12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«АБАЙЛАҢЫЗ, ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ!» ЖАЛҒАН ХАБАРЛАМА АРТЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Соңғы жылдары елімізде қоғамдық тәртіп пен заңды өрескел түрде бұзып, азаматтардың тыныштығына қауіп төндіретін ерекше сипаттағы қылмыстың бірі – жалған терроризм фактілері жиілеп барады. Халықты дүрбелеңге салып, тәртіп сақшылары мен құқық қорғау органдарын аяғынан тік тұрғызатын мұндай оқиғалардың тым көбейіп кетуі халықтың бейқамдығына да себепші болып барады. Жалған терроризм туралы хабар таратып, жалған дабыл қағу әрекетінің арты ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатыны әлі де болса көптің көкейіне жетер емес. Бір қарағанда ойын немесе қызық көрінгенімен, оның арты қоғам өміріне өте ауыр зардаптар тигізетіні ақиқат.

Жалған терроризм деген не?

Жалпы дәл осы жалған терроризм дегеннің қайдан шыққанын сипаттап көрсек. Бүгінде аса кең етек алып, қоғамға қатер әрі қорқыныш сезімін ұялатып келе жатқан «лжетерроризм» ұғымы террористік акт туралы алдын ала жалған хабар тарату деген мағынаны береді. Мұндай қылмыс көбіне телефон арқылы, мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Әрине, мұндай хабарламалар пайда болғанда қоғамның қалыпты өмірінің бір-ақ сәтте астан-кестеңін шығарып, ел арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырып, үрей мен дүрбелеңге түрткі болады. Ең сорақысы сол төтенше жағдай қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері жалған ақпаратты тексеруге барам деп, шынайы көмекке зәру адамдарға жете алмай қалуы әбден мүмкін.

Яғни «террористік шабуыл жасалмақ» немесе «бомба қойылды» деп жұртты дүрліктіріп ақпарат тарату – жай ғана қателік немесе әзіл емес, қасақана қоғамды тұрақсыздандыру мақсатында жасалған қылмыстық іс-әрекетке жатады. Мұндай әрекет үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Жауапкершілік 14 жастан басталады

Заң талаптарына сәйкес, жалған терроризм үшін жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылады. Бұл дегеніміз – мектеп жасындағы жасөспірімнің өзі де мұндай әрекеті үшін заң алдында тікелей жауап беретінін айғақтайды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес, жалған террористік акт туралы хабар берген адамға  5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі, яғни шамамен 18,4 млн теңге айыппұл, сондай-ақ дәл осындай мөлшерде түзету жұмыстары, одан әрі бес жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған.  Мұнымен қатар, сот шешімімен келтірілген материалдық шығын да өтеледі. Ал бұл шығындар миллиондаған теңгені құрауы мүмкін.

Жалған хабардың зардабы қандай?

Жалған террористердің көп жағдайда ел ішінде лаң салуға бағытталған негізгі «нысанасына» айналатын орындар – теміржол вокзалдары, әуежайлар, мектептер мен сауда орталықтары, яғни халық аса көбірек шоғырланған жерлер болатыны халықтың да санасына сіңген. Тәртіп сақшылары мен прокуратура органы өкілдерінің айтуынша, мұндай жалған хабарламалардың таралуы бірден мемлекеттік органдар мен басқа да әлеуметтік қызметтердің жұмысына елеулі кедергі келтіреді. 

—        Қоғамның үрейі мен қорқынышын тудырып, халықты дүрбелең күйге түсіретін мұндай жалған террористік хабарламалар бірінші кезекте мемлекеттік органдар мен қызметтердің жұмысын тежейді. Экономикалық тұрғыдан үлкен шығын әкеледі. Ал ең бастысы, шынында да осындай оқиға туындай қалған жағдайда арнайы қызметтердің дер кезінде жету мүмкіндігін төмендетіп, оның «кезекті жалған террористік әрекет» деп бағалайды. Сондықтан мұндай «тосынсыйлар» тек құқық қорғау органдарын ғана емес жалпы қоғамды алаңдатып, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін жалпы қоғамдық сананың, әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс деп ойлаймын, — дейді Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов. 

Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметінше жалған террористік акт салдарынан ел экономикасына тигізетін шығынның көлемі де аса үлкен. Мәселен ірі қалаларда вокзалдың осындай қасақана жасалған жалған хабарламалар салдарынан бір сағат мерзімге эвакуациялануы орта есеппен 1 миллион теңге көлемінде шығын әкелсе, ал ірі сауда орталықтарының жұмысын тоқтату – бірнеше ондаған миллион теңгемен есептеледі. Бұл шығындарды сот шешімі бойынша жалған террористтің өзі өтеуге міндеттеледі.

Өкінудің кеш болатын кезі

Ойнақтап жүріп от басып, ойланбай қызық көріп жұртты дүрліктірудің арты аса үлкен шығын мен өкінішке айналып жатады. Қолға түскен күдіктілердің істерін істеп алып «Мұндай болатынын білмеппін…», «Мас күйде болып едім» деп жазадан оңай сытылу әрекеті оларды қылмыстық жауапкершілік жүгінен құтқара алмайды. 

Мәселен, өткен жылдың 4 қаңтарында Ерейментау ауданында халықтың үрейін туғызған жағдай орын алды. П. есімді азамат мас күйінде 102 нөміріне қоңырау шалып, «бомба қойылды» деген жалған мәлімет берген. Полиция мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу әрекет етіп, оқиға орнына жеткенімен, жарылғыш зат табылмаған. Шұғыл қызметтің қалай әрекет ететінін «сынамақ» болған оның бұл әрекеті бойынша қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасы тағайындалған еді. Бұл жалған террористер үшін нақты ескерту.

Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ міндет

Лжетерроризм – қазіргі қоғам үшін аса қауіпті мәселе екені даусыз. Террористік әрекет жасалады екен деген хабарлама тек бір мекеменің ғана емес, тұтас халықтың тыныштығына сызат түсіретін қауіпті әрекет. Сол себепті кез келген азамат мұндай «әзілдің» ауыр салдарын түсінуі тиіс.

– Ата-аналар балаларымен бұл тақырыпта әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуі қажет. Жастардың құқықтық сауаттылығы артуы тиіс. Бейбіт күнде үрей мен қорқыныш туғызу – ауыр қылмыс. Сондықтан, құқық қорғау органдары әрбір азаматты сабыр мен жауапкершілікке шақырады. Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік – бәрімізге ортақ құндылық, – дейді Руфат Құттықов.

Облыстық прокуратураның ресми мәліметінше тек Ақмола облысында соңғы екі жыл ішінде ғана террористік акт туралы көпе-көрінеу жалған хабар тарату фактісі тіркелген болып шықты. Абырой болғанда мұның бәрі іс жүзінде шындық емес, жалған екені анықталған. Алайда, бұл қоғам мен құқық қорғау органдарының да сақтық шараларына бейғам қарап, қырағылығын төмендете ме деген қауіпке жетелейтіні сөзсіз. 

P.S. Қалай дегенмен де, жалған террористік хабарламалар қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын бұзатындықтан, мұндай мәселеге жалпы қоғамның бірлесе әрекет етуі аса маңызды. Тентегі мен есерін тыйып, заң мен тәртіп алдындағы жауапкершілікті сезінсе ғана елдің іші бүтін, жұрты тыныш болмақ… 

Абзал Алпысбайұлы,

Ақмола облысы

Абайдың мұрасы – сарқылмас қазына

Абай XIX ғасырдың бірінші жартысының соңында қазіргі Шығыс Қазақстан...

ЖАТ АҒЫМДАРМЕН КҮРЕС – ЖАЛҒЫЗ БАСҚАРМАНЫҢ міндеті емес

Сан түрлі деструктивті ағымдар ел ішіне іріткі салып, күрделі...

eGov Business – кәсіпкерлердің цифрлық көмекшісі

Енді жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері өз...

Процестік келісімге келудің тәртібі қандай?

Қылмыстық-процестік кодексіне мен іс жүргізуге, сотталушы немесе сотталған тұлға...

Делдалдарға алданып қалмаңыз!

Көлік құралдарын міндетті сақтандыру полистерін (АҚЖС) делдалдар арқылы сатып...