Сол жылы Өскеменде қазан айы жайлы болды. Алтай аясындағы сұлу қаланың үстін үнемі басып тұратын көк түтін де сол күні сейіліп сала берді. Алыстан мұнарта көрінетін Алтай таулары жақындай түскендей. Қала да еркін тыныс алып жатты.
Сағат тілі таңғы сегізге таяп қалған кезде Қабанбай батыр көшесінің бойындағы 93-үйдің ауласына су жаңа сұлу «Волга» сырғи келіп тоқтады. Көліктен шашын ақ шалса да, егделіктің ауылынан әлі алыстау, өңін бере қоймаған тартымды, бойшаң, қағілез қимылды ер адам түсіп, үйдің кіре беріс есігіне шалт адымдай беттеді.
Жүргізушінің көлікті өшірмегеніне қарағанда, келген кісі іште көп бөгелмейтін тәрізді. Расымен де, оның кіргенінен шыққаны жылдам болды.
«Волганың» есігіне енді қолын соза бергенде, шапшаң қимылды бөгде адам жанына тақап қалды. Бұған не керек деп аңтарылып қарап та үлгерген жоқ, бейтаныс оның маңдай тұсынан атты да, күрт бұрылып, қаша жөнелді.
«Волганың» жүргізушісі Серік көзді ашып-жұмғанша болған оқиғадан абдырап, сасып қалса да, тез есін жиып, киллердің соңынан жүгірді. Соңынан қуғын түскенін аңғарған «мерген» Серікті көздей екі-үш рет мылтық атты. Құлақ тұсынан зу-зу етіп ысылдай өткен оқтан жасқанған жүргізушінің одан ары қуғанға тәуекелі жетпеді.
Көлігіне қайта оралғанда, бастығының денесі сұп-суық еді. Серік қолма-қол полицияға қоңырау шалды.
Өскеменнің полициясы оқиға болған жерге дереу жетті. Шығыс өңіріне есімі танымал азаматты халық абырой-ожданы кірлемеген адам ретінде білетін. Елдің ең бірінші партиясының осы облыстағы филиалының комитет жетекшісі Владимир Пермяков бұған дейін облыстық Тәртіптік кеңесті басқарған. Қызметі шенеуніктердің арасындағы жемқорлықпен күреске бір табан жақын болғандықтан, полицияның да алғашқы тергеу қадамы осы бағытта жүре бастап еді.
Ел енді ғана қызу тіршілікке кіріскен ерте уақыт болғандықтан ба, бұл оқиғаның куәгерлері тым аз еді. Сол аз-маз дерекпен «жан алушының» фотобейнесі жасалды. Отыздан енді ғана асқан еуропалық нәсілді жігіт деген кескіндеме түзілді. Бірақ бұл тым мардымсыз дерек-тін. Өскеменде не көп, бойшаң да жас орыс нәсілді жігіттер көп. Бәрін бірдей тексеріп шығу мүмкін емес.
Айрықша маңызды істер жөніндегі жедел аға уәкіл, полковник Айдан Жанаев басқарма бастығының кабинетіне дереу жетті. Генерал Айданға отыр демеді. Оның тізе бүкпейтініне, тапсырманы терезенің алдында қасқайып тұрып тыңдайтынына үйренген. Айдан да генералды терең ойы, суық ақылы мен көрегендігі үшін сыйлайтын.
– Солай, – деді генерал әдетінше терезеге жақын барып тұрған Жанаевқа қарай әнтек бұрылып. – Президенттің өзі министрге қатаң тапсырыпты. Қылмыскерлердің ізін суытпай табу керек. Дегенмен…, – деп сәл тосылып барып, сөзін қайта жалғады:
– Менің кәрі жүрегім сезеді, бұл жерде саясаттың иісі де аңқымайды. Ызасы өтіп кеткен шенеуніктердің бірі кек алды дейтін жорамал да көңіліме қонбайды. Бұл жерде мәселе басқа-а-а-да ма деп қорқамын, – деді «басқадасын» жорта созғандай болып.
Жанаев алғашқы тергеу сұрақтарының хаттамасымен жіті танысты. Әзірге жорамалдар әлсіз екенін сұңғыла полковник тез сезді. Тергелген адамдардың жауабы «көрген жоқпын, естіген жоқпын, білмеймінге» көбірек саяды.
Тергеу басынан-ақ бір бағытты версия ұстанған. Партияның беделді қызметкерінің әлдебір шенеунікке тісі әбден батқаны анық. Сол белгісіз шенеуніктің жемқорлығын Пермяков білген. Ізіне от алып түскен. Ананың шегінетін жері болмай, «жаналғыш» жалдаудан басқа амалы қалмаған. Қылмыскер марқұмның қолындағы портфеліне де тиіспеген. Яғни, басты мақсаты – оның көзін жою болған.
Жанаев партияның облыстағы басшысымен жеке жолығуды ұйғарды. Онымен осы күнге дейін бетпе-бет кездесудің сәті түспепті. Бірақ теледидардан анда-санда жүзін көріп қалып жүретін. Енді міне, соның кабинетінде отыр. Паң, тәкаппар мінезді жетекші Жанаевқа салған жерден ұнамады.
– Мен не айтайын?! Әркім өзі үшін жауап беретін заман, – деді жетекші мүттәйім хәлде.
– Әркім өзі үшін дейсіз бе?! Сіздің өз-өзіңізді сақтау, қорғану тәсіліңіз керемет жетілген екен, – деді сөз ләміндегі қышқыл мысқылды жасырмай, кекесінмен.
Полковник мұнда темекі тартпайтынын, темекінің иісін жақтырмайтынын түсінді. Бірақ мынау кер мінез қожайынның ерік-жігерін сындыру қажет болғандықтан, қалтасынан шылымын алып жорта асықпай тұтатты. Бір қалыпқа үйреніп қалған шенеуніктік шекпеннен оны осылай босатпаса болмайтынын түсінді. Айтылған сөзден үнемі астарлы тұспал, ишара іздеп отыратын ескі мінез бұл жерде жүрмейтінін сезсін деп қасақана солай істеді.
– Мен жасырмаймын, қойған сауалыма дұрыс жауап алмай тынбайтын әдетім бар. Бұны жаман әдет дейсіз бе, әлде жақсы әдет дейсіз бе, өзіңіз бағалаңыз! – деп кесіп айтты.
Анау да ақымақ емес, бұның бұл тәсілін алыстан аңдады. Полковниктің тіке қойылған сауалдарына кісімсімей, ашық жауап беруді оң санады. Партия филиалы кеңсесінде өткен бір жарым сағаттық әңгімеден соң Пермяковтың өлімі оның кәсіби қызметіне еш қабыспайтынына Жанаевтың көзі әбден жетті. Дегенмен, әзірше бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Сондықтан оны әзір қозғамай қоя тұру керек деді бір ақылы.
Талассыз бір нәрсе – оқты кәсіпқой атқан. Бірақ та қылмыс керемет бір тәптіштелген даярлықсыз, кенеттен жасалғанын ішімен сезді.
Сол кеште Жанаев өзінің ас үйінде схема сызып, кесте жасап көп отырды. Әр оқиғаның арасынан логикалық байланыс іздейтін сақа тергеушінің бұл жәйттың көңілінен шықпауы заңды еді. Бір жағынан, кездейсоқ сәйкестікке арқа сүйеу, тергеуге абырой әпермейді. Екінші жағынан, кейде өмірдің өзі де ебедейсіз сәйкестіктерден тұратынын жоққа шығаруға тағы да болмайды.
Тергеу тобын жедел өзіне шақырып, іздестіру бағытын дереу өзгертуге шешім қабылдады. Жанаевтың шұғыл шешімі бір жетіден кейін өз жемісін бере бастады. Бұны кездейсоқ сәйкестік десеңіз де, ебедейсіз сәйкестік десеңіз де, келеді.
Анатолий Метелев пен Константин Колесник табиғатынан бөлек жандар-тұғын. Метеля – аты шыққан қанқұйлы қылмыскер. Соңғы жылдары ішімдікке әбден салынып, тіпті нашақор атана бастаған. Ал Костя мұндай жағымсыз әдеттен әзірге ада, жаман аты шыға қоймаған. Бірақ артық азап көрмей, шіркін жылдам байысам деген арманның соңында жүрген жан.
Жанаев Метеляны да, Костяны да камераға жеке алдырып сөйлесті. Алдындағы адамның мінез-болмысына қарай бейімделіп, әңгімені де соған орай жүргізуді шебер меңгерген полковник екеуінің адымын аштырмады.
Алдымен Метеля «шағылды». Көзінен әжің-гүжің мінезі ап-анық көрініп тұр. Паңсынғаны да алдамшы. Жанаев оның ішек-қарын, қыл-қыбырын айнадағыдай көріп тұрды.
Сұрақты жанай қойды. Жанаевтың әңгіменің бағытын күрт өзгерте қоятын тактикасы мұны жаңылдыра бастаған сыңайлы. Кәнігі Метеля Жанаевтың уысынан оңай шыға алмасын сезді. Метеляның маңдай үстінен әлдеқандай бір нүктеге тесіле қарап отырып:
– Шегінетін жерің жоқ. Біздің тілмен айтқанда, ендігің бос гильза. Жүз пайыз алиби тек қылмыскерде ғана болады. Деміңді шығар, әйтпесе жарылып кетерсің! – деді Жанаев.
Қылмыс әлеміне түсінікті тілмар тілмен айтылған төте сөздерден кейін Метеляның астыңғы ерні салпиып қалды.
Полковник оның қолтығынан демегендей ишара білдіргенімен, расында шынтағының жанды жерінен қатты қысып, құлағына сыбырлай сөйледі:
– Кім атқанын білесің бе? Керемет математик атқан. Бірақ ол көбейту кестесін ұмытып қалған, – деп жұмбақтай сөйледі.
– Басеке, сіз мені бірдеңемен шатастырмақсыз ба, әлде шағыстырмақсыз ба, түсінбеймін…, – деді мүләйім дауыспен Метеля.
– Бір астарлы, бірақ өрескелдеу әзіл бар. Құйрығына шиқан шығып, дәрігерге келген адам не істейді? Дәрігерге сіз мұндай құйрықты бұрын-соңды көрген жоқсыз деп пәлсапа соғып отырмайды ғой. Шалбарын шешіп, онысын дәрігерге көрсетпей ме? Солай ғой?
Метеля да, Костя да оңай шағылды. Пермяковты қалай атып өлтіргендерін қаз-қалпында баяндады. Пистолетті қайдан сатып алғандарын, құрбандарын қалай аңдығандарын түгелдей тізіп берді.
Генералдан қоңырау түн ортасы ауа келді.
– Не жаңалық? Қайдан іздеп жатырсыңдар? Қылмыскер кім?
– Шамамен білемін. Әлі ашылуға ертерек. Сәл шыдаңыз.
Жанаевтың текке сөйлемейтінін білетін генерал сәл тынышталған сыңайлы. Ертеңінде полковник сыртта бір топ жігітпен алқа-қотан сөйлесіп тұр еді, сүліктей машина сырғи келіп тоқтаты. Көліктен түскен генерал:
– Неғып күбірлесіп тұрсыңдар? – деді бұлар жаққа бүкіл денесімен ошарыла бұрылып.
– Сіздің жүйкеңізді ауыртпайық деп, – деді Жанаев.
Генерал жүр дегендей иек қақты.
Екеуі үстіге көтерілді. Қожайын кофеге тапсырыс берді. Жанаевтың ақ шала бастаған шашына қарап:
– Сен де қартаяйын деген екенсің, – деді.
– Баяғы сарыуайымшыл жас жігіт қазір жоқ. Cіздің алдыңызда тісқаққан сақа тергеуші тұр. Бірақ орден-медальдан жұрдай, – деп күлді Жанаев әдетінше терезенің алдында тысқа көз жүгіртіп тұрып. – Енді біраз уақыттан кейін ұрламайтын, ақша жемейтін, пара алмайтын адамдарға орден бере бастай ма деп қорқамын.
– Парақорлар жасаған тізім бойынша ма? – деп сөзбен шағып алды генерал. – Еңіреп жылайтын болсаң, тек менің кеудеме басыңды салып қана жыла! Ал, баянда!
– Бұлар кәдімгі кәсіби киллердей қалай маскировка жасау, қалай ату, қалай қашудың барлығын мұқият даярлаған. Костя бәрін тап-тұйнақтай әзірлегенімен де, тап мылтық кезейтін кезде жүйкесі сыр беріп, …басқа адамды атқан, – деп бастады Айдан Жанаев.
Костя мұқым Өскеменге есімі белгілі кәсіпкер Владимир Елинді атып өлтіруі тиіс еді. Елин қаладағы ең бір танымал, кірісі де жақсы мейманхананың иесі болатын. Бір жақсы қасиеті – өзінде бармен көзге ұрып, артық мақтанды сүймейтін, қарапайымдылықты ұнататын жан. Керемет коттеджде емес, қатардағы көп ел сияқты, биік қабатты үйлердің біріндегі ескі қарапайым пәтерде тұратын.
Тергеуге шақырылған Елин ештеңеге таңқалмады. Өзі де «Әй, осы біреулер атып кетпесе нығылсын?!…» деп іштей даярланып жүрген көрінеді. Тіпті, қауіп қай жақтан екенін де сезген. Ол – Дмитрий Баршин деген азамат.
Бұдан төрт жыл бұрын, 2007 жылы Баршин Елиннен кәсібіме саламын деп өте үлкен көлемде ақша алады. Баршиннің кәсіпкер ретіндегі атақ-даңқы, абыройына ешкім шәк келтіре алмайтын. Су асты-техникалық жұмыстарда көштің басын бермей келе жатқан бірнеше компанияға иелік ететін азаматтың мүмкіндігіне кім күдік келтірсін?! Мемлекет суасты жұмыстарына тендер жариялаған кезде Баршин оны уысынан шығарғысы келмеді. Бірақ та жүздеген миллиондық тендерді ұту үшін бұның арнайы жабдықталған үлкен кемесі болуы шарт. Ал ондай корабльдің бағасы өте қымбат! Төрт миллион доллар! Біршама дәулетті болғанымен де, ондай ақша Баршинде жоқ еді. Елинге шыққаны сол-тұғын.
Елин бұл жобаны барынша мұқият зерттеді. Былай қарағанда болашағы бар секілді. Егжей-тегжейлі ойланып, толғана келе ол Баршин үшін банкке кепіл болуға даяр екенін айтты. Іс алға жылжыды. Есептен қателеспеген сияқты. Баршин тендерді ұтуын ұтып алды. Бірақ тексерушілер тексере келе, Баршин тарапынан бірнеше ереже, заң бұзушылықты байқады. Сондықтан, ұтылған тендердің күші жойылды. Баршин сонымен банктің алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмайтын болып шықты. Банкирлер «әке-көкені» тыңдаған жоқ, кепіл болған кәсіпкердің есебінен төрт миллион доллар ақшаны шешіп алды.
Баршин не істеді? Әжептәуір салмақты кәсіпкер деген аты бар, Елинмен арадағы аздаған достығы бар, соның бәрін жоққа шығармас үшін, әріптесі Елиннің қойған шарттарының барлығына көніп, онымен ресми түрде қарыз шартын жасасты. Бұл соманың барлығын қысқа уақыттың ішінде түгелдей қайтарамын деп міндеттенді.
Кейін тергеу анықтағандай, Баршин, бәлкім, қарыз ақшаны иесіне қайтарғысы да келген. Бірақ, ондай орасан көп ақшаны қайдан алады?! Соны білген Елин әріптесін сотқа берген.
Баршин компанияларының есептеріне тыйым салынса, бәрі бітті дей бер. Онда кәсібі құриды, Каспий теңізінің жағалауында қалықтап бос тұрған кемесі де суға кетті дей бер. Кеме демекші, су бетіндегі алып «лайнердің» күтіміне көп ақша қажет еді. Сол күтім жасап жүрген адамдардың, күзеттің ақысы бар, пирсті жалға алу ақысы бар, қыруар сома! Соның барлығына күніне үш жүз мың теңге кетіп жатты. 2008 жылдан бастап үш жыл бойы осылай шығынның астында қалды.
Кемені күтіп ұстауға осылайша маңайдағы дос-таныстарынан ақша аламын деп борышқа белшесінен батты. Басқа жол жоқ, қарыз беруші Елиннің көзін жоюды тұйықтан шығудың жалғыз жолы деп тапты.
Әрине, Баршин қолына мылтық алып, Елиннің көзін құрта алмайды. Сондықтан не істеу керек? Дұрыс, киллер жалдау керек! Баршин оларды Қарағандыдан тапты. Сол жақтан Влад Рыбин дегенді жолықтырды. Өзі бұрын сотты болған екен.
Қылмыскерлер ортасында Рыбиннің аты баяғыдан белгілі. Жанама аты – «Жалғыз көзді балықшы». Қатігездігімен, ешқандай қағидаға тоқталмайтын сусыма мінезімен аты шыққан кәззап. Баршинмен екеуі жылдам тіл табысты. Қомақты сома аталды. Аванс берілді. Бірақ Баршин «Жалғыз көзді балықшының» тапсырысты өзі орындамай, басқа адамды жалдап, соған жүктейтінін білмеді. Ол «Метеля» лақап аты бар Метелев деген біреуге тапсырды.
Метелямен Балықшы кезінде бірге отырған. Алдыңғысының абақтыдан босап келгені жаңа еді. Ақша тым қажет. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» деген. Алайда Метеля да қолын қанға былғағысы келмеді ме, басқа себеп пе, әйтеуір өз кезегінде Колесов деген танысын тапты. Бұл да қарыздан құтыла алмай жүрген бір кезбе болатын.
Дегенмен, «Балықшы» Метелев пен Колесовты толығымен өз еріктеріне жібере қоймады. Біраз бақылау жасауды жөн деп санады. Екеуіне уақытша тұратын баспана тапты. Астыларына көлік, қолдарына азды-көпті ақша ұстатты. Елинді сыртынан көрсетіп, әбден «таныстырды». Жұмыс орнын, жүретін жолдарын көрсетті.
Бұл екеуі құрбандарын бір-екі күн емес, бірнеше апта жақын зерттеді. Бірақ күн сайын арақ-шарапты молынан алдырып, мейрамханада да еркін қыдырды. Жеңіл жүрісті қыздарды да жатқан пәтерлеріне әкеліп тұрды. Бұлардың мына қылықтарына шыдамаған «Балықшы» бір күні кешкісін пәтерге келіп, енді бұлайша созу қажет емес дегенді бұйыра айтты. Оған Баршиннің «Бұл неғылған созылып кеткен іс! Енді қашан?!» деп тызақтағаны да себепші болды. Елин таяу уақытта шетелге қыдыруға кетеді, соған дейін оның көзі жойылуы тиіс.
Елин тұратын үйге Колесов таңертең ерте келіп жетті. Подъезден біршама қашықтықта тұрып, құрбанын асыға күтті. Абыржып, күйгелектенді. Бұрын-соңды тығылып тұрып кісі атпап еді.
«Айдалада атқан оқ, ажалдығы тиеді» деген осы. Сол күні таңертең Владимир Пермяков дәл осы үй, дәл осы кіре берісте тұратын танысына келе қалмасы бар ма! Ондағы бар ойы – Алматы түбіндегі бір демалыс үйіне жанұясымен барып демалуға жолдама алу еді. Өзі былайша да күйгелек хәлдегі Колесовтың көзіне Проскурин кәсіпкер Елин болып көрінді. Және де бұл екеуінің бойлары да, түр-бітімдері де өте ұқсас еді. «Ажал ажарыңа да қарамайды, базарыңа да қарамайды» деген.
Тергеу жылдам аяқталды. 2012 жылдың наурыз айында өткен сотта Метелин мен Колесов бірі он бес, екіншісі жиырма жылға бас бостандықтарынан айырылды. Өскемен полициясы Рыбинді көп іздеді. Оны ақыры Ресейден тапты. Жалған төлқұжатпен тұрып келіпті. Бұл екі арада төрт жыл уақыт өтіп кеткен. «Жалғыз көз балықшы» Елинді атуды ұйымдастырғанын мойындады. 2016 жылы ол да ұзақ мерзімге түзеу мекемесіне жол тартты.
Ал бірақ «Балықшы» Елинді өлтіруге тапсырыс берген Дима Баршинді сатпады. «Белгісіз біреулер ертеректе атуға тапсырыс берген. Және де бұлар оны жай ғана қорқытпақ болған. Арты бұлай болады деп ойламаған». Соның «арқасында» Баршин Елиннің көзін жоюға берілген тапсырыстың негізгі иесі ретінде әлі күнге дейін жазаға тартылмаған. Өзі Ресейдің азаматтығын баяғыда алған. Ставрополь өлкесінде 2013 жылы ұсталған. Көп ұзамай босатылған. Бүгінде Мәскеу түбінде әйелі, қызымен аман-есен тұрып жатыр…
Сайлау Төлеуов
Семей