Алматыдағы «БҰҰ Плаза» ғимаратында басталған дәстүрлі 13-ші Халықаралық қысқы журналистика және коммуникация мектебі өз жұмысын мазмұнды аяқтады. Дүниежүзілік радио күніне орайластырылған биылғы іс-шара Орталық Азия, Еуропа және Шығыс елдерінің жас ғалымдары мен сарапшыларының басын қосты. Биылғы мектеп «Медиаплюрализм және Орталық Азия ЖИ ғылымы» тақырыбында өтіп, коммуникация саласының болашақ бағдарын айқындады.
Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры, PhD докторы Сұлтан Ертай мектептің ашылу салтанатында бұл шараның жай ғана академиялық бағдарлама емес, ғылым, технология және қоғам тоғысқан стратегиялық платформаға айналғанын атап өтті.
«Техникалық прогреске қарамастан, радио интернетсіз жұмыс істей алатын ең сенімді байланыс құралы болып қала береді. Ал ЖИ ақпаратты талдау тәсілдерін өзгерткенімен, ол дезинформация мен авторлық құқық сияқты қауіптерді де ала келеді», — деді ол.
ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы жөніндегі өкілінің Бас кеңесшісі Барбара Трионфи алгоритмдердің шындықты қабылдауымызды қалай өзгертіп жатқаны туралы баяндама жасады. Ол «Big Tech» алпауыттарының алгоритмдік үстемдігіне қарамастан, ЖИ журналистер үшін үлкен деректерді талдау және мультиформатты контент жасау үшін қуатты ресурс екенін айтты. Басты қағида «басқару жүйесіндегі адам» принципін сақтау.

Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының Басшысы — БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі ретінде Властимил Самек мектептің ресми ашылуында сөз алып, биылғы шараның ЮНЕСКО жариялаған Дүниежүзілік радио күніне арналғанын атап өтті. Ол БҰҰ-ның «№16- Бейбітшілік, әділдік және ықпалды институттар» Тұрақты даму мақсатын насихаттауда жаңа технологиялар мен радиотехнологияларды қолданудың маңыздылығын алға тартты.
Алматыдағы ЮНЕСКО аймақтық бюросының Коммуникация және ақпарат секторы бағдарлама маманы Маджер Масанов «Медиа және ақпараттық сауаттылықты дамыту саласындағы ЮНЕСКО-ның өзекті ресурстары» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Ол қатысушыларға ақпараттық сауат арттыруға арналған халықаралық құралдарды таныстырып, деструктивті контентпен күресудегі ЮНЕСКО-ның стратегиялық бағыттарын түсіндірді.
БҰҰ Даму бағдарламасының аймақтық хабының маманы Әмір Салықбаев Тұрақты даму мақсаттары аясындағы коммуникациялық стратегиялар туралы баяндама жасап, халықаралық деңгейдегі жаңа медиа-трендтермен бөлісті.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы атынан сөз PhD Төлен Жеңісбек радионың бірегейлігін атап өтті: «Сын сағаттарда, табиғи апаттар кезінде немесе гуманитарлық көмек қажет болғанда, радио толқындары адам өмірін сақтап қалатын бірден-бір арнаға айналады. Бұл уақыт сынынан өткен сенім нышаны».
Ол жасанды интеллектіні адамның орнын басушы емес, қуатты құрал ретінде қарастыруға шақырып, оның этикалық және құқықтық қырларын ғылыми зерттеудің маңыздылығын алға тартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Farabi Supercomputer Center директоры, Қазақстанның ғылымды коммерцияландыру одағының вице-президенті, PhD Әмірхан Темірбаев Farabi суперкомпьютерінің мүмкіндіктерін таныстырып, ұлттық KazLLM жүйесін дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. Қазақстанның басты мақсаты KazLLM жобасын дамыту. ChatGPT сияқты батыс өнімдеріне тәуелді болмай, өз деректерімізді қорғау үшін KazLLM-ді суперкомпьютерге орнатып, оны медиа, студенттер мен жалпы халық үшін ашық қолжетімді ету қажет. Тек халықпен «тілдескен» модель ғана шынайы бәсекеге қабілетті болып, елдің цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Есхат Божан ЖИ-ді техникалық жұмысты жеңілдететін көмекші ретінде қарастыруды ұсынды. Ал «Юридическая газета» редакторы Бахтияр Тохтахунов 2026 жылы қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң аясындағы құқықтық жауапкершілік пен репутациялық тәуекелдерден сақтандырды. «Түркістан» медиа холдингінің негізін қалаушы Тельман Бейсен ЖИ жүргізушілер мен анимациялық жобалардың нақты өндірістегі тиімділігін көрсетті.
Шараның үшінші кезеңі Іле-Алатау ұлттық паркіндегі «Ой-Қарағай» тау курортында жалғасты. «Орман ауылы» этно-қалашығындағы киіз үйлерде өткен мастер-кластар қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Журналист Жания Әбдібек «Журналистік шешім» және жаңа мектеп жайлы әлеуметтік жобасын таныстырды. Ол журналистиканың ақпарат таратумен қатар, қоғамдық мәселелерді шешудің үлгісін көрсетті. Журналистік зерттеу мен табандылықтың арқасында Жания өз ауылына, өзі білім алған ескі мектептің орнына заманауи білім ордасын салдырды. Бұл журналистің халық пен билік арасындағы алтын көпір ғана емес, нақты өзгеріс әкелетін күш екенінің дәлелі.
Іс-шара «Хантәңіріндегі поэзия кешімен» жалғасын тапты. Тау қойнауында өткен жыр кешінде филология ғылымдарының кандидаты Асқар Дүйсенбінің жетекшілігімен ақындар Темірғали Көпбаев, Ермахан Әбдіраман, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбай және Бауыржан Әліқожа жыр оқыды. Ерекше атап өтерлігі, Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген қырғыз, қарақалпақ және өзбек қыз-келіншектері қазақ әріптестерімен жарыса өлең оқып, махаббат, туған жер және рухани бірлік туралы толғанды.
Мектеп соңында сарапшылар Орталық Азия медиа-білімін дамыту үшін мынадай шешімдерді ұсынды: Ұлттық ЖИ үлкен тілдік моделдерін (KazLLM және т.б.) медиа өндірісі мен академиялық зерттеулер үшін ашық қолданысқа енгізу; Журналистика факультеттерінің оқу бағдарламаларына ЖИ этикасы мен «басқару жүйесіндегі адам» принципін міндетті пән ретінде енгізу; Орталық Азия елдерінің жас ғалымдары үшін деструктивті контентпен күресу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ортақ ғылыми платформа құру; Журналистерді ЖИ саласындағы жаңа заңнамалық нормаларға, авторлық құқық пен дербес деректерді қорғау тетіктеріне баулу; Жоғары технологиялық жобаларды әлеуметтік зерттеулер мен медиа-талдаудың практикалық базасы ретінде пайдалану.
Бұл халықаралық медиаалаң осылайша технологияны рухани құндылықтар жолында қолданатын, сыни ойлай алатын жаңа буын мамандарын біріктірді.
Гүлмира Сұлтанбаева, профессор-зерттеуші



