
Қабылданып жатқан заңдарға көз тігетін болсақ, Қазақстан Республикасында алқабилер институтына ерекше назар аударылып жатқанын анық көруге болады.
Айтарлықтай жаңадан енгізіліп жатқан алқабилер сотының институты демократиялық қоғамды қалыптастырудағы маңызды бір элементі болып табылатындығына көз жеткіздік.
Сот төрелігіне жаңа процестерді енгізу арқылы, қылмыстық сот ісін жүргізудің тәуелсіздігі мен объективтілігін арттыратындығына, халықтың сот төрелігіне деген сенімін одан әрі жоғары болуына, сот жүйесін нығайтуға ықпал еткенін көрсетті.
Ақабилердiң құқықтық мәртебесiн, тәуелсiздiгінің кепiлдiктерiн, олардың қызметiн қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайтың заң осыдан 19 жыл бұрын, яғни 2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданған болатын.
Аталған заңда алқабиге қойылатын талаптар мен шекетеулер белгіленген, сонымен қатар қылмыстық іс бойынша дұрыс шешім қабылдау мақсатында олардың жауапкершілігінің негіздері анықталған.
Қолданыстағы заңға сәйкес, қылмыстық іс бойынша алқабилерді іріктеу рәсіміне кейіннен қатысу үшін алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізіміне 25 жасқа толған және алқабилерге қойылатын талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматы енгізілуі мүмкін.
Аталған тізімге енген кандидаттардың ішінен сот залында алқабилердi iрiктеу сатысы жүргізіледі, оны қылмыстық іс бойынша төрағалық етушi жүргізеді, алқабилердi iрiктеу сатысына сотталушы, оның қорғаушылары, айыптаушы және жәбірленуші жақ қатысулары қарастырылған.
Үшінші кезең болып ол iрiктеу сатысынан өткен 12 алқабиге кандидаттарының ант қабылдау рәсімі.
Ант қабылдағаннан кейін, алқаби «Ант етемін» деген сөздерді айтқаннан кейін ант қабылдағаны расталады, аталған кандидаттар ресми түрде алқаби болып сайланғандығын білдіреді.
Алқаби өзінің iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға, процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға, заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға, төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға, сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.
Алқабидің міндеттеріне келсек, алқаби сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға, алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге, сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 111-бабында қылмыстық iс бойынша сотталушының кiнәлiлiгiн не кiнәсіздігін растайтын дәлелдемелердің түсінігі берілген.
Заңды түрде алынған, олардың негізінде анықтау органы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiмен айқындалған тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген іс-әрекеттiң бар екенін немесе жоқ екенін, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының бұл әрекеттi жасағанын немесе жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кiнәсіздігін, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын нақты деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Жоғарыда аталған бапта сот үкімінің негізі болып қалатын сотта жан-жақты зерртеуге жататын ұғым бекітілген.
Алқаби алқасы тек сотта қаралған дәлелдемелер негізінде iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалап кеңесу бөлімінде алқа алдына қойылатын сұрақтарға жауап беру арқылы іс бойынша дауыс беру арқылы айыптау немесе ақтау кесімін қабылдайды, оның негізінде сот шешім қабылдайды.
Ал егер, қарастырып жатқан қағидалардың біреуі бұзылған жағдайда, мысалы, алқабиге қысым көрсетіліп, немесе оған заңды шешім қабылдауға қасақана ықпал жасау фактілері анықталған жағдайда, яғни алқабидің немесе олардың жақындарының өміріне iстің сотта қаралуына байланысты заңды қызметiне кедергi жасау, не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында жасалған қол сұғу фактілері анықталған жағдайда, кінәлі деп танылған адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 408-баптың негізінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, алқабидiң сот талқылауында iстi қарауға байланысты міндеттерді орындамағаны үшін, немесе істі сотта қарауға байланысты шектеулердi сақтамау фактілері анықталған жағдайда, сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынбауына байланысты фактілер орын алып жатса, алқабидің жауаптылығы заңға сәйкес қарастырылады.
Бұл міндеттер қылмыстық істерді сот сатысында қараған кезде істiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу қағидаларын сақтауға бағытталған сотқа қатысушыларға қойылған міндеттер деп айтуға болады.
Яғни, алқабилердің қатысуымен сотта істі қараған кезде заң шығарушы заңда бекіткен шектеулерді сақтау, өте маңызды болып келеді.
Алқабиге iстi қарау барысында іске қатысты мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға тыйм салынған.
Бұған себеп, жоғарыда көрсетілген алқаби тек өзінің iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және тек айыптаушы жақпен ұсынылған дәлелдемелерге қатысты сұрақтарға жауап беру міндеттерін атап өткен жөн.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 640-баптың бесінші бөлігіне сәйкес, төрағалық етушi алқабиге кез келген кандидатты осы адамға заңсыз көрсетiлген ықпал ету, онда теріс пiкiрдің болуы, ол iстiң мән-жайларын процестік емес көздерден, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлiгiне негiздi күмән келтiрiлсе, сондай-ақ алқабиге кандидат алқаби ретiнде iстi қарауға қатысқан кезде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатады.
Алқаби институтында біреудің немесе бір нәрсенің пайдасына немесе қарсылығына тән бар тенденцияның немесе теріс пікірдің көрінісін, біржақтылық көзқарас деп саналады.
Қылмыстық-құқықтық дәлелдемелер контекстінде біржақтылық деп, тарап пен куәнің білместіктен немесе басқаша түрде бір тарапты жақтап немесе оған қарсы айғақ беруіне себеп болуы мүмкін қарым-қатынасты сипаттау үшін қолданылатын термин.
Яғни, алдын ала пікір туғызатын мән-жайларды, егер ол алқабилер алқасын бейтараптандыратын болса, судья ондай дәлелдемелерді қараудан алып тастай алады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағына сәйкес, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 634-бабына сәйкес, қылмыстық сот iсiн жүргiзудi заңда көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын, сондай-ақ алқабилер қатысқан соттың үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса алғанда, осындай өтiнiшхатты қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi. Істі алдын ала тыңдау барысында мәлімделген өтінішхат жазбаша және ауызша болуы мүмкін.
Алқабилер қатысатын сотқа істердің соттылығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 631-бабында көрсетілген, жалпы алғанда олардың қатысуымен аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылатын істер қаралады.
Сонымен қатар, заңнамаға енгізілген өзгерістірге байланысты, ауыр қылмыстардың кейбір санаттары бойынша істер алқабилердің қатысуымен қаралады.
Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхат мәлімдесе, соттың оны алқабилердiң қатысуымен қарауы барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
Сонымен қатар, егер іс бойынша шектеулер болмаса, алқабилермен қаралатын істердің қаралуы ашық түрде жүргізіледі, ондай шектеулерге заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүдделеріне қайшы келген жағдайда ғана жол беріледі.
Қазіргі уақытта, алқаби институтын енгізу және іске асыру арқылы адам құқықтарын нығайту шаралары жүйелі негізде жүзеге асырылуына, профилактикалық әсері бар аса ауыр қылмыстар бойынша сот процесстерінің ашықтығына, онлайн платформалары арқылы қолжетімдігіне және қабылданатын сот актілерінің заңдылығына өз әсерін тигізетіні байқалады.
Адам құқықтары саласындағы халықаралық-құқықтық стандарттардың талаптарын, қылмысқа қарсы іс-қимылды және ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыстық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіруге қол жеткізу үшін алқаби институтының тетіктерін жетілдіру аса ауыр қылмыстардың алдын алу құралының бірі деп айтуға болады, оны басқа санаттарға жатқызылатын қылмыстық істердің алқабилермен қаралуына қоғамға зиян келтірмейтіндігіне, керісінше адамдардың құқықтық сауаттылығының арттыруына жол беретіндігіне көз жеткіземіз.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.К.Бейсов