Абай облысында Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның Мақаншы және Үржар аудандық пробация қызметтерінің есебінде тұрған азаматтар арасында шағын футбол мен гір спортынан жарыстар өтті. Сайысқа пробация есебіндегі азаматтармен қатар пробация қызметінің қызметкерлері де қатысты.
Қатысушылар спорттық шеберліктерін, командалық рух пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жарыстар достық атмосферада өтіп, өзара түсіністікті нығайтуға, дене шынықтыруды дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Турнир қорытындысы бойынша Үржар аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардан құралған «Жас қыран» командасы бірінші орынды иеленді. Ал Мақаншы аудандық пробация қызметінің атынан қатысқан «Қабанбай» командасы жүлделі екінші орынға ие болды.
Сондай-ақ жарыс барысында үздік ойыншылар анықталып, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша қатысушылар Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Үржар ауданының прокуроры Асет Қарсақпаевич пен Мақаншы ауданы прокурорының көмекшісі Ерлан Қайратұлы қатысты. Олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, тартысты ойын мен өмір жолындағы табыстарға жетулеріне ақжарма тілектерін білдірді.
— Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстары құқық бұзушылықтардың алдын алу мен бақылауды ғана емес, тәрбиелік, мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды да қамтиды. Осындай жарыстар қатысушылардың салауатты өмір салтын ұстануына, жауапкершілік сезімін және командалық өзара іс-қимыл дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар олардың қоғамға табысты бейімделуіне мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табатын болады, — деді Абай облысы бойынша ҚАЖД Мақаншы аудандық пробация қызметінің инспекторы Алексей Гулай.


