12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алтынбек НУХҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты: «ҚАБЫЛДАНҒАН ӘРБІР ЗАҢ МАҢЫЗДЫ»

– Биылғы жылы қандай маңызды заңдар қабылданды?

– Қазақстан Республикасы Парламентінің VIII шақырылымының III сессиясында 16 заң қабылданды. Бұл заңдардың бəрі еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың мүддесін қорғауды мақсат етеді. Қабылданған əрбір заң маңызды, əрбірінің қоғамдық дамуда өз орны бар. Палата Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформаларды жəне жолдауда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында нəтижелі жұмыс істеп келеді. Сенаттың жалпы отырыстары, комитеттердің көшпелі жəне кеңейтілген отырыстары, дөңгелек үстелдер, парламенттік тыңдаулар мен мемлекеттік органдар, министрліктер басшыларымен жəне басқа да кездесулері де табысты жүруде. Əрбір шара бұқаралық ақпарат құралдары мен əлеуметтік желілерде белсенді түрде жарияланып, талқыға салынады. Депутаттар осы сессия кезінде өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесті. Онда жергілікті тұрғындарды алаңдатқан өзекті проблемаларға назар аудардық. Оларды зерделеп, оң шешілуіне ықпал етіп келеміз. Сенат қабылдаған заңдар топтамасының қай-қайсысы да маңызды екені ақиқат. «Мынау бірінші кезекте, мына заң одан кейін» деп дəрежеге бөлу мүмкін емес. Өйткені, еліміздің дамуы мен халқымыздың əл-ауқатын көтеру үшін əрбір заң маңызды, əрбір баптың ерекше мəні бар, қорғайтын немесе күшіне енгізетін пəрмені бар. Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» деген белгілі өлеңі еске түседі. Онда ғұлама ақын жастарды білім алуға шақырады, оқуға үндейді. Сондықтан, Сенат қабылдаған заңдардың ішінде білім мен ғылым туралы заңдардың ерекше мəні бар деп есептеймін. Мəселен, биылғы 18 сəуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым жəне білім беру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. Ол заңдағы жаңа нормалар ғалымдардың əлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға жəне ғылымда қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған. Заң Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ғылым жəне технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін əзірленген болатын.

Заң жобасын əзірлеуге Парламент депутаттары бастамашы болды жəне соның бірі болғанымды айтсам, артық емес шығар. Заң туралы Сенат төрағасы Мəулен Əшімбаев: «Жаңа норма ғалымның мəртебесін көтеруге, ғылыми қызметкерлерді ынталандыруға жəне талантты жастарды ғылыми қызметке тартуға бағытталып отыр. Атап айтқанда, заң ғылыми-педагогикалық жəне ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын мұғалімдердің негізгі жалақысына қосымша ақы белгілеуді көздейді. Сондай-ақ жетекші ғалымдарға ғылыми жұмысты аяқтау үшін ақылы шығармашылық демалыс алу құқығы қарастырылды. Мерзімді əскери қызметті өткерген азаматтарға да жоғары оқу орнына түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Мақұлданған заң отандық ғылымды жəне еліміздің білім беру жүйесін одан əрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деген болатын. Жалпы, білім беру саласына арналған заңдар күн тəртібінен түскен емес. Таяуда ғана біз Сенаттағы Əлеуметтік-мəдени даму жəне ғылым комитетінің отырысында жаңа заңды талқыға салдық. Ол білім, мəдениет жəне креативті индустрия мəселелеріне қатысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мəдениет жəне архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң еді. Онда мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру жəне негізгі салалардағы өзара іс-қимылды жақсарту мақсаты көзделіп отыр. Мəдениет, білім беру жəне мұрағат ісі салаларын шамадан тыс регламенттеу қысқарып, жаңашылдық қадамдарын қолдау тетігі жақсара түсетін болады. Заңнамаға ұсынылған өзгерістер бюрократия кедергілерін азайтуға бағытталған. Ол білім, мəдениет жəне мұрағат ісі сияқты маңызды салаларды дамыту жөніндегі үдерістерді едəуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың сапалы жұмысы мен азаматтар жағдайын жақсарту жөніндегі неғұрлым икемді жəне тиімді жүйені құруға бағытталған. Талқылау барысында Əлеуметтік-мəдени даму жəне ғылым комитетінің депутаттары заңдағы білім алу саласындағы жинақтау жүйесін дамытудың маңыздылығын басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл жүйе ата-аналарға балалардың біліміне ақша жинауға жəне сол үшін балалардың шотына мемлекеттен сыйлықақы алуға көмектеседі. Заңда ұсынылып отырған «Келешек» жүйесі Қазақстанда да, шетелде де білім беруге ақша жинақтау үшін қолжетімді жəне ашық жағдай жасауда маңызды қадам болып табылады. Осы бастама салымшыға мемлекеттік сыйлықақыны қамтамасыз етеді жəне инвестициялық табыс алуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе халықтың ауқымды бөлігіне тартымды əрі қолжетімді болады деп сенеміз. Бастамалар азаматтарға білім беру жəне мəдениет саласында қосымша мүмкіндік туғызады жəне оларды қолжетімді етеді. Сонымен қатар ұлттық индустрияның дамуын ынталандырады жəне нəтижесінде еліміздің экономикалық, мəдени дамуына оң əсер етеді.

– Халықты əлеуметтік қолдау ға қатысты қандай жаңа тетіктер жасалды?

– Біздің комитетте биылғы наурыз айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мəселелері бойынша өзге рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң талқыланды. Бұл құжат халықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуін жақсартуға, пациент құқығын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ медицина қызметкерінің беделін арттыруға көмектеседі. Заң медицина қызметкерінің кəсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге, медицина жəне фармацевтика қызметкерлеріне əлеуметтік кепілдік белгілеуге, медицина мамандығының мəртебесі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған. Заңның қабылдануы медицина қызметкеріне кəсіби қауіптерді азайтуға, медициналық қызмет алу кезінде азаматтар құқығын қорғау, сондай-ақ медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға ықпал ететін болады.

– Бюджет кодексінде қандай жаңалықтар бар?

– 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері бюджеттік қағидалардың сақталуын жəне бюджет шығысының əлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырлануын ескере отырып айқындалды. Бюджеттің басым міндеті мемлекеттің əлеуметтік міндеттемелерін орындау жəне Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру болып қала береді. Бюджет шығыстарының басым бағыты мемлекеттік əлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау жəне ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту болып қалады. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығысының жалпы көлемі 2025 жылы – 25 750 млрд теңге, 2026 жылы – 23 168 млрд теңге жəне 2027 жылы 24 566 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр. Қаражат ағымдағы жағдайларға бейімделе отырып, экономикалық үлгі қалыптастыруға, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жəне халықтың табысын арттыру үшін тиісті жағдай жасау арқылы азаматтардың əл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Бюджет шығысының бірінші кезектегі бағыттары мемлекеттік əлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау, ғылым жəне білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту болып қала береді.

– Ауылшаруашылығын дамытуда қандай мəселелер шешімін тапты?

– Аграрлық мемлекет ретінде біздің елімізде ауыл шаруашылығы басымдыққа ие саланың бірі. Соған орай, ауыл шаруалышығын дамытуға қатысты заңдар да қабылдануда. Солардың бірі – «Органикалық өнім өндірісі жəне айналымы туралы» заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында əзірленді жəне органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастырып, дамытуға, отандық тамақ өнімдерін өндірушілерді органикалық өнім өндіруге ынталандыруға жəне олардың сыртқы нарықтағы бəсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Заң елдегі азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы жəне экологиялық таза өнімді тұтынуға оң əсер етеді. Жуырда ғана Сенатта азық-түлік қауіпсіздігі мəселесіне арналған парламенттік тыңдау өтті. Онда қатысушылар саланы дамытуға қатысты өзекті түйткілдерді талқылады. Сондай-ақ олар өздерінің ұсыныстарын білдіріп, мүдделі тараптармен алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгіледі. Тыңдау барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екені айтылды. Қазіргі таңда Қазақстан егістік жерлер мен жайылымдар бойынша əлемде 6-орын алады. Сондай-ақ еліміз бидай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы ондығына жəне ұн экспорты бойынша көшбасшылар қатарына кіреді. Осы ретте соңғы бес жылда ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өскенін атап өткен жөн. Тамақ өнімдерін өндіру саласы да дəйекті түрде дамып келеді. Бұл бағыт өңдеу өнеркəсібінің шамамен 14 пайызын құрайды. Дегенмен, бірқатар əлеуетіміз бола тұра еліміздің ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылы елімізде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді міндет еткен болатын. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы аграрлық саланы одан əрі дамытудың стратегиялық бағыттарын да белгілеп берді. Шын мəнінде, бұл саладағы əлеуетіміз зор екені белгілі. Алайда, осындай артықшылықтарға қарамастан, бүгінде ауыл шаруашылығы секторында бірқатар өзекті мəселе бар. Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуына тұсау болып отырған кедергілер қатарында техникалық жабдықтаудың жеткіліксіздігі, заманауи инновациялық технологияларды тиісті деңгейде пайдаланбау, тұрақты өткізу нарығының болмауы, агроғылымның кенжелеп қалуы сияқты өзекті мəселелер бар. Сондықтан проблемаларды оңтайлы шешіп, аграрлық сектордағы жағдайды жақсарту үшін мемлекеттің, бизнестің жəне ғылымның кешенді тəсілі мен бірлескен күш-жігері қажет. Президент тапсырмаларын орындау аясында ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын субсидиялау, агросекторды қаржыландырудың тиімді тетігін қалыптастыру керек. Сондай-ақ тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз ету, дəстүрлі нарықтағы позицияны сақтап, оны одан əрі нығайту, азықтүлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жəне агроғылымды дамыту мəселелеріне де баса мəн берген жөн. Алдымызда осындай ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тың əрі тиімді шешімдер əзірлеудің маңызы зор. Бұл жұмыстар мүдделі тараптардың кешенді жəне бірлескен күш-жігерін талап етеді. Парламенттік тыңдауда сенаторлар ғалымдармен, сарапшылармен, сондай-ақ қоғамдық ұйым жəне бизнес өкілдерімен бірлесіп, қолжетімді азықтүлік жүйесін қалыптастыру мəселесін талқылады. Қоғамдық тамақтану орындарында, əсіресе, мектеп асханаларында азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне, азық-түлік бағасының қолжетімділігіне жəне жеткізу саласындағы өңірлердегі теңгерімсіздіктерді жоюға қатысты түйткілдерге де ерекше назар аударылды. Шараға қатысушылар отандық өнім үлесін ұлғайтудың, импортқа тəуелділікті төмендетудің жəне жергілікті өндірушілердің бəсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызына айрықша тоқталды. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі азық-түліктің физикалық қолжетімділігін ғана емес, оны сатып алудың экономикалық мүмкіндігін, жеткізудің тұрақтылығын жəне тиімді пайдалану мəселелерін де қамтитыны айтылды. Климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық жəне халық санының өсуі сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі орнықты даму мен əлеуметтік тұрақтылықтың негізгі элементіне айналып отырғаны да сөз болды. Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті өндірушілердің бəсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды екеніне баса мəн берді. Сондай-ақ талқылау кезінде жеке инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғырту жəне тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз ету арқылы ғана азық-түлік қауіпсіздігі саласында елеулі табыстарға қол жеткізуге болатыны айтылды. Парламенттік тыңдау аясында ұйымдастырылған көрмеде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жəне органикалық егіншілік саласындағы озық үлгілер көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, бүгінде Ұлттық аграрлық-ғылыми орталық ғылыми шешімдерді енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстанда 2015 жылдан бастап өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын жəне қайта өңдеуді қамтитын 686 ғылыми əзірлеме дайындалған. АӨК-ті цифрландыру аясында мал шаруашылығында, егіншілікте, өсімдіктерді қорғау бағытында есепке алу, мониторинг жүргізу жəне шешім қабылдау жүйесі де əзірленгенін атап өткен жөн. Жалпы, əлеуметтік салаға аса көп көңіл бөлінді, əсіресе, балалардың құқығын қорғау бойынша айрықша нормалар қабылданды. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аудару тетігі қаралды. Орта білім беру ұйымдарында ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қағидаларын бекіту, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, өзін-өзі өлтіруге итермелейтін, діни сипаттағы жəне т.б. ақпараттың таралуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар əкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кəмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, əйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. – Өзіңіз қандай ұсыныстар қостыңыз? Қабылданғаны бар ма? – «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» заң бойынша ғылыми инфрақұрылымның негізгі элементтерін, ғылыми ұйымдарды қаржыландыру тəртібін, ғылыми жəне ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыруда ғылыми жəне ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне жəрдемдесу шараларын, сондай-ақ ғылыми қызметті мемлекеттік қолдау тəртібін айқындайтын нормаларды енгізуге септігімді тигіздім. Сонымен бірге, ғылыми жəне ғылыми-техникалық қызмет нəтижесін коммерцияландыру тетіктері бекітіліп, оған қатысушылар мен олардың құқықтары нақты көзделді. Өзім өмір бойы ғылым жəне білім беру саласында қызмет атқарып келе жатқандықтан, Парламент Сенатының Əлеуметтік-мəдени даму жəне ғылым комитетінің мүшесімін. Бұл комитетте қаралатын заңдар ауқымды саланы қамтиды. Білім, ғылым, мəдениет, рухани, əлеуметтік саланың аясы өте зор. Сондықтан, бізде жұмыс жетерлік. Үкіметтен келген заң жобалары мен Мəжілістен қабылданып келген заңдарды мейлінше жедел жəне сапалы қа рауға, жан-жақты талқылауға, өмірге қажетті заң ретінде мақұлдауға өзіміздің үлесімізді қосып келеміз.

– Сіз мүшесі болып табылатын комитет бойынша қандай заңдар өтті?

– Біздің комитетте «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дəрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралған болатын. Заңның негізгі мақсаты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дəрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялауға негізделген. Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дəрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны шеңберінде тануды көздейді. Келісімге сəйкес, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты жəне ғылым докторы сияқты ғылыми дəрежелер туралы құжаттар, мұндай құжаттардың иелері жұмысқа орналасу мемлекетте белгіленген ғылыми дəрежесі үшін үстемеақыларға үміткер болған жағдайларды қоспағанда, ұлттық тану рəсімдері жүргізілмей танылады. Тағы бір қаралғаны «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» заң бол ды. Заңның мақсаты ғылым жəне технологиялық саясат мəселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, əлеуметтік жəне ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру болып табылады. Заң ғылымды басқару моделін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін регламенттеуге, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мəртебесін айқындауға бағытталған құқықтық нормаларды көздейді. Сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымның негізгі элементтерін, ғылыми ұйымдарды қаржыландыру тəртібін, ғылыми жəне ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне олардың ғылыми жəне ғылыми-техникалық қызметінің нəтижелерін коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыруда жəрдемдесу шараларын айқындайды. Ғылымды дамытуды, оның ішінде ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды базалық, гранттық жəне бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы ынталандырудың мемлекеттік шаралары, сондай-ақ ғылыми қызметті мемлекеттік қолдау шаралары айқындалады. Комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым жəне технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту жəне мемлекеттік бақылау мəселелері бо йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралды. Заңмен Азаматтық, Кəсіпкерлік жəне Əлеуметтік кодекстерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 6 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Азаматтық кодекске «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» заңына сəйкес, акционерлік қоғам жоғары ғылыми ұйым нысанында коммерциялық емес ұйым болып қайта құрылуға құқылы екендігі туралы норма енгізіледі. Ал Кəсіпкерлік кодекс оған сəйкес инновациялық қызмет саласында толық ғылыми цикл жобасы деп ғылыми мазмұны бар өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жасау ға бағытталған ғылыми жəне ғылыми-техникалық қызмет субъектілері іске асыратын, үйлестірілген ғылыми, ғылыми-техникалық жұмыстар кешені түсінілетін нормамен толықтырылады. Интернет-платформа операторларын əлеуметтік аударымдарды төлеушілер жəне міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер деп тану мақсатында Əлеуметтік кодекске интернет-платформаларды жəне платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адамдарды əлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі нормалар енгізіледі.

– Биыл заңдар қай тілде келді?

– Парламентке заңдар қазақ жəне орыс тілдерінде келеді. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде жəне тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасалады.

– Мемлекеттік тіл туралы заң қажет деген пікірге қалай қарайсыз?

– Ата Заңымыздың өзінде мемлекеттік тілдің мəртебесі белгіленген. Дегенмен, мемлекеттік тіл туралы дербес заң керек деген пікір қоғамда əлсін-əлсін туындап отыр. Демек, біздің қоғамда мемлекеттік тіл туралы заңға сұраныс бар деген сөз. Сонымен қатар, Конституцияда «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген бап бар емес пе? Сол баптың өзі бізге мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға, жаппай пайдалануға, барша қазақстандықтың қатынас құралы болуға мүмкіндік береді. Демек, айдаладағы біреуден тілді талап етпей, өзіміз заң талабын орындауымыз керек. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Енжарлықтан арылу керек деп ойлаймын.

– Жалпы қандай заңдар қажет деп ойлайсыз?

– Бізге ғылым мен технологияны дамытуға мүмкіндік беретін, жаңа үрдіс пен жаңа заман көріністеріне сай заңдар керек. Ол үшін дамыған елдермен ықпалдастық тереңдей түсуі керек. Сонда əлемдегі үздік елдермен ынтымақтаса отырып, олардың деңгейіне жетуге мүмкіндік болатыны ақиқат.

– Тəуелсіздік алғаннан бері заң шығару үрдісінде не өзгерді? Неге қол жетті?

– Заң шығару үрдісінде көп қағаздан арылу ісі дамып келеді. Бұрынғыдай заң жобаларын том-том, тарау-тарау етіп қағазға басу азайды. Мүмкіндігінше, электрондық нұсқасын пайдалануға тырысамыз. Жаңа технология күнделікті өмірге дендей еніп келеді. Ақпарат алмасу зор жылдамдыққа ие болды. Ұялы телефон арқылы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырмыз. Көзіміз үйреніп кетсе де, ол бізге зор мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, алда не болады деп сəуегейлік айтпай-ақ қояйын. Дұрыс пайдалансақ, осының бəрі адамзатқа қызмет етеді, адам өмірін жақсартады деп түсінемін.

– Заң шығару үрдісінде қандай проблема бар?

– Қолданыстағы заңдарға құқықтық мониторингті күшейту қажет. Заң жобасының сапасын арттыру – заң шығару процесіне ғалымдарды, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың жəне бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін тұрақты түрде жұмылдыру қажет. «Ашық НҚА» порталы арқылы заңнамалық бастамаларды талқылауға азаматтарды неғұрлым белсенді тарту қажет. Бүгінде Үкімет тарапынан бұл бағытта нақты қадамдар іске асырылып жатыр. Сенат өз кезегінде заңдарды кеңінен талқылау үшін азаматтармен жəне сарапшылармен тұрақты кері байланыс орнатып, мəслихат депутаттарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

– Депутаттардың заң жобасын əзірлеуге деген бастамашылығы артқандай. Бұл нені білдіреді?

– Қабылданған заңдардың орындалуында парламенттік бақылауды арттыру тетігі күшейтілді. Депутаттардың заң шығару қызметінің сапасын арттыру процесінде белсенділік байқалады. Сосын, жергілікті жерлерде кездесуге барғанда көптеген ұсыныстар айтылады. Халықты толғандырған сауалдар, заңдардағы құқықтық олқылықтар туралы айтылады. Оның бəрі заң жобасын əзірлеуге ұйытқы болады.

– Өзіңіз қандай заңға бастамашы болдыңыз?

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым жəне білім беру мəселелері бойынша өзге рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына бастамашы болдым. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша, 2026 жылға дейін салынатын 800 мектептің қатарындағы жекеменшік мектептердің лицензия алуына (талапқа сəйкес келуі) ерекше назар аударылуы керек. Кезінде лицензияны жаңадан ашылған жоғары оқу орындарына немесе филиалдарына беріп, бүгінгі күні оларды жабумен айналысудамыз. Осы қателікті орта білім саласында қайталамауымыз керек.

– Бұл тұрғыда депутаттарға қандай құзырет қажет деп ойлайсыз?

– Депутаттар заңдарды жетілдіруге зор үлес қосады. Сонымен қатар, қоғамды алаңдатып отырған сұрақтар ды Үкімет мүшесіне қояды, шешімін табуға тырысады. Ел өміріндегі көкейкесті мəселе туралы депутаттық сауал жолдайды. Сөйтіп, күрделі мəселенің шешімін табуына, адам өмірін жақсартуға аянбай атсалысады. Осының өзі, пайдалана білген адамға жетерлік құзырет.

– Тəуелсіздік сізге не берді?

– Тəуелсіздік еліміздің дамуына зор серпін берді. Қазақ елінің азаматы ретінде маған да ерекше мүмкіндіктер бергені ақиқат. Ғылыммен айналыстым, туған жеріміздегі тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбегін зерттедім, іздендім, нəтижеге қол жеткіздім. Бүгінде сенатор ретінде еліміздің болашағы мен азаматтардың жайлы өміріне қажетті заңдарды қабылдау ісіне аянбай атсалысып келемін. Осының бəрі тəуелсіздіктің арқасы екені даусыз. Тəуелсіздік – менің ғана емес, барша қазақстандықтардың бақыты дер едім.

– Ел тəуелсіздігін нығайту үшін қандай шаралар қажет? Тəуелсіздік алған кезде қайда болдыңыз?

– Тəуелсіздікті нығайту үшін əркім өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындау керек. Сапалы жұмыс істеу керек. Ешкім артынан жаман сөз қалдырмау керек. Мəселен, неміс пен жапон халқы өнім өндіруде сапаға баса назар аударды. Содан келіп «неміс сапасы», «жапон өнімі» деген ұғымдар пайда болды. Ол – сапалы өнімге қол жеткізгеннен кейін пайда болған сөздер. Бізге де соған ұмтылу керек. Олардан еш кем емеспіз. «Біз жалқау халықпыз» деген түсініктен арылу керек. Жұмысты ешкімнен кем істемейміз. Демек, қолымыздан бəрі келеді. Тəуелсіздік алған кезде Алматы қаласында өмір сүріп жаттық. Зор қуаныштың қашан да күтпеген жерден келетіні белгілі емес пе? Сондай сезімде болдық. Алдында тəуелсіздіктің самалын сезініп жүрсек те, ойда жоқта келген құтты мереке болды. Көл-көсір қуаныш, аласапыран көңіл-күй, жайдары жүз бен шуақты шаттықты сезіндім.

– Оқырмандарға жалпы қазақ халқына қандай тілек айтасыз?

– Оқырмандарға, барлық қазақстандықтарға мықты денсаулық, бақыт, ырыс-береке, еңбектеріне сəттілік тілеймін! Елімізде бейбітшілік, достық жəне ынтымақ болсын! Біздің жақсы ниетіміз бен істеріміз Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуіне бағытталсын!

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет! Халық игілігіне қызмет ете беріңіз!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Тәуелсіздік — ел тұғыры

Еліміздің Тәуелсіздік бесігінде тербелгеніне отыз үш жыл толды. Осы...

Ожидания от регионального кадрового резерва

Я, Умбеталиев Абылайхан Жолдасбекулы, являюсь руководителем отдела контроля требований...

ПОДВЕДЕНЫ ИТОГИ ПРОЕКТА «АКСЕЛЕРАТОР МОЛОДЕЖНЫХ ОРГАНИЗАЦИЙ ГОРОДА АЛМАТЫ»

Состоялся итоговый круглый стол проекта «Акселератор молодежных организаций города...

«АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЖАСТАР ҰЙЫМДАРЫНЫҢ АКСЕЛЕРАТОРЫ» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

  Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы»...

Жалған марапат тарататындарға жаза бар ма?

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік, ведомстволық және жеке ұйымдардың орден,...