Адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, олардың мәнін түсінеді. Сондай-ақ қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани байлықтарды да адам ана сүтімен бірге қабылдап, туған тілі арқылы игілігіне пайдаланады. Кез келген ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізгі қатынас құралы – тіл. Тіл болмаса, сөз де болмайды. Сөз болмаса, адамзаттың тірлігінде мән-мағына да болмайды. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Ана тілдің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуі үшін әрбір саналы адам қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін, тілін білуге міндетті. Сондықтан халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі, баға жетпес қазынасы – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті болып табылады. Сол себепті кез келген мемлекет өзінің салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғап, дамыта түседі.
Тегеуріні мықты тіліміздің құнарлы қазынасы бізге бабалардың қаны мен жаны арқылы мирас болып жеткені бәрімізге мәлім. Ал енді қазақ еліне тән рухани құндылықты, ұлттық рухты, шұрайлы тілімізді сақтап қалу, оны дамыту мен өркендету қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі болуы шарт. Еліміз еңсе тіктеп егемендік алғалы бері, қазақ тілінің мәртебесін асқақтату мен оның қолдану аясын кеңейту тәуелсіз елдің күн тәртібінен түскен емес. Өйткені тіл – біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз секілді елдігіміздің басты белгілерінің бірі.
Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіліп, бірқатар бағдарламалар қабылданды. Бұдан басқа мемлекеттік тілдің дамуының іргетасын қалаушы стратегиялық құжаттар да аз емес. «Тіл туралы» заңда мемлекеттік тіл еліміздің бүкіл аумағында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екені нақтыланған. Мемлекеттік тілді дамыту саясаты бұл ел ісі, жұртшылық жанашырлығы және күнделікті өмір сүру үлгісімен өрілген өнегелі іс әрекеттер арқылы шешіледі.
Тіл саясатының басты бағыттарының бірі – оны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау. Тіл туралы тіл жанашырларының жанайқайы баспасөз беттерінде көптеп жариялануда. Мемлекеттік тіл саясатының нәтижелі жүзеге асырылуы азаматтық қоғамның қолдауымен ғана мүмкін болмақ және бұл үрдіске жастар мен үкіметтік емес ұйымдардың араласуы жақсы нәтиже берері сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақастан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың «негізгі кілті» болып табылатын тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін»,-деген Мемлекет басшысының сөзі ата-бабадан баға жетпес мұра болып қалған, шексіз бай қазақ тілінің жойылып кетпей, жаңа деңгейде дамуына себепкер болады деп білемін.
Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі болуы керек. Ел мерейін асқақтатқан тіліміз, мәдениетіміз жоғалмас үшін қасиетті рухты ана тілімізді құрметтеп, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне сіңіруіміз қажет.
Мемлекеттік тілдің дамуы өзімізден бастау алары хақ.
Балжан Мусаева, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маманы-сот отырысының хатшысы