Халықаралық мұражайлар күнін мерекелеу аясында Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Абай атындағы мұражайға түнгі экскурсия ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты сотталғандарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу, олардың мәдени дүниетанымын кеңейту және ұлттық тарихи-мәдени мұраға баулу болды.
Экскурсия барысында қатысушылар қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және ойшылы Абай Құнанбаевтың өмірімен, шығармашылығымен және философиялық мұрасымен танысты. Экскурсия жүргізушілері Абай шығармаларының маңызы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі туралы егжей-тегжейлі айтып, мұражайдың бірегей тарихи жәдігерлерін көрермендердің назарына ұсынды.
Сот үкімі бойынша маған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өзім Алматы облысынан келдім, Абай Құнанбаевтың шығармашылығымен бала кезімнен таныс. Алайда бүгінгі экскурсия ұлы ақынның кім екенін және оның өмір жолын тереңірек білуге мүмкіндік берді. Бізге Абайдың балалық шағына арналған экспозициялар көрсетіліп, оның әжесі Зера мен анасы Ұлжан туралы әңгімеледі, олар оның тәрбиеленуі мен қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Мұрағаттық материалдар, Абайдың өмірі мен шығармашылығының картасы, сондай-ақ ақынның 1909 жылы шыққан алғашқы шығармалар жинағы маған ерекше әсер қалдырды. Бұл басылымдардың шығу тарихын білу және Абай шығармаларының әртүрлі тілдерге аударылғанын көру қызықты болды. Мұндай іс-шаралар өмірлік құндылықтар, руханият және өз мәдениетін құрметтеу туралы ойлануға мәжбүрлейді, — деп бөлісті сотталған.
Осындай мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізу сотталғандармен тәрбие жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Қазақ халқының мәдени және рухани мұрасымен танысу сотталғандардың бойында адамгершілік бағдарларды қалыптастыруға, ел тарихы мен дәстүрлерін құрметтеуді дамытуға ықпал етеді. Мұражайларға, театрларға және басқа да мәдени объектілерге бару сотталғандардың эмоционалдық жай-күйіне оң әсер етеді, олардың ой-өрісін кеңейтеді және әлеуметтік бейімделу процесіне көмектеседі. Біз жазасын өтеп жатқан адамдардың рухани және мәдени дамуына бағытталған жұмысты жалғастыратын боламыз, — деп атап өтті сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сәуле Ахметжанова.


