Алматыда ІІМ Мақан Есболатов атындағы Академияда «Қызметтік идеология: тәртіп, бірлік, тұтастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл конференцияның ерекшелігі – полиция қызметімен тікелей байланысты түрлі сала мамандарының қатысуы болды. Атап айтқанда, журналистер, блогерлер, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалысының өкілдері, сондай-ақ халықпен күн сайын жұмыс істейтін полиция қызметкерлері бір ортаға жиналды. Олардың бәрі де бір мәселе – полициядағы идеология мен имидж төңірегінде ой қозғады.
Жиынға сондай-ақ ІІМ өкілдері, Полиция департаменттері мен ІІМ Алматы академиясының басшылары мен мамандары, қатысты.
Басты назар кәсіби этика мен полицияның болашақ бейнесін айқындайтын құндылықтарға аударылды. Мәселен, тәртіпті қалай қалыптастыруға болады, ортақ қызметтік рухты қалай дамыту қажет және қоғамға полицияның ашық әрі диалогқа дайын екендігін қалай жеткізу керек деген сұрақтар талқыланды.
Конференция барысында қызметтік жауапкершілік, азаматтармен өзара әрекеттестік, сондай-ақ полицияға деген сенімді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қызу талқыланды.
Қатысушылардың айтуынша, бүгінгі полиция жабық күйде жұмыс істей алмайды, ашықтық пен тұрақты кері байланыс қажет.
Отырыста ІІМ өкілдері атап өткендей, министрлік ашықтық тәжірибесін белсенді дамытып келеді. Азаматтармен жүздеген кездесулер, түрлі жобалар, учаскелік пункттердің нығаюы, қоғамдық кеңестердің жұмысы, сервистік полиция орталықтарының ашылуы – мұның барлығы полицияның қоғамға жақындап, диалогқа дайын екенін көрсетеді. Бүгінде әр өңірде халықпен еркін пікір алмасуға арналған алаңдар жұмыс істеп тұр.
«Бүгінгі конференцияның маңызы зор. Өйткені мұнда жүйе мамандары да, қоғам өкілдері де, журналистер де бір залда бас қосты. Осындай ашық әңгіме бізге бір-бірімізді жақсырақ түсінуге және даму жолдарын бірге іздеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанат Дильбарханова.
Жиын ресми баяндамалармен ғана шектелмей, тәжірибеден алынған нақты мысалдар мен ұсыныстарды талқылаумен ерекшеленді. Қатысушылардың пікірінше, осындай ашық алаңдар полиция мен қоғамның бір тілде сөйлесуіне және ортақ мақсат – қауіпсіздік пен сенімге бірге қадам басуына жол ашады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы