12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Айгүл ІСІМАҚ, алаштанушы, филология ғылымының докторы, профессор «НАУРЫЗ – ТЕҢДІК МЕЙРАМЫ»

– Айгүл Мұхаммедсерікқызы, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Сөз басында Наурыз мейрамының мән-маңызы жайлы айтып өтсеңіз.

– Иә, даналық дала мейрамы құтты болсын. Ақ тілектер қабыл болсын! Көшпелі қазақ қоғамында Наурыз ерекше мейрам болған. Ауыр қыстан аман-есен шыққан қазақ күн мен түннің теңелгенін ерекше қуанышпен жаңа жылдың басы деп қарсы алған. Отарланған кезден бастап Наурыз мерекесіне де тыйым салынды. Генерал губернаторлық билік басқарған қазақ жерінде жалғыз бұл мереке емес, өзге де ұлттық мерекелерді тойлауға қақымыз болмады. Мұның бірден-бір себебі – билік жұрт жиналып, патшаға қарсы әрекет жасауы мүмкін деп сескенді. «Қазақ» газетінде 1913 жылы биыл 140 жылдығы аталып өтілетін Міржақып Дулатұлы Наурыз шығыстың жаңа жылы, қазақтың төл мерекесін қайтару керек деп мақала жазып, қалың қазаққа үндеу тастады. Ол өзінің «Наурыз» өлеңінде бұл мерекенің негізгі мәні
мен ерекшеліктерін толыққанды сипаттады.
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Куаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.
Ойнаған анау бала,
Көк орай жалын дала.
Егіндік егін еккен,
Ұзамай болар жаңа.
Бай, жарлы келген күйі,
Ойын-той ауыл, үйі.
Қой сойып, қонақ асы,
Мырзалық еткен сыйы.
Келіпті жылдың құсы,
Күнде шу көлдің тұсы.
Күн жылы, ызғары жоқ,
Жаз шығып, кеткен қысы.
Боздаған анау түйе,
Кұлындап жатыр бие.
Гүлдеуге бет алып тұр,
Қызарып қызыл шие.
Егінші егін егіп,
Қостанып арба жегіп.
Тыныш жоқ ерте мен кеш,
Еңбекпен азап шегіп.
Ат шауып, тау жарысқан,
Таласып бәйгі алысқан.
Көтерем арық-тұрық,
Жаз шығып жайланысқан.
Ойын-той болып жатқан,
Ел көшіп, қонып жатқан.
Жаз шығып, жазғытұры,
Анау мал толып жатқан.
Жайнаған терең сайлар,
Ойнаған құлын, тайлар.
Ел қонып көл жағалай,
Өріске малын айдар.
Гүл өсіп гүл-гүл жайнар,
Бұтақта бұлбұл сайрар.
Тіріліп құрт-құмырсқа,
Жер жүзі быж-быж қайнар.
Сұлу жүр сылаңдаған.
Күлімдеп қылаңдаған,
Ерініп бір басуға,
Жас талдай бұраңдаған.
Қыдырып жігіт сылқым,
Ерігіп күнде дарқан.
Жеңгесі жылы жүзді,
Ат қойып кенже, қалқам.
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі, – деп
жырлады ақиық ақын.
Бұдан артық Наурыздың мәнмаңызы жайлы айту мүмкін емес-ау. Наурыз – өмірдің салтанаты! Бұл кез Абай меңзеген әрбір есті адам өзіне есеп беретін кез! Осыны түсініп, әркім болмысына сыни көзбен қарап, мақсатын айқындап, алға жылжу керек.

– Бұл мерекеге қатысты Алаш арыстары қандай ұстанымда болды?

– 1731 жылдан бастап бізді қырғыз кайсаки деген солтүстік көршіміз қазақты бағындыру үшін ұлттық құндылықтар мен ұлттық мерекелерге тыйым салған. Қазақ деген ұлттың атауын Алаш саяси элитасы 1913 жылы «Қазақ» газетін ашып, қайта жаңғыртты. 1925 жылы Сәкен Сейфуллин бастаған алашшыл советтік билік қазақ сөзін мемлекетке қайтарды.

– Наурызды қайта жаңғырту қалай мүмкін болды? Бұл Сіздіңше кімнің еңбегі?

– Наурыз Тәуелсіздік алған кезде қайта оралды. Бұның басында сол кездегі Өзбекәлі Жәнібековтер бастаған мемлекетшіл азаматтар болған.

– Қайта оралған Наурыз өз деңгейінде аталып өтіп жатыр ма? Бұл мейрам Сіздіңше қалай өту керек? Неге мән берілу керек?

– Наурыз еліміз егемендік алғаннан бері халықтың көңіл-күйі мен хал-ахуалы деңгейінде тойланып келе жатыр деп айтуға болады. Алматыдағы Абай даңғылында өткен тұңғыш Наурыз ұлттың еңсесін көтерген керемет құбылыс болды. Қазақтың да осындай салтанатты, ғибратты, адамзаттық құндылыққа негізделген өз мерекесі бар екен ғой деп таң қалғанбыз. Ұлттық киім іздеп қуаныштан абыр-сабыр болғанымыз есімде. Бұл мейрамның философиялық мәні теңдіктің салтанатында. Күн мен түн теңесіп, хан мен қараша бірге жүретін сәт деп дәріптелетін мерекенің осы маңызына мән беру керек. Ұлттық бірлік күні ретінде аталып өту керек.

– Бір апта бұрын көрісу мейрамы аталып өтті. Бұл мейрамның атауына қатысты әртүрлі пікір бар. Көрісу ұғымы әр өңірде әрқалай ұғынылады. Арқада өлімге байланысты айтылады.

– Батыс Қазақстанда Наурыз Көрісу мерекесі аталып келеді. Бұл өңірде мұндай мереке бұрыннан болған. Абай жырлағандай «Ойдағы ел қырдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» арқа-жарқа болатын кезең. Қыстай жол жабылып, бір-бірімен араласа алмаған қауым осы сәтті асыға күтіп, бір-бірімен кездесуге ұмтылады. Жаңа жылда аман-есен кездескен жұрт бірін-бірі жаңа жасымен құттықтайды. Орталық Қазақстанда көрісу деген сөз басқа рәсімге айтылатынын ескерген жұрт бұл сөзді көп қолданбайды. Ел болып Наурызды жыл басы деп атап құттықтасып жатады.

– Жалпы осы мейрамның маңызын қалай түсіндірер едіңіз?

– Бүкіл шығыс жұрты үшін Жаңа жыл осы Наурыздан басталады. Табиғат қатаң қыстан оянып, жер көктеп, бүкіл тіршілік иесі жаңаратын кез. Аспан қыстың ауыр бұлтты күндерінен шығып, нұрланып көгереді. Күн ұзақ әрі шуақты бола бастайды, адамдар мен жануарлар ұйқыдан оянғандай, еңселері көтеріліп, тың күш, жаңа мақсатпен тірлігіне кіріседі. Табиғаттың оянуымен бірге тіршілік иелері де қыстың ауыртпашылығын сілкіп тастап, жаңа шуақты күндеріне аяқ басады.

– Соңғы кезде елімізде ұлттық дәстүр, құндылықтарды жаңғыртып, дәріптеуде белсенділік артып келеді…

– Иә, соңғы жылдары ұлттық дәстүр мен ұлттық құндылықтарға бетбұрыс бұрыңғыдан да басым. Бұл құптарлық іс. Президентіміз ұсынған ұлттық киімнің қадірін де түсінетін кез жетті. Қазақтың ұлттық киімі біздің сұлу, бекзат, мәрт, жомарт болғандығымыздың көрінісі дер едім. Бұл киімнен бізді адастырған заман өтті! Қазіргі кезде ұлттық киімді дәріптеу мен қолданбау бізге сын! Ұлттық киімде нақышталатын ұлттың әрбір ою-өрнегінің терең мағынасы бар. Мысалы қошқар мүйізді ою бақ-дәулет, ырыс берекенің белгісі. Қазақтың тіршілігі төрт түлік малмен байланысты. Сондықтан ою-өрнектерге деген құрмет зор болу керек. Бұл бабалардың бізге қалдырған аманаты деп те қабылдауға лайықты береке-бірлік, рухани байлық, дәулет пен молшылдық жайлы мағлұматтар, жаңа өмірдің жанар көзі мен мәңгілікке апарар рухани құндылықтар! Наурыз табиғи жаңа жыл ғана емес, бүкіл көшпелі жұрттың жаңа үміті мен мақсатын анықтайтын ғибратты кез. Бүкіл ел болып тек жақсылық пен мейірімділік тілейтін мереке ғой! Өзіңе ғана емес, халқыңа, Отаныңа, бүкіл адамзатқа бағышталған мерекедегі ақ тілектер қабыл болсын. Қазіргі әлемде жүріп жатқан соғыс пен елдерді алаңдататын түсініспеушіліктер жойылсын деп тілейік.

– Қандай дәстүрлер жаңғыру керек деп ойлайсыз?

– Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұлтты сүю» мақаласында айтылғандай: «Өзіңе тілегенді, басқаға да тіле!» дегені орындалатын мереке. «Абай» журналының 1918 жылы 2 қазанда шыққан мақаласында Ж.Аймауытұлының бізге қаратып: «Ақылы, сезімі толысқан қазіргі мәдениеттің төрінде жүрген адам баласын алсақ, әр ұлт өзінің өскенін, өзінің көркейгенін, жетілгенін, өзінің қожалығын көксепдүние-мүлкін ортаға салып, алысып жатыр. Бұған қарағанда адам баласының өз мешелділігі мәдениет өрлеген сайын күшейіп келеді. «Өзіңе тілегенді біреуге де тіле», «адам баласын бауыр тұт» деген көркем тілек далада қалып, тұрмыс күресі, қанішерлік майдандап тұр. Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі. …Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің адал қызметкері. … Солтүстік көршіміз «Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді. Кешегі ояздар, жандаралдар, генерал-губернаторлар өз алдына кішкене патша еді. Олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болды, асуға, атуға әмірі жүрді. …. «Енді қазаққа келейін. Біз жұрт болуды жаңа ойланып, жаңа қамдандық, қазақ әлі ақсүйек, қарасүйекке, оқыған, оқымағанға бөлініп, арасына жік түскен жоқ. Бірақ жуан ата, жіңішке ата болып, жуанның жіңішкеге көрсететін зорлығы, қиянаты бар. Жақсы тәртіп, әділ билік орнаса, жуан мен жіңішкенің айырмасы жоғалып кетуі мүмкін. Басшы түзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық аз, қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Қадірлейді. Сенеді. Білімді,ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді. Оқыған – қара халықтың шырағы, бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді. …Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сыпаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан ақылды болып, осы үш сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі әрі данышпан болады. Ол адам ісінде байыпты, табанды болып көп қата жібермейді. Егер ақылы шамалы адамның үш жан сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол адам өзіне-өзі қанағатшыл, өміріне ырза, орташа тығынды кісі болады. Бұл кездегі оқығандардың алған тәрбиесі қандай? Үш түрлі жан сыпаты бірдей жетілген бе? Соны айтпақпын…» дейді ұлт көсемі Жүсіпбек Аймауытов. Бұл айтылғандар бүгін де өте өзекті.

– Кезінде Әлихан Бөкейхан «Ұлттық дәстүр ұлттық идеологияның негізі болу керек» деген. Бұған қарағанда, Алаш арыстары дәстүрдің ішкі қуатын айқын зерделеген сияқты. Алаштанушы ғалым ретінде бұл тұрғыда не айтасыз?

– Иә, Әлихан Бөкейханов «Қазақтың жер асты, жер үсті байлығы әр қазақтың киіміне түйме болып қадалу керек» деген еді. Осыншама жер үсті, жер асты байлығымызға әділ жолмен ие болсақ бізде кедей, мұқтаж адамдар болмас еді. Рухани ілімі бар болса қазіргі байлар бұрыңғылар сияқты қайырымды болар еді. Алаш Арыстарын қолдаған қазақтың мықты меценаттары болған! Алаштың Алаш болуы сондай отаншыл азаматтардың да арқасында іске асқанын біле жүрейік. Әуелі патшаның отарлауы, кейін советтік қудалауға түскен ұлттық құндылықтарымыз жалпыадамзаттық болып саналды. Біз Қазақ өзімізді ешқашан біреуден жоғары санамаған халықпыз. Керісінше: бізді білімсіз, сауатсыз санағандар болды. Ғасырлар бойғы ауыр сынақтардан біз абыроймен шыққан бейбітшіл елміз. Қазыбек би айтқандай «найзаға үкі таққан жұртпыз. Бірақ ұлың – құл, қызың – күң болмас үшін ұлт пен мемлекетімізді қорғай алған елміз». Қазаққа жер жәннатын аңсаған, сол үшін қайғылы атанған Асан Қайғының ұрпағы ретінде «жиделі байсын» мен «жерұйықты» іздеуді әлі тоқтатпаған берекелі қазақпыз. Ұлттың арманы мен келешек мұратын анықтап берген Бабалар сөзін ғибрат еткен парасатты ақылды жұртпыз. Өткен тарихтан сабақ алып, қазіргіге ие болып, халықты жүдетпейтін жағдайға жеткізуге мүмкіндігіміз бар зиялы елміз. Түркі жұртының ұстанымын басты бағдар еткен қазақпыз. Отаны мен Елдің тыныштығын күзетіп түнде ұйықтамаған, күндіз елдің қамы үшін қалғымайтын билікті аңсаумен келе жатқан елміз. Бүгінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш Арыстарының армандары орындалған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі барымыздың қадірін түсінетін сабырлы жұртпыз. Бүгін Тәуелсіздік жолында сіз бен біз үшін жас ғұмырын үзген отаншыл боздақтар рухына Құран бағыштап, олар қазіргі біреулер сияқты қара басының қамы үшін емес, Отаншыл, Тәуелсіз Ел болуымыз жолында құрбандыққа кеткенін есте сақтайтын жұрт болайық. Наурыз құтты болсын!

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

АШЫҚТЫҚ СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСЕДІ

Білім беру ұйымдарында сыбайласқан жемқорлық етек алып бара жатыр. Елімізде бұл салада жасалып жатқан ауқымды реформалар қауіпті үрдісті тамырымен жоя алмай отыр.

Еуропа қазақстандықтарға виза беру тәртібін жеңілдетеді: процесс басталды

Қазақстан Президенті Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті.

Расплата за неудавшуюся жизнь 

НЕ ПЕРВЫЙ ГОД НАШУ СТРАНУ СОТРЯСАЮТ ТРАГИЧЕСКИЕ ИЗВЕСТИЯ О САМОУБИЙСТВАХ КАЗАХСТАНЦЕВ, В ТОМ ЧИСЛЕ ДЕТЕЙ И ПОДРОСТКОВ. ПРИЧЕМ ПРОИСХОДИТ ЭТО НЕ ТОЛЬКО В ОТДАЛЕННЫХ РАЙОНАХ, ГДЕ ПРИЧИНЫ СУИЦИДОВ – СИСТЕМАТИЧЕСКИЕ ИЗДЕВАТЕЛЬСТВА И НАСИЛИЕ ЗАЧАСТУЮ ЗАМАЛЧИВАЮТ, НО И В НАИБОЛЕЕ БЛАГОПОЛУЧНЫХ РАЙОНАХ МЕГАПОЛИСОВ СТРАНЫ.

Жыл басынан бері қанша адам және не үшін рейстен түсірілді?

Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар арасында ішімдік ішу және қоғамдық орындарға мас күйінде келу (83 дерек), ұшақта темекі шегу (40 дерек), ұсақ бұзақылық (12 дерек) және т.б. бар.

Балық аулауға шыққандарға айыппұл салынып жатыр

Қарағанды облысында суға кеткен балықшының денесі алты күннен бері іздестіріліп жатыр.