Ресми мәліметтер өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде ең кең тараған қылмыс түрі алаяқтық екенін көрсетіп отыр. Әсіресе, ғаламтор алаяқтарынан зардап шеккендер көрсеткіші күрт өскен. Киберқылмысқа қарсы күресті күшейту шаралары жан-жақты қолға алынғанымен, алаяқтар жолын кесу мүмкін болмай тұр. Себебі, қызметтің кез келген түрі, оған жасалатын төлемдер әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Бұл көпшілік үшін тиімді болғанымен, кейбіреулердің қылмыстық пиғылдарын іске асырудың төте жолына айналды.
Алаяқтықтың схемасы күннен-күнге түрленіп барады. Полиция қызметкерлерінің, банк, «Қазпошта», коммуналдық мекемелер, ұялы байланыс операторларының атынан хабарласатындар азаматтардың сеніміне кіріп, SMS кодқа қол жеткізеді. Сол арқылы оның жеке мәліметтерін біліп алады. Азаматтар аталған мекемелердің телефон арқылы құпия код сұрамайтынын мұқият есте ұстаулары қажет. Ғаламтор алаяқтығына ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармақшасында көрсетілгендей, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы қылмыстық әрекетке барғандар мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алаяқтар арбауына түспеу үшін азаматтар жеке басына қатысты деректер мен пластикалық карталардың мәліметтерін, құпия сөздерді, кодтарды ешкімге
айтпауы тиіс. Күмәнді сайттар арқылы алдын ала төлем немесе ақша аударымдарын жасаудан абай болғандары жөн. Тауарларға онлайн несие рәсімдеп, зардап шеккендер де жетерлік. Кез келген әрекетті заң аясында жасағандар келеңсіздіктерден аулақ жүреді. Халықты алаяқтардан сақтандыру мақсатында елімізде 2023 жылы байланыс, төлемдер мен ақша аударымдары және тұтынушылық онлайн кредиттеу саласындағы реттеуді қатаңдатуға бағытталған кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы бекітілді. Онда кредиттік бюроларға мүдделі қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерін хабардар ете отырып, кредиттік алаяқтықты, өзге де заңсыз қызметті анықтаудың онлайн жүйесінің болуы бойынша талаптар белгіленген.
Бұған қоса өткен жылы азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту құқығы заңнамалық түрде енгізілді. Яғни, әрбір азамат 6 ай мерзімге банктер мен микроқаржы ұйымдарында жаңа кредиттер алуға өзіне тыйым қоя алады. Бұдан әрі нақтыласақ, бұл опция қолданылған кезде қарыз алушының несие тарихында оның несие алудан уақытша бас тартуға шешім қабылдағаны туралы белгі пайда болады. Мұндай жағдайда алаяқтар ол адамның атынан жалған несие рәсімдей алмайды. Осы сияқты Үкімет, құзырлы орындар тарапынан алаяқтық қылмыстардың алдын алудың, азаматтарды сақтандырудың барлық шарасы жасалуда. Соларды пайдалана білудің маңызы зор.
Айжан Устенова, Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы