Қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптардың біріне айналып отырған алимент мәселесі екені жасырын емес. Алушы мен төлеушінің алименттің мәнін жете түсінбеуі салдарынан көптеген даулардың орын алып жататын тұстары болады.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қамқор болу – олардың тікелей міндеті. Егер ата-аналар ажырасқан жағдайда, бала кіммен қалса да, екінші тарап оны асырауға материалдық тұрғыдан үлес қосуы тиіс.
Заңнамаға сәйкес, бір бала үшін ата-ананың ай сайынғы табысының ¼ бөлігі, екі балаға – ⅓, үш және одан көп балаға – ½ бөлігі мөлшерінде алимент белгіленеді. Бұл – тек бастапқы мөлшер. Сот қажеттілікке қарай бұл соманы көбейтуі немесе азайтуы мүмкін.
Алимент төлеуден жалтару – бүгінгі күннің өткір мәселесі. Жасыратыны жоқ, ажырасқаннан кейін баласын асыраудан қашатын азаматтар көбейіп келеді. Олар табысын жасырады, мүліктің барлығын әке-шешесінің атына жазады, бейресми жұмыс істейді немесе мүлде жұмыссыз ретінде тіркеліп, жауапкершіліктен жалтарады. Мұндай әрекет – ең алдымен баланың құқықтарын аяқасты ету.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде алимент төлемегендердің саны 200 мыңнан асады. Құзырлы органдар мұндай азаматтарға қатысты заңда белгіленген шектеу шараларын – шетелге шығуға не мүлікке немесе банктік есеп-шоттарға тыйым салу, көлік жүргізу құқығынан уақытша айыру секілді мәжбүрлеу шаралары қолданып келеді. Дегенмен бұл мәселенің түп-төркіні заңнан гөрі санаға, адамгершілікке барып тірелетіні анық. Сот орындаушыларының айтуынша, кейбір борышкерлер жылдап алимент төлемей, қарыздарын көбейтіп келеді.
Алимент – жай ғана қаржы емес, ол ата-ананың бала алдындағы моральдық және құқықтық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Ата-ананың бірі жоқ болса да, екіншісінің қамқорлығы мен қолдауы бала үшін аса маңызды. Әсіресе, психологиялық тұрақтылық пен өзін-өзі бағалау сияқты маңызды факторлар алименттің уақытында төленуімен де тікелей байланысты.
Ең бастысы – әрбір ата-ананың ішкі жауапкершілігі мен балаға деген махаббаты болуы тиіс. Ендеше, әр ата-ана бұл парызды жүрекпен сезініп, саналы түрде орындауы қажет. Себебі бала – біздің ертеңіміз, елдің болашағы.

Әбдіжалил Әйгерім Бақытжанқызы
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы