Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының батырларын ұлықтап, олардың өшпес ерлігін еске алу мақсатындағы салтанатты рәсім өтті. Шара барысында 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалы алдында жиналған көпшілік Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыс жылдарында қаза тапқан қаһармандарымыздың рухына тағзым етті.
Дәстүрге сай, еске алу рәсімі бір минут үнсіздікпен басталды. Бұл мезетте соғыс құрбандары мен майдан даласынан оралмаған жауынгерлердің асқақ рухына тағзым етілді. Өткен тарихымыздың ұлағаты мен бүгінгі бейбіт күннің қадірін сезінген жұртшылық көздеріне жас алып, батыр бабалардың өр рухын ардақтады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған маңызды шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, әскери оқу орындарының курсанттары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ Қарулы Күштердің ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты. Ресми бөлімде әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалып, көпшіліктің рухын асқақтата түсті.
Айтқали Исенғұлов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор өз сөзінде бүгінгі рәсімнің тарихи маңызына тоқталып, ұрпаққа үлгі болатын батыр бабалардың есімін мәңгі есте сақтау – баршамыздың азаматтық парызымыз екенін атап өтті.
“Армиядағы ең бастысы – сарбаз, ал патриот тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Ол – ең қиын сынақтардың да, ең зор жеңістердің де тірегі. Сондықтан бүгін Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты біртуар батырларымызды, сондай-ақ жанқиярлықпен көзге түскен басқа да қаһармандарды еске алуымыз қажет. Қазақ жерінен 500-ден астам азамат Совет Одағының Батыры атағын иеленді. Біз оларды және барша майдангерлерімізді қай жерде жүрсе де ұмытпауымыз керек”, – деді ол.
Осы күні Қорғаныс министрлігінің өкілдері ерлігімен танылған ардагер Федор Блиновтың үйіне арнайы барып, мерейтойымен құттықтады. Биыл 10 қаңтарда 101 жасқа толған майдангер соғыс жылдарының естеліктерімен бөлісіп, бейбітшіліктің баға жетпес құндылық екенін атап өтті. Министрлік өкілдерінің айтуынша, дәл осы күні тағы бес ардагерді Қорғаныс министрінің атынан құттықтау жоспарланған.
Бұл ретте ҚР Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, полковник Тлеухан Басқожаев:
“Біз батырларымыздың ерлігін қастерлейміз және сол тарихи жадымызды болашақ ұрпаққа жеткізу – парызымыз. Майдангерлерді қамқорлыққа алу, оларға ерекше құрмет көрсетіп, жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айту – біздің азаматтық міндетіміз”, – деп атап өтті.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының 25, ал республика бойынша 120 ардагер тұрады. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, оларды тұрақты түрде зиярат ету, тұрмыстық көмек көрсету және шынайы әңгімелесу – өскелең ұрпаққа патриоттық рух пен тарихи жадыны аманат етудің тиімді жолы. Ұрпақтар сабақтастығы сақталғанда ғана Ұлы Отан соғысының батырлық шежіресі мәңгі өмір сүрмек. Алматыда бастау алған осы іс-шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын тауып, ардагерлердің даңқты жолын насихаттап, Жеңістің 80 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге ұмтылады. Еліміз үшін бейбітшілік пен тыныштықтың қаншалықты қымбат екенін тағы бір мәрте сезініп, Отан қорғаушыларға деген құрметімізді күн сайын арттыра түсетініміз сөзсіз.
Аружан Мауленбай
Заң газеті