Мемлекеттік қызмет-ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан, бұл саладағы әрбір өзгеріс тек мемлекеттік қызмет жүйесіне ғана емес, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне де тікелей әсер етеді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң осы талаптарға толық жауап береді. Құжат мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырып, цифрландыруды, ашықтықты, әділ іріктеуді және ең бастысы-адамға бағдарланған қағидаттарды жаңа деңгейге көтереді.
Жаңа заңның басты ерекшелігі-оның адамға бағытталуы. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші тек мемлекеттік міндеттерді орындаушы ғана емес, қоғамға қызмет көрсететін кәсіби маман ретінде қарастырылады. Сондықтан, заңда қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, еңбек жағдайларын жақсартуға және олардың кәсіби әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылған.
Сонымен қатар, заң мемлекеттік қызметтің цифрлық трансформациясына жаңа серпін береді. Кадрлық процестерді цифрландыру арқылы қызметке қабылдау, мансаптық өсу және басқа да рәсімдер бұрынғыдан да ашық, ыңғайлы әрі тиімді бола түседі. Цифрлық шешімдер адами факторды азайтып, шешім қабылдау үдерісінің объективтілігі мен айқындылығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырып, оның заманауи әрі қолжетімді жүйе ретінде дамуына ықпал етеді.
Заңның маңызды жаңалықтарының бірі-мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесінің ашықтығын күшейту. Кадрлық шешімдер меритократия қағидаттарына негізделіп, үміткердің кәсіби біліктілігі мен құзыреттеріне басымдық беріледі. Бұл мемлекеттік аппараттың сапалы кадрлармен толықтырылуына және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа заң мемлекеттік қызметшілерге берілетін әлеуметтік кепілдіктерді де едәуір кеңейтті. Енді мемлекеттік қызмет өтілі 10 және одан да көп жыл болған қызметшілерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша 3 күн, 15 және одан да көп жыл еңбек өтілі барларға — 5 күн, ал 20 жылдан асқан қызметшілерге 10 күн қосымша ақылы демалыс беріледі. Бұл — ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне көрсетілген құрметтің нақты көрінісі.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында тағы бір маңызды әлеуметтік қолдау енгізілді. Енді мемлекеттік қызметшілерге осы мақсаттарға арналған қосымша 3 күнтізбелік күн ақылы демалыс беріледі. Бұл бастама мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын нығайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған.
Отбасы құндылықтарын қолдау да заңда ерекше көрініс тапқан. Мемлекеттік қызметшілерге некеге тұру, бала дүниеге келуі немесе отбасы мүшелерінен айырылу сияқты өмірдегі маңызды оқиғаларға байланысты күнтізбелік жыл ішінде ұзақтығы 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс беру қарастырылған. Бұл норма еңбек пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Кадрлық рәсімдерді жетілдіру бағытында да маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін атқару кезеңіне мемлекеттік қызметке конкурс өткізбей қабылдауға мүмкіндік берілді. Мұндай жағдайда азаматпен бір жылдан аспайтын мерзімге еңбек шарты жасалады. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, бос орындарды жедел толықтыруға жағдай жасайды.
Жаңа заңда мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еңбек еткен азаматтардың еңбегін бағалауға да ерекше мән берілген. Мемлекеттік наградамен немесе уәкілетті органның ведомстволық наградасымен марапатталған және мемлекеттік қызмет өтілі 25 жылды құрайтын мемлекеттік қызметшілерге зейнеткерлікке шыққан кезде төрт лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы төлем төленеді. Бұл-мемлекетке адал қызмет еткен азаматтарға көрсетілген жоғары құрметтің айқын белгісі.
Заң мемлекеттік қызметке қайта орналасу рәсімін де жеңілдетті. Бұрын мемлекеттік қызметтен шыққан азаматтар бір ай ішінде қайта қабылданған жағдайда ғана бірқатар рәсімдерден босатылса, енді бұл мерзім үш айға дейін ұзартылды. Егер азамат осы уақыт ішінде жеке немесе заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында болмаған және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шықпаған болса, ол мемлекеттік қызметке қайта кірген кезде міндетті арнайы тексеруден өтуден және кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қайта ұсынудан босатылады. Бұл өзгеріс тәжірибелі мамандардың мемлекеттік қызметке қайта оралуын жеңілдетіп, кадрлық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, жаңа заң-мемлекеттік қызметтің жаңа кезеңінің бастауы. Онда әлеуметтік қолдау шараларының кеңеюі, цифрлық шешімдердің енгізілуі, ашық әрі әділ іріктеу жүйесінің қалыптасуы және адам капиталына инвестиция жасау қағидаттары үйлесімді тоғысқан. Мұның барлығы кәсіби, тиімді, ашық және ең бастысы-адамға бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі-бұл тек заңнамалық өзгерістер ғана емес. Бұл-азаматқа сапалы қызмет көрсететін, қызметшінің еңбегін бағалайтын және қоғам сенімін нығайтатын жаңа басқару мәдениетінің қалыптасуы.
Б.А.Бостанбаева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы


