір сүруге мүмкіндік жасау. Еліміздің гүлденуіне, Қазақстанның әрбір азаматының әлауқатының артуына өз үлесімізді қосып келеміз, қоса да береміз. Біз тұрақты келешек қалыптастыру жауапкершілігін өз мойнымызға алуға, осы жолда жетістікке жету үшін тер төгуге дайынбыз. Отандастарымыздың мүдделері үшін жауапты шешімдер қабылдауда өзге саяси күштермен диалогқа ашықпыз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Беспомощные жертвы перед лицом преступности: фундаментальное исследование и призыв к действию

В современном мире, где повестка дня часто переполнена экономическими...

Қымызмұрындық көрем десең, Кегенге кел!

21 маусым күні Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара жайлауында...

В АСТАНЕ ЧЕСТВУЮТ ЛУЧШИХ МЕДИЦИНСКИХ РАБОТНИКОВ СТРАНЫ

В преддверии профессионального праздника – Дня медицинского работника –...

АСТАНАДА ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Астанада еліміздің денсаулық сақтау саласының...