12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алаяқтар арбауынан құқықтық сауат құтқарады

 Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою тәсілдерінің бірі азаматтардың құқықтық, қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыру болып табылады. Өйткені, алаяқтықпен күрес мәселесі соңғы жылдары өзекті әрі күрделі жағдайға айналды. Елімізде алаяқтыққа қарсы заң қатайтылып, онымен күрес шаралары күшеюде. 

Алаяқтар алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемдену мақсатын көздейді. Олар азаматтарды алдап-арбауда  Kolesa.kz, OLX, т.б. сайттарды, Whatsapp, Instagram, т.б. әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Мысалы, сайттарда қандай да бір мүлік, тауардың құнын барынша төмендетіп, жалған жарнамалар береді. Осылайша жәбірленушілердің сеніміне кіріп, тауар немесе мүлік ақысын өздеріне аудартып алады. Әлеуметтік желілерде ауырып жатқан адамдардың атынан парақшаларын  ашып,  қаржы жинап алатын оқиғалар жиі кездеседі. Шектен тыс сенгіштігінің салдарынан қаншама адам қаржы пирамидаларының қақпанына түсуде.  Банк саласындағы интернет-алаяқтық та күннен-күнге көбеюде. Банк қызметкерлері клиенттерінің карточкалық шот бойынша деректерін немесе  интернет банкинг паролін сұрамайтынын салымшылар қаперіне саламыз.

Несиенің қашықтықтан рәсімделуін интернет-алаяқтар өз мақсаттарына тиімді  пайдаланып отыр. Сондықтан, азаматтар күдікті хабарлама, беймәлім  адамдардан қоңыраулар түскен жағдайда бірден полицияға хабарласып, банктегі шоттарын, несие  тарихын тексерулері шарт. Тауарларды тексерілген сайттардан ғана сатып алу алданудың алдын алады. Сатушының ресми мекен-жайын, құжаттарын тексеріп,  дұрыстығына  көз жеткізген жөн. «Жеңімпаз атандыңыз, қомақты сыйлық немесе қаржылай ұтыс бар» деген хабарламаларға құжаттардың көшірмесін жіберуге болмайды. 

Байланыс, төлемдер мен ақша аударымдары және тұтынушылық онлайн кредиттеу саласындағы реттеуді қатаңдатуға бағытталған кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасында несие алаяқтығы мен өзге де заңсыз қызметті анықтаудың онлайн жүйесіне қатысты талаптар бекітілген. Әрі  азаматтарға несиеден ерікті түрде бас тарту құқығы берілді. Нақты айтқанда әр адамның алты айға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жаңа несие алуға өзіне тыйым қою мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндік алаяқтарға ол адамның атынан несие рәсімдеуіне жол бермейді. Яғни, мемлекетімізде  алаяқтық қылмыстарға тыйым салудың шаралары жасалғанын азаматтар білуі тиіс.   

Алаяқтық  қылмыс жасағандар жазасы жеңіл деуге болмайды. Мысалы, олар Қылмыстық кодекстің 190-бабымен жауапқа тартылып, он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Осы баптың 4-бөлігіне сай айтсақ,  қылмыстық топ жасаған, аса iрi мөлшерде жасалған алаяқтық үшін сотталушының мүлкi тәркiленеді әрі белгілі бір лауазымдарды атқару немесе  белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жыл мен он жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Алаяқтар ұсталып, тиісті жазасын алғанымен олар  иемденіп кеткен қаржы, мүлік, қай-қайсысы болсын кері қайтару қиынға соғады. Сондықтан, мұндай оқиғалар азаматтардан барынша сақтықты талап етеді. Тауар қолға тимей тұрып, алдын ала төлем жасаудың,  жеке қаржылық шот туралы мәліметтерді өзгелерге берудің, күмәнді сілтемелерге өтудің, т.б. осындай әрекеттердің соңы ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан, әр адам өзінің құқықтық сауатын көтеру арқылы алаяқтардың мүмкіндігін шектей алады. 

Айнұр Қызылбаева,

Ақтау қалалық сотының судьясы

Маңғыстау облысы

Кассациялық сот

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде сот билігі – мемлекеттік биліктің...

7 мамыр отан қорғаушылар күніне орай «Бес қару» атты әскери-патриоттық сайыс өтті

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы және Жетісу ауданы әкімдігінің...