12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАЛЫҢ ТҰМАН АРАСЫНДА

«А.қаласының солтүстік-батысында 500 шақырым жерде кішкентай ғана ауыл бар. Әкемнің үлкен ағасы сол жерде тұрады. Көптен көріспеген туыстарымның үйіне қарай асығыс бет алып, түнделетіп жолға шықтым. Қырсық шалғанда такси бұзылып, жарты жолды жаяу жүруге тура келді. Жолмен жүрсем, таң ата бір-ақ жететінім сөзсіз. Сондықтан, таудың етегіндегі кішігірім орманды кесіп өтпек болдым.

Тас қараңғы. Тым болмағанда айдың жарығы болса, көз алдымда не тұрғанын ажырата алар едім. Алайда қасарысқанда аспанды бұлт торлап, ауа дымқылданып, даланы түгел қалың тұман басқан. Мүлгіген тыныштық одан бетер үрейімді қашырып барады. Тек жүрегімнің соғысын ғана естіп келемін. Әлде, таксиде қала бергенім дұрыс па еді?! Бірақ, әлгі кісінің тесіле қарасы мына тоғайдың кескін-кейпінен де қорқынышты. Көліктен түсіп, қасынан тездетіп кетуге тырыстым. Енді қараңғы түнде орманда жалғызбын. Кенет тұла бойымды белгісіз бір сезім билеп кетті: артымнан біреу аңдып тұрғандай. Жанымды шүберекке түйіп, бұрылып қарап едім, ешкім жоқ екен. Соған қарамастан бұл жайсыз сезім бір тыным бермеді. Қараңғылыққа да көзім үйрене бастаған шақта жан-жағымдағы ағаштардан, қанша қарасаң да айырып болмайтын қара түске боялған түсініксіз нәрселерден қорыққаннан жүрегім жарылып кетердей күй кештім. Үрейімді қашырып дәл алдымда екі көз жарқ ете қалды. Сөйтсем, жапалақ екен. Өзімнің орынсыз қорқынышыма өзім дауыстап күліп жібергенім сол еді, жақын маңнан қасқырдың ұлыған дауысы шықты. Ұлыған сайын маған жақындап келе жатқандай. «Құдайым-ау, ит-құсқа жем болатын болдым ба?» деп алды-артыма қарамай жүгіре жөнелдім. Талай мәрте құлап сүрінгеніммен қоса оң аяғымның сіңірі тартылып, ақсаңдап қалғаным тағы бар. Қанша жүргенім есімде жоқ. Әйтеуір, ентігіп тоқтаған сәтте сарғайып жерге түскен жапырақтарды басып келе жатқан аяқтың дыбысы естілді. Бұл қасқыр не Әзірейіл болды-ау шамасы. Әлде…

Жеті қараңғы түнде рұқсатсыз аяқ бас­қан адамды тірідей қоя бермес орманның да өз иесі бар ма екен? Шошынғаннан буын-буындарым қалтырап, аязда қалған торғайдай дір-дір етіп тұрдым да қалдым. Дыбыс шыққан жаққа «Кімсің? Адамсың ба, хайуансың ба әлде өлім періштесінің өзісің бе?» деп айғайладым. Оным, адам болса, жауап беріп, жүрегім орнығар деген ой. Бірақ, үнсіздік орнықты. Тыныштық тек жыртқыштың шабуыл жасар алдында орнайды да, жемтігін күтпеген жерден бас салатыны бар. Қасқыр болса, қазір атылып, үстіме секірер деп неге болсын өзімді дайындап тұрғанмын. Көзімді тарс жұмып алып, екі қолымды басыма қойып отыра кеттім. Барған сайын жақындап келе жатқан сияқты… Жан дауысымды салып айғайлағаныммен, кім естиді? Кім көмекке келеді? Бәлкім, жын-перілер шығар, жалғыз адамды айналшақтап жүрген? «О, Алла, сақтай гөр… сақта!» деп Жаратушыға жалбарындым. Құдайдың атын ести сала, ол аса қатты жылдамдықпен мені айналшықтап жүгірді. Қасқыр болса, бірден бас салар еді ғой. Ал мынау, тіпті, адамға да тән емес дауыстар шығарып, тоқтаусыз жүгіріп жүр. «Бисмилләһ» деп айтуға қанша талпынсам да, тілім байланып, ырқыма көнер емес. Құлағым шыңылдап, жүрегім дүрсілдеп, денем қалш-қалш етеді. Таңсәріде көретін қорқынышты түс сияқты, – бірақ, қашан оянарым белгісіз. Жоқ, түстің соншалықты шынайы болуы мүмкін емес. Мен, шынымен, ай дала, қара орман арасындамын. Ауыл тұрғындарының неге осы орманнан іргесін аулақ ұстайтындары енді белгілі болды. Адамдардың емес, жындар мекені екен ғой. Шыдамадым білем, осылай жалғаса берсе, есімнен адасып кететінім анық. «Жетер!» деп жан даусыммен айғайлап жібердім. Кенет тағы да тыныштық орнап қалғандай, бәрі жым-жырт. Жапалақтың дауысы мен желдің гуілі ғана естіледі. Орманнан тірі шыға алмаймын-ау шамасы. Адам яки жын болсын, дәл қасыма келгенін сездім.

– «Қасқыр да, Әзірейіл де емеспін. Сонша жан ұшырып айғайлағаның не? Қане, тұр орныңнан!» – деген сөзді естіп, басымды көтерсем, жас жігіт қолын созып тұр екен.  

Қайдан және не үшін түнде жалғыз жүргенімді қанша сұраса да, алғашында тілім байланып жауап бере алмадым. Әбден шошынып қалған болар деп ол да мені көп мазаламады. Шидей арық болғанымен, түрі сұсты, көзі өткір, тарам-тарам тілінген қолдарының саусақтары епті әрі ұзын екен. Әсіресе, жанары жәй адамның емес, талай жандарды азаптап өлтірген қанішердің көздеріндей. Жындардың адам кейпінде көзге көрінуі мүмкін деуші еді. Бәлкім, бұл жын-пері шығар? Неде болса, жол бойы аңдыған осы деп ой түйдім. Сұстана қарап келе жатқанымды байқап:

– «Бикеш, менен неге сонша қорқып келесің? Мен адамның етін жемеймін. Барар бағытымыз бір сияқты. Оның үстіне, ер азамат ретінде сені шығарып салуға тиіспін. Түнде неге жалғыз жүрсің? Енді сұрағыма жауап беретін шығарсың?..» , – деді.

Мен үндемедім. Бейне бір тарпа бас салып, қойдай бауыздап тастайтындай қорқып келемін. Соны сезсе керек.

– Жақын маңда зират бар. Әруақтардан қорықпайсың ба?– деген сұрағы күдігімді дәлелдей түскендей.

– Өлгендерден емес, тірілерден қорқу керек.

– «Дұрыс айтасың» – деп қарқылдап күлді. Жапалақтың дауысын естіп, оң жағыма бұрыла бергенім сол еді, әлгі адам ғайып болды. Алды-артыма түгел қарадым, – таппадым. Адам ба әлде әруақ па? Күтпеген жерден тағы шыға келе ме деп зәрем ұшты. Қасқыр тағы ұлып жатыр. Ол да артымнан келе жатқан болуы керек. Кенет жоқ жерден қайта пайда болған әлгі ер адам мойнымнан шап беріп ұстап алды да қылғындыра бастады.

Жан беру оңай ма?! Барынша қасарысып, әлім жеткенше жұдырықпен соғып жатқанда, аяғым тайып, жерге құлап кеттім. Әйел адам қанша дегенмен әлсіз жаратылыс қой. Менің жұдырығым оған еш дарымады, білем. Сонда да, әрекет етіп, өмір үшін күресіп, жан бермеудің амалын жасап бақтым. Ал оның қолдары барған сайын мойнымды қыса түсуде, тіпті, мені қинағаннан жаны рахаттанып жатқандай. Қанға толып кеткен екі көзінен ӨЛІМДІ көрдім. Буындарым босап, бойымнан әл кетіп бара жатқан сәтте қолыма бір үлкен тас ілікті. Басынан 2-3 рет соғып жібердім де қашып құтылдым. Міне, осылай, тергеу­ші мырза. Заң бойынша бұл өзін-өзі қорғау деп аталады.»

– Сен дәл бір проза жазып отырғандай баяндайды екенсің. Ұзақ ойластырған шығарсың? Жазған туындыларыңның біразын оқыдым. Әрине, керемет деп айта алмаймын. Қан, қылмыс, өлім туралы әңгімелер аса көп оқылмайды. Халық жақсы аяқталатын дүниелерді жақсы көреді. Бірақ, мені бір таңқалдырғаны «Қара түнек» әңгімесінде бүлдіршін қыздың көз алдында туған әкесі 8 айлық шаранасын көтеріп жүрген әйелін қалай өлтіргені суреттеледі. Бәлкім, бұл сенің тағдырыңа ұқсас бойжеткеннің бастан кешкені не өз басыңнан өткен қайғылы жағдай, солай ма? Және ең қызығы кейіпкерің де дәл сен сияқты сотта ақталып шыққан әкесін ұйықтап жатқанында бауыздап тастаған. Бұл жәй ұқсастық дегенге кім сенеді, Қарагүл? Сені осылай атайын. Қылмыс әлеміндегі есімің осындай емес пе еді?!

– Қайдағы Қарагүл? Мені ол қанішер қызбен шатастырмаңыз! Айттым ғой сіздерге мен оны әдейі өлтірген жоқпын. Неге сенбейсіздер? Балалар калониясында отыр­ғаным рас. Иә, мен қылмыс істедім және оны мойныммен көтердім. Әкем де солай істеуге тиісті еді, алайда, сіздер оны босатып жібердіңіздер. Қылмыскерді босатқан адамның өзі де қылмыскер.

– Оның рас, темір торға отырғыза алмадық оны. Куәгерлер жетіспеді.

– Ақшасы көп байларды қашан жазалап едіңіздер? Әлсіз, кедей қара халыққа ғана шамаларыңыз жетеді. Сот сараптамалық экспертизаның өзін де ақшаға өзгертіп, көк қағазбен жалғыз куәгерді сатып алған болатын. Сот алқасының өзі де қомағай болса, баланың сөзіне кім сенсін?

– Сараптама қорытындысы істі 180%-ға бұрды. Көпке топырақ шашпа! Сабаңа түс! Әділеттілік үшін қалай жан аямай еңбек етіп жатқанымызды сен білмейсің. Одан да маған мынаны айт, әкең сатып алған жалғыз куәгер жоғарыда аталған таксист. Бұл жай ғана сәйкестік пе әлде алдын ала ұйымдастырылған кісі өлімі ме?

– «Не деп тұрсыз? Оның Самат екенін де білмедім. Жолда көлік бұзылған соң кетіп қалдым. Ары қарай оған не болғанын мен қайдан білемін? Салғырт жұмыс істейсіздер. Барлық қылмыстарды мойныма іліп, тағы да темір торға қамап тастағыларыңыз келеді»,– деп София ашуға булығып, айғайлап жіберді. 

– «Таксисті жолда өлтіріп тастадың! Қалай болғанын да баяндап бере аламын. 3 күн бойы құрбандығыңды аңдып жүрдің. Кешкі астан кейін азамат Елеусінов үйінен шығып кеткенде, алдымен, екі баласы мен әйелін өлтіріп, күнделікті көлігімен такси қызметін ұсынып тұратын Қ. көшесінің қиылысына барып оны күттің. Содан кейін қаладан шалғай ауылға апарып салуды өтініп, орман қасына жақындай бергендеріңде, қалтаңнан пышағыңды шығарып, тамағын орып жібердің. Болжамым бойынша, марқұмды отбасындағы болған қайғылы жағдайды телефоннан естігеннен кейін өлтірдің. Менің тартқан азабымды сен де көр деген ойдан туса керек. Бұнымен қоса, көлігі бұзылып, сирек те болсын жолай өтіп жатқан машиналарды тоқтатып әуре-сарсанға түскен Айдар Жарылғасұлы күтпеген жерден қылмысқа куәгер болып қалған-ды. Сондықтан, артынан орманға қуып бардың да таспен ұрып өлтірдің. Қолыңда суық қару бола тұра, неге таспен ұрдың? Демек, араларыңда біраз айқас болған. Сол кезде қолыңнан пышақ жерге ұшып түседі: қайтадан алуға қолың жетпейді. Бәрібір уақыты таусылса керек, құрбандығың үлкен тасқа шалынып құлайды да қатты екпінмен ағашқа басын соғады, сол есеңгіреген күйінде саған қарсыласуға шамасы келмейді. Оқиға орнына барып, басының мылжа-мылжасы шығып жатқан жәбірленушінің денесін өз көзіммен көрдім. Адамды өлтіру үшін бір-екі рет таспен ұрсаң жетіп жатыр. Сен болсаң, соққылай беріп, миын жан-жаққа шашып тастағансың. Артынан таксистті өлтірді деген кінәні арқалату үшін қолына Саматты бауыздаған пышақты ұстаттың. Бұл жолы жақсырақ ойластыра алмапсың. Қолында пышақ тұрған адам қылғындыра ма?», – деп тергеуші айласын асырғанына масаттанды.

– Сіздің не айтып тұрғаныңызды түсініп отырған жоқпын.

– Өтірік көлгірсіме! Бір сағат бойы мыл­жыңыңды естігенім де жетеді!

– Маған қорғаушы жіберіңіздер! Сізбен ары қарай тілдескім келмейді.

– «Жоқ, қанішер ханым, сөзімді аяғына дейін тыңдайсың! Қылмыстық әңгімеле­ріңнің қатарына әкеңнің достарынан қалай кек алғаныңды баяндап жазбадың ба? – дей келе екі суретті алдына тастады. – Айдос Назаров пен Серік Қалижан. Аттары да, жүздері де таныс шығар? Анаң өлгенде есі кірген бала едің. Үйге жиі келіп жүрген кісілерді ұмытуың мүмкін емес.»

– Бұны маған не үшін көрсетіп отырсыз?

– Әкең өлерден бір күн бұрын оқыс жағдайда Серік Қалижан қайтыс болған. Білмеуің мүмкін емес. Әрине, көлігінің тежегішін сен бұзып тастамаған болсаң…

– «Жетер!!! Баяғыда өлгендердің қанын да арқалатпақсыздар ма? Бұдан әрі шыдай алмаймын. Жайыма қалдырыңыздар!», –  деп екі қолымен құлағын тарс бітеп алады. Баланың қылығын істегеніне әрі таңқалған, әрі ашуланған Мұрат үстелді жұдырығымен қойып қалды. Дірілдеп, қалтырап кеткен София өткен күннің елесін тірілтіп, жанын жегідей жеген жегіқұрт – тергеушіге ала көзімен қарап отыра берді, қайтып жұмған аузын да ашпады. Ары қарай тергеуден түк шықпайтынын түсініп, Мұрат сыртқа шығып кетті. Оны көре сала, әріптестері «Не істейміз? Қылмысын қалай мойындатамыз?» деп сұрағыштай бастады.

– Білмеймін. Шаршап кеттім. Істеген қылмысынан денең түршігеді. 7 жасар баланы да аямаған.

– «Түріне қарасаң, адам өлтірді деу қиын. Ботадай көздері … қанішерге емес қайта жәбірленушіге ұқсап тұр. «Қарагүл» екеніне сенімдісіз бе?», – деп жас жігіт сөзге араласты.

– «Ей, ақымақ, есіңнен адасайын дедің бе? Ғашық болып қалғаннан саумысың? «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында.» Қарай гөр өзін! Сенің жұмыс істеп жатқаныңа 1 жыл да болған жоқ, ал менің алдымнан мынау сияқты», – деп саусағымен қызды нұсқап, – талай бейкүнә адамды өлтіргендер өткен. Қылмыскерлерді алыстан жазбай-ақ танимын.

– «Мен сөйлесіп көрейін», – деп психолог ашушаң тергеушінің айқайынан қашып, бөлмеге кіріп кетті.

Психологқа да өндіріп ештеңе айтпағанын Мұрат алдын ала болжап білгендей мырс етті. Кенет сырттан бақылап тұрған тергеушіге Қарагүл өткір көздерін қадап, «келесі құрбандығым сен боласың» дегендей ыржия күледі. Әйнек іште отырған адамға айна болып қана көрінуі керек. Алайда, талай рет милицияның тергеуінде болған қылмыскерлер бұның әйнек екенін жақсы білетін-ді. Сұлу бойжеткеннің лезде өзгеріп шыға келгенін көріп, Садуақас жағасын ұстады.

– Аға.. аға, ана қыздың сізге қараған қарасын көрдіңіз бе? Мынаның есі ауысқан не ішіне жын кіріп кеткен ғой!

– Жоқ, ол жынды емес! Актерлық шеберлігін салып, ауру адамның қылығын жасау арқылы жазадан қашып кетпекші.

Психологтың есі ауысқан деген диагноз қойғанын естіп, Мұрат мүлде ашуға мінді.

– «Қанша психологты шақырсаңыз да осы диагнозды қайталап береді. Софияда сирек кездесетін магифреникалық синдром. Бұндай адамдарда галюцинация жиі болады. Бағана байқаған шығарсыздар: адамды жынға теңегенін. Оны қоғамнан алыстатылған психиатриялық емханада қатаң бақылауда ұстау керек!

– Сен не түсінуші едің? Психологпын дейді ғой. Әділеттілік дегеннің не екенін білесің бе? Қылмыскер лайықты жазасын алуы керек! Ал сен сияқтылардың кесірінен қаншама қанішер жазадан қашып құтылды.

– «Психикалық ауруға ұшыраған қанішерлер еш себепсіз адам өлтіреді. Егер оның есі дұрыс қанды қылмыскер деп есептесеңіз, не себепті өлтіргенін іздеп табыңыз, – деп қолына сырт киімін алды да есіктен шығып бара жатып,– Осындайлармен істі болып, сіз де есіңізден ауыса бастапсыз» – деді.

Шындығында да, тергеуші таксист пен оның отбасының мезгілсіз өліміне қатысты болжам жасаса да, сотта оны дәлел ретінде келтіре алуы екі талай. Серікті өлтірген осы қыз екеніне сенімді болғанымен, себебін түсіне алмай дал. Көптен бері қолға түспей жүрген атышулы Қарагүл екені де анық. Үстіндегі киімі түгел қара және куәгерлердің суреттеуіне сәйкес кеудесіне қара тастармен көмкерілген гүл бейнесінде түйреуіш тағылған. Құрбандықтарын асқан хайуандықпен өлтіруі, істің бір-біріне ұқсастығы осының дәлелі. Бірақ, сұрақтар жеткілікті. Тергеуші жеке кабинетінде отырып, керегеге ілінген суреттер мен айғақтарды тағы бір  шолып өтті. Ертеңінде таң атпай тергеуге алған Мұрат бойжеткеннің жасаған қылмыстары жайында сөз қозғады.

– Қарагүл!

– Мен сіздерге айттым ғой Қарагүл емеспін деп.

–Жарайды, София Нигматулина дейін.

– Енді дұрыс болды.

Тергеуші езу тартып күлді де сөзін жалғастырды.

– «Түні бойы ойланып толғанған шы­ғарсың. Кінәңді мойындайсың ба? Жазаң жеңіл болады деп уәде беремін. Тек… қылмыстарыңды мойындап, тізбектеп жаз», – деп алдына қалам мен қағаз қойды.

– Қандай қылмысты?

– «О, Алла, қандай дейді ғой. Осы жұ­мысты қайдан ғана таңдадым десеңші. Ел қатарлы кеңседе отырсам, жүйке жүйелерім орнында тұрар еді», –  деп мамандық таңдауда шалыс кеткеніне налыды. – Жә, жетер, осы істі соңына дейін жеткізіп, сені түрмеде шірітпесем, Мұрат деген атым өшсін.

– Сен маған мынаны айтшы. Қыркүйектің 14-інде кешкі сағат 8-дер шамасында қайда болдың?

– Өзімнің жалдамалы пәтерімде кітап оқып отырдым. Қаласаңыз үй иесі қарт әже дәлелдеп бере алады. Мен бір бөлмесінде ғана тұрамын.

– Қанішерлер туралы кезекті кітапты оқыған шығарсың, – деп бір күліп ал­ға­нымен, қыздың дәл бір кеше болған оқи­ғадай шапшаң әрі ойланбастан жауап бер­гені Мұраттың күмәнін тудырды. Жай адам есіне түсіре алмай, әбігерленеді, тек қылмыскер ғана алдын ала шынайы­лыққа жақын алиби ойластырып қояды деп тергеу­ші қылмыс­тың ретін санасында бейнелеп, болжам жасай бастады. – Дәл осы уақытта Айдос Назаровқа қастандық жасалды. Ол қазір ауыр халде аруханада ес-түссіз жатыр.

Жәбірленушінің есімін естігенде София­ның өңі сұрланып, бір орнында тыныш отыра алмай, аяқ-қолын әлсіз діріл басып еді, «ауруханада» дегенде қолындағы қаламды қалай сындырып тастағанын өзі байқамай қалды.

– Айып етпеңіз! Әдейі емес. Сапасыз болған ғой.

– Қам жеме, сынса тағы бар, – деп төс қалтасынан қаламын алып берді. Бұл әрекеттің өзі тергеушіге көп нәрсені айғақтайды. Басынан атқан сияқты едім, қалай тірі қалды деп таңданып отырған болар деп түйді. – Қарагүл, ой София… есіміңді қайта-қайта шатастырып ала беремін. Айтайын дегенім, Назаровтың есімін естігенде неге өңің қашып кетті?

– Жоқ. Сізге солай көрінген-ау шамасы. Оны көрмегеніме талай жыл.

– Солай ма? С. көшесіндегі бейнежазба бізге басқаша ой салуда. Оған қастандық жасалған күні сен қасында болдың. Бұған қолдағы материалдар дәлел, – деп енді бастап келе жатыр еді кенет сырттан Садуа­қас кіріп, шұғыл хабар жеткізді.

– Мұрат Төлеуұлы, жаңа ғана орталық ауруханадан хабарласып, жан сақтау бөлімінде жатқан Айдос Назаров 1 сағат бұрын бақилық болғанын айтты.

Кісі өлімі – туғандары үшін қайғы, жауыздар үшін қуаныш. Қарагүлдің құлағына майдай жаққан жаңалық оны ерекше бақытта бөлеген сынды. Балаша шаттанғаны соншалық, алақанымен шапалақтап, орнынан тұрып секірмесі бар ма. Өткір қара көздері оқтын-оқтын Мұратқа қадалып, ойымдағыны іске асырдым деп төбесі көкке жеткендей қуаныштан толқып жүрген бойжеткен осы ісімен ақыры жоспарының соңғы кірпішін қалап, есі ауысқан деген атты өзіне мықтап бекітіп, темір торға емес, психиатриялық ауруханаға тоғытылды. Тергеуші Қарагүлдің құрбандықтарын жіпке тізіп шыққанымен, нақты себептерін атай алмағандықтан, сотта психологтың сөзі басым түсті. Осымен іс біткендей еді, алайда 1 аптадан кейінгі Мұраттың қалта телефонына соғылған қоңырау жабылған істі қайта ашуға себеп болған.

Темір тормен қоршалған, қаншама милиция қызметкерлері күзе­тіп, 24 сағат бойы ақ халаттылардың ба­қылауында болатын емханадан Қарагүлдің қашып кетуі бүкіл елді дүрліктірді. Мұрат өзі тікелей жабық мекемеге барып, сол күні кезекшілік атқарған қызметкерлердің әрқайсысымен жеке дара сөйлесіп шыққан. Нәтижесіз. Жеті қараңғы түнде қалай және қайда қашып кеткені белгісіз. Таңертеңгі тексеріс кезінде ғана жоғы анықталған екен.

Тергеушінің көңіліне бұл іс күдік ұялатты. Біреудің көмегінсіз мынадай күзет пен бақылау бар жерден қашып шығуы мүмкін емес. Осы оймен 3 күн арпалысып, іздеудің еш нәтиже бермей жатқаны одан арман уайымға салды. Қанішер қыз тағы біреулерден өшін алып үлгермеген және мына бет алысымен бастаған ісін аяғына жеткізетін түрі бар. Немесе… жағдай мүлде басқаша өрбіген. Бірақ, қалай?

Төртінші күн дегенде алдында қанды оқиға болған орманда тағы да бір мәйіт табылды. Өлгеніне көп уақыт бола қоймаған әрі сырт келбеті Софияға ұқсайды деген соң Мұрат дереу қылмыс орнына жетті. 7 жерден пышақталып, беті сан рет тілімденгендіктен марқұмды туыстарының өзі бірден айыра алмайтындай еді.

– Адам емес хайуан өлтірді ме дерсің. Түріне қараудың өзі қорқынышты… Мәйітті кім тапты?

– Аң аулауға шыққан ауыл тұрғыны тауыпты. Аң дегенде, сол сенбі, жексенбі күндері қырғауыл ұстау үшін осында келеді екен, – деп учаскелік полицей оқиғаны баяндай бастады.

– Түсінікті. Сараптамаға жіберіңіздер, аты-жөнін, өлген себебі мен уақытын анықтасын.

– Жындыханадан қашып кеткен Қарагүл емес пе?

– Келбеті ұқсайды. Бірақ, ол емес. Қарагүлдің сол қолында «тату» болатын. Қытай тіліндегі бір әріп. Не мағына беретінін бір Құдай біледі. Жастар еліктеп, әйтеуір, денесіне сурет салдыруға құмар. Ал мына қызда ондай жоқ. Не де болса, жап-жас қыз екен, обал-ай!

– Осы жерде қылмыстар жиі болады. Өткен аптада ғана бір бойжеткенді зорлап кеткен еді. Енді, тіпті, мәйіт табылып отыр.

– Енді ше? Қылмыскерлер үшін ең қолайлы жер болып тұр ғой. Жақын маңға полицейлік учаске салу керек сияқты. Әйтпесе, анау ауданнан сендердің келулерің бір күш. Айғайлаған адамның дауысы ол жаққа қайтіп естілсін?!

– Ауыл адамдары бұл орманды қарғыс атқан дейді. Жындар мен ібіліс лағнетті көргендер де бар екен. Жақын маңда тұратындар айналып өтуге тырысады.

– Қойшы, қайдағыны айтпай. Айтпақшы, бұнда қасқыр бар ма?

– Жо-оқ, қасқыр қайдан болсын?! Онсыз да адам тектес тірі хайуаннан жапа шегіп жүрген, енді ит-құстар жетпеп еді.

– Қарагүлдің кезекті қиялы екен ғой!– деп Мұрат мырс етті.

– Не дейсіз? Естімей қалдым.

– Ештеңе. Жәй бір нәрсе есіме түсіп кетті.

«Мына қыз сияқты Қарагүл де өлі табылуы ғажап емес. Бірақ, қайдам басқа қыз болса бір жөн, бұндай қанішерлердің жанын Құдайдың өзі алғысы келмейді» деген оймен Мұрат жұмыс орнына қайта келді. Арада тағы да шамалы уақыт өтіп, әлгі қыз­ды өлтірді деген күдікпен бұрынғы сотталған, босап шыққанына небәрі 1 жыл да толмаған қырық жастағы ер адам ұсталды. Ендігі кезекте сараптама қорытындысын күту керек. Уақыты озып кетсе де, әлі жоқ. «Өзім-ақ барып алып келейін» деп тергеуші мә­йітханаға барған. Кезекшілікте өзіне жақсы таныс Үміт апай екен.

– Үміт апай, қалыңыз қалай?

– Ооо, кім келіп қалды десеңші?! Көптен көріспеген Мұраттың өзі. Қашан келдің қалаға?

– Өткен айда ғана. Келе сала жұмысты үйіп тастады. Сіздерге амандасып шығуға, шыны керек, енді ғана қол тиді. Қайта оралдым деген осы. 8 жыл қалай тез өте шықты десеңші!

– Қайдағы тез? Сені қатты сағындық қой.

– Солай ма? Онда жақсы екен.

– Жүр кеттік, дәмділеп отырып шәй ішейік. Қыздар дастарқан жайып жатқан.

– Білесіз ғой, мәйітханада тамағымнан ас өтпейді.

– 8 жыл өтсе де, еш өзгермепсің, – деп толықша келген өңді әйел Мұратты бүйірінен түртіп, бір күліп алды.

– Оның үстіне асығыспын. Орманда табылған қыздың мәйіті осында жатқанына бірталай уақыт болды, сараптама қорытындысын әлі әкеп бермеді. Қанат деген сот сарапшыларыңыз қайда? Тегін ұмытып қалыппын.

– Назаров. 3-кабинетте отырады. Бірақ, ол қазір жоқ. Екі-үш күн жұмысқа шықпайтын шығар. Жақында інісі қайтыс болған, соның қырқын өткізбек. Сұлтан Байдолда ғана бар. Кіріп, жөніңді айтсаң болғаны.

«Назаров… Назаров, қайдан ес­тідім бұл есімді?» деп сәл ойға берілді де, тез есін жиып:

– Жақсы, рақмет. Астарыңыз дәмді болсын! – деп сот сарапшыларының кабинетіне қарай бет алды.

Айтылғандай, жартылай ғана жарық түсіп тұрған кең бөлмеге кіріп, төрде отырған кісіге өзін таныстырды да, бірден келу себебін баяндады. «Сараптама қорытындысы үстел үстінде тұрған көк папкадағы көп қағаздардың арасында не тартпасында болуы керек» деп Сұлтан шұғыл шаруа­ларымен жолға шығып бара жатқанын айтып, кабинеттен шығып кетті. Тергеуші Мұрат қағаздарды қанша ақтарса да, іздегенін таба алмады. Ақыры тартпаны аша беріп еді, гүлді түйреуіш көзіне оттай басылғаны. Дәл Қарагүлдікіндей. Егер, шынымен, іс-түзсіз кеткен қыздікі болса, Қанаттың тартпасында неге жатыр? Ары қарай сараптама қорытындысын іздеуге құлқы болмай, Софияның ісіне қайта бір көз жүгіртіп шығу үшін кеңсеге жүгірді. Қанішер қыздың қолынан қаза тапқандардың ішінде Қанат Назаровпен тегі бір Айдос есімді азамат бар екен. Жаңа Үміт апай да інісінің қырқын беруге кетті деген. Есептесе, Айдостың өлген күніне дәл келеді. Шұғыл түрде кабинетіне Садуақасты шақырып алды.

– Өткен айда София Нигматулина өлтірген Айдос есімді азамат сот медициналық сараптамасында жұмыс істейтін Қанат Назаровтың інісі ме?

– Иә.

– Неге маған ертерек айтпадың? Жәбірленуші жайлы жиналған ақпаратта есімі болмады ғой.

– Туғаны емес, ағайындар. Бірақ, бала күнінде інісі тұл жетім қалып, Қанаттың ата-анасы асырап алды деп естігенмін. Айналып келгенде, бір үйдің баласындай тәрбиеленіп, туғанындай көріп кеткен.

 – «Түсінікті-і… Болды, бара бер. Боссың!» – деп Садуақасты шығарып жіберді де, оңашада терең ойға берілді.

«Ішкі түйсігім алдамапты. Бұл істе бір гәп бар. Қыз өздігінен жындыханадан қашып кетпеген. Оны ұрлап әкеткен. Және ол адам Қанат Назаров. Інісінің өшін алмақшы – бұл айдан анық. Бірақ, неге Қара­гүл әкесінің екі досын өлтірді? Неге?.. Бәлкім, әкесінің сотта ақталып шы­ғуына Айдостың өтінішімен Қанат көмектескен шығар: ол сот алқасының төрағасын жақсы таниды. Оның үстіне, сараптаманы жасаған Қанаттың өзі. Демек, марқұм әйелге жасалған сот медициналық сараптамасын ұрып-соққаннан емес, жүрек қан-тамыр ауруынан қайтыс болған деп өзгерту оған аса қиындақ тудырмаған. Міне, қиын жұмбақтың жауабы шешілді-ау. Ауру адамды, барлық қызметкерлерді жақсы танитын, өз арамыздағы біреу ғана оңайлықпен күзеттен өткізіп шығара алады. Бәрі де оңай… Ертерек неге ойыма келмеген? Тек қыз қайда? Өлі ме, тірі ме? Осыны анықтау керек»

Мұрат жағдайға үңілген сайын қыздың тірі табылатынына күмәндана бастады. Оның үстіне, түйреуіштің мәйітханадан табылғанына қарағанда, мүрдесі де сонда болуы керек деген қорытындыға келді. Жеті қараңғы түнде моргке ұрлана кірген тергеуші жертөледе сақталған мәйіттерді қарап шығуға ниетті. Бірақ, түсе салысымен, көз алдындағы жан түршігерлік көріністен шошығаны соншалық, алға қарай аяқ басуға қанша тырысса да денесін билеген діріл орнынан қозғалтар емес. Дәліздің дәл ортасында әлсіз жарық беріп тұрған аспалы шам ары-бері қозғалып, тіпті, үрейді қашырды. Формалин мен мәйіттердің сасық исінен Мұраттың жүрегі айнып, құсып жібере жаздап, өзін әрең ұстап қалды. Әйтеуір, бірер минут өткен соң, «Бисмилләһ» деп жанын шүберекке түйіп, ақыры біртіндеп тоңазытқыштың есігін аша бастады. Қанша жыл милицияда істеп, талай рет азаптап өлтірілген адамдарды көрсе де, моргтегі қызметкерлердің одан бетер қияметті көріп жүргендерін елестете де алмаған.

10 шақты мүрдені қарап шыққан соң, күдер үзе бастағандай еді, кенет бір тоңазытқыш қанша тартса да ашылмай қойды. Қалтасына әдейілеп дайындап алып келген темірді шығарып, жарты сағат ырғап әрең ашты. Шатаспапты, жас қыздың мүрдесі. Ақ матаны көтергенде көзіне оттай басылды – бұл Қарагүл. Келбеті келісті сұлу ақыр соңында өзі де бір жауыздың құрбанына айналыпты. Аппақ жүзі, қайырылған ұзын кірпіктері мен қиылған қарлығаш қастары, қара толқын ұзын шашы жансыз денесіне әлі де өң беріп тұр. Мұрат оны жақында ойыншықтар дүкенінен кішкентай қызына алып берген қуыршаққа ұқсатты. Дегенмен, қайта жан бітіп, орнынан атып тұратындай қорқыныш ұялатады екен адамға.

Кенет артынан біреу ауыр әрі суық нәрсемен басынан қатты соғып жіберді. Жып-жылы қан бірден мойнын жуып кетті де артына бұрылып қарай алмай, есінен танып қалды. Ес жиғанда қала сыртындағы саябақтардың бірінде жатыр екен. Басы әлі де қатты ауырып тұр. Соққан жерде қан қатып қалған әрі домбығып ісіп кетіпті. Оған қарайтын шама бар ма, дереу жолай көліктерді тоқтатып, жұмыс орнына жетуге асықты. Бара салысымен жағдайды баяндап, тез арада тұтқындау туралы бұйрықты ала сала, 3-4 адаммен мәйітханаға жетті. Бірақ, тым кеш. Қызметкерлердің айтуынша, Қанат таң атпай жұмыстан шығу туралы арыз жазып, кетіп қалыпты.

– Кеткеніне қанша уақыт болды?

– Шамамен 2 сағат. Оны неге іздеп жүрсіздер?

Сұраққа жауап берместен қа­йырылып мекемеден шығып кеткен Мұрат қасындағыларға: «Дереу әуе­жай мен темір жол вокзалына бару керек. Мен Асқар мен Әділді ертіп әуе­жайға барайын. Фархат, сен қасыңа 2-3 адам алып вокзалға жет. Тездет!» деп бұйырды. Қанат Франция­ға қашып кетпекші болыпты. Ұшуға небәрі 10 минут қалғанда, ұшақтың ішінде ұсталды.

Тергеу бөлмесіне кіргізгенде Мұрат жұдырықпен Қанаттың ішінен бір соқты да: «Түнгі соққың үшін» деді.

– Не, оңбаған? Қашып үлгеремін дедің бе? Жер астына түсіп кетсең де, тауып алар ем. Заң барлық жерде бар. Жазасыз қаламын деп ойлама! Сені 4 бірдей баппен соттатамын. Пара алғаның бар, милиция қызметкеріне қол көтеріп, сот сараптама қорытындысын өзгерткеніңмен қоса, адам өлтіргенің үшін тиісті жазаңды аласың.

– Мен адамды емес, қанішерді өлтірдім. Маған қайта алғыс айтуға тиіссіңдер!

– Қылмыскерді өлтірген де қылмыскер болып саналады, – деп Мұрат Қарагүлдің осы іспетті сөз айтқаны есіне түсіп кетті де, бірер сәт үнсіз отырып қалды. – Сендер сияқты жауыздар, парақорлар болмағанда бұл қыздың да өмірі басқаша болар ма еді?! Анаң осылай адам қолынан қаза болғанда, сен де өш алар ма едің, әлде, жауыз әкеңнің тірі жүргеніне шүкіршілік айтар ма едің? Қалай өлтірдің оны? Қалай алып шықтың жындыханадан?

– Маған емхананың күзетшісі мен бір медбике көмектесті. Алдымен қызды есінен тандырып тастадық та, күзетшімен бірге көтеріп, денесін көліктің жүксалғышына салдық. Сол түні шизофрениямен ауыратын бір науқас қайтыс болған. Соның мә­йітін алып шығып бара жатырмын деп басқа күзетшілерден оп-оңай құтылып кеттім. Ақымақ емес пе, бір сөзіме сеніп қалды. 2 сағаттан кейін Қарагүл есін жиды. Ол кезде парализдейтін дәрі егіп, барлық инструменттерімді дайындап қойғанмын. Көзінен тарам-тарам болып жасы ағып тұрып іш-құрылысын қалай кескілегенімді түгел көріп жатты.

– Болды, осы да жетер. Міне, қағаз, міне қалам. Отыр да жаз. Бұның бәрін маған баяндаудың қажеті жоқ.

– Мен айтып болған жоқпын. Содан кейін не істегенімді білесің бе? Жүрегін көкірегінен жұлып алдым.

– «Жетер! Болды!», – деп екі қолымен үстелді тарс еткізіп ұрды да, шыдай алмай орнынан тұрып кетті. – Жауыз! Нағыз қанішер ол емес, сенсің!

– Ол соған лайық еді.

– Өмірін құртқан да, өз әйелін өлтірген қылмыскерді бостандыққа шығартқан да сенсің! Бәрі сенің кінәң!

– Мен тек інімнің кегін алдым.

– Ал ол анасының кегін алды. Айналып келгенде барлық тізбек саған келіп тіреледі. Осы шым-шытырық оқиғалардың басы да, аяғы да сен болдың! Сен үшін тірі адамдардың өзі де алдыңда кесе көлденең жатқан жансыз мәйіт сияқты. Аяушылық дегенді білмейсің!

– Бұл өмір: не мен, не сен.

* * *

Сот Қанат Назаровты 25 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі калонияда өтесін деген үкім шығарды. Осыған дейін талай рет пара алып, сараптама қорытындыларын өзгерткені де мәлім болды. Ал Мұрат қанша жерден Қарагүлді жауыз көріп, темір торға тоғытуды армандағанымен, бұл жолы қыршыннан қиылған жас қыздың қатал тағдыры мен азапты өлімін ойлап, жүрегі шымырлап қоя берді. Егер әкесінің жазасын беруді бала емес, заң қолына алғанда бұның бірі де болмас еді. Бірер сәт Мұраттың көз алдына кішкене сәбиін жетектеген күнәдан ада Софияның бейнесі елестеп кетті. Қайран, дүние-ай!

Әсем ЖҰМАҚАН

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...