12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына жаңа әкім тағайындалды

Алматы облысында кадрлық өзгерістер орын алды. Президент Әкімшілігінің және Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының келісімімен аудан әкімі лауазымына Қуат Сұлтанғазиев тағайындалды. Өңір активіне жаңа басшыны облыс әкімі Қанат Бозымбаев таныстырды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Аз уақыт ішінде Әлібек Жақанбаев аймақтың экономикасын жақсартуға бар күш-жігерін салды. Қуат Елеусізұлы — осы ауданның тумасы. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбек тәжірибесін өндірісте тиімді қолдана білетін басшы. Енді Еңбекшіқазақ ауданының әрі қарай дамуына бар күш жігерін салады деп сенемін, — деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Жалпы ауданда 2021 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 53,5 млрд. теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығында 2,2%-ке, инвестициялар 17,9%-ке, құрылыс жұмыстарының көлемі 24,5 %-ке ұлғайған. Шағын және орта бизнесте 137 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілді немесе былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 155%. Облыс әкімі атқарылған жұмыстарға қарамастан мұнда жедел шешуді қажет ететін проблемалар әлі де бар екенін айтты. Бірінші кезекте газбен және сумен қамту, жолдарды жөндеу, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелері бар.

Ә.Жақанбаевтың айтуынша, суармалы сумен қамту өңірде өзекті. Аудан балансында тұрған көлемі 8 809 гектар алқаптың ұзындығы 251,7 шақырым болатын суару каналдарын қайта жаңарту керек. Бартоғай су қоймасы 1984 жылдан бері жөндеу көрмеген. Ал Үлкен Алматы каналына да күрделі жөндеу қажет. Осындай қиындықтардың салдарынан су шығыны 25%-ға жетті. Бұған жер учаскелерін субарендаға беру де кері әсер етіп отыр. Жайылымдық жерлерді қайтару жұмыстары да жалғастырылуы тиіс. Үш ауысымды оқыту мәселесі де маңызды. Ауданда бүгінгі күні үш ауысымдағы 5 мектеп бар, халық санының жылдам өсуін есепке алғанда алдағы жылдарда үш ауысымда оқытатын тағы 7 мектеп пайда болуы мүмкін. Ауданда 125 саяжай массиві бар, оларда 28 мыңдай адам тұрақты тұрады. Инфрақұрылыммен қамту, әсіресе сумен және газбен қамту ісі өзекті.

Облыс әкімі жаңа басшының алдына бірқатар міндеттер қойды.

— Есік көлі 9 ауылдық округ пен саяжайларды сумен қамтудың негізгі көзі болып отыр, яғни көлдің стратегиялық маңызы зор. Сондықтан оның мәртебесін анықтауымыз керек. Түрген топтық су құбырын коммуналдық меншікке өткізу туралы мәселеге келсек, қазір ол жеке кәсіпкердің меншігінде. Су құбыры нысаны өз міндетін лайықты деңгейде атқарып отыр ма, зерделеп қараңыздар. Қазір суармалы су тарифінің мәселесі Үкіметте қаралып жатыр. Біз өз тарапымыздан оны дифференцияланған тариф жасау туралы ұсынысымызды білдірдік. Ал минералды тыңайтқыштар бағасының өсуіне байланысты республикалық комиссия жұмыс істеуде. Бұл мәселелер көктемгі дала жұмыстары маусымының қарсаңында аса маңызды, — деді Қанат Бозымбаев.

Осы күні облыс басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Айжан Талқабаева Бірлік ауылына жаңа мектеп салуды сұрады. Әзірге мұндағы балалар көрші ауылдағы мектепке барып оқып жүр. Оларды автобуспен тасымалдау жолға қойылғанымен, мектеп үш ауысымда оқытындықтан оқушылар үйлеріне жеткенше тым кеш болады. Есік қаласының тұрғыны Раушан Төпеловті де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы алаңдатады. Уәлиханов көшесінде жаяу жүргінші жолы жоқ, 3 шағын ауданның балалары мектепке суару каналын қоршап тұрған плиталармен жүріп барады. Облыс әкімі бұл мәселені әлеуметтік желіден оқығанын айтты. Бұл көшеге тротуар салуға қажетті 129 миллион теңгенің бастапқы 50 млн. теңгесі бөлініп, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталатыны айтылды. Мердігер мекеме анықталған.

Қабылдауда Қызылжар ауылының су жүйесінің ескіргені де айтылды. Осы мәселені көтерген ауыл тұрғыны Ерік Амановтан Қанат Бозымбаев ауылдағы ауыз су жайын толығырақ сұрастырып білді. «Ауыл су көзін тау суынан құбыр арқылы алып отыр, бірақ бұл су сүзілмейді. Әсіресе қыс кезінде судан қиындық көреміз», — деді Е.Аманов.

— Дәл қазір ауылда су бар ма? – деп сұрады Қанат Бозымбаев.

— Ауылда 4 мыңдай адам тұрады. Сусыз отырғанымызға 3 күн болды. Құбырда қатқан мұзды өзіміз ойып жатырмыз.

— Сусыз ауыл тұрғындары қиындық көріп отыр. Осы мәселені оңды шешетін қандай нақты жоспарларыңыз бар? – деді облыс әкімі аудан басшылығына қарата.

Олардың айтуынша, су жүйесі 1960 жылдары салынған, жобаның ЖСҚ-сы дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңгеге бюджеттік сұраныс берілген.

— Ауданның жаңа тағайындалған әкімі осы мәселені назарға алсын. Бұл тұрғындардың бірінші жеткізіп отырған маңызды проблемасы. Халықтың көтерген мәселелерін сапалы шешкенде ғана елдің сеніміне кіресіз, — деді Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімі «FROSCO», «Жетісу Вольфрам» ЖШС-лары басшыларының бизнес жобаларымен де танысты.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев Есік өзенінің жағалауын абаттандыру және жөндеу жұмыстарымен көрді. Өзен жағалауында қала тұрғындарының демалуына шамамен 1 шақырым жерге балаларға арналған ойын алаңдары, воркаут, велотрек, жаяу жүргіншілер жолы, спорт алаңдары, 2 автотұрақ жасалып, маңайы көгалдандырылады. Жұмыстың алғашқы кезеңі жүріп жатыр.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Әзербайжан астанасында Алматы облысының күндері өтуде

Баку тұрғындары мен қонақтары Алматы облысының мәдениеті мен табиғи...

Жетісу облысында 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді

Жетісу облысында жастармен, соның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс...

Қайырымдылық – жүректен: Ұзынағаш тұрғындары «Мектепке жол» акциясына белсене қатысуда

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу,...

Алматы облысында «Ассамблея жастарының» республикалық слеті өтті

Еліміздің әр аймағынан жиналған белсенділер өңірдің көрікті мекендерін аралап,...

Жетісу облысында көпбалалы аналарға арналған алғашқы тігін цехы ашылды

Бүгін Жетісу облысының Текелі қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының...