Қаржы алаяқтарының айла-амалдары күн өткен сайын күрделеніп барады. Олар азаматтардың мүлкіне қол сұғудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, интернет кеңістігін белсенді пайдаланып жүр. Осындай жағдайда әрбір азамат өз жеке деректерін қорғап, несие рәсімдеу кезінде сақ болуға міндетті.
Алаяқтардың құрбаны болмаудың бір жолы – eGov порталындағы «несиеден бас тарту» қызметін пайдалану. Бұл қызмет арқылы кез келген азамат өзінің атына несие рәсімдеуге уақытша тыйым сала алады. Азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы 6 айға дейін несие рәсімдеуден бас тарта алады. Бұл шешім банктер мен микроқаржылық ұйымдар үшін міндетті сигналға айналады. Дәл қазіргі уақытта халықты алаяқтардан қорғаудың бір құралы осы болып отыр. Сонымен қатар, телеграм немесе басқа платформаларда ешкімге жеке мәліметтеріңізді – жеке куәлік суретін, ЖСН, банк картасының деректерін беруге болмайды. Алаяқтар мұндай ақпаратты пайдаланып, бірнеше минут ішінде сіздің атыңыздан қаржылық операциялар жасай алады. Ең алдымен өз жеке деректеріңіздің құпия сақталуына өзіңіз жауапты екеніңізді естен шығармаңыз.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін ең алдымен ақшалай шығынның нақты болғанын дәлелдеу қажет. Мұндай жағдайда ең бастысы – азаматтардың алданып қалғанын дәлелдейтін құжаттардың болуы.
Олар: Егер келісімшарт болса, оның жарамсыз екенін көрсететін фактілер (мысалы, жалған ұйым атынан рәсімделгені). Ақша аударымы туралы түбіртек (банктік, Kaspi, қолма-қол); Хат алмасу, аудиохабарламалар, скриншоттар (Telegram, WhatsApp т.б.); Алаяқтың берген уәделерінің жазбаша немесе ауызша дәлелдері (мысалы, «бес жүз мың берсеңіз, бес елге апарамын» деген сөздер);
Егер алаяқтың құрбаны болсаңыз, мына әрекеттерге көшу қажет. Егер азамат алаяқтың құрбаны болса, міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Заңгердің көмегі: Құқықтық процесте адвокаттың немесе кәсіби заңгердің көмегіне жүгіну – істің нәтижелі болуына ықпал етеді. Полицияға арыз жазу: Жақын жердегі бөлімшеге барып немесе 102 нөміріне хабарласып, болған жағдайды толық сипаттау қажет. Қосымша дәлелдер жинау: Хат алмасулар, аударым түбіртектері, сілтеме, скриншоттар және басқа да дәлелдер іске көмек болады. Ең бастысы уақыт созбай, дер кезінде полицияға жүгініп, құқығыңызды заңды жолмен қорғаныңыз.
Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының судьясы Бейсенбина Жазира Абдигалиевна