Абай облысының ҚАЖ жүйесіндегі әйелдер колониясында «Алтын күз – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті

       Абай облысының ҚАЖ жүйесіндегі әйелдер колониясында сотталған әйелдер арасында шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруға және бос уақыттарын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған «Алтын күз – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті.
       Байқау бағдарламасына 50-ге жуық сотталған әйел қатысты. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсіп, әр кезеңде өздерінің шығармашылық қабілеттерін, шеберліктері мен өзіндік ерекшеліктерін таныта білді.
       Бірінші кезең — «Күзгі дефиле». Қатысушылар табиғи және қолда бар материалдардан өз қолдарымен дайындаған күз тақырыбындағы ерекше киім үлгілерін ұсынды. Жарқын образдар олардың қиялын, шығармашылық ізденісін және эстетикалық талғамын көрсетті.
       Екінші кезеңде — қолөнер көрмесінде — сотталған әйелдер өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде сәндік-қолданбалы өнердің түрлі бағыттарындағы жұмыстар қойылып, қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен шеберліктерін көрсетті.
        Байқау бағдарламасының қорытынды кезеңі шығармашылық байқауға арналды. Оның барысында сотталған әйелдер вокалдық және би өнерінен өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір қойылым көрермендердің қолдауына ие болып, мерекелік көңіл күй қалыптастырды.
         Қатысушылардың өнерін мекеме әкімшілігінің өкілдері мен колледж оқытушыларынан құралған қазылар алқасы бағалады.
      - Бұл байқауға қатысу мен үшін өзімді танытуға, күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке арылып, мерекелік көңіл күйді сезінуге мүмкіндік берді. Әр қатысушының өз бейнесі мен өнеріне бар жанын салып дайындалғанын көру ерекше қуантты. Осындай іс-шаралар бізге өз қабілеттерімізді ашуға және бір-бірімізге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, — деді сотталған.
          - Мұндай шығармашылық іс-шаралар сотталған әйелдерге өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, бастамашылдық танытуға және топпен жұмыс істеуге үйретуге мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз — оң өзгерістерге жағдай жасау, әр әйелдің өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысын қолдау және өз күшіне деген сенімін арттыру. «Алтын күз» байқауы сотталған әйелдердің қаншалықты талантты әрі шығармашылық қабілеті жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті, — деп атап өтті сотталғандар арасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Гүлбахрам Закимова.
        Байқаудың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Үздік қатысушылар дипломдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.