2025 жылғы 7 қараша күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласының мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді. Іс-шараға қалалық мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссия төрағалары, кадр қызметкерлері және әдеп жөніндегі уәкілдер қатысты.
Жиынның басты мақсаты – қызметтік әдеп бұзушылықтарының алдын алу, тәртіптік тәжірибені жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет жүйесінде кемсітушілік пен қызметтік теңдікті бұзудың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Мемлекеттік қызметтегі әдеп мәдениетінің маңызы
Жиынды ашқан Алматы қаласы бойынша Департамент басшысының орынбасары Нұржан Болатбекұлы Узбеханов мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасы мен мінез-құлық мәдениетінің қоғам алдындағы сенімді нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Бүгінгі таңда азаматтардың билік институттарына деген сенімі көбіне мемлекеттік қызметшілердің өз міндетін қалай атқаратынына, әдеп нормаларын қалай сақтайтынына байланысты екені айтылды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіптік және әдептік құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс – Агенттіктің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Күн тәртібінде бірнеше өзекті тақырыптар қамтылды.
Алматы қаласы әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Қаниұлы Ахетов өз баяндамасында қызметтік әдеп бұзушылықтарының алдын алу тетіктеріне тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Ол мемлекеттік қызметшілер арасында профилактикалық және тәрбиелік сипаттағы шараларды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Департаменттің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Шавкет Метхатұлы Турдуев жұмыстан тыс уақытта қызметтік әдеп талаптарын бұзудың алдын алу мәселелерін қозғады. Ол мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі мінез-құлқы, қоғамдық ортадағы өз-өзін ұстауы және қызметтік беделге нұқсан келтіретін әрекеттерден сақтану қажеттігі жөнінде нақты түсіндірме берді.
Сондай-ақ, басқарманың бас маманы Данияр Даулетұлы Олжабаев тәртіптік шараларды қолдану тәжірибесіндегі кейбір өзекті мәселелермен бөлісті. Ол тәртіптік істерді қарау барысында әділдік пен ашықтық қағидаттарын сақтау қажеттігін, сондай-ақ әрбір жағдайды жеке және жан-жақты қарастырудың маңызын атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын әдептік шектеулер
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының Діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Самат Еримаевич Қабылбеков өз баяндамасында Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің 6-тармағының 7) тармақшасы және 8-тармағының 8) тармақшасында көзделген шектеулердің мазмұны мен тәжірибедегі қолданылуын түсіндірді. Ол дін саласындағы қызметтік әдептің ерекшеліктеріне тоқталып, қызметкерлердің діни ұстанымына қатысты бейтараптық пен заң талаптарын сақтау қағидаттарын нақтылады.
Жиын қорытындысы
Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік қызметте кәсіби әдеп нормаларын сақтау мәдениетін арттыру, кемсітушілік пен қызметтік теңсіздіктің алдын алу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Департамент өкілдері тарапынан түсіндіру және алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатыны, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп мәдениетін нығайту бойынша оқыту және семинарлар өткізу жоспарланғаны айтылды.
МҚІА Алматы қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н.С. Әуезов


