Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде Амал күніне орай сотталғандарға арналған «Өзіңнің көңіліңді көтер» атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың көңіл күйін көтеру, олардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру және өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру.
Тренинг барысында мекеме психологтары мен қызметкерлері қатысушылармен түрлі психологиялық жаттығулар өткізіп, ашық пікір алмасу ұйымдастырды. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, күйзелісті жеңу, жағымды ой қалыптастыру және болашаққа мақсат қою туралы кеңестер алды.
Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай шаралар сотталғандардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне оң әсер етеді.
— «Амал күні – адамдарды жақындастырып, бір-біріне қолдау көрсетуге үндейтін ерекше күн. Біз осындай мерекелерді пайдаланып, сотталғандардың психологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған іс-шараларды жиі өткіземіз. Бұл олардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, болашаққа сеніммен қарауына көмектеседі», – деді мекеме психологы Айнель Болат
Тренингке қатысқан сотталғандар да мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
— «Осындай тренингтер бізге өзімізді жақсырақ түсінуге көмектеседі. Көңіл күйіміз көтеріліп, өмірге басқа көзбен қарауға мүмкіндік береді. Болашақта қателіктерімізді қайталамай, дұрыс жол таңдауға талпынамыз», – деді шараға қатысқан сотталғандардың бірі.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұндай тәрбиелік және психологиялық бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Олар сотталғандардың бос уақытын тиімді өткізуге, сондай-ақ олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.


