12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алмас ШАМИШЕВ, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі:ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ӨЗ ҚИЫНДЫҒЫ БАР

– Алмас Абжанұлы, карантин кезіндегі түзеу мекемелерінің жағдайы қалай? Сотталушыларды вирустан сақтау үшін қандай шаралар қабылданды? Жазасын өтеушілердің туыстарымен кездесуі қалай жүргізіліп жатыр?
– Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты КА-168/1 мекемесі, КА-168/2 (қауіпсіздігі орташа) түзеу мекемесі және КА-168/3 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесі бар. Оларда барлығы 1050-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Түзеу мекемелерінде санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталған. Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қазіргі таңда барлық кездесулерге тыйым салынған. Ал, сотталғандар арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу, болдырмау үшін мекемелерде күніне екі рет ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіледі.
– Соңғы кезде қандай қылмыстардың жиілегені байқалады?
– Көбіне орташа ауыр қылмыстардың көбейгені байқалады. Мәселен, бөтеннің мүлкін ұрлау, есірткі қолдану. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың жыныстық зорлығына қатысты қылмыстардың көбейгені алаңдатады. Мысалы, 20 қараша күнгі мәлімет бойынша, тергеу изоляторындағы 10 тұлға да сол сипаттағы қылмысқа күдікті ретінде ұсталған. Қазіргі уақытта оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал 24 адамға сот үкімі шығып, жазасын өтеуде. Биыл екі сотталушы жазасын өтеп, бостандыққа шықты. Заңға сәйкес, жазасын өтеп
шыққандарға алдымен сот психиатриялық сараптама тағайындалады. Тек содан кейін ғана химиялық кастрация жасалады. Соңғы екі жылда сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ешқандай сотталушыға химиялық кастрация тағайындалған жоқ. Қазіргі таңда педофилдерге қатысты заң күшейіп жатыр. Соған қарамастан, кәмелетке
толмағандарға қатысты зорлық деректері орын алуда.
– Түзеу мекемесінде «терроризм мен экстремизмді насихаттау» бабы бойынша жазасын өтеп жатқандармен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– ҚАЖ мекемелерінде «терроризм мен экстремизмді насихаттау» баптары бойынша сотталғандармен теологиялық және оңалту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жұмысқа «Ақниет» ақпараттық-насихаттық оңалту орталығының теологтары мен «Нұр-ғасыр» орталық мешітінің имамдары тартылған. Қыркүйек айынан бастап КА-168/2 мекемесінде терроризм, діни экстремизм баптарымен сотталғандардың теріс діни бағыттағы көзқарастарын дәстүрлі діни бағытқа ауыстыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Пилоттық жоба бойынша осы сипаттағы сотталғандармен «Ақниет» оңалту орталығының теологтары, имамдар және мекеме психологтары түрлі тақырыпта дәрістер өткізеді. Бүгінгі күні ҚАЖ мекемелерінде штат бойынша 4 теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру инспекторы бар. Мамандардың арнайы білімдері бар.
– Келесі жылдан бастап сотталғандарды бір күндік тамақтандыру құны 1050 теңге болмақ. Электронды магазиндер ашылады екен. Ақтөбе түрмелері мұндай жаңашылдыққа қаншалықты дайын?
– 2021 жылдан бастап сотталғандарды бір күндік тамақтандыру құнының өсуі туралы сұрақ қазіргі уақытта ҚАЖ комитетінде қаралуда. Дәл қазіргі уақытта бір сотталушыны бір күндік тамақтандыру құны – 636,63 теңгені құрайды. Ал электронды дүкендер Алматы және Ақмола облыстары бойынша ҚАЖ департаменттеріне қарасты мекемелерде пилоттық режимде ашылып, жұмыс жасай бастады. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде электрондық дүкен ашу үшін шаралар қарастырылып жатыр.
– Сотталғандар түзеу мекемелерінде қандай жұмыспен айналысады? Олардың тапқан табысы қандай мақсатқа жұмсалады? Араларында қолөнермен айналысатындар бар шығар?

– Түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің жұмыс істеп, жалақы алуына барлық жағдай жасалған. КА-168/2 мекемесіндегі сотталғандар асханада, нан цехында, көкөніс цехы мен моншада жұмыс істейді. Бұдан басқа олар кір жуу, шаш қию, кәріз, электр желілерін жөндеу, аяқ-киім жөндеу жұмыстарымен айналысады. КА-168/2 мекемесінің өндірістік аймағында «Еңбек-батыс» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және басқа да шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, өндірістік аймақтағы «Аманғосов» жеке кәсіпкерлігіне (ЖК) қарасты тігін цехында сотталғандар арнайы киімдер, төсек жабдықтар тігеді. Өндірістік аймақта ағаш жөндеу цехы мен темір өңдеу цехтары бар. Қазіргі уақытта темір өңдеу цехында оқушыларға арналған парталар мен орындықтар жасалып жатыр. Ал ағаш өңдеу цехы көне жихаздарды жаңарту, қайта жасау жұмыстарымен айналысады.
Сотталғандардың тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуы үшін арнайы дүкен де ашылған. Олар жалақысын өздеріне сот пен белгіленген талап-арыздарды өтеуге немесе алимент төлеуге жұмсайды. Енді бірі тапқан ақшасын өз отбасына көмек ретінде жібереді. КА-168/2 мекемесінде қолөнермен айналысатын сотталғандар да бар. Олар «Иващенко» ЖК-нің тапсырысына сәйкес, ағаш бұйымдарынан түрлі кәдесыйлар (нарды, кеме, сандықша) дайындайды. Алдағы күндері мекеменің өндірістік аумағында темірбетон бұйымдарын өңдеу
цехы іске қосылатын болады. Қазіргі таңда аталған цехтың ашылуына байланысты құжаттар рәсімделуде.
– Түзеу мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі сотталғандарға қандай жағдай жасалған? Ақтөбедегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан мүмкіндігі шектеулі қанша сотталған бар?
– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі 13 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың барлығы өздігінен жүре алатын азаматтар. Олар да басқа сотталғандар секілді тегін медициналық және қоғамдық әлеуметтік көмектерді алып отыр. Дегенмен түзеу мекемесінде «арбаға таңылған» сотталғандар үшін пандустар орнатылып, барлық жағдай жасалған.
– 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалмақ. Сотталғандардың темір торға кері оралмауы үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Рақымшылық жасау туралы заң жобасы әлі дайындалу үстінде. Сондықтан ол туралы нақты бірдеңе айтуға әлі ерте. Сотталғандарды бірнеше санатқа бөлуге болады. Олардың алдыңғы санатындағылар бірінші рет сотталғандар немесе қылмысты байқаусызда, не абайсызда жасағандар. Олар жазаларын өтеп шыққаннан кейін отбасына оралып, жұмыс істеуге тырысады. Сотталғандардың маңызды бөлігі ұрлау, тонауды әдетке айналдырғандар. Олар жұмыс таппағандықтан, қайта ұрлық жасап, тіпті  кісі өлтіріп, түрмеге кері оралуы мүмкін. Ал соттылығы бар азаматтарды жұмыс берушілердің көпшілігі алғысы келмейді. Сол себепті бостандыққа шыққан азаматтарды сол күннен бастап жұмысқа орналастыру мәселесі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешіледі. Мәселен, 2020 жылдың 11 айында жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен ұйымдастырылған 69 бос жұмыс
орындарының жəрмеңкесіне Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты пробация қызметкерлері тұрақты жұмысы жоқ 91 сотталған азаматты қатыстырды. Өткізілген жəрмеңкелердің нәтижесінде 80-і жұмысқа орналастырылып, қалған 11 азамат ұсынылған бос жұмыс орындарынан өз еріктерімен бас тартты. ҚР Президентінің биылғы жылды
«Еріктілер жылы» деп атауына байланысты Ақтөбе облысы бойынша пробация қызметкерлерінің жетекшілігімен есепте тұрған сотталғандар жыл бойына түрлі волонтерлік жұмыстарға тартылды. Осы жерде ерекше атап кететіні, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелерінен енді босаған сотталғандарға арналған «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы өз нәтижесін беріп келеді. Сотталғандарға əлеуметтік көмек көрсетуде «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен белсенді ықпал ету жұмыстарының жүргізіліп отырғандығын атап өтпеске болмайды. «Атамекен» ҰКП-ның көмегімен 14 азамат оқудан өтіп, өз ісін бастау үшін жаңа мамандықты меңгерсе, (оның ішінде 10 тұлға түзеу мекемесінен босатылған), 12 адам «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша 6 511 400 теңге көлемінде өтеусіз грант жеңіп алды, 3 сотталған 14 500 000 теңге көлемінде шағын несие алды.
– Сотталғандардың арасында өз кәсібін ашқан азаматтар да бар шығар?
– Сотталғандардың арасында «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасының ықпал етуімен және пробация инспекторларының қолдауымен қайтарымсыз несиеге өз кәсібін ашып, оны дамытып отырғандар жетерлік. Мәселен, есепте тұрған сотталған С.Г. деген азамат өзіне бөлінген грантқа ұсталық шеберханасын ашып, жиһаз дайындап шығаратын құрылғы алды. Ал сотталған У.У. өзіне бөлінген грантқа балық шаруашылығын ашты. Қобда аудандық ПҚ есебінде тұрған Д.Д. «Бизнес-бастау» бағдарламасымен алған «қайтарымсыз гранттың»
арқасында өзінің шаруа қожалығына ұсақ малды қырқатын станок алып, осы кәсіпті дамытып отыр. Ал Ырғыз ауданындағы сотталған Б.Қ. қызмет көрсету цехын ашып, аталған кәсібіне дөңгелек жөндеу құрылғысын алды. Сотталғандардың енді бірі шағынкредит алу арқылы ірі мал шаруашылығын дамытты, қазіргі таңда сүт өнімін сатумен айналысып отыр. Қайтарымсыз несие мен грант арқылы монша, маникюр салонын ашқандар да бар.
– Түзеу мекемелерінде заңсыздықтар қаншалықты жиі орын алады?
– Түзеу мекемелерінде жұмыс істеудің өз қиындығы бар. Қылмыскерлерді түзу жолға түсіру әркімнің қолынан келе бермейді. Сол себепті, қызметкердің бір жылдық еңбек өтілі бір жарым жылға есептеледі. Кей жағдайда сотталғандар өз жазасын жеңілдету үшін «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп арызданады. Мұндай шағымдар болса, өзіндік қамтамасыз ету тобының қызметкерлері қызметтік тексеру жүргізеді. Соңғы жылдары мұндай деректер орын алған жоқ. Дегенмен, қызметкерлердің арасында сотталғандармен қызметтен тыс байланысқа түскендері болды. Жыл басынан бері 9 қызметкер жауапқа тартылды. Олардың барлығына тәртіптік жаза қолданылып, кейбірі жұмыстан шығарылды. Қызметтік тексеріс құжаттарына сәйкес, тәртіп бұзған қызметкерлердің бірі ұялы телефон кіргізген, енді бірінің түрмеде тәркіленген телефонды қайтадан басқа сотталушыға бергені анықталды. Сотталғандар қамауда отырып, бостандықтағыдай емін-еркін өмір сүргісі келеді, тыйым салынған заттар мен есірткі қолданып немесе спирттік ішімдіктер ішкісі келеді. Алайда егер түзеу мекемесінде отырған сотталғанның қолына ұялы телефон түссе, олар жәбірленушіге хабарласып жазасын жеңілдетуін сұрауы немесе оны қорқытып, талап етуі мүмкін. Не болмаса, түзеу мекемесінде отырып, ұялы телефон байланысы арқылы басқа да қауіпті қылмыстарды ұйымдастыруы мүмкін. ҚАЖ қызметкерлері аталған қылмыстардың алдын алуға тырысады. Жалпы, құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге көп азаматтар қызықпайды. Оның себебі де түсінікті: 600 қылмыскер отырған жерде бір тәулік жұмыс істеп шығу үшін де үлкен рух керек. Қызметкерлердің арасында әйел адамдар да бар. Оларда жұмысқа қабылданғаннан кейін бейімделу процесі 6 ай жүреді. Қызметке қабылданған жас мамандарға сотталғандарды бір сөзбен қалай тоқтатуға болатыны, психологиялық тұрғыда олармен қарым-қатынас жасау тәсілдері үйретіледі. Бір қызметкерді дайындау үшін бес жыл керек. Ал мекеме бастығын дайындау үшін кемі 10 жыл уақыт керек. Сол себепті біз жеке құрамдағы бар қызметкерлерді бағалап, оларды кәсіби тұрғыда дайындап, жұмыстан шығармауға тырысамыз. Қызметкерлер мен жазасын өтеуші сотталғандарға қолайлы жағдай жасау үшін, түзеу мекемесінде жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл уақытта мекеменің терезе, есіктері, кәріз, жылу мен желдету желілері ауыстырылады. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктің көмегімен түзеу мекемелеріне заманауи цифрлық бейнебақылау жүйесін орнату
мәселесі қарастырылып жатыр.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 

Алтынбек НУХҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты: «ҚАБЫЛДАНҒАН ӘРБІР ЗАҢ МАҢЫЗДЫ»

– Биылғы жылы қандай маңызды заңдар қабылданды? – Қазақстан...

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...