Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл бұл мереке бұрын-соңды болмаған маңызды бастамамен ерекшеленді – алғаш рет марапат тек қызметте озық нәтижелер көрсеткен қызметкерлерге ғана емес, олардың отбасыларына да табысталды.
ҚАЖ департаментінің басшылығы офицерлердің жетістіктерінде олардың жақындарының да үлесі зор екенін атап өтті. Сол себепті ҚАЖ қызметкерлердің ата-аналары мен жұбайларына арнайы медальдар табыс етілді: «Офицердің әкесі», «Офицердің анасы», «Офицердің жұбайы». Бұл марапат – олардың қолдауы, төзімділігі және ел қорғаны болған кәсіби мамандарды тәрбиелегені үшін көрсетілген ерекше құрмет.
«Қылмыстық-атқару жүйесі – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін күрделі сала. Әрбір ҚАЖ офицерінің табысты қызметінің артында оны қолдап, демеп жүрген жақындары тұрады. Біздің бастамамыз – осы еңбектің мойындалуы және отбасыларға деген алғысымыздың белгісі. Бұл дәстүрді алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деп атап өтті департамент басшысы Рысбек Тұрғымбаев.
Марапат иелерінің бірі, офицердің анасы: «Ұлымның елге қызмет ету жолын таңдағанына қашан да мақтанамын. Бүгін бізді осындай құрметке бөлеуі – күтпеген, бірақ жүрекке жылу сыйлайтын ерекше сәт».
Офицердің қызметі – тек олардың еңбегі ғана емес, сонымен қатар олардың отбасыларының да төзімділігі мен қолдауының нәтижесі.
Бұл бастама – мемлекет қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген азаматтардың жанындағы ең сенімді тіректерін құрметтеу қадамы.